Ұлан-Баторда тұратын ұшқыш Әуез Таштуанұлы дүниежүзіндегі ең ірі ұшақтардын бірін басқарады. 33 жылдық тәжірибесі бар маман Азаттықпен сұхбаттасып, авиация саласының қыр-сырымен бөліскен.
Этникалық қазақтарының көпшілігі мал және ауыл шаруашылығымен шұғылданатын Моңғолияда авиация саласына еңбек сіңірген онға жуық қазақ бар. Олардың төртеуі – бір әулеттен шыққан. Таштуан әулетінен шыққан төрт ұшқыштың бірі – 55 жастағы Әуез Таштуанұлының айтуынша, оның бұл мамандықты таңдауына әкесі Таштуан Төтейұлы және ағайын туысы Жайсанып Мүдәрісұлы себеп болған. Соңғы аталған екі азамат Моңғолияның авиация және әскери әуе күштерінде ұзақ жыл қызмет еткен.
АН-2 мен BOEING
MIAT Mongolian Airlines компаниясының ұшқышы, экипаж командирі Әуез Таштуанұлы Омбы азаматтық авиациялық ұшу-техникалық колледжін, Кировоград жоғары ұшу академиясын тәмамдаған. 1985 жылдан бері Моңғолияның авиация саласында қызмет ете бастаған.
– Моңғолияның 18 аймағының бірі – Арханғай деген аймағы бар. Оқуды бітіріп келіп, сол жаққа бөлініп, АН-2 ұшағының екінші ұшқышы болдым. Одан кейін капитан болдым. Екі-үш жыл сол АН-2 ұшағын, одан кейін 2000 жылға дейін АН-24 ұшағын басқардым. 2000 жылдан бастап Франция, Германия, Италия бірігіп құрастырған Airbus 310 ұшағымен ұштым. 2010 жылдан бастап, MIAT Mongolian Airlines компаниясы Аirbus-тың орнына Boeing ұшақтарын сатып алып, ұшыра бастады. Boeing 767-300 деген ұшақ болды. Сол ұшақтың алғашқы экипажы болып мен ұштым. Содан бері бүгінге дейін осы ұшақта ұшып келем, – дейді Әуез Таштуанұлы.
Әуез Таштуанұлы ұшақ бортында
Оның айтуынша, соңғы айтылған Boeing 767-300 ұшағы әлемдегі ең ірі ұшақтардың қатарына кіреді. Оған экипаж мүшелерін есептемегенде 278 адам сияды. Әуе көлігі 10-11 мың метр биікке көтеріліп, 13-14 сағат қонбай ұша алады.
МАУСЫМДЫҚ ЖҰМЫС
Әуез Таштуанұлының айтуынша, қыста ірі ұшақтар үшін рейс өте аз болады. Өйткені Моңғолияға баратын туристер саны азаяды. Ал жазда керісінше, жұмыс көбейеді. Мұндай кезде ұшқыш «аптасына төрт-бес рет ұшады».
Ал маусымдық жұмыс кезіндегі кемшіліктерді толтыру үшін моңғолиялық әуе компаниясы ұшақты өзге компанияларға жалға беріп, лизингпен жұмыс істей бастайды. Бұл – Әуез Ташутанұлы үшін дүниежүзінің түкпір-түкпірін аралап, әуе көлігімен алысқа жолаушы таситын мезгіл.
АҚШ-қа ұшу өте қиын болады. Өте көп оқу керек. АҚШ-тың өзінің ұшу стандарты бар.
– Мысалы, өткен жылдың қараша айынан биылғы ақпанға дейін Латын Америкасы елдерінде атап айтқанда, Чили, Доминикан Республикасы, Гаити аралдары, Порт-о-Пренс аралықтарында ұштық. Былтыр Бангладештен Сауд Арабиясы, Малайзия, Сингапур, Катар, Дубай аралықтарында дәл солай жұмыс істедік. Мұндай тәжірибе ұнайды. Барған жердегі ұшқыштардың демалатын орындары, тамақтану орындары жоғары деңгейде, – дейді ол.
Ұшқыштың айтуынша, биыл Моңғолия ұшақтары тұңғыш рет Трансатлантикалық маршрутпен ұшқан. Қазір АҚШ-қа ұшатын рейс үшін дайындық жүріп жатыр.
– Ал 2020 жылдан бастап, Ұлан-Батордан Сиэтл, Лос-Анджелес, Сан-Франциско қалаларына рейстер жасау жоспарымыз бар. Ұзаққа ұшатын Boeing 787 деген ұшақ та алғалы жатырмыз. АҚШ-қа ұшу өте қиын болады. Өте көп оқу керек. АҚШ-тың өзінің ұшу стандарты бар. Біз Еуропа стандартымен жүреміз ғой, – дейді ұшқыш.
СОВЕТ МЕКТЕБІ МЕН БАТЫС СТАНДАРТЫ
Советтік авиация мектебінен шыққан Әуез Таштуанұлы ұшудың батыстық үлгісімен алғаш рет танысқан кезде көп жайтқа қаныққанын, екі жақтың ұшу философиясы тым бөлек болатынын айтады.
– Біз алғаш орыстың мектебімен оқуды тауыстық. Сонда білмей жүріп, мына Еуропаның, дүние жүзінің стандартына кіргенде «oйбу» дедік. Оқыту тәсілі бөлек. Ұшу философиясының өзі бөлек. Ресей ұшақтарынан көп авария шықты. Ол енді философияға байланысты болады екен. Біз оны сол кезде білмедік. Қауіпсіздік деген сол философияның өзі болады. Ең берісін айтайын, советтің ұшағында ұшып жүрген кезде командир құдай болды ғой. Ол жанындағы кісілердің сөзін қабылдамайтын. Содан авариялар көп болды. Еуропаның философиясына сәйкес, мен қандай үлкен командир болсам да, екінші ұшқыштың айтқанын орындаймын, егер дұрыс болса, – дейді ол.
Әуез Таштуанұлының (оң жақта) ұшақта отырған бір сәті.
Ұшқыштың айтуынша, Boeing ұшқыштары ұшақты тек алты ай ғана басқара алады. Мерзім аяқталысымен қайта сынақтан өтіп, білімдерін ұштап отырады. Ол мұндай дайындықтан бұрындары ресейлік ұшақтарды басқарғанда өтпегенін айтады.
– Адам болған соң бірнәрсені қайталап отырмаса, ұмытып қалатыны белгілі. Сол үшін оны ұмыттырмас үшін арнайы бағдарлама бойынша істейміз. Мәселен, ұшақ көтеріліп бара жатқан кезде бір двигатель істемей қалады, ұшып шыққаннан кейін бір дөңгелегі жиналмай қояды, бір дөңгелегі түспей қояды, қуат генераторлары жоқ болып қалады қалады деген сияқты әртүрлі жағдайлар бар ғой. Майамидегі (АҚШ – ред.) жаттықтыру орнында соның бәрін көріп, жаттығамыз, – дейді ұшқыш.
Оның айтуынша, Қазақстандағы ұшақтар «Батыстың ұшу философиясымен» ұшады.
АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ҚОНУ ТӘЖІРИБЕСІ
Азаматтық авиация саласында ондаған жыл еңбек етіп келе жатқан Әуез Таштуанұлы ұшақта кездесетін ірілі-ұсақты ақауларға қатысты талай жағдайларды бастан өткерген. Бәрін тізіп жазса, кітапқа да сыймайтынын айтады. Оның сөзінше, әйткенмен бұрынғы ұшақтармен салыстырғанда қазіргі ұшақтар қауіпсіздеу және күрделі ақаулар өте сирек кездеседі.
Бірде ол қауіпті жағдайда Аirbus ұшағын қалай жерге аман-есен қондырғанын да баяндап берді.
Амалдап қону керек болды. Негізі екі гидравликалық жүйенің істемей қалуы өте қауіпті нәрсе.
– Ұлан-Батордан ұшып шыққанымыз сол еді, гидравликалық жүйенің екеуі істемей қалғанын білдік. Біз Берлинге ұшқан едік. Берлинге ұшу үшін жолда біз Мәскеуге түсеміз. Егер Мәскеуге баратын бензин салмағы қосылса, ұшақ өте ауыр болып, қонуға қиындық келтіреді. Мысалы, Boeing ұшақтары қайта қону үшін бензинін аспанға шашып жібереді. Шашатын арнайы аудандары болады. Ал Аirbus-та ондай жоқ. Сол үшін әрі қарай ұшуына болмайды. Амалдап қону керек болды. Негізі екі гидравликалық жүйенің істемей қалуы өте қауіпті нәрсе. Мысалы, деңгеймен есептегенде үш деңгей болып, ең қиыны үш болса, сол үшке кіреді. Гидравлика істемесе, көп нәрсе істен шығады. Ұшақтың жылдамдығын азайту қиынға соғады. Quick reference handbook деген нұсқау кітапшасы болады ұшақта. Сонда бір нәрсе жұмыс істемей қалғанда не істеу керектігі жазылған. Аirbus-тың ерекшелігі қандай да бір «отказ» шыға келсе, дисплейге «ұшақта осындай нәрсе жұмыс істемей қалды, енді мынаны істе» деп инструкция беріп отырады. Бір жағынан кітапқа сүйеніп, екінші жағынан сол инструкция көмегімен қарап отырып, ойдағыдай қона алдық. Соңынан өндірістен болған қателік екені анықталды, – дейді моңғолиялық қазақ ұшқыш.
Әуез Таштуанұлы Қазақстанға аракідік өз көлігімен келіп тұрады. Ал жергілікті ұшақтардың ұшу сапасы мен қызмет көрсетуі туралы сұрағанымызда бұрындары ескі ұшақтармен ұшқанын, қызмет көрсету сапасы ойдағыдай болмағанын, көңілінен шықпағанын айтты.
Әуез Таштуанұлының төрт баласының арасынан ұшқыш шықпаған.
– Бір балам ұшқыштар мектебіне барып, денсаулығына байланысты қайтіп келді. Қазір басқа сала бойынша оқып жатыр, – деді ол.
Таштуан әулетінде Әуезден бөлек, кенже інісі Есболат Таштуанұлы және әкесінің туған бауыры Әсет Төтейұлы да ұшқыш, экипаж капитандары.
Моңғолияда 160 мыңға жуық этникалық қазақ өмір сүреді. Бұл – мемлекет халқының бес пайыздан астамы. Оның 90 мыңы Баян-Өлгий аймағында, қалған 70 мыңы Эрдэнэт, Налайх сияқты аймақтарында шашырай қоныстанған.
Моңғолия Премьер-Министрінің өкімі бойынша Баян-Өлгий аймағының Әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлын тағайындады. Бұл туралы Казньюс ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңадан сайланған Баян-Өлгий аймақтық Азаматтар өкілдері Хуралының 28 қазан күнгі алғашқы мәжілісінде аймақтың жаңа әкіміне Заңғар Есентайұлының кандидатурасын қолдап, Моңғолия Премьер-Министріне ұсынған болатын.
Моңғолия Премьер-Министрінің өкімімен бұған дейін екі рет аймақтық азаматтар өкілдері Хуралының депутаты әрі аймақтық Демократиялық партия басшысы болған, Самал компаниясының директоры болып жұмыс жасаған Заңғар Есентайұлы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып тағайындалды.
Моңғолияға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті
✔️Үкімет үйі алдындағы Сұхбаатар алаңында құрмет қарауылы және сауыт киген салт атты моңғол жауынгерлері сап түзеп тұрды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды, мемлекеттер басшылары бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
✔️Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
✔️Салтанатты рәсімнен кейін президенттер келіссөз залына барды.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх пен Қазақстан Республикасы Президентінің Қасым-Жомарт Тоқаев төмендегідей құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы мен Моңғолия арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
4. Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі мен Моңғолияның Жол және көлік саласын дамыту министрлігі арасындағы автомобиль жолдарын дамыту туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Моңғолияның Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы жоспар;
6. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар ісі жөніндегі министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Моңғолияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен Моңғолияның Бас ветеринариялық басқармасы арасындағы ветеринария қызметі және карантин саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Моңғолияның Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Моңғолияның Атом энергиясы жөніндегі комиссияның атқарушы кеңсесі арасындағы атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум.
Баян-Өлгий аймағының Азаматтар Өкілдері Хуралының төрағасы қызметіне Бегарыс Алданышұлы тағайындалды.
Баян-Өлгий аймағының Демократиялық партия бастығы Бегарыс Алданышұлы 1992 жылы Баян-Өлгий аймағының Толбо сұмынында дүниеге келген.
2010 жылы Өлгий қаласындағы жалпы білім беретін Бастама мектебін, 2015 жылы Ғылым, технология ұлттық университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдап, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Сәтбаев университетінде техникалық ғылымдар магистрі дәрежесін алған.
Бегарыс Алданышұлы 2017-2021 жылдары «Назар Авто» компаниясының атқарушы директоры болса, 2021 жылы «Мөстийн Ундарга» компаниясының директоры қызметін жалғастыруда.
2010 жылдан Баян-Өлгий аймағының Демократиялық партияның мүшесі, 2016 жылы Демократиялық партияның комитетінің мүшесі, 2016-2020 жылдары Демократиялық партия комитетінің басқарма мүшесі, 2023 жылы аймақтық Демократиялық партияның бастығы қызметін атқаруда.
Естеріңізге салсақ, Бегарыс Алданышұлы аймақтағы ең ірі «Happy Town» тұрғын кешенін тұрғызған іскер азамат.