АТОМ» жобасы аясында ядролық сынақтар құрбандарын еске алу шарасында Елші Қ.Қобландиннің сөйлейтін сөзі
Ханымдар мен мырзалар!
Жоғары мәртебелі Елші мырзалар!
Бүгін 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ-ның ресми жариялаған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өту аясында әлемде орын алған ядролық қару сынақтаудың құрбандарын еске алу іс-шарасының куәсі болып отырмыз.
Бұл шараны бірлесе өткізуге қолдау көрсеткен Монғолияның Буддистер Орталығы-Дашичойлин монастрінің басшысы Дямбаджав мырзаға және құрметті қонақтарымызға, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдеріне үлкен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер.
Соңғы жылдары ядролық қаруға ие елдердің қоймаларындағы жаппай қырып-жою қаруларының саны 19 000-нан асқаны дәлелденіп отыр.
Жекелеген елдер қауіпсіз әлем құруда әскери қарулануды азайту үрдістері, ұлттық қауіпсіздік мәселесін жетілдіру бағытында бар күшін салып отырған болса, бірқатар елдер ядролық қарудан азат аймақтар құру сынды қадамдарға барып, дүние жүзі қауіпсіздігіне өз үлестерін қосуда.
Дүниежүзiнде бұл қару – жарақтан азат Антарктида, Латын Америкасы, Тынық мұхиттың оңтүстiк бөлiгi, Оңтүстiк-Шығыс Азия, Орталық Азия, Африка, Жаңа Зеландия секiлдi барлығы 100-ден астам мемлекет бар. Олардың қатарында Моңғолияның да бар екендігі бұл елдің әлемдік қарусыздануды қолдайтын, бейбіт саясат жүргізіп отырған ел екендігін көрсетуде.
2006 жылы Қазақстанның бастамасымен Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қойды. Сөйтiп, елiмiз әлемдiк қоғамдастық алдындағы өз жауапкершiлiгiн түсiне отырып, әлемдегi төртiншi ядролық әлеуетiнен ерiктi түрде бас тартты.
Қазақстанның бұл әрекеті оның ядролық қарудан азат әлем құруға шақыруға моральдік және тарихи құқы бар екендігімен байланысты болып отыр.
Олай дейтініміз осыдан алпыс алты жыл бұрын Кеңестер Одағы Қазақстанның Семей өңірінде өткізген 456 ядролық сынақтың алғашқысын жүзеге асырды. 40 жылдан аса уақыт бойы орын алатын орны толмас күйзелістер туралы ол кезде ешкім ойламаған еді.
Өткенді өзгерту мүмкін емес, алайда келешекті өзгерту мүмкіндігі бар. Қазақстанның ғаламдық бастамасы,«АТОМ (Abolish Testing – Our Mission – Сынақтарды жою біздің миссиямыз)» жобасы арқылы ядролық қарудан азат әлемнің жаңа болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр.
АТОМ жобасы ядролық қаруды сынауды тоқтатуға қолдау көрсетудегі адамдардың талпыныстарын біріктіру және қалыптастыру мен ядролық қарудан азат әлем құрудағы халықаралық шара болып табылады.
Алдыңғы ұрпақтың ядролық сынақтардың әсерін бастарынан өткеруінен, әлі күнге дейін ауыр науқастарға шалдыққан ауру балалар дүниеге келіп жатыр.
Бұл айтылғандардың дәлелі ретінде сіздердің назарларыңызға Монастрге кіре берістегі сурет көрмесін ұсынудамыз.
Өздеріңізге берілген бағдарламаға сәйкес, бірнеше минуттардан кейін, нақтырақ айтқанда 11-ден 5 минут өткенде құрбандарды еске алу мақсатында арнайы қоңырау үні соғылған соң 1 минуттық үнсіздік жариялау жоспарланып отыр.
Осы уақыттың таңдалу себебі дәл сол мезгілде сағат тілдері латын V әрібін көрсетіп, Жеңіс белгісін (латыншадан “Victory”) меңзейді. Ол ақыл-ойдың қорқыныштың алдындағы жеңісінің және ядролық қарудан азат әлемді құрудың белгісі екендігімен сипатталады.
Құрметті шараға қатысушылар!
Қазақстан ядролық қарудан азат жарқын болашаққа қол жеткізуде әлі де болса бар күш-жігерін жұмсайтындығы анық. Алайда ол жолдың оңай болмасы да белгілі.
Осы орайда бейбіт әлем орнатуда болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі болатын ядролық қаруды жою шараларына бірлесе атсалысу ортақ мақсат екенін естен шығармаған абзал.
Назарларыңызға рахмет!