KAZNEWS – Қандай бір ойын-таласта бірі жеңеді, бірі жеңіледі. Ол заңдылық. 29 маусым күні Еліміз халқы өз таңдауларын жасап, Парламент депутаттарына дауыстарын берді. Еліміз өткен 2012-2016 жылдары экономикалық дағдарыс, баға өсімі қатарлы қиындықтарды бастан кешіріп, халық тұрмыс-тіршілігі біршама төмендеді. Алайда бұл экономикалық дағдарыс тек ғана бізде ғана емес әлем елдерінің көбінде байқалғанын айта кетейік. Еліміз экономикасы бәсендегенімен аймақтың экономикасында өсім байқалды.
Барлық аймақтарда сайлаушылардың 75,5, ал астанамыз Улаанбаатарда 68 пайызы өз дауыстарын бергені өткен яғни 2012 жылғы Парламент сайлауымен салыстырғанда сайлаушылардың белсенділігінің артылғанын көрсетті.
Орталық сайлау комитетінен жариялаған мәліметтер бойынша, Парламент депутатына Моңғол халық партиясынан – 65, Моңғолия Демократиялық Партиясынан –9, Моңғол Халық Революциялық Партиясынан –1, және 1 дербес ат ұсынушы сайланды.
Бұл Моңғол Халық Партиясы үшін толағай жеңіс болса Моңғолия Демократиялық Партиясы үшін қатал жеңіліс болды. Әрине, бірінің жеңіп, келесісінің жеңілетінін барлығымыз білдік. Бұл даусыз халықтың таңдауы. Қай партия да, үміткер де оны кұрметтеуге тиіс.
Алайда, биылғы сайлау жеке тұлғаны емес партияны таңдаған сайлау болған сыңайлы сезіле береді. Себебі Демократиялық партияның «арқасында» талай мықты, білікті, білімді, елінің ертеңін ойлаған азаматтар орта жолда, орындалмаған арманмен қалды десек қалт кеткендік болмас. Бірақ халық таңдауына сөгіс айту құқығы бізде жоқ.
Алдымызда 4 жыл күтіп тұр. Моңғол халық партиясы осы жеңісті берген халқының үмітін ақтап, сайлауалды бағдарламаларын сөзсіз орындауы тиіс.
Бірақ Моңғол халық партиясы осы 4 жылда елдің, халықтың жарқын болашағы үшін адал да әділетті қызмет етпесе оларды да таразыға салатын күн келеді. Бұл 4 жылды халық партиясы үшін сынақ деп білеміз.
Моңғолия Парламентіне Баян-Өлгий аймағының 4-аумағынан Солтан Гомбыжайұлы, 5-аумақтан Бәделхан Қабдісламұлы, 6-аумақтан Мұрат Дәкейұлы сайланды.
Осы ағаларымыз еліміздегі азғантай қазақ ағайындарымыздың ұлттық мүддесін қорғап, рухани байлағын арттыру үшін еңбек етеді деп сенеміз.
Жеңіске жеткен депутаттарды құттықтап, ақ-қызыл деп бөлінбей, елдің, жердің гүлденуі, халықтың игілігі үшін шын жүректен еңбек етуді сұраймыз.