Рауан Кенжеханұлы халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенті болып сайланды. Бұл туралы елордада өтіп жатқан халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының кезектен тыс құрылтайында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтайға қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, еліміздің барлық аймағынан келген делегаттар мен елге танымал тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Құрылтайда халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының” жаңа президенті сайланды. Сонымен қатар ұйымның алдағы жұмыс жоспары талқыланды.
Құрылтайда ұйым президенті, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады.
Берік Әбдіғалиұлы 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында президенті болып сайланған болатын.
Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттары ашық дауыс беріп, Рауан Кенжеханұлы “Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы” қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.
Құрылтай ұсынысы бойынша халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.