KAZNEWS – 19 шілдеде Моңғолия Премьер-министрі У.Хүрэлсүх елдің бірнеше өлкелерінде орын алған сел апатына байланысты Мемлекеттік Төтенше жағдайлар комиссиясы отырысын жариялап, ақпарат алды. Бұл туралы Моңғолия Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ү.ж. 11-18 шілде аралығында елдің көптеген өлкелерінде нөсер жаңбыр жауып, аймақтарға және Улаанбаатар қала орталығында сел жүріп азаматтар мерт болып, автожол, электр жүйелері бұзылып, мекемелер мен шаруашылық бірліктер зардап шекті.
Төтенше жағдайлар бас басқармасы басшысының бірінші орынбасары, бригадалық генерал Г.Ариунбуян ақпарат берді.
– Баян-Өлгий аймағы Өлгий сұмын орталығының барлығы 8 ықшамауданының 530 отбасы, 2500-ден астам азаматы сел апатынан зардап шегіп, 3 адам жарақаттанып, тұрғын үйлер мен мекемелер ғимараты қирады. Қазіргі таңда, азаматтарды қауіпсіз ортаға көшіру, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, қажетті көмектер көрсетілуде.
– Улаанбаатар қаласының Баянзүрх ауданында 17 шілдеде сел жүріп 2 азамат мерт болып, шаруашылық бірліктер ғимараты мен азаматтардың үйлері су астында қалды.
– Төв аймағы Зуунмод сұмынында 16-17 шілдеде үздіксіз жауған жаңбыр селге ұласып, лас су құбырлары мен бөгеттер жарылып, 28 отбасының баспанасын су басты.
– Төв аймағы Борнуур сұмынында 16 шілдеде сел жүріп 70 отбасының ауласы, үйі, 10 шаруашылық бірлік ғимараты мен жертөлелерін су басып, аталған аумақтағы «Шавартай» көпірі құлап, сұмын орталығындағы 0.6 шақырым автожол бұзылды.
– Сүхбаатар аймағында 7 тұрғынүй, 2 автокөлік, Мөнххаан сұмынынан 44 км, аймақ орталығынан 150-200 км қашықтықтағы автожол бұзылған.
13 аймақтың барлығы 116 км автожолына су тоқтап, жүруге жарамсыз болып қалғанын Моңғолияның Жолдар және көлік дамуы вице-министрі Б.Цогтгэрэл таныстырып, сел апаты салдарынан бұзылған автожолдарды қайта қалпына келтіруге ең аз дегенде 1,3 млд төгрөг қажет болуы ықтимал екендігін айтты.
Болған жағдай туралы ақпараттарды тыңдағаннан кейін Моңғолия Премьер-министрі У.Хүрэлсүх бірнеше міндеттер мен бағыттар берді. Табиғи апат кезінде адам мерт болу, материалдық шығындарға ұшыраудан алдын алып жұмыс істеуді Төтенше жағдайлар комиссиясы мүшелері мен басқарушыларына тапсырды.
Табиғи апаттан алдын ала сақтану, апат болған жағдайда қалай көмек шақыру бойынша оқытулар жүргізу, жарнамалар мен ақпараттар таратуды тиісті мекемелерге жүктеді.
Премьер-министр сел апаты болған Баян-Өлгий аймағына Мемлекеттік қордан 80 киіз үй, ауыз және арам су тасымалдайтын және медициналық автокөліктер, бульдозер жіберетін болды. Сондай-ақ, аталған аймаққа су тасқыны бөгетін салу жұмысына қазіргі таңда тендер жарияланған сатыда жүргенін хабарлады.
Сел апаты салдарынан келген зардапты жою, қайта қалпына келтіруге қажетті қаржыны зерттеп Үкімет отырысында таныстыру, Улаанбаатар қаласының сел апаты болуы ықтимал жерлерде өмір сүретін отбасыларды көшіру, сел апаты зардабын шұғыл түрде жойып, қайта қалпына келтіру жұмыстары кешіктірілмей дер кезінде жасауды құзыретті органдарға тапсырды.
Ел көлеміндегі мемлекеттік қызметтегі басшыларды 1 тамызға дейін демалыстарынан жұмысына оралып, күзге дайындық жұмыстарын тез арада бастау керектігін айтып, арнайы тапсырмасын берді.
Б.Нұрбота