2015 жылы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Елшісі Қалыбек Қобыландин «ЭКСПО-2017» Моңғолия секциясының коммисары, Моңғолияның Энергетика министрі Дашзэвэгийн Зоригтпен кездесті.
Онда Моңғолияның «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шартқа қол қойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Кездесуде көрмені ұйымдастыру, қатысушы-мемлекеттер павильондарының орналастыру регламенті, көрменің техникалық сипаттары және инфрақұрылымдық даму саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Д.Зоригттің сөзіне қарағанда, моңғолиялық тарап ел энергетикасын құрудағы қазақстандық тәжірибеге, елдің өткен дағдарыстан өтуіне, қазіргі экономикалық даму ахуалында ҚР басшылығы жемқорлыққа қарсы күрес шараларын қабылдау тәжірибесіне көп көңіл бөледі.
Моңғолияның Энергетика министріне ҚР-дың стратегиялық дамуының негізгі құжаттары моңғол тілінде ұсынылды. Соның ішінде «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол», «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам», Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы бар.
Бүгінде Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу жөніндегі 20 шартқа қол қойды. 57 ел, 13 халықаралық ұйым қатысатынын ресми мәлімдеді және 33 Комиссар тағайындалды.