26 мамыр, KAZNEWS. Моңғолияның Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысына келген қазақстандық делегацияны қабылдады. Бұл туралы ҚР Елшілігі баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыстарға жоғары баға беретінін айтып, Үкіметаралық комиссияның жұмысына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Дархан Қыдырәлі моңғол мемлекет басшысының тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, қазақстандық делегацияны қабылдағаны үшін алғысын жеткізді.
Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық, экономикалық байланыстар туралы сөз қозғады.
Айта кетейік, Ұлан-Батырда Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 9-шы отырысы өтіп жатыр. Онда сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, ауыл шаруашылық, көлік, мәдениет пен спорт, білім мег ғылым салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.
Photography: Nurbek Amisha