KAZNEWS – Төрт жылда бiр рет алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында өнер көрсету – әр спортшының арманы. Биыл өтетін Рио-де-Жанейро ойындарының басталуы да күн санап жақындап келеді.
Моңғолия бокс федерациясы 2016 жылғы ел чемпиондарын ҚХР-ның Циньян қаласына өтетін Азия және Тынық мұхит аймағының олимпиадалық іріктеу жарысына толық құраммен апарады.
Құрама сапында -91 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Ерболат Төлекұлы бар.
Рио жолдамасы үшін сайысқа түсетін боксшылар тізімі төменгідей.
49 келіде Г.Ган-Эрдэнэ өнер көрсетеді. Оның ең басты жетістігі – Дүниежүзілік Универсиад ойындары мен Азия чемпионатының қола жүлдесі. Сонымен қатар бірнеше рет халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.
ҚХР-ның Циньян қаласында өтетін олимпиадалық іріктеу турнирінде өз мүмкіндігін тиімді пайдалануға ұмтылу керек.
Өйткені бұл салмақта Моңғолия боксшысы П.Сэрдамба 2008 жылғы Бейжің олимпиадасында күміс жүлде жеңіп алған болатын.
52 келіде Х.Энх-Амар олимпиада жолдамасына үміткер.
Бұл салмақта бұған дейін Нямбаярын Төгсцогт Лондон олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген. Оның жеңіс жолын жалғастыру міндеті Х.Энх-Амарға жүктеліп отыр.
Х.Энх-Амар Казанда өткен дүниежүзілік Универсиада ойындарында Ресейдің атақты боксшысы Миша Алояннан басым түскен болатын. Ал, Нямбаярын Төгсцогт кәсіби боксқа ауысқан. Бұл салмақтағы талантты боксшылардың бірі Нұрлан Асқарұлы 2016 жылғы ел біріншілігіне қатысқан жоқ болатын. Сондықтан Х.Энх-Амар үшін бұл жарыс өте маңызды.
56 келі, Э.Цэндбаатар
Э.Цэндбаатар 2013 жылы Ел біріншілігінде 49 келі салмақта жеңімпаз атанған. Ол енді 56 келі салмақта бақ сынайды.
60 келі, Азия ойындарының жеңімпазы Д.Отгондалай
Әуесқой бокста 60 келі – Моңғол боксшыларының салмағы деп аталады. Бұл салмақ – Сөүл олимпиадасының қола жүлдегері Н.Энхбат, Барселона олимпиадасының қола жүлдегері Н.Баярсайхан, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Т.Үйтүмэн қатарлы ерлердің бағын ашқан.
Д.Отгондалай 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2015 жылғы Азия чемпионы атанғаны мен Катарда өткен әлем чемпионатында өз атағын дәлелдей алмады.
Дегенмен, 2016 жылғы жазғы олимпиада ойындарында ең үлкен сенім Д.Отгондалай-ға артылып отыр.
64 келі, Б.Чинзориг
Бұл салмақта олимпиада, әлем чемпионатының қола жүлдегері У.Мөнх-Эрдэнэ өнер көрсетіп келген. Бірақ, ол 2016 жылғы ел біріншілігіне қатысқан жоқ. Сондықтан Б.Чинзориг-тың жолы ашылды деуге болады.
69 келі, Б.Түвшинбат
2012 жылғы Лондон олимпиадасында Француз боксшысы Алексис Вастиннен бір ұпаймен ұтылып қалған болатын. Бұл жеңіліс оған сабақ болғаны анық.
75 келі, Н.Шинэбаяр
Н.Шинэбаяр – 2008, 2012 жылғы олимпиадалық іріктеу жарыстарына қатысып көрген.
81 келі, С.Эрдэнэбаяр
2009, 2011, 2013 жылдары Әлем чемпионатына қатысып көрген. Ол, биылғы ел біріншілігінде финалда Баян-Өлгийлік боксшы Т.Ыбраймды ұтты.
-91 келі, Ерболат Төлекұлы
Елдің абыройын асқақтатып жүрген Ерболат Төлек бокстан ел чемпиондығын осымен үшінші рет қорғап отыр.
Оның, ҚХР-ның Циньян қаласына өтетін Азия және Тынық мұхит аймағының олимпиадалық іріктеу жарысында асығы алшысынан түсіп, олимпиада ойындарына жолдама алуына бүкіл ел, оның ішінде моңғолия қазақтары тілектес.
Ел чемпионы, 2012 жылы Қазақстанда өткен олимпиадалық іріктеу турниріне қатысқан. Халықаралық «А» дәржедегі турнирден 2 күміс медаль иеленіп, Моңғолияның 2015 жылғы үздік 10 боксшылар тізіміне еңген.
Естеріңізге салсақ, Моңғолия қазақтары арасынан 1964 жылғы Токио олимпиадасына Алданыш Рамазанқызы мен 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасына Бақыт Однайұлына олимпиада ойындарына қатысу бақыты бұйырған болатын.