Табақ тарту — қазақ халқының қонақтарға ет ұсынуының дәстүрлі реті. Табақтың бас табақ, қос табақ, сый табақ, жай табақ, жастар табағы сияқты түрлері бар.
Бас ұсыну — қазақта бас ұсынудың өзіндік жолы бар. Бас табаққа бас тартылып, оны ең сыйлы қонаққа (әдетте қарияға) береді.
Дастарқанға бас салынған ыдысты ер адам әкеледі.
Қария бата-тілегін айтып, алдыменен оң езуінен кесіп өзі ауыз тиеді. Содан кейін оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кіші адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.
Құлақ ұсыну — қазақ ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Бір бастың екі құлағын екі балаға беру қажет.
Көз ұсыну — бас мұжып отырған адам малдың көзін бас біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға қатар береді. Яғни, бір бастағы көзді екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша, көзді қос қолмен ұсынады.
Тіл ұсыну — малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпайды. Оны көбінесе келінге береді. Кейде үйде келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып «менің жолымды берсін» дегендей тілек айтады.
Таңдай ұсыну — басты кесіп отырған адам, таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге ұсынады. Таңдайды ұсынғанда үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана береді.
Бас табақ қариялар мен сыйлы қонақтарға беріледі. Оған жамбас, ортан жілік, белдеме (жамбаспен бірге міндетті түрде), ішек-қарнын, сүбе қабырға, қойдың ұлтабары, жылқы етінен: қазы, қарта, жал, жая салынады.
Қос табақ — құда-құдағиға арнайы ұсынылатын табақ. «Бас табақтағы» ет құрамына ортан жілік қосылып ұсынылады. Сонымен қатар құда мен құдағиға бөлек табақ тартылуы да мүмкін.
Сый табақ — қосымша сый табағы. Ет құрамы еркін түрде салынады. Сый табаққа қойдың жауырыны мен тоқпан жілігі салынбауы да мүмкін.
Жастар табағының ең кәделі жілігі — асықты жілік пен төс. Асықты жілікті, әдетте, күйеудің жолдасы немесе келіннің жеңгесі кеседі. Күйеуге міндетті түрде төс берілуі тиіс.