19 қараша, KAZNEWS. Ғұн империясының 2228, 2229 жылдығы, Моңғол империясы орнауының 813, 814 жылдығы, Ұлт азаттық қозғалысының 109 жылдығы және Халық революциясының 98, 99 жылдығына орай Моңғолияның Ұлттық мерекесінде табысты қатысқан 9 палуанға мемлекеттік атақ, 3 палуанның мемлекеттік атағына дәреже қосу рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімге Моңғолия Президентінің Әкімшілік басқармасының басшысы Я.Содбаатар, Моңғолия вице-премьер министрі С.Амарсайхан қатысты.
Естеріңізге салсақ, Мустафа Нұрланұлы 2019 жылғы мерекеде бесінші кезеңде мемлекеттік арыстан Э.Оюунболд-дан жығылған болатын. Кейін Ұлттық күрес федерациясы Э.Оюунболдтан допинг анықталғанын хабарлаған.
Сот үкімі бойынша допингтен ұсталған палуандардың нәтижесі қуатсыз етіліп, ұтылған палуандарға атақ, дәреже қайтадан берілді.
Моңғолияның Ұлттық мейрамын ұйымдастыру комитетінің қаулысы бойынша мемлекеттік арыстан Б.Содномдоржге «Үлэмж бадрах», Б.Эрдэнэхүү, Мустафа Нұрланұлы, Б.Суманчулуун қатарлы мемлекеттік лашындарға «Өсөх идэр» дәрежесі қосылған марапатын табыс етті.
Баян-Өлгий аймағының Дэлүүн сұмыны тумасы, Мустафа Нұрланұлы 2020 жылы ұйымдастырылған мемлекеттік мейрамда үшінші кезеңде мемлекеттік піл дәрежелі палуан Б.Соронзонболдыны, төртінші кезеңде мемлекеттік қаршыға дәрежелі палуан Н.Золбооны, бесінші кезеңде мемлекеттік лашын дәрежелі палуан Э.Энхбатты жығып, мемлекеттік “Лашын” атағына ие болған болатын.