Connect with us

Іскер азамат

Заманбек Абдуллинұлы: Аптасына бір рет отын салатын пеш жасап шығардық

Published

on

Біз бүгін, Kaznews ақпараттық агенттігінің «Жетістік жолы» жобасының кезекті қонағына «Өлгий ресурс» компаниясының негізін қалаушы, директоры Заманбек Абдуллинұлын шақырып отырмыз.

Ол 1990 жылы Улаанхус сұмынында дүниеге келген. 4 ағайынды. Отбасының үлкені. 1998 жыл орта мектепті бітірген соң Моңғолия мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 2012 жылы баламалы энергетика инженері мамандығы бойынша, Саясат және менеджмент академиясын Басқару саласы бойынша тәмамдаған. Энергетика саласы бойынша магистрантурада оқып жүр. Заманбек Абдуллин алғашқы қызмет жолын 2012-2017 жылдары аймақтық жылу станциясы яғни «Эрчим» компаниясында бастаған. 2014 жыл “Киелі жүйрік”, 2018 жылы “Өлгий ресурс” компаниясын құрған.

Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы

Қызметі: “Өлгий ресурс”, “Заман финанс” компанияларының директоры, “Өнер дамысы” одағының төрағасы

Әлеуметтік желі: Абдуллин Заманбек (FB)

Бизнестегі алғашқы қадамыңыз не болды?

Алғаш 2014 жылы «Киелі жүйрік» атты компания құрып, 2018 жылға дейін энергетика, құрылыс саласында жобалар жүзеге асырдық. Ең үлкен атқарған жұмысымыз – Баяннуур сұмыны орталығын біріккен жылу жүйесіне өз қаражатымызбен қостық. Бірақ қазір ол компанияны белгілі себептермен сатып жібергем. 2018 жылы энергетика және құрылыс саласы рұқсатнамаларын алып, Ресейдің Барнаул жылу пештері зауыты өнімдерінің ресми дистрибьюторы «Өлгий ресурс» компаниясын құрып, жоғары және төменгі қысымды жылу пештерін сату ісімен айналысып келеміз. Сондай-ақ осындай пештерді сұранысқа сәйкес Баян-Өлгий аймағында өндіріп, халық игілігіне жаратып отырмыз.

Тек қана аймағымызда емес, елімізде де тұрмыстық және өндірістік жылу пештері шетелдерден әкелінеді. Сіздердің «Өлгий ресурс» компаниясы өндіретін пеш нарықта қандай ерекшелігі бар?

Біз жасайтын пеш – жеке үйлерге қолданатын 4-7 тәулікте бір рет отын салып, күлін шығаратын, автоматтандырылған, жылу температурасын бірқалыпты ұстайтын пештер. «Жақсы идеялар жалқаулықтан пайда болады» деп айтады ғой. Ресейден пеш әкелген кезде осындай пештерді жеке үйлерге салып, күнделікті от жағу машақатынан қалай құтылуға болатынын байқадым. Сол кезде неге осы үлкен пештерді кішірейтіп, жеке үйлерді жылытуға пайдаланбасқа деген ой келді де бір жыл зерттедім. Қазақстан мен Ресейдегі нұсқаларымен таныстым. Ол кездері біздің аймақта және ел астанасында кейбір азаматтар осындай технологиямен жұмыстайтын пештерді Қазақстан, Ресей, Германия, тіпті Чехиядан да әкеліп қолданып жүр екен. Алайда олардың құны біздің қазіргі жасаған пештерден 2-3 есе қымбатқа түсетін. Бір жыл өзіндік құны мен нарықтағы сұранысты зерттей келе, тәуекелге бел буып, былтыр мамыр айынан жылу пештерін өндіре бастадық.

Бір пеш жасауға қанша уақыт жұмсалады?

Бір пешке орта есеппен 5-7 тәулік кетеді.

Өнімдеріңізді қайда сатасыздар?

Өнімді тек тапсырыспен ғана жасап келеміз. Бұл істі қолға алғаннан бері 28 пеш жасап саттық. Аймақ орталығы, сұмындар, көршілес Увс, Қобда аймақтарымен қатар Ұланбатыр, Эрдэнэт, Дархан қалалары мен Хэнтий аймағы тұтынушыларына да тапсырыспен жасап бердік.

Қазіргі ахуалдарыңыз қалай? Өндірістеріңіз бір арнаға түсті ме?

Қазір дайындық жұмыстарымен айналысудамыз. Бұл алғаш өз қолымыздан жасап шыққан өнім болғандықтан кемшін тұстары да болып жатады. Біз өз тұтынушыларымыздан пештің артықшылығы мен кемшілігін сұрай отырып, оны жетілдіріп шығаруды көздеп отырмыз. Тапсырыстар қабылдап, тұтынушылардың сұранысына сәйкес пеш жасаймыз.

Бағасы қолжетімді ме?

Әрине, қолжетімді. Құрылыс алаңының аумағына байланысты 1.800.000-3.500.000 төгрөг аралығында. Дәл біздікі сияқты автоматтандырылған пештерді Қазақстан, Ресей және басқа да шетелдерден әкелетін болса, оның құны 5 млн төгрөгтен асып кетер еді. Жастар көбінде от жағудан қашып, тұрғын үйлерде тұрғысы келеді. Ал біздің пештің бір ерекшелігі пәтер үй сияқты үйдің шаршы метріне байланысты 3-4 тәулікте немесе аптасына бір рет көмір салуында және ол автоматты басқарылатындықтан отынды 40 пайызға үнемдейді.

Қажетті шикізатты қайдан аласыздар?

Басында Ресейден алдыратынбыз. Бірақ ол қымбатқа түсетіндіктен ҚХР-дың ішкі өлкелерінен тасымалдайтын болдық. Сапасы Ресейдікімен бірдей әрі бағасы арзан. Сондықтан да өнімнің бағасы халық қалтасына сәйкес.

Жаңа өнім шығарып, оның бағасын басқа аналогтарынан арзан сату сіздерге де, халыққа да пайдалы. Сонымен қатар жұмыс орны да пайда болады. Өндірісіңізде қанша жұмысшы бар?

Оншақты адам жұмыс істейді.

Жалпы бизнес бастаған кезде қандай қиындықтар болды?

Бизнес бастаған кезде көптеген қиындықтар болады. Біріншіден, қорқыныштан құтылу қажет. Қорқынышты жеңіп, тәуекелге бел буған кезіңде ең әуелі ақша керек. Ол өзіңде жоқ болса, банк сағалағаннан басқа жол жоқ. Ең алғаш несие алған адамға, әрине, оның пайыздық өсімі жоғары. Бірақ адам қателесуден қорықпау керек. Адамның құлшынысы мен өзіне деген сенімі нық болса, бәрі де дұрыс болады.

Кез келген бизнесті бастау, сол істің 50 пайызы деп айтады ғой.

Сіз импорттың орнын басатын өнім шығарып отырсыз. Осыған сәйкес мемлекеттен қолдаулар болды ма?

Қолдау болмады. Солай болса да бүгінге дейін айы екі пайыздық бизнестік несиемен жұмыс жүргізудеміз. Шағын және орта өндірісті қолдау қорынан берілетін несиеге жобамызды тапсырсақ та, өкініштісі, қолдау таппай, оның көбі билік басындағы адамдар мен жергілікті депутаттардың ағайын-туысы, тамыр-танысына беріліп жатады. Өз маңдай терімен еңбек етіп, жетістікке жеткісі келген жастарға оның ауылы әлі де алыс сияқты. Ел бастаған ағалар жеке бас мүддесінен гөрі халық қамын ойлап, нақты өнім шығарып отырған компанияларды қолдаса екен деймін.

Бұған дейін қандай салада бақ сынадыңыз?

«Заман финанс» банктік емес қаржылық ұйымы қаржы, несие саласында жұмыс атқарса, «Өлгий ресурс» компаниясы қарамағында «Өрнек» цехы киіз өнімдерін шығарады. Өнімдерді Ресей, Қазақстан, ҚХР-ға тапсырыспен жасап жеткіземіз.

Сондай-ақ «Заман» продюсерлік орталығы да жұмысын жүргізіп отыр. Өзім жастайымнан өнерге құштар болғандықтан бұл саланы да тастағым келмейді. Аймағымызда қаншама дарынды жастар бар. Продюсерлік орталығы арқылы біздің аймағымызда кенже қалған саланы дамытсам, жастарды халыққа танытсам деген ойдамын. «Өнер дамысы» деген бейресми ұйым да бар. Осылар арқылы өнерге қолдау көрсетіп, жастарға домбыра, гитара, фортепиано үйірмелерін жүргіземіз. Өнердің арқасыныда “Моңғолияның өнер саласының озат қызметкері” атандым. Мен бизнеске келмес бұрын өнер жолында болдым. Оның жолы – қиын да ауыр. Нарық шағын, қолдау аз. Сондықтан да өз бизнесімді алып жүру арқылы өнерді де аз да болса қолдасам деп ойлаймын.

Бір емес, бірнеше салада қызмет жасайтын компанияларды басқарудасыз? Қандай қиындықтарды еңсердіңіз?

Іскерлік ортада ең алғашқысы және таңдаулысы ғана өмір сүре алады. Кезінде біраз қиындықтар болды. Ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу.

“Мақсатсыз адам арманына жетпейді” дегендей мақсатсыз жұмыс алға баспайды.

Жұмыс жүргізу тәсіліңіз қандай?

«Мақсатсыз адам арманына жетпейді» дегендей мақсатсыз жұмыс алға баспайды. Алдымен ай сайын жұмыс жоспарын жасаймын. Одан кейін соған негіздеп, апталық кесте шығарамын. Сол бойынша шамамен қанша пеш өндіру керек дегенді уақытымен жоспарлап отырамыз. Қанша уақытпен жарыса жұмыс істесек те, сапаға ерекше мән береміз. Осы кәсіпті бастағаннан бері не нәрсе жасасақ та, тұтынушыға жетпес бұрын міндетті түрде тексеруден өткіземіз. Жеке кәсіп болған соң уақытқа да бағына бермейміз. Көбінде кешкі уақыттарда оңашада ойымды түйіндеп, жұмысымды жоспарлап, есеп-қисабымды жасаймын.

Дәл қазір қандай іспен айналысудасыз?

Бір пеш бір отбасының қажетілігіне жарайтындықтан адамдардың қалауы әрқалай. Сұранысқа сәйкес оны үнемі жетілдіріп отыру қажет. Сол үшін пештің тағы бір түрін тәжірибеден өткізіп жатырмыз. «Өлгий ресурс» компаниясы құрылыс саласында да жұмыстар атқарады. Алғашқы құрылыс жобамыз жеке автомат жылу жүйесі бар 4 үйлік тұрғын үй /пентхаус/ салып жатырмыз. Оның артықшылығы орталық жылу жүйесіне қосылмаса да, үш күнде бір рет көмір салынып жылытылады. Ал, құрылыс салудың бір қиыншылығы қала орталығынан жер телімі табылмайды. Бар жерді әркез билік басында болғандар қалталы азаматтарға бей-берекетсіз үйлестіріп тастаған немесе өздері алып алған.

Біз жоғарыда айтылғандай жастарға 4 үйлік тұрғын үй /пентхаус/ жобамызды ұсынамыз. Өз аулаңда экожүйе қалыптастырып алуға болады.

Қандай кезде музыка тыңдайсыз?

Қандай бір жұмыс істеп жатқан кезде музыка тыңдағанды қаламаймын. Тып-тыныш ортада бір нәрсеге ғана назарымды аударып жұмыстағанды ұнатамын. Ал музыканы бос уақытымда тыңдаймын немесе студияға барып, музыканың сүйемелдеуімен ән айтқанды ұнатамын. Бұл – менің хоббиім.

Жуықта қандай кітап немесе мақала оқыдыңыз?

Қазір екі кітап оқып жатырмын. Біріншісі – экономика ғылымдарының докторы Мырзакелді Кемелдің шығармалар жинағының екінші томы. Екіншісі – АҚШ президенті Доналд Трамптың моңғол тіліндегі «Миллиардерше ойлау» атты кітабы.

Сіздің мінезіңіз ашық па?

Өзімді ашық, ақ көңілмін деп ойлаймын. Бірақ ақ көңілдік бизнес тұрғысында кедергілер келтіріп жатады. Бірақ мен бірқалыптылықтан ауытқып, бірде олай, бірде былай болуды қаламаймын.

Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Көбінде отбасыммен бірге боламын. Арасында достарыммен бірге қыдырамын. Кейде теннис ойнаймын. Адамның ұрпағына қалдыратын жалғыз мұрасы, ол –тәрбие. Сондықтан балаларыма жақсы тәрбие беруге тырысамын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, балаларымнан және достарымнан. Өзіме сенім жүктеген және сенетін жақындарымнан күш қуат аламын. Ауылда мені «бас жора» деп атайды. Адамдар сізге сенсе, сол сенімнен шығу қажет. Қазақтың заңғар ақыны Мұқағалидың :

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам барлығынан қараң қалам,– дегенін естен шығармаймын. Жас кезіміз қайта айналып келмейді. Денсаулық, күш қуат, жігер, өр көкіректік тұрған шақта құлайтыннан құлап, сүрінетіннен сүрініп, асатын асулардан асуымыз қажет.

Өмірде кімдерден ғибрат алдыңыз?

Алдыңа мақсат қойып, сол мақсатқа күш, жігеріңді жұмсасаң, орындалмайтын арман жоқ. Мен өмірде жетістікке жеткен қандай адам болса да, солармен әңгімелесіп, ақыл – кеңес алып келдім. Қазір оқып жатқан Доналд Трамптың кітабынан жылжымайтын мүлік нарығының қыр-сырына қанығып жүрмін.

Алдағы жоспарыңыз?

Қазір қала орталығындағы пәтер үйлер өте қымбат. Жастарды қалай арзан тұрғын үйлі болғызу қажет деген мәселелер көп мазалайды. Осы мәселе бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қолжетімді бағада құрылыс тұрғызбақ ойдамыз.

Өзіңіз сияқты жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?

Өзім де бизнесім де стартап болғандықтан маған да кеңес қажет. Көп тәжірибе жинақтадым деп айта алмаймын. Бірақ ел болашағы біздің қолымызда болғандықтан жастар біздер тек ғана құлшынуымыз керек. Тағы да Мұқағали:

Ойлайыншы, не берді жастық маған?
Үйрет деп асау берді бастықпаған.
Жастық маған от берді жалындат деп,
Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.
Жастық менің жаныма жыр байлады.
Жастық мені жалтартпай шыңға айдады,
Жастық мені шындады, шынықтырды,
Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды. -деп жырлағандай жастық шағымызда дүниені танып, көріп-біліп, құлап қалсақ, қайта тұруымыз қажет. Осындай албырт кезіңізде құлшыныс жасап, қателесуден қорықпаңыздар. Өзіңе деген сеніміңіз нық болсын. Қазір бизнеспен айналысқысы келетін жастарда ниет болса, идея көп. Айналаңызда тұрған заттың бәрінен жаңа бизнестік идея туындатуға болады.

Қаржы көзін тауып, нарықтық қажетілігін анықтайтын зерттеуді жақсылап жасап, бизнес бастаса, нәтижеге қол жеткізетін кәсіп түрлері көп деп ойлаймын.

Рахмет! Ісіңіз ілгері болсын!

Іскер азамат

Мирас Мұхамеджанұлы: Кәсіп бастау үшін-ең бастысы талап пен ниет дұрыс болу керек

Published

on

17 қаңтар, KAZNEWS. «Іскер азамат» жобасының кезекті қонағы жас кәсіпкер Мирас Мұхамеджанұлы. Ол 1990 жылы Баян-Өлгий аймағында туған. Монос университетін фармацевт мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014-2016 жылдары аралығында «Монгол Эм импекс» компаниясының аймақтағы бөлімшесінің директоры, 2016 жылдан «Дәрмек» компаниясының директоры, 2019 жылдан «Ази фарм» компаниясының атқарушы директоры қызметін атқарып келеді. 2020 жылғы Баян-Өлгий аймақтық азаматтар өкілдері Хуралының ең жас депутаты атанып отыр.

Халық арасында «24 сағаттық аптека» атанған «Дәрмек» дәріханасы Баян-Өлгий халқына сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуде.

Мекен жайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: «Дәрмек», «Ази фарм» компаниясының атқарушы директоры
Әлеуметтік желі: Mika Mika (FB)

МИРАС КӘСІП БАСТАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚИЫН? АЛҒАШҚЫ КӘСІБІҢІЗДІ БАСТАУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

– Анам Құмарханқызы Серікгүл 1985 жылы фармацевт мамандығын бітірісімен орталық дәріханада дәрі-дәрмек дайындаушы болып қызмет етті. Сосын 1998 жылы Өлгий қаласында орталық алаң маңында кішкентай дүңгіршекте ең алғаш жекеменшік дәріхана ашып, дәрі-дәрмек сата бастады. Сол кездері заңға өзгеріс енгізіліп, стандарттар өзгеріп, дәріхананы ары қарай жұмыстатуда кедергілер кезікті. Осы жағдайларды көрген және анам арманнын орындап, жұмысын жалғастырсам деген ой мені фармацевт болуға жетеледі. Сол үшін еш ойланбастан осы мамандықты таңдадым. Содан 2009 жылы Монос университетіне оқуға түсіп, 2014 жылы бітірдім. Сөйтіп ары-бері көшіп жүріп, мен жоғары оқу орнын тәмамдардан бір жыл бұрын аймақ әкімінен 24 сағаттық дәріхана тұрған жердің рұқсатын алып, сол жерге дәріхана ғимаратын тұрғыздық. Содан бері халыққа қалтқысыз даяшылық көрсетіп келеміз.

ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚТАР БОЛДЫ?

– Ең бірінші қиындық, ол – дәріхананың меңгерушісінің мамандық бойынша үш жыл сол салада қызмет етуі қажет деген талап болды. Ал мен 2014 жылы университетті бітіріп келе салып, дәріхана ашуды көздедім.  Тәулік бойы 24 сағат қызмет көрсететін дәріхана жұмыстату рұқсатнамасын алу үшін биліктен кедергілер көп болды. Қойған талаптарын орындап болған соң ақыры рұқсат алдым. Улаанбаатар қаласында оқуда жүргенде сабақтан тысқары уақытта кешкі 18:00 сағаттан таңғы 8:00 сағатқа дейінгі кезекшілігінде жұмыстап жүрдім. Сол кезде түнгі уақытта қаншалықты ауыр болатынын сезіндім және оны біле тура тәулік бойы қызмет көрсететін дәріхана аштым.

Неге десеңіз, көп адамдар түнде дәрі таппай қиналады. Сол сәттерде қаншама адамның жанына арашашы болып, ең қажетті сәттерде керегіне жараумен қатар өз ісіңді де ілгері бастыруға болады екен деген ой туды. Одан басқа да қиындықтар болды. Қазір мұнда 3 фармацепт 1 көмекші жұмыс істетін болса, адам болған соң біреуінде шаруасы болып қалады, біреуі ауырып қалуы мүмкін. Дәріханамызда 2 мыңға жуық дәрі-дәрмек бар. Оның барлығын жаттау, есіне сақтау да оңай емес. Сол жағынан кейде маманды адам табу да қиынға соғады.

КӘСІПКЕР АДАМҒА ТӘН МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ? ИДЕЯ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

– Ең бірінші, мені осы кәсіпке баулыған анам болды. Бала кезімде отбасылардың барлығында болған еліміз нарықтық экономикаға көшуіне байланысты жетіспеушілік біздің де басымыздан өтті. Сол кезде алдыма әке-шешемді асырайтын мықты кәсіпкер боламын. Ел қатарынан қалмайтын, ешкімге де жалынбайтын, азын-аулақ жалақыға қарамайтын жеке кәсіпкер атанамын деп мақсат қойдым.

Мінез-құлық жағына келсек, қандай бір бизнес жасаушы адам өте жұмсақ мінезді болуы қажет. Іскерлікте ең маңыздысы, бұл – адамдармен дұрыс қарым-қатынаста болу. Сол үшін, шамам келгенше, бір адамға жаман қарамау, қатты сөйлемеу, адамдармен жылы, жұмсақ қатынас жасау, жымиып қарсы алуға тырысамыз және мені табысқа жеткізген осы мінез-құлқым ба деп ойлаймын.

КІМДЕРДІ ҮЛГІ ТҰТАСЫЗ?

– Ең алдымен, әрине анам. Сол үшін де осындай деңгейге жетуіме жан-жақты қолдау білдіріп, жол көрсеткен анама зор алғысымды айтамын! Одан кейінгісі көпке танымал бизнесмен – Ерік Калабырұлы. Фармацевт мамандығын таңдап алуға түрткі болған анам болса, фармацевтика саласында нәтижеге қол жеткізуіме кеңесін беріп, соған себепкер болған – Ерік. Ал үшінші бір азамат – студент кезімнен мені қолдап, жұмысқа кіргізіп, бар білгенін үйретіп, «Монгол Эм Импекс» компаниясының аймағымыздағы бөлімшесіне директорлыққа тағайындалуыма үлес қосқан Бямбын Отгонбилэг есімді азамат. Ол «Монгол Эм Импекс» компаниясының аймақ, ауылдарды жауаптанған менеджер, «Ази фарм» компаниясының барлық дәріханаларына жауапты атқарушы директоры қатарлы қызмет атқарған. Қазір өзі жеке компания құрған.

Фармацевт – көп еңбекті қажет ететін әмбебап мамандық. Сұраныс та көп.

МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

– Басқа мамандықтарға қарағанда маңызы зор мамандық деп санаймын. Халық арасында фармацевтіні тек қана дәрі-дәрмек сатушы деп қана қарайды. Оған мен қарсымын. Өйткені осы мамандықты фармацевт болып бітіріп, басқа да 18 салада еңбек етуге мүмкіндік бар. Ауруханада фармацевтика бөлімшесі бар, онда фармацевтер отыр және олар дәрігерлердің нұсқауы бойынша берілген дәрілерге де бақылау қояды. Елімізде қалыптаспай отырғаны болмаса, шетелдерде аурухананың әр бөлімшесінде 3 фармацевтіден болады. Фармацевтілер дайындайтын университеттер, дәрі-дәрмек өндірісі, сауда саласы қатарлы көптеген мекемелер мен даяшылық орындарында олар қызмет етеді. Оны меңгеру де оңай емес, көп еңбекті қажет ететін әмбебап мамандық. Сұраныс та көп. Аймағымызда мемлекеттік мекемелер Мамандық бақылау басқармасында бір, Денсаулық басқармасында екі, ауруханада 3 маман барлығы 8 орын ғана болса да, басқа салада сұраныс көп.

КЕЗ КЕЛГЕН КӘСІПТІ АЛҒА СҮЙРЕУ ҮШІН ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДАН ҚАЛЫСПАЙ, ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕРДІ БІЛІП ОТЫРУ ҚАЖЕТ. СІЗ БІЛІКТІЛІГІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРЕСІЗ?

– Бұл ең маңызды мәселе. Бұрындары жылына жаңадан 1-2 жаңа дәрі шықса, кейін айына 2-3 дәрі тіркелетін болды. Ал әлемде қазіргі кезде сағатына, минутына бір жаңа дәрі ойлап табуда. Мұны барлығына үлгеру шынымен де қиын. Бірақ біздің бір ұстанатын жайымыз – дәрі-дәрмектің химиялық құрамына қарай топталуы. Осы арқылы оларды тез тауып, жаттап аламыз. Мысалы, ибупрофен, ибуденк деп екі атаумен өндірістен шыққанмен оның құрамындағы әсер ететін зат – ибуфропен. Сол сияқты парацетамол да көп аталыммен шығарылады. Содан құрамына қарап ажыратамыз. Одан соң ғаламтордан іздеп, медициналық жаңалықтарды оқып танысып отырамыз.

ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

– Өте қарбалас адаммын. Мен өзі бір нәрсеге байлануды қаламаймын. Алғаш бүгін бір нәрсе істеп алсам, ертең не істерімді білмей, көп жұмысқа қол тимей қалатын. Тәулік бойы жұмыстайтын дәріхананы ашқан кезде жұмыс күші жеткіліксіз және оларға еңбекақы беретіндей қауқар болмады. Сондықтан 8 сағат «Монгол Эм Импекс» бөлімшесінде жұмыс істеп, кешкі 18 сағаттан таңғы 8 сағатқа дейін «Дәрмек» дәріханасының түнгі кезекшілігіде 6 айдай шығып жүрдім. Сол кездері тәулігіне 2-4 сағат қана ұйықтайтынмын. Аллаға тәубә, қазір он адамды жұмысты болғыздым, отбасылы болдым, 2 балам бар. Таңымен «Азифарм» дәрі-дәрмек толайым сауда орталығына келіп, дәріханаларға телефон шалып, түске дейін тапсырыс алып, түстен кейін жұмысшыларға сол дәрілерді әзірлетіп, жеткізіп береміз. Одан кейін «Дәрмек» компаниясына барып, күнделікті жұмысымен танысып, адамдардың өкпе-реніші болды ма дегенді сұрап, шағымданғандар болса, солармен сөйлесіп, тіл табысып, жұмысшылардың жағдайымен танысып дегендей таң атса, солай кеш батып жатады.

ЖҰМЫС КЕСТЕҢІЗ ҚАНДАЙ?

– Күнделікті тұрақты жұмыс болғандықтан жұмыс кестесінде де көп өзгеріс болмайды. Бір жаңа жұмыс бастамақпын. Соған байланысты кестеге аздаған жұмыстар қосылды. Күніне қарым-қатынас жасайтын 2-3 дәріхананы бөліп қойып, сол кісілермен жеке-жеке сөйлесіп, тапсырыстар жоспарын жасаймын. Демалыс күндері отбасыммен бірге болып, достарыммен бос уақытымды өткіземін. Ары-бері көп жүріп жүретін болғандықтан жұмыс кестесін ұялы телефондағы Note-ке белгілеп қоямын. Оған ұмытып кетпеу үшін күнделікті, апталық жұмыстар мен кездесулерді белгілеп отырамын.

СІЗДІҢ ЕКІ КОМПАНИЯҢЫЗДЫҢ БАҒЫТЫ БІР ЕКЕН. НЕГЕ ЕКІ КОМПАНИЯ?

– «Дәрмек» компаниясы 100 пайыз өз меншігімдегі компания. Ал «Азифарм» компаниясы басқа үлескерлермен бірлескен компания болғандықтан екеуі екі бөлек жұмыс жүргізуде. Біреуі дәрі-дәрмектің бөлшек саудасы болса, екіншісі толайым саудамен айналысады.

КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

КӘСІБІҢІЗДІҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

– Алдымен жақсы жағынан бастайын. Менің кәсібім – адамның жанына араша болатын, ауырғанды басатын, кейбірін тіпті жазатын дәрі-дәрмек сату. Сол тұрғыдан қаншама адамның жанына арашашы болып, қысылған кезде қажеттілігіне жарап қаламыз. Осының бәрі бұл өмірде бизнес болғанымен мұсылман адам болған соң бұл әрекетімізге сауаптар жазылса деп ойлаймыз. Тарыққан адамға көмек болған кезіміз көп болған шығар деп білемін. Ал кері әсері дәрі-дәрмектің құрамында химиялық заттардан болантындықтан денсаулыққа кері әсері бар. Екінші жағынан бізде той, мереке кезінде демалыс болмайды. Бірақ мұны мен кері әсері деп те ойламаймын. Өйткені бұл менің қалаған мамандығым, қалаған жұмысым.

ҚАНДАЙ ІСТІ ЖАСАУҒА ШЕБЕРСІЗ?

– Шеберлік деп айтуға келмес. Бірақ хоббиім- ән айту мен өлең жазу.

ӨЛЕҢДІ ҚАЙ КЕЗДЕН БАСТАП ЖАЗЫП ЖҮРСІЗ?

– Ішкі жан қиналысымды, қуанышымды, сағынышты өлеңмен жазғанды жақсы көремін. Бұл жайлы ешкім білмеуі де мүмкін. Бар жоғы 15-16 өлеңім бар. Бұлғын сұмыны жол бойында нәубет құрбандарына арналған баласын құшақтап, қасында жетім құлын ғана қалған ескерткіш жанында ерекше толғаныс пайда болып:

Кесір қоғам бассыз-баусыз, жүйесіз,
Құлын жетім, ана жесір, ер тоқым тұр иесіз.
Пана тілеп анасынан сәби тұр,
Бұл кескіннен көңілге сыр түйесіз.

Жетім өсіп, ел қатарлы ер болды,
Құлын өсіп, тұлпарменен тең болды.
Көздің жасы көл боп аққан халыққа,
Демократиялық қоғам бүгін дем болды. – деп жазып, алғаш рет әлеуметтік желіге салғаным есіме түсіп отыр.

Бұзылмаған ортада жүрген жастар бұзылған қоғамды түзетуге ат салысу қажет. 

Қазіргі білімді жастардың көбісі саясаттан жеріген. Олар қоғам бұлғанған, саясатта жүрген адамдар сол былық-шылыққа батқан адамдар, егер сен олардың арасына кірсең, былыққа батасың деп көреді. Екінші бір топ жастар саясатқа араласу қажет, оның игілігін де көрген жөн дейді. Саясатқа араласқан жастар партиялық көзқарас шеңберінде ғана қалып, ары қарай дамымай, өспей қалады дейтіндер де бар. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Адамдар қазір саясатты жетістікке, билікке қол жеткізу немесе ақша табу құралы ретінде қарайтыны анық. Ал мен оны табысқа жету, пайда табу құралы деп ойламаймын. Бұл қоғамға деген әрбір азаматтың жоғарғы билікке өз үндерін жеткізетін құрал. Үнемі сын айта беру емес, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деу. Жастар тұрғысынан алғанда «қоғам бұзылды», «партия бұзылды» деп қашпай, егер бұзылғаны рас болса, жаппай саясатқа араласу керек. Өйткені бұзылмаған ортада жүрген жастар бұзылған қоғамды түзетуге ат салысу қажет. Солар келіп түземесе, оны басқа ешкім тезге сала алмайды. Менің ойым, саясат – біреумен алысу-жұлысу емес, қоғамға өзіміздің пайдамызды тигізу, саяси мәдениетті қалыптастыру, дамуға үлесімізді қосу.

Ал менің саясатқа келудегі мақсатым – адам құқығы, экономикалық, діни наным-сенім бостандығын қорғау. Бұл құқықтар мен бостандықтар біздің елімізде заңмен қорғалса да, осы құндылықтарымыздың нығайып орнығуына өз үлесімді қосайын деп араластым. Менің ұстанымым – демократия тек бір партияның ғана емес, барлық азаматтардың құндылығына айналуы тиіс. Бұл – бізге ең қажетті мемлекеттік құрылым.

ДӘЛ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ҚАНДАЙ ШАРУАМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТЫРСЫЗ?

-Мен осы дәрі-дәрмек саудасынан басқа автокөлік қосалқы бөлшектерін сату мен жөндеу ісіне де қаржы енгізіп, достарыммен бірге «TJM» автожөндеу орталығын аштым. Уақытым болмағандықтан одан шықтым. Қазір Ковид-19 індетіне байланысты жұмысшылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ары қарай ісімізді құлдыратып алмау мақсатын қойып жұмыстап жатырмын. Алдағы уақытта бір орталық ашпақпын. Соған да уақытымды арнап жатырмын. Бұл әзірге құпия болып қала берсін.

БОС УАҚЫТЫҢЫЗДА ҚАНДАЙ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ?

Эстрада, классика, терме, рух көтеретін әндерді көп тыңдаймын. «Әділет әні» атты әннің орындаушысы болып, клип түсіруге демеушілік көрсеттім. Сөзін Аманжол Бәделұлы, әнін Бердібек Дәулетбекұлы жазып, музыкамен Ауғантай Исаұлы әрледі. Сәтжан Класханұлы, Заманбек Абдуллинұлы үшеуіміз орындадық. Жалпы ән айтқанды жақсы көремін.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА?

Бизнестік табысқа жету жолдары туралы моңғол тіліне аударылған әлемдік бизнесмендер өмірі мен іскерлік тәсілдері жайлы кітаптарды қызыға оқимын.

“Еш уақытта бұл тәулік бойы “24 сағат” жұмыстайтын дәріхананы жаппаймын”. -деп уәде бердім.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ-ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Бізге даяшылық жасатқан азаматтардың алғысынан күш-қуат аламын. 2016 жылы өзім 24 сағаттық дәріханада жұмыстап тұрған кезде жол апаты болып, бір ақсақал жарақаттанғандарға қажетті дәріні ауруханадан таппай, түнде бізден келіп алып, радио арқылы алғысын білдірді. Содан рухтанған мен өзіме «еш уақытта бұл тәулік бойы 24 сағат жұмыстайтын дәріхананы жаппаймын» деп уәде бердім.

ҒИБРАТ АЛҒАН ОҚИҒА БОЛДЫ МА?

– Маған бір апай келіп: «Менің жолдасым араққа салынып кетті. Ішімдікті қойғызатын дәрі бар ма?» -деді. Мен ол кісіге: «Дәрі бар. Бірақ ол кісіні арақтан шығара ма, жоқ па білмеймін. Бірақ сіз күйеуіңізді менімен 30 минут сөйлестіріңіз. Содан кейін дәріні беріңіз, арақтан құтылатынына кепілдік беремін,»- дедім. Ертеңінді апай жолдасын ертіп келді. Мен ол кісіге алдымен ішімдіктің отбасы бюджетіне әкелетін зияны, оған жұмсалған ақшаға үйіне, балаларына не алуға болатыны, денсаулыққа келтірер залалы, өмір сүру уақыты жайында айттым. Ағай ойланғандай болып қалды. Дәл сол кезде дәріні ішкіздік. Ғылымда да бар, дәрінің ем болуының 60 пайызы дәрінің әсер етуі болса, 40 пайызы адамның сенімі мен психологиясына байланысты. Содан кейін арақтан бас тартты. Сол оқиға есімнен кетпейді.

Қандай бизнес жасасаңыз да, ол – бизнес, қанша табыс тапсаңыз да, ол – адал еңбек. 

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕ КЕРЕК?

– Ең бірінші – басқалардың сізге деген деген сенімі, екіншіден, өзіңізге деген сенім болу, үшіншіден, басқалардың сенімін ақтай білу керек. Барлық дүние сенімге тоқтайды. Сіз өзіңіз өте сенімді адам болуыңыз қажет. Ешкім сізбен бірге серіктес болған кезде алаңдамау керек, алаңдамаудың соңы табысқа жеткізеді. Бизнесте үлкен, кішісі, табыстың азы, көбі деген болмайды. Қандай бизнес жасасаңыз да, ол – бизнес, қанша табыс тапсаңыз да, ол – адал еңбек.

БИЗНЕС БАСТАМАҚ БОЛҒАН ЖАСТАРҒА, ӨЗ ЗАМАНДАСТАРЫҢЫЗҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

– Қырық жасында өкінбеу үшін, отызыңызда орнығып алуыңыз керек екен. Қайталап айтсам, ең бастысы – сенім. Қолға алған ісіңізді басқалардың бизнесі мен «ананың бизнесі үлкен, ал менің бизнесім шағын» деп ешқашан салыстырмаңыз. Бүгін бастаған ісіңіздің ертең ұлғаюы немесе ауқымы кішіреюіне тек өзіңіз ғана себепкер боласыз. Өз ісіңізге өзіңіздің көңіліңіз толсын, сенімді болыңыз.

Әрбір отбасы, әрбір қазақ жетістікке жете берсін деп тілеймін!

Әңгімеңізге рахмет!

Казньюс ақпараттық агенттігі   

                                                                                         

Continue Reading

Іскер азамат

Нұрсұлтан Жеңісханұлы: Арманым – аймағымызда ғылыми-технологиялық парк құру

Published

on

10 қаңтар, KAZNEWS. «Тояа – Грейпсийд» оқыту орталығының негізін қалаушы, Назарбаев университетінің магистранты Нұрсұлтан Жеңісханұлы Казньюс агенттігінің «Іскер азамат» бағдарламасының кезекті қонағы болып отыр.

Нұрсұлтан Жеңісханұлы 1993 жылы Баян-Өлгий аймағы орталығы Өлгий қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Моңғол-түрік орта мектебін, 2015 жылы Түркияның Стамбул қаласындағы Мармара университетін механик-инженер мамандығымен тәмамдаған. Сол оқу орнынан магистратураға шақырылып Түркияның Ғылыми орталығында 200.000 доллардың жобасында жұмыстауға жолдама алып, кейін анасының денсаулығына байланысты елге оралған. 2016 жылы Австралияның UNSW (University of New South Wales)-тің магистратурасы емтиханынан өткен, 2018 жылы Венгрияның Девресени университеті магистратурасына, 2019 жылы Венгрияның ең таңдаулы академиялық жоғары оқу орны саналатын BME (Budapest University of Technology and Economics) – ға 100% пайыздық магистратура грантына қабылданып белгілі себептермен бас тартқан. 2020 жылдан Назарбаев университетінің механик және ұшақ (ғарыштық) инженері (Mechanical and Aerospace Engineering) магистрантурасында оқып жатыр.

Мекенжайы: Баян-Өлгий аймағы, Өлгий қаласы
Жұмыс орны мен лауазымы: “Тояа – Грейпсийд” оқу орталығының және “Алтай моунт” компаниясының директоры
Әлеуметтік желідегі парақшасы: Nurka Jyeniskhan (FB)
Қолданатын компьютері: MacBook

Жаңа кәсіп бастауға не себеп болды? 

2016 жылдан бастап, жергілікті жастардың білім алуын қолдау мақсатында қаржы құйып, ағылшын тілін оқыту орталығын аштым. Осы мерзімде балаларға бала кезінен бастап тіл үйрету қажеттілігін ұғынып, Баян-Өлгий аймағына 2019 жылы «Тояа» Балаларды дамыту академиясы бөлімшесінің соробан /жапон/ шоты және мидың оң жақ бөлігін дамыту оқыту орталығын аштым. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, 4-9 жастағылардың халықаралық ағылшын тілі бағдарламасы саналатын Жапонияның Грейпсийд бағдарламасы патентін алып, Баян-Өлгий аймағында табысты жүзеге асырып жатырмын.

2016 жылдан бастап, «Үш-Төбе» компаниясында механик-инженер болып істеймін. 2018 жылы «Алтай Моунт» туристік компаниясын құрып, отбасылық бизнес ретінде еңбек етудеміз.

Бағыма орай Мармара университетінде инженер студенттерге арналған арнайы бағдарламасы болды. Оның басты мақсаты – бір шеңбердің ішінде ойлаудан ада болып, еркін ойлау жүйесін қалыптастыруға көмектесу болатын. Бұл бағдарламаның ең үлкен серіктесі халықаралық пайда көздемейтін үкіметтік емес ұйым JCI (Junior Chamber International) болды және олар аптасына бір рет инженер саласында білім алатын студенттерге дәріс оқитын. Үлкен табысқа жеткен бизнесмендер мен карьера қалыптастырған адамдарға кездесу мүмкіндігіне ие болып, басқаша ойлай бастадым. Былайша айтқанда, сол мырзалар мен ханымдарды мақтаныш етіп, солар сияқты болуға ұмтылдым.

Менің ең жақсы көретін ісім, бұл – сабақ үйрету еді. Студент болған кезімде 4 жыл бойы түрік балалармен қоян-қолтық жұмыстадым әрі сабақ үйрету менің ұнататын ісіме айналды. Содан кейін туған өлкемнің бір үлкен мәселесі білім саласын жақсартуға бар күшіммен ат салысуға шешімін қабылдадым. Білім саласы кез келген елдің даму тетігі деп айтуға болады.

Сіз аймағымызда алғашқы оқыту орталықтарының бірін аштыңыз. Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

Жаңа түсінік қалыптастырудың өзіндік қиындықтары мен мәселелері бар. Алғаш оқыту жүргізген кезде адамдар мен оқушылардың арасында IELTS пен шетелде білім алу мүмкіндіктері жайлы түсінктері өте таяз еді. Шетелдік гранттық бағдарламалар немесе ең таңдаулы оқу орындарына қабылдану үшін өте көп қажыр-қайрат, еңбек пен уақыт қажет болатындықтан ата-аналарға балаларыңызға жастайынан көп қаржы құю қажет деп кеңес бергім келеді. Білім саласының бір осал жағы ол нәтиженің ұзақ мерзімнен кейін шығатындығы болғандықтан өте төзімділікті қажет етеді.

IELTS дегеніміз не? Балаларға түсіндіріп берсеңіз?

IELTS (International English Language Testing System) – ағылшын тілін білу деңгейін бағалаудың халықаралық жүйесі. Емтихан қабылдаушылар мәтінді түсіну (Reading), сөйлеу (Speaking) және жазу (Writing) қабілетін тексереді.
IELTS-тің 2 түрі бар: General training және Academic. General модулі мектепке қабылдануға, тұруға ықтиярхат алуға, терең білімді қажет етпейтін жай ғана жұмысқа тұруға бағытталған. Academic модулі студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. IELTS-ты қағазбен (Paper Based IELTS) сонымен бірге компьютермен (Computer-delivered IELTS) тапсыруға болады.

IELTS тапсыруға дайындықты неден бастау керек?

Алдымен бұл емтиханды не үшін тапсырығыңыз келетін себебіңіз нақты болуы қажет. Қайда барғысы келетінін білмейтін адам адасып қайтып кетеді. Сол сияқты бағытыңыз бен мақсатыңыздың айқын болғаны жөн. Тек қана IELTS емтиханын тапсыру жеткіліксіз болады. Бұл тек алғашқы баспалдақ. Біздің аймақтағы жетіспейтін бір нәрсе – менторшип бағдарламасы. Бұл бағдарлама қысқа мерзімде уақыт ұтқызбай дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі және жол көрсетеді.

Тест құрылымы қандай болады және қалай бағаланады?

Емтихан Listening (тыңдау), Reading (оқу), Writing (жазу) және Speaking (әңгімелесу) қатарлы 4 бөлімнен құралып, әрқайсысы 9 ұпаймен бағаланады. Әрқайсысынан жинаған ұпайлар біріктіріліп, орташа ұпайын шығарғандағы нәтиже IELTS емтиханынан алған жиынтық ұпай болып есептелінеді.

IELTS -тен жоғары балды қалай жинауға болады? Қандай лайфхактарды қолдануға болады?

Тыңдау мен әңгімелесу қабілеті, жазу мен оқу қабілеті өзара байланыста болады. Былайша айтқанда, тыңдау қабілеті жақсарған сайын әңгімелесу деңгейі де жақсарады. Ағылшын тілінде телехиқаяларды көп көрген адамның тыңдау қабілеті адамның табиғатына сәйкес арта түседі. Ал кітап оқу әдеті адамның оқып түсіну, білмейтін сөздері мағынасын жуық мағынасымен долбарлап тауып алуына көмектеседі. IELTS – бұл өте көп қажыр-қайратты талап ететін емтихан. Сондықтан еш мойымау керек. Бірақ мақсаты айқын адам оңайға түсіп бермейді. Жалпы қосымша ретінде ғаламторды өте жақсы пайдаланған жөн. Онда не іздесеңіз, бәрі бар. Ал оқушылардың мақсаты оқыту орталығын уақыт үнемдеу бағытында пайдаланып, өте қысқа мерзімде мақсатына жету көпірі ретінде қолдана білу керек.

Өзіңіздің жұмыс жүргізудегі әдіс-тәсіліңіз қандай? Ағылшын тілін үйрену үшін балалардың қызығушылығын қалай арттыруға болады?

Менің әдістемем өте қарапайым. Ағылшын тілін теориялық тұрғыда емес, шынайы өмірде қолдану жағынан үйретемін. Балаларға ағылшын тілінің қажеттіллігін жақсылап түсіндіріп берсеңіз, өздері-ақ талаптанып үйрене бастайды. Бұл оның қызығушылығы ояна бастағанын білдіреді. Жалпысы ең басты қабілетті атаңыз десеңіз жеке басын алып жүру қасиеті деп айтар едім. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, білім алумен қатар тіршілігіңізді де қатар алып жүресіз деген сөз. Біздің аймақта бір байқалған жағдай балалардың жеке басын алып жүруде босаңдығы. Осы жағдайдан болып, өзіне қатысты шешім қабылдауда мәселелер туындайды.

«Грейпсийд» оқу бағдарламасы жайлы да айтып берсеңіз?

Ағылшын тілін үйренудің ең қолайлы уақыты – адамның миы мен басқа да бұлшық еттері дамитын балалық шақ. Сонымен қатар тіл үйренудің ең тиімді әдісі баланың табиғи жолмен /тілі ұстарту/ үйретуге болатынын анықтап, дамытатын тәсіл. Тыңдау, түсіну, жауап беру, дұрыс сөйлеу, дұрыс оқу, оқығанын түсіну, жазу дағдысын қалыптастыру қабілеттерін балаға бір жүйемен қалыптастыратын, 3-12 жас аралығындағы балаларға арналған өте нәтижелі бағдарлама. Әрі үйренген ұғымдарын жаңа заманға сай жасалған аппликейшн /бағдарлама/ пайдаланып бекіту, пысықтау артықшылығы бар.

Тәуліктік жұмыс күніңіз қалай басталады? Уақытты қаншалықты тиімді пайдаланасыз?

Таңғы 9:00-да баламды балабақшаға апарып, 9:30-да магистратура сабағы мен жұмысымды 16:00-ге дейін аяқтаймын. Ұлымды балабақшадан үйге жеткізіп салған соң 17:00 – 20:00 сағат аралығында оқушылармен жұмыс жасаймын. 23:00 сағатқа дейін отбасыммен бірге болып, түнгі 02:00, кейде 03:00 сағатқа дейін қызығушылығым бойынша зерттеу жүргізіп, кей уақытта үй тапсырмасын орындап, кинофильм көремін. Кино көруді жаным сүйетіндіктен уақытымды соған сәйкестіруге тырысамын. Өзімді дамытумен қатар отбасымды дамытуға да көңіл бөлемін. Сенбі, жексенбі күндері де жоғарыға ұқсас өтеді. . Жексенбі не мереке күндері жұмыс пен мектеп жұмыстарын аздап ысырып тастап, мүмкіндігінше отбасы мен достарыммен бірге боламын. Әлемді жайлаған індет кезіндегі крантинге байланысты уақыт кестесіне аздаған өзгерістер енгізілді.

Ең көп қолданатын және жақсы көретін апликейшндеріңіз /бағдарламалар/?

YouTube, Gmail, Ted, Netflix, Zoom, Google Calendar, Google Classroom, Bundle бағдарламаларын тұрақты пайдаланамын.

Жетістікке жетудің құпиясы неде?

Уақытты ұтымды пайдалану. Төзімділік. Алған бетіңнен қайтпау.

Қазір қандай іспен айналысып жатырсыз? Қысқа мерзімдегі жоспарыңыз?

Магистратураны табысты бітіріп, әлемге әйгілі университеттің бірінен докторлық диссертация қорғау. Карьералық тұрғыда академия немесе университетте оқытушы, ғылыми зерттеу бағытындағы компанияның сараптама және дамыту қызметкері болу. Тәжірибе жинақтап алған соң аймағымызға келіп, ғылыми-технологиялық парк құруға бар күшімді жұмсаймын.

Жуықта қандай кітап, мақала оқыдыңыз?

Дәл қазір Ли Куан Ю-дің «Сингапурдың даму құпиясы» кітабын оқып жатырмын. Күнделікті әртүрлі тақырыптардағы мақалаларды да көп қараймын. Digital Twin in Aerospace Industry туралы оқудамын. Магистратуралық диссертацияда осы тақырыпқа қатысты зерттеу жасауды жоспарлап отырмын.

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Мен Илон Маскге таң қаламын және оған ұқсауға тырысамын. Күш-қуатты алға қойған мақсатымнан аламын. Көбінесе, ұлыма қараған сайын қанат біткендей болып, күш-қуатты сезінемін. Ұлыма келешекте көп таңдау мүмкіндігін жасау үшін жұбайым екеуіміз оқу орталығын ашып, арнайы бағдарламарды енгізіп, жүзеге асырудамыз.

Өміріңізде алған сабағыңыз?

1. Мүмкіндік қай кезде де болады. Қателесуден қорықпа.
2. Үрейге бой алдырма. Жігерлі бол.
3. Мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалана біл.

Жастарға берер кеңесіңіз?

1. Отбасыға көп уақыт пен назарыңды бөл. Олармен бірге бол. Өмір өте қысқа.
2. Ең алдымен әділ бол. Бұл қазіргі қоғам құндылығы әрі адамшылық қасиетің.
3. Өз көзқарасың, мақсатың және қағидаң болсын.
4. Сыни көзбен қарай біл. Бұл 21-ғасырдың ең маңызды қабілеттерінің бірі.

Әңгімеңізге рахмет!

KAZNEWS ақпараттық агенттігі

Continue Reading

Іскер азамат

Іскер азаматтар кімнен, неден күш қуат алады #kaznews

Published

on

08 қаңтар, KAZNEWS. Әркімнің жұмыс стилі мен уақытты басқару менеджменті әр түрлі. Осыған байланысты жұмысқа өзін ынталандырудың да әр түрлі әдістері бар. Сонымен табысты кәсіпкерлер мен іскер азаматтар алға жылжу үшін кімнен неден күш-қуат алады?

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор Ертай Танайұлы

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

«Принцесс» ауруханасының директоры, косметикалық хирург Жанболат Тілеубекұлы

Отбасым, ата-анам, ағайын-туыстарым аман, бала –шағам дені сау, бақытты болса, қөңіл күйім де жақсы болып, алаңсыз жұмысымды істей беремін. Балаларымның сыңғырлаған күлкісі мені шексіз бақытқа бөлейді. Сондай-ақ даяшылық жасатушылардың алғыс сөздерінен жаным жадырап, жігер, қайратым артады.

«Асыл мұра» компаниясының директоры Гүлмайра Әкімқызы

Ең алдымен, балаларымнан, отбасымнан күш-қуат жинаймын. Армандарыммен қанаттанамын. Үлкен жоспарлар құрудан қуат аламын.

“Empasoft” компаниясының директоры Кәдірбек Сайлауұлы

Жұмысшыларымыз дүйсенбі сайын таңертең компания кеңсесі қабырғасына адамды ынталандыратын сөздер жазып іліп қояды. Солардың ішінде “Do your best, forget the rest” деген сөз өте ұнады. Адам таңертең өзін қуаттандырып, кешке дейін сол қуатын азайтпау керек деп ойлаймын. Осы уақытта жұмыс нәтижесіне баса назар аударғаннан гөрі дәл сол мезетке күшін шоғырландырып, жұмысын тиянақты атқару қажет. Нәтижесі қалай болуы да мүмкін. Ең бастысы өз мүмкіндігіңді толық пайдаланғаныңа сенімді болсаң болғаны.

“Өлгий ресурс” компаниясының директоры Заманбек Абдуллинұлы

Отбасымнан, балаларымнан және достарымнан. Өзіме сенім жүктеген және сенетін жақындарымнан күш қуат аламын. Ауылда мені «бас жора» деп атайды. Адамдар сізге сенсе, сол сенімнен шығу қажет. Қазақтың заңғар ақыны Мұқағалидың:

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам барлығынан қараң қалам,– дегенін естен шығармаймын. Жас кезіміз қайта айналып келмейді. Денсаулық, күш қуат, жігер, өр көкіректік тұрған шақта құлайтыннан құлап, сүрінетіннен сүрініп, асатын асулардан асуымыз қажет.

Continue Reading

Іскер азамат

Зәуреш Қайсақызы: Ауылдағы әйелдер құқығы әлі де бұзылып келеді

Published

on

05 қаңтар, KAZNEWS. Біз бұл жолы Қазақ әйелдері «Арулар» одағының атқарушы директоры Зәуреш Қайсақызы мен ауылдағы әйелдер құқығы жайлы сұхбат жасадық. Ол сұхбат барысында ауылдағы әйелдер құқығының ахуалы қандай, оны қаншалықты пайдаланып отыр дегенді тек әйелдер ғана емес, мәселеге қатысы бар тараптар, яғни жергілікті шешім қабылдаушылар да түсінуі қажет екенін атап өтті.

Қазақ әйелдері “Арулар” одағының атқарушы директоры Зәуреш Қайсақызы: Ауылдағы әйелдер құқығы әлі де бұзылып келеді 

– Әңгімемізді Моңғолиядағы әйелдер құқығы және оның жүзеге асырылуы мәселесінен бастасақ?

– Моңғолия БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық түрлерін жою туралы конвенциясына 1981 жылы қосылған. Конвенцияның 14-бөлімінде ауыл әйелдерінің құқығын қамтамасыз етуге мемлекет ерекше назар аударып, ұлттық ерекшелігіне сай арнайы мақсаттағы бағдарлама жасап, оны жүзеге асыру, әсіресе бейресми салада еңбек етуші ауыл әйелдері мәселесіне ерекше назар аударып, жұмыс жүргізуді үкіметтерге міндет еткен болатын. Еліміз 1990 жылы адам құқығы мен теңдігіне құрметпен қарайтын Конституциясын қабылдап, әйелдер құқығын қамтамасыз ету мен қорғау бағытында құқықтық және жүйелік деңгейде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Алайда әлі де әйелдер құқығы, гендерлік теңдік мәселесі құқықтық саясат және оның жүзеге асырылуы, мәдениет, салт-дәстүр, қоғамдық көзқарас, қалыптасқан қағидалар деңгейінде соншалықты назарға ілікпей отыр. Соның ішінде әкімшілік басқарудың сұмын (ауыл), бақ (ең төменгі әкімшілік бірлік) сатысында ауылдық және мал шаруашылығындағы әйелдер құқығының қорғалуы әлі де жеткіліксіз.

– Әйелдердің құқығы қорғалмауының себебі неде? Әйелдер құқығын қорғаушы ұйымдар тарапынан қандай нақты қадамдар жасау қажет?

– Әйелдердің құқығына қатысты қайшылықтар бойынша маманданған ұйымдар баршылық. Бұл салада соңғы уақытта атқарылған бір ауқымды шаруа, ол –Моңғолия әйелдер қоры демеушілігімен 2015-2019 жылдарды қамтыған «Моңғолиядағы әйелдер құқығының ахуалы» атты зерттеу жұмысын әйелдер құқығын қорғау бағытында жұмыстайтын 19 мемлекеттік емес ұйымдардан құралған 4 топ Улаанбаатар қаласы және Баян-Өлгий, Архангай, Завхан аймақтарына жүргізді.

Бұл зерттеу CEDAW конвенциясы жүзеге асырылуына қатысты балама есеп тапсыруға арналған. Біздің ұйым осы зерттеу тобына конвенцияның 14-бөліміне еніп жұмыстау арқылы ауылдағы ұлт азшылығы қыздары мен әйелдерінің құқығы жағдайын зерттеп, сараптама-кеңес әзірледік. Бұл зерттеу нысаны әйелдер мен ерлердің қоғамдық, саяси және экономикалық қатынасқа тең дәрежеде араласуы үшін мәдениет пен салт-дәстүр, мемлекеттік құрылым, құқықтық орта, қалыптасқан гендерлік түсінік негізінде кездесетін қиындықтарды анықтау, ер мен әйел қоғамдық байлықтың игілігін тең дәрежеде көру, дамуға үлес қосу мүмкіндіктерін іздестіру, мәселе көтеру болды. Зерттеу нәтижесінде гендерлік негіздегі зорлық-зомбылық, әйелдердің саясатпен шешім қабылдау ісіне араласуы, ауылдағы малшы әйелдер мәселесі, медицина, білім, үйлену, жанұя, еңбекпен қамтылу қарым-қатынасындағы құқығы, гендерлік теңдіктің қазіргі ахуалы, статусын анықтау, құқықтық қолданысы қанағатсыз болуының негізгі мәселесін анықтауды мақсат еттік.

Зерттеудің нәтижесі қызықтырып отырғаны?

– Зерттеу нәтижесінде әйелдердің құқығы, соның ішінде ауыл әйелдерінің құқығы мәселесінде қалтарыстары көп қайшылықтар мол деген қорытындыға келдік. Сараптама қорытындысы төмендегідей 5 жағдай бойынша топталды:

1. Қала мен ауыл халқының тұрмыстық деңгейін салыстырғанда шалғай ауылдарда кедейлік мол . Моңғолия халқының аз бөлігі ауылдарда тұрса да, ондағы кедейлік индексі 10.1 пунктімен өскен. Сұмын деңгейінде, оның ішінде ауылдық жерлерде кедейлік көп, жағдайлары жақсы деп айтуға келмейді.

2. Ауылдық әйелдердің таза, қауіпсіз ортада тіршілік ету құқығының жүзеге асырылуы көңіл толартырарлық емес. Ауыл әйелдерінің еңбегі ұлттық өнеркәсіптің шикізатын дайындаушы, стратегиялық азық-түлік өндіруші деп қарастырылмайтындығы байқалады. Жергілікті деңгейдегі әйелдердің таза, қауіпсіз ортада тіршілік ету құқығы өрескел бұзылған. Ауа, топырақ пен ауыз су ластануы көп кездеседі, қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілмеуімен қатар құны жоқ өте көп сағатпен еңбекпен айналысуы қатарлылар ауыл әйелдерінің құқығы мен құндылығын төмендетіп отыр. Сондай-ақ медициналық көмек саясаты ауылдық әйелдерге қолайсыз болумен бірге кінаратсыз өсіп-өну жүйесі мен отбасылық зорлық-зомбылық, жыныстық қысымшылық пен қыспақтан сақтандыру құқығы қамтамасыз етілмеген.

3. Ауыл әйелдерінің дамуға қатысты кез келген мәселеге қатысты шешім қабылдауға қатысуы кепілдендірілмеген. Көшпелі малшаруашылығы мен үздіксіз 18 сағаттық еңбек, ұланғайыр аумақ, шашыранды әкімшілік билік бөлісіне негізделген ұлттық ерешелікке сай келетін билікке әйелдердің қатысу мүмкіндігі мен таңдау жасауына қолдау көрсететін құқықтық механизм мен құрылым жоқ деген қорытынды шықты. Былайша айтқанда, баг/ең төменгі әкімшілік бірлік/ азаматтарының бұқаралық жиыны мәжілісінен Жергілікті даму қоры қаржысын қайда, қалай жұмсау жөнінде талқылау өткізіледі. Алайда баг орталығы немесе адамдар шоғырланған елдімекенде мәжіліс ұйымдастырылуы көлік пен мотоцикл ұстай алатыны ғана қатысуына мүмкіндігі бар. Оған кім барады? Әрине, ерлер барады. Мұндай жағдайда малшы әйелдердің қатысуына шектеу қойылмағанымен міндетті түрде әйелдердің дауысын алу мен қатыстырылуы заңда жоқ болғандықтан ондай мүмкіндік жоқ деген сөз.

4. Ауыл әйелдері мен отбасы мүшелерінің сапалы білім алуы мен соның нәтижесінде өмір сапасын арттыруы қанағатсыз. Оқып даму, ғұмырлық білім алу арқылы отбасылық бизнесін дамыту, балаларына сапалы білім беру мүмкіндігі мен таңдау жасауды қолдайтын заңдық үйлестірулер, ауыл әйелдерін жеке адам тұрғысында қолдайтын арнайы мақсаттағы бағдарламалар жоқ болғандықтан өмір бойы оқып үйрену, білім алу құқығын иелену, сол арқылы өмір сапасын арттыру жағдайы жасалмаған. 5. Ауыл әйелдерінің дамуға қосатын үлесі, дамудың игілігін көруі жеткіліксіз. Олардың тұрмыс сапасындағы айырмашылық, даму игілігін көруі, қоғамдық өмірдегі үлесі мемлекет тарапынан «әлеуметтік қамқорлық статусымен» бағаланады. Бұл әлеуметтік әлсіз топтағы әйелдер, ұлттық азшылық, ардагерлер мен жалғыз басты аналарға қиын соғады. Оларды қолдайтын жеке саясат, іс шаралар мен бюджет қаржысы жетіспейді. Өз қөзқарасын білдіріп, мүддесін қорғамақ болған ауыл әйелін қорғаушылар, белсенділер сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы жоғары, мемлекет пен әлеуметтік қорғау жеткіліксіз деген қорытынды жасалды.

– Бұл қорытындыға қарағанда ауыл әйелдерінің құқығы өте көп бұзылатындығы анықталған көрінеді. Тығырықтан шығу жолдары қандай?

– Осы қорытынды негізінде төмендегі ұсыныстарды әзірледік. Мұны барлық сатылы мемлекеттік мекемелер, өкілеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметкерлері және мамандар өмірде жүзеге асыруы қажет.

1. Малшы әйелдердің еңбек етуі, дәстүрлі мәдениет ерекшелігінің артықшылығы, көп шаруаларды қабат жасау икемділігіне сәйкес малдың шикізатын алғашқы сатылы өңдеу, өнім шығару оқытуларына қамту арнайы бағдарламасын жасап, жүзеге асыру;

2. Малшы әйелдерді демеу мақсатында оларға Сұмын дамыту қоры, Шағын өндірісті қолдау қоры, Еңбекпен қамтуды қолдау қоры қатарлы қорлардың 20-ға дейінгі пайызын квота арқылы беру;

3. Әрбір малшы мөрі бар, отбасылық шаруашылық иесі болғандықтан өндірген өніміне қатысты жауапкершілік жүктеу мерзімі құрылымын пайда болғызу;

4. Малшылардың көшпелі тұрмысы, шашырап орналасуы, малшы әйелдердің таң атқаннан күн батқанға дейінгі еңбегінің сағат бөлісі мен жұмыс жағдайына сай ақпарат жеткізу мен әдістемелік механизмін жасау. Мемлекет, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдардан әйелдердің басқосу мәжілісін ұйымдастырған кезде құқықтарына негізделген бағытта өткізіп, мақсатты топтағы малшы әйелдерді қамту тәсілі мен осы бағытта күрт жаңарту жасау;

5. Қандай бір бизнестік жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан рұқсат берерде сол жоба іске асырылатын аумақтағы жеке адам, отбасы, қоғам және денсаулықты сақтауға ықпал етуі бағалауын жасау құқықтық негізін қалыптастыру /Гендерлік ықпалы бағалауын да істеу қажеттілігі бар/;

6. Көшпенді малшаруашылығымен айналысатын жылжымалы /отырықты емес/ халыққа арналған мемлекеттік жылжымалы қызмет көрсету құрылымын пайда болғызу;

7. Ең аз қоры бар жер асты ауыз суын аялау, қорғау шараларын алу /жер асты ауыз суын пайдаланатын алтын жуу технолгиясына тыйым салу/;

8. Табиғи апат, климаттың өзгеруі, көші-қон, отарға шығу, тау кен саласынның ықпал ету аумағы өңіріндегі әйелдердің көкейтесті мәселесін отбасы, қоғам және саяси мәселелердің зерттеу нысаны етіп, шешім қабылдаушылар мен сарапшылар назарына жеткізіп, мәселе көтеру;

9. Жергілікті экономикаға пайда әкелмейтін, тұмса табиғатқа нұқсан келтіріп, су жетіспеушілігін туғызатын кен орындарынан бас тартқызу үшін бұл істе малшы азаматтар қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Ауыл әйелдері біздердің қандай құқығымыз бар? Оны қалай пайдаланамыз дегенді әрбір азамат білуі маңызды.

Әйелдер құқығы туралы сол құқықты иемденуші тарап, яғни әйелдердің өздері айта беру тым нәтижелі емес көрінеді. Бұл жайында сіз қандай пікірдесіз?

– Иә, солай. Әр нәрсені тек біржақты түсіндіре беру нақты нәтижеге жеткізбейді. Сондықтан Мемлекет пен Үкімет әйелдер құқығын қамтамасыз етіп жұмыстау жөнінде БҰҰ-дың алдында міндет жүктейді. Осы міндетті биліктің барлық сатысында орындауы қажет. Біз мемлекеттік мекеме, шешім қабылдаушылардың БҰҰ-дың алдындағы міндетін әр кез есіне салып отырғанымыз дұрыс. Мемлекет пен Үкімет міндеті онда төмендегідей нақты көрсетілген:

1. Конвенцияға қосылған елдер ауыл әйелдерінің көкейтесті мәселелері, отбасының экономикалық өмірінде атқаратын маңызды міндеті, оның ішінде тауарлық емес шаруашылық саласында еңбек етуін ескере отырып, ауылдық жерлердегі әйелдер үшін конвенция тармақтарын жүзеге асыру шараларын алады.

2. Қатысушы елдер әйелдер мен ерлердің тең құқықтық негізінде ауылдық жерлерде әйелдерді кемсітушілік көзқарасын жою мақсатында әйелдер ауылдық жерлердің дамуына араласып, оның пайдасын көруі үшін қажет барлық шараларды қолданып, олардың төменгідей құқығын қамтамасыз етеді:

a. ауылдық жерлердің даму жоспарын қабылдау мен жүзеге асырудың барлық деңгейіне қатыстыру;
b. жеткілікті медициналық даяшылық алу, оның ішінде отбасын жоспарлау жайлы ақпарат, кеңес және даяшылық алу;
c. әлеуметтік қамқорлықты тікелей алу;
d. ресми және бейресми оқыту, барлық түрлі білім алу, сондай-ақ хат таныту, inter alia, техникалық біліктілігін арттыру мақсатында қоғамдық және ауқымды даяшылыққа қамтылу;
e. еңбекпен айналысу немесе жеке шаруашылықпен шұғылдану жолымен экономикалық тең мүмкіндікке ие болу үшін өзіне қолғабыс ететін топ, кооператив құру;
f. қоғамдық қауымдастықтың барлық шараларына қатысу;
g. ауылшаруашылық несиесі, супсидия, сауда жасау механизмі, арнайы технолгияларға қол жеткізу, егістік пен егіншаруашылығы жаңартылуы мен қоныс алмастыру жоспарына тең дәрежеде қатысу;
h. тұрмыстық арнайы жағдай, әсіресе тұрғын үй, тазалық, электр қуаты мен ауыз сумен қамтамасыз ету, жол, тасымал, коммуникациялық жүйелерге қосылу құқығын қамтамасыз етуге тиіс.

– Қызықты сұхбат бергеніңізге рақмет!

Continue Reading

Басты назарда