Connect with us

Іскер азамат

Ауған балаларының алғысын арқалаған ана – Рая Дәріпханқызы

Published

on

4 желтоқсан, KAZNEWS. 1988 жылы мамырдың 13-інде Ауған соғысынан зардап шеккен 4-6 жастағы 27 бала, екі ұстаз Буянт-Ухаа әуежайына келіп қонған еді. Кейбірі ата-анасынан айырылып, барар жер басар тауы қалмаған олар соғыс өртінен аластатылып, МХР мен Ауғанстан елдері ынтымақтастық келісімі бойынша бейбіт елде білім алып, тәрбиеленуі үшін әкелінді. Балалар үйіне қабылданған балаларды тәрбиеші ұстаздар Рая Дәріпханқызы мен Ц.Тунгалаг екі жыл бойы жауаптанды.

Көздерін ашқаннан ауыр соғыс жағдайында өскен балалар «болатын» мен «болмайтын» деген ұғымдары жоқ, оқшауланған, үрейленген, айқайшыл, төбелескіш қатарлы қыңыр мінезді, адамның көзіне тура қарамайтын еді. Сондай балаларды кірпияз, таза, жұмсақ мінезді етіп тәрбиелеп, ән айтып, би билеуді үйретіп, ана тілін ұмытқызбаумен қатар моңғол тілінде сөйлей алатын деңгейге жеткізіп, отанына табыс еткен ұстаздарының бірі Рая Дәріпханқызы. Рая ханымның “Өнөөдөр” басылымына берген сұхбатын ұсынамыз.

Еліміз астанасында дүниеге келіп, балалық шағын Баян-Өлгий аймағында өткізіп, Өлгий қалалық жалпы білім беретін 2 –ші мектепті, Моңғол мемлекеттік университетін орыс тілі пәні оқытушысы мамандығымен тәмамдаған ол еңбек жолын 1979 жылы Балалар үйінен бастап, 2010 жылы сол мекемеден зейнет демалысына шықты. Рая Дәріпханқызы онда орос тілін үйретіп, сол тілде тәрбие беретін топқа ұстаз болды.

Соңынан ол топ жабылғанымен ата-анасыз балаларға ана мейірін сезіндіріп, әке орнына әке, ана орнына ана болу үшін қалған көрінеді. Жалынды жастық шағы мен жасампаз еңбегінің 31 жылын Балалар үйіне арнап, 500 дей балаға тәрбие берген тәрбиеші-ұстаз соғыс құрбандығына айнала жаздаған ауғандық балаларға өмірді жақсы жағынан танытқан ананың әңгімесі құдды бір кинофильм сияқты.

Рая Дәріпханқызы: Ауғандық балаларым: «Бізді тастамай, Моңғолияға алып кетіңізші»,- деп етегіме жабысып қалған еді.

– Ауған балалармен екі жыл бірге болғанда бауыр басып кеткен шығарсыз?

-Иә, қатты бауыр басып кеттім. Оларды Ауғанстанға жеткізіп, өкіметіне табыс еткен сәт өте ауыр болды. Бізге қарай тығылып: «Ұстазым, анашым, бізді тастамаңызшы. Моңғолияға алып кетіңізші. Мұнда дұшмандар бар. Олар келіп, бізді өлтіреді. Біз қайтеміз», – деп жылады. Олардың етегімізге жармасып жылағаны әлі көз алдымнан кетпейді. Біздің балабақшадан меңгеруші, дәрігер, ұстаздардан мен, Сыртқы істер министрлігінің бір маманы, Денсаулық министрлігі дәрігері, сауда ұйымының өкілі қатарлы жеті адамдық делегация 1990 жылы Ресей арқылы жеткізген едік. Көп жыл өтсе де, балаларым қайда, қалай өмір сүріп жүр екен, кездессем, көмек қажет болса қол ұшын берсем, жақсы тұрмыс кешіп жүрсе, тілектес болсам деп көп ойлаймын.

Біздің еліміздің бітімгерші жауынгерлер тобының бір мүшесіне бірде: Ауғанстанға барғанда сұрастырып берші»,- деп едім, ол: «Болмайды. Бізге ел ішінде жүруге мүмкіндік жоқ»,- дегені бар. Сыртқы істер министрлігі арқылы сұрастырсам тез табыла ма деп те ойлаймын. Алайда зейнеткер адамды көп жыл бұрын көрген, асырап сақтаған шетелдік балалармен кездестіретін уақыты да жоқ болар деп ойлап қоямын.

-Балаларыңыздың есімін білесіз бе?

-Балаларды екі топқа бөлді. Өз тобымда болған 13 ұлдың есімі есімде. Ниматулла, Самиро, Поуд, Фарзуна, Измарай, Бисмело, Ахмадулла, Рахматулла деген әдемі есімдері бар болатын.

-Оларды оқытып, тәрбилеу кезінде қандай қиындықтар болды?

– Жұмысымыз балаларды келе сала, моншаға түсіріп, киімдерін ауыстырып, биттен арылтудан басталды. Онымен бір апта бойы айналыстық. Бізді танымайтындықтан олар жақындатпай, тұра қашатын. Гигиеналық жұмыстар аптадан артқан жоқ. Қоғамдық қарым-қатынас жайлы түсінікті қалыптастыру қиынға соқты. Тағамды екі қолын батырып жіберіп асайтын. Ойнауды білмейді. Әдемі ойыншықтар берсең, лақтырады, сындырады. Аздап айқай-шу шықса, әсіресе ұшақ дауысын естігенде «дұшман», «дұшман» деп айқайлап, үстел мен төсектің астына жатып алып, шықпай қояды. Алғашында қай-қайсымыздың да бір-біріміздің тілімізді білмеуіміз кедергі болды. Д.Тунгалаг мұғалім екеуіміз алдымен «сен тұр, отыр, ұйықта, болады, болмайды» деген сөздерді үйреттік. Біз де үйрендік. Оған ауғандық екі мұғалім көп көмегін тигізді. Төртеуіміз де сөздікті қолға ұстап, дәптерге белгілеумен бір-бірімізді ұғыстық. Балаларға бар ынтамен назар аударып, шынайы ниетпен жақындаған айын олар да бауыр басып кетті. Кешікпей құшақтасатын болдық. Дүниеге келе салысымен жетім қалғандықтан ана құшағын көрмегендер де көп еді.

– Сіздердің балабақшаның моңғол балалары ауғандық бүлдіршіндермен қалай тіл табысты?

-Өте жақсы тіл табысып кетті. Бірге ойнап, концертте бірге ән айтып, бірге билейтін. Ең алдымен «Маамуу нааш ир /Балақай, бері келші/» әнін үйретіп, орыстың ертегісі «Шаңбырды» бірге қоятын.

-Балалар Моңғолиядан кеткен соң байланыстарыңыз үзіліп қалды ма?

-Біраз уақыт хат келіп тұрды. Ең алғаш Бисмеллодан хат келді. Самиро мектепке кірген соң хат жолдады. Жазуы өте әдемі екен. Мен балларға кесте тігуді үйреткен едім. Ұл, қыз демей, оны игерді. Өзің көргендей олардың тіккен кестелері әлі де сақтаулы тұр.

-Сондай кішкене бүлдіршіндей осындай әдемі кесте тіккен бе?

-Солай. Нәрсе үйренуге жас қажет емес. «Өнер жастан, асыл тастан» демей ме?! Біздің балалар моңғол тілін үйреніп, соңында ерекше белсенді болды. Үйреткенді дереу қабылдап, өте таза, тиянақты атқаратын еді. Олардың кейбірін көшеден, кейбірін Балалар үйінен жинап, біздің елге жолдаған екен. Оларды бері жіберерде ұстаздары біраз дайындық жасатып, ұлттық киім тігіп беріпті.

Біздікілер кейде киімдерін киіп, сәнденеді. Мені «Рая жон» дейтін. «Жон» ауған тілінде құрметтеуді білдіреді. Әдемі киініп келген сәтті қалт жібермейді. “Әдемі, әдемі, Рая жон” деп бетіңнен иіскеп мәз болысады. Нашарлау киініп келіп қалсаң, жаман демей: «Рая жон. Енді андағаны кимеңізші»,- десетін. Сүйкімді әрі талғампаз. Мен балаларды отанына апарып келген соң оларды үнемі ойлап жүретінмін. Қазір қайда екен. Дұшмандар қорқытып жүр ме деп. Бірде «Ардын эрх» газетінің қыркүйектің 15-індегі 36-санында біздің балалар туралы материал басылып шыққанын көріп қатты қуандым. Журналист Б.Пүрэвдаш Ауғанстанға барып, «Майдан шебінен белгілеу» атты тақырыптағы материалда біздің балалардың фотосуретін қойып, ұстаздарын сағынып жүргенін жазған екен. Ол газет саны менде әлі де сақтаулы тұр.

Рая Дәріпханқызы моңғолия қазақтары арасынан алғаш рет Ауған елінің “Достық” орденімен сыйланған.

-Қазір 34-36 жас шамасында болар?

-Солай. Туған жерлерінде ме, шетелге кетті ме. Барлығы да аман-есен ересейген болар деп ойлаймын. Ауғанстан үкіметі балаларды жеткізіп берген моңғолдардың барлығын «Достық» орденімен марапаттады. Оған мен қатты қуандым. Егер балаларыммен кезіксем, көп жыл бұрыңғы қызықты оқиғаларды еске алып, апа болғанымды, олардың тіккен кестелерін сақтап жүргенімді айтар едім.

– Сіз балалар үйінде тәрбиеші болған 31 жылда көптеген баланың анасы атаныпсыз. Балалар кәмелетке толып, орталықтан кетсе де, сізге хабарласып тұратын болар?

-Иә. Балаларым телефонмен хабарласып, қайда жұмысқа орналасқанын, қалай өмір сүріп жатқандары туралы көп айтады. Мереке қарсаңында амандық-саулық білісіп, денсаулығымды сұрап тұрады. Кейбіреулері үйіме келеді. Қуанып қаламын.

Әңгімеңізге рахмет!

Advertisement


Іскер азамат

Нұрсұлтан Жеңісханұлы: Арманым – аймағымызда ғылыми-технологиялық парк құру

Published

on

10 қаңтар, KAZNEWS. «Тояа – Грейпсийд» оқыту орталығының негізін қалаушы, Назарбаев университетінің магистранты Нұрсұлтан Жеңісханұлы Казньюс агенттігінің «Іскер азамат» бағдарламасының кезекті қонағы болып отыр.

Нұрсұлтан Жеңісханұлы 1993 жылы Баян-Өлгий аймағы орталығы Өлгий қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Моңғол-түрік орта мектебін, 2015 жылы Түркияның Стамбул қаласындағы Мармара университетін механик-инженер мамандығымен тәмамдаған. Сол оқу орнынан магистратураға шақырылып Түркияның Ғылыми орталығында 200.000 доллардың жобасында жұмыстауға жолдама алып, кейін анасының денсаулығына байланысты елге оралған. 2016 жылы Австралияның UNSW (University of New South Wales)-тің магистратурасы емтиханынан өткен, 2018 жылы Венгрияның Девресени университеті магистратурасына, 2019 жылы Венгрияның ең таңдаулы академиялық жоғары оқу орны саналатын BME (Budapest University of Technology and Economics) – ға 100% пайыздық магистратура грантына қабылданып белгілі себептермен бас тартқан. 2020 жылдан Назарбаев университетінің механик және ұшақ (ғарыштық) инженері (Mechanical and Aerospace Engineering) магистрантурасында оқып жатыр.

Мекенжайы: Баян-Өлгий аймағы, Өлгий қаласы
Жұмыс орны мен лауазымы: “Тояа – Грейпсийд” оқу орталығының және “Алтай моунт” компаниясының директоры
Әлеуметтік желідегі парақшасы: Nurka Jyeniskhan (FB)
Қолданатын компьютері: MacBook

Жаңа кәсіп бастауға не себеп болды? 

2016 жылдан бастап, жергілікті жастардың білім алуын қолдау мақсатында қаржы құйып, ағылшын тілін оқыту орталығын аштым. Осы мерзімде балаларға бала кезінен бастап тіл үйрету қажеттілігін ұғынып, Баян-Өлгий аймағына 2019 жылы «Тояа» Балаларды дамыту академиясы бөлімшесінің соробан /жапон/ шоты және мидың оң жақ бөлігін дамыту оқыту орталығын аштым. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, 4-9 жастағылардың халықаралық ағылшын тілі бағдарламасы саналатын Жапонияның Грейпсийд бағдарламасы патентін алып, Баян-Өлгий аймағында табысты жүзеге асырып жатырмын.

2016 жылдан бастап, «Үш-Төбе» компаниясында механик-инженер болып істеймін. 2018 жылы «Алтай Моунт» туристік компаниясын құрып, отбасылық бизнес ретінде еңбек етудеміз.

Бағыма орай Мармара университетінде инженер студенттерге арналған арнайы бағдарламасы болды. Оның басты мақсаты – бір шеңбердің ішінде ойлаудан ада болып, еркін ойлау жүйесін қалыптастыруға көмектесу болатын. Бұл бағдарламаның ең үлкен серіктесі халықаралық пайда көздемейтін үкіметтік емес ұйым JCI (Junior Chamber International) болды және олар аптасына бір рет инженер саласында білім алатын студенттерге дәріс оқитын. Үлкен табысқа жеткен бизнесмендер мен карьера қалыптастырған адамдарға кездесу мүмкіндігіне ие болып, басқаша ойлай бастадым. Былайша айтқанда, сол мырзалар мен ханымдарды мақтаныш етіп, солар сияқты болуға ұмтылдым.

Менің ең жақсы көретін ісім, бұл – сабақ үйрету еді. Студент болған кезімде 4 жыл бойы түрік балалармен қоян-қолтық жұмыстадым әрі сабақ үйрету менің ұнататын ісіме айналды. Содан кейін туған өлкемнің бір үлкен мәселесі білім саласын жақсартуға бар күшіммен ат салысуға шешімін қабылдадым. Білім саласы кез келген елдің даму тетігі деп айтуға болады.

Сіз аймағымызда алғашқы оқыту орталықтарының бірін аштыңыз. Ата-аналарға қандай кеңес бересіз?

Жаңа түсінік қалыптастырудың өзіндік қиындықтары мен мәселелері бар. Алғаш оқыту жүргізген кезде адамдар мен оқушылардың арасында IELTS пен шетелде білім алу мүмкіндіктері жайлы түсінктері өте таяз еді. Шетелдік гранттық бағдарламалар немесе ең таңдаулы оқу орындарына қабылдану үшін өте көп қажыр-қайрат, еңбек пен уақыт қажет болатындықтан ата-аналарға балаларыңызға жастайынан көп қаржы құю қажет деп кеңес бергім келеді. Білім саласының бір осал жағы ол нәтиженің ұзақ мерзімнен кейін шығатындығы болғандықтан өте төзімділікті қажет етеді.

IELTS дегеніміз не? Балаларға түсіндіріп берсеңіз?

IELTS (International English Language Testing System) – ағылшын тілін білу деңгейін бағалаудың халықаралық жүйесі. Емтихан қабылдаушылар мәтінді түсіну (Reading), сөйлеу (Speaking) және жазу (Writing) қабілетін тексереді.
IELTS-тің 2 түрі бар: General training және Academic. General модулі мектепке қабылдануға, тұруға ықтиярхат алуға, терең білімді қажет етпейтін жай ғана жұмысқа тұруға бағытталған. Academic модулі студенттер мен жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған. IELTS-ты қағазбен (Paper Based IELTS) сонымен бірге компьютермен (Computer-delivered IELTS) тапсыруға болады.

IELTS тапсыруға дайындықты неден бастау керек?

Алдымен бұл емтиханды не үшін тапсырығыңыз келетін себебіңіз нақты болуы қажет. Қайда барғысы келетінін білмейтін адам адасып қайтып кетеді. Сол сияқты бағытыңыз бен мақсатыңыздың айқын болғаны жөн. Тек қана IELTS емтиханын тапсыру жеткіліксіз болады. Бұл тек алғашқы баспалдақ. Біздің аймақтағы жетіспейтін бір нәрсе – менторшип бағдарламасы. Бұл бағдарлама қысқа мерзімде уақыт ұтқызбай дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі және жол көрсетеді.

Тест құрылымы қандай болады және қалай бағаланады?

Емтихан Listening (тыңдау), Reading (оқу), Writing (жазу) және Speaking (әңгімелесу) қатарлы 4 бөлімнен құралып, әрқайсысы 9 ұпаймен бағаланады. Әрқайсысынан жинаған ұпайлар біріктіріліп, орташа ұпайын шығарғандағы нәтиже IELTS емтиханынан алған жиынтық ұпай болып есептелінеді.

IELTS -тен жоғары балды қалай жинауға болады? Қандай лайфхактарды қолдануға болады?

Тыңдау мен әңгімелесу қабілеті, жазу мен оқу қабілеті өзара байланыста болады. Былайша айтқанда, тыңдау қабілеті жақсарған сайын әңгімелесу деңгейі де жақсарады. Ағылшын тілінде телехиқаяларды көп көрген адамның тыңдау қабілеті адамның табиғатына сәйкес арта түседі. Ал кітап оқу әдеті адамның оқып түсіну, білмейтін сөздері мағынасын жуық мағынасымен долбарлап тауып алуына көмектеседі. IELTS – бұл өте көп қажыр-қайратты талап ететін емтихан. Сондықтан еш мойымау керек. Бірақ мақсаты айқын адам оңайға түсіп бермейді. Жалпы қосымша ретінде ғаламторды өте жақсы пайдаланған жөн. Онда не іздесеңіз, бәрі бар. Ал оқушылардың мақсаты оқыту орталығын уақыт үнемдеу бағытында пайдаланып, өте қысқа мерзімде мақсатына жету көпірі ретінде қолдана білу керек.

Өзіңіздің жұмыс жүргізудегі әдіс-тәсіліңіз қандай? Ағылшын тілін үйрену үшін балалардың қызығушылығын қалай арттыруға болады?

Менің әдістемем өте қарапайым. Ағылшын тілін теориялық тұрғыда емес, шынайы өмірде қолдану жағынан үйретемін. Балаларға ағылшын тілінің қажеттіллігін жақсылап түсіндіріп берсеңіз, өздері-ақ талаптанып үйрене бастайды. Бұл оның қызығушылығы ояна бастағанын білдіреді. Жалпысы ең басты қабілетті атаңыз десеңіз жеке басын алып жүру қасиеті деп айтар едім. Әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да, білім алумен қатар тіршілігіңізді де қатар алып жүресіз деген сөз. Біздің аймақта бір байқалған жағдай балалардың жеке басын алып жүруде босаңдығы. Осы жағдайдан болып, өзіне қатысты шешім қабылдауда мәселелер туындайды.

«Грейпсийд» оқу бағдарламасы жайлы да айтып берсеңіз?

Ағылшын тілін үйренудің ең қолайлы уақыты – адамның миы мен басқа да бұлшық еттері дамитын балалық шақ. Сонымен қатар тіл үйренудің ең тиімді әдісі баланың табиғи жолмен /тілі ұстарту/ үйретуге болатынын анықтап, дамытатын тәсіл. Тыңдау, түсіну, жауап беру, дұрыс сөйлеу, дұрыс оқу, оқығанын түсіну, жазу дағдысын қалыптастыру қабілеттерін балаға бір жүйемен қалыптастыратын, 3-12 жас аралығындағы балаларға арналған өте нәтижелі бағдарлама. Әрі үйренген ұғымдарын жаңа заманға сай жасалған аппликейшн /бағдарлама/ пайдаланып бекіту, пысықтау артықшылығы бар.

Тәуліктік жұмыс күніңіз қалай басталады? Уақытты қаншалықты тиімді пайдаланасыз?

Таңғы 9:00-да баламды балабақшаға апарып, 9:30-да магистратура сабағы мен жұмысымды 16:00-ге дейін аяқтаймын. Ұлымды балабақшадан үйге жеткізіп салған соң 17:00 – 20:00 сағат аралығында оқушылармен жұмыс жасаймын. 23:00 сағатқа дейін отбасыммен бірге болып, түнгі 02:00, кейде 03:00 сағатқа дейін қызығушылығым бойынша зерттеу жүргізіп, кей уақытта үй тапсырмасын орындап, кинофильм көремін. Кино көруді жаным сүйетіндіктен уақытымды соған сәйкестіруге тырысамын. Өзімді дамытумен қатар отбасымды дамытуға да көңіл бөлемін. Сенбі, жексенбі күндері де жоғарыға ұқсас өтеді. . Жексенбі не мереке күндері жұмыс пен мектеп жұмыстарын аздап ысырып тастап, мүмкіндігінше отбасы мен достарыммен бірге боламын. Әлемді жайлаған індет кезіндегі крантинге байланысты уақыт кестесіне аздаған өзгерістер енгізілді.

Ең көп қолданатын және жақсы көретін апликейшндеріңіз /бағдарламалар/?

YouTube, Gmail, Ted, Netflix, Zoom, Google Calendar, Google Classroom, Bundle бағдарламаларын тұрақты пайдаланамын.

Жетістікке жетудің құпиясы неде?

Уақытты ұтымды пайдалану. Төзімділік. Алған бетіңнен қайтпау.

Қазір қандай іспен айналысып жатырсыз? Қысқа мерзімдегі жоспарыңыз?

Магистратураны табысты бітіріп, әлемге әйгілі университеттің бірінен докторлық диссертация қорғау. Карьералық тұрғыда академия немесе университетте оқытушы, ғылыми зерттеу бағытындағы компанияның сараптама және дамыту қызметкері болу. Тәжірибе жинақтап алған соң аймағымызға келіп, ғылыми-технологиялық парк құруға бар күшімді жұмсаймын.

Жуықта қандай кітап, мақала оқыдыңыз?

Дәл қазір Ли Куан Ю-дің «Сингапурдың даму құпиясы» кітабын оқып жатырмын. Күнделікті әртүрлі тақырыптардағы мақалаларды да көп қараймын. Digital Twin in Aerospace Industry туралы оқудамын. Магистратуралық диссертацияда осы тақырыпқа қатысты зерттеу жасауды жоспарлап отырмын.

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Мен Илон Маскге таң қаламын және оған ұқсауға тырысамын. Күш-қуатты алға қойған мақсатымнан аламын. Көбінесе, ұлыма қараған сайын қанат біткендей болып, күш-қуатты сезінемін. Ұлыма келешекте көп таңдау мүмкіндігін жасау үшін жұбайым екеуіміз оқу орталығын ашып, арнайы бағдарламарды енгізіп, жүзеге асырудамыз.

Өміріңізде алған сабағыңыз?

1. Мүмкіндік қай кезде де болады. Қателесуден қорықпа.
2. Үрейге бой алдырма. Жігерлі бол.
3. Мүмкіндіктерді дер кезінде пайдалана біл.

Жастарға берер кеңесіңіз?

1. Отбасыға көп уақыт пен назарыңды бөл. Олармен бірге бол. Өмір өте қысқа.
2. Ең алдымен әділ бол. Бұл қазіргі қоғам құндылығы әрі адамшылық қасиетің.
3. Өз көзқарасың, мақсатың және қағидаң болсын.
4. Сыни көзбен қарай біл. Бұл 21-ғасырдың ең маңызды қабілеттерінің бірі.

Әңгімеңізге рахмет!

KAZNEWS ақпараттық агенттігі

Continue Reading

Іскер азамат

Іскер азаматтар кімнен, неден күш қуат алады #kaznews

Published

on

08 қаңтар, KAZNEWS. Әркімнің жұмыс стилі мен уақытты басқару менеджменті әр түрлі. Осыған байланысты жұмысқа өзін ынталандырудың да әр түрлі әдістері бар. Сонымен табысты кәсіпкерлер мен іскер азаматтар алға жылжу үшін кімнен неден күш-қуат алады?

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор Ертай Танайұлы

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

«Принцесс» ауруханасының директоры, косметикалық хирург Жанболат Тілеубекұлы

Отбасым, ата-анам, ағайын-туыстарым аман, бала –шағам дені сау, бақытты болса, қөңіл күйім де жақсы болып, алаңсыз жұмысымды істей беремін. Балаларымның сыңғырлаған күлкісі мені шексіз бақытқа бөлейді. Сондай-ақ даяшылық жасатушылардың алғыс сөздерінен жаным жадырап, жігер, қайратым артады.

«Асыл мұра» компаниясының директоры Гүлмайра Әкімқызы

Ең алдымен, балаларымнан, отбасымнан күш-қуат жинаймын. Армандарыммен қанаттанамын. Үлкен жоспарлар құрудан қуат аламын.

“Empasoft” компаниясының директоры Кәдірбек Сайлауұлы

Жұмысшыларымыз дүйсенбі сайын таңертең компания кеңсесі қабырғасына адамды ынталандыратын сөздер жазып іліп қояды. Солардың ішінде “Do your best, forget the rest” деген сөз өте ұнады. Адам таңертең өзін қуаттандырып, кешке дейін сол қуатын азайтпау керек деп ойлаймын. Осы уақытта жұмыс нәтижесіне баса назар аударғаннан гөрі дәл сол мезетке күшін шоғырландырып, жұмысын тиянақты атқару қажет. Нәтижесі қалай болуы да мүмкін. Ең бастысы өз мүмкіндігіңді толық пайдаланғаныңа сенімді болсаң болғаны.

“Өлгий ресурс” компаниясының директоры Заманбек Абдуллинұлы

Отбасымнан, балаларымнан және достарымнан. Өзіме сенім жүктеген және сенетін жақындарымнан күш қуат аламын. Ауылда мені «бас жора» деп атайды. Адамдар сізге сенсе, сол сенімнен шығу қажет. Қазақтың заңғар ақыны Мұқағалидың:

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам барлығынан қараң қалам,– дегенін естен шығармаймын. Жас кезіміз қайта айналып келмейді. Денсаулық, күш қуат, жігер, өр көкіректік тұрған шақта құлайтыннан құлап, сүрінетіннен сүрініп, асатын асулардан асуымыз қажет.

Continue Reading

Іскер азамат

Зәуреш Қайсақызы: Ауылдағы әйелдер құқығы әлі де бұзылып келеді

Published

on

05 қаңтар, KAZNEWS. Біз бұл жолы Қазақ әйелдері «Арулар» одағының атқарушы директоры Зәуреш Қайсақызы мен ауылдағы әйелдер құқығы жайлы сұхбат жасадық. Ол сұхбат барысында ауылдағы әйелдер құқығының ахуалы қандай, оны қаншалықты пайдаланып отыр дегенді тек әйелдер ғана емес, мәселеге қатысы бар тараптар, яғни жергілікті шешім қабылдаушылар да түсінуі қажет екенін атап өтті.

Қазақ әйелдері “Арулар” одағының атқарушы директоры Зәуреш Қайсақызы: Ауылдағы әйелдер құқығы әлі де бұзылып келеді 

– Әңгімемізді Моңғолиядағы әйелдер құқығы және оның жүзеге асырылуы мәселесінен бастасақ?

– Моңғолия БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық түрлерін жою туралы конвенциясына 1981 жылы қосылған. Конвенцияның 14-бөлімінде ауыл әйелдерінің құқығын қамтамасыз етуге мемлекет ерекше назар аударып, ұлттық ерекшелігіне сай арнайы мақсаттағы бағдарлама жасап, оны жүзеге асыру, әсіресе бейресми салада еңбек етуші ауыл әйелдері мәселесіне ерекше назар аударып, жұмыс жүргізуді үкіметтерге міндет еткен болатын. Еліміз 1990 жылы адам құқығы мен теңдігіне құрметпен қарайтын Конституциясын қабылдап, әйелдер құқығын қамтамасыз ету мен қорғау бағытында құқықтық және жүйелік деңгейде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Алайда әлі де әйелдер құқығы, гендерлік теңдік мәселесі құқықтық саясат және оның жүзеге асырылуы, мәдениет, салт-дәстүр, қоғамдық көзқарас, қалыптасқан қағидалар деңгейінде соншалықты назарға ілікпей отыр. Соның ішінде әкімшілік басқарудың сұмын (ауыл), бақ (ең төменгі әкімшілік бірлік) сатысында ауылдық және мал шаруашылығындағы әйелдер құқығының қорғалуы әлі де жеткіліксіз.

– Әйелдердің құқығы қорғалмауының себебі неде? Әйелдер құқығын қорғаушы ұйымдар тарапынан қандай нақты қадамдар жасау қажет?

– Әйелдердің құқығына қатысты қайшылықтар бойынша маманданған ұйымдар баршылық. Бұл салада соңғы уақытта атқарылған бір ауқымды шаруа, ол –Моңғолия әйелдер қоры демеушілігімен 2015-2019 жылдарды қамтыған «Моңғолиядағы әйелдер құқығының ахуалы» атты зерттеу жұмысын әйелдер құқығын қорғау бағытында жұмыстайтын 19 мемлекеттік емес ұйымдардан құралған 4 топ Улаанбаатар қаласы және Баян-Өлгий, Архангай, Завхан аймақтарына жүргізді.

Бұл зерттеу CEDAW конвенциясы жүзеге асырылуына қатысты балама есеп тапсыруға арналған. Біздің ұйым осы зерттеу тобына конвенцияның 14-бөліміне еніп жұмыстау арқылы ауылдағы ұлт азшылығы қыздары мен әйелдерінің құқығы жағдайын зерттеп, сараптама-кеңес әзірледік. Бұл зерттеу нысаны әйелдер мен ерлердің қоғамдық, саяси және экономикалық қатынасқа тең дәрежеде араласуы үшін мәдениет пен салт-дәстүр, мемлекеттік құрылым, құқықтық орта, қалыптасқан гендерлік түсінік негізінде кездесетін қиындықтарды анықтау, ер мен әйел қоғамдық байлықтың игілігін тең дәрежеде көру, дамуға үлес қосу мүмкіндіктерін іздестіру, мәселе көтеру болды. Зерттеу нәтижесінде гендерлік негіздегі зорлық-зомбылық, әйелдердің саясатпен шешім қабылдау ісіне араласуы, ауылдағы малшы әйелдер мәселесі, медицина, білім, үйлену, жанұя, еңбекпен қамтылу қарым-қатынасындағы құқығы, гендерлік теңдіктің қазіргі ахуалы, статусын анықтау, құқықтық қолданысы қанағатсыз болуының негізгі мәселесін анықтауды мақсат еттік.

Зерттеудің нәтижесі қызықтырып отырғаны?

– Зерттеу нәтижесінде әйелдердің құқығы, соның ішінде ауыл әйелдерінің құқығы мәселесінде қалтарыстары көп қайшылықтар мол деген қорытындыға келдік. Сараптама қорытындысы төмендегідей 5 жағдай бойынша топталды:

1. Қала мен ауыл халқының тұрмыстық деңгейін салыстырғанда шалғай ауылдарда кедейлік мол . Моңғолия халқының аз бөлігі ауылдарда тұрса да, ондағы кедейлік индексі 10.1 пунктімен өскен. Сұмын деңгейінде, оның ішінде ауылдық жерлерде кедейлік көп, жағдайлары жақсы деп айтуға келмейді.

2. Ауылдық әйелдердің таза, қауіпсіз ортада тіршілік ету құқығының жүзеге асырылуы көңіл толартырарлық емес. Ауыл әйелдерінің еңбегі ұлттық өнеркәсіптің шикізатын дайындаушы, стратегиялық азық-түлік өндіруші деп қарастырылмайтындығы байқалады. Жергілікті деңгейдегі әйелдердің таза, қауіпсіз ортада тіршілік ету құқығы өрескел бұзылған. Ауа, топырақ пен ауыз су ластануы көп кездеседі, қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз етілмеуімен қатар құны жоқ өте көп сағатпен еңбекпен айналысуы қатарлылар ауыл әйелдерінің құқығы мен құндылығын төмендетіп отыр. Сондай-ақ медициналық көмек саясаты ауылдық әйелдерге қолайсыз болумен бірге кінаратсыз өсіп-өну жүйесі мен отбасылық зорлық-зомбылық, жыныстық қысымшылық пен қыспақтан сақтандыру құқығы қамтамасыз етілмеген.

3. Ауыл әйелдерінің дамуға қатысты кез келген мәселеге қатысты шешім қабылдауға қатысуы кепілдендірілмеген. Көшпелі малшаруашылығы мен үздіксіз 18 сағаттық еңбек, ұланғайыр аумақ, шашыранды әкімшілік билік бөлісіне негізделген ұлттық ерешелікке сай келетін билікке әйелдердің қатысу мүмкіндігі мен таңдау жасауына қолдау көрсететін құқықтық механизм мен құрылым жоқ деген қорытынды шықты. Былайша айтқанда, баг/ең төменгі әкімшілік бірлік/ азаматтарының бұқаралық жиыны мәжілісінен Жергілікті даму қоры қаржысын қайда, қалай жұмсау жөнінде талқылау өткізіледі. Алайда баг орталығы немесе адамдар шоғырланған елдімекенде мәжіліс ұйымдастырылуы көлік пен мотоцикл ұстай алатыны ғана қатысуына мүмкіндігі бар. Оған кім барады? Әрине, ерлер барады. Мұндай жағдайда малшы әйелдердің қатысуына шектеу қойылмағанымен міндетті түрде әйелдердің дауысын алу мен қатыстырылуы заңда жоқ болғандықтан ондай мүмкіндік жоқ деген сөз.

4. Ауыл әйелдері мен отбасы мүшелерінің сапалы білім алуы мен соның нәтижесінде өмір сапасын арттыруы қанағатсыз. Оқып даму, ғұмырлық білім алу арқылы отбасылық бизнесін дамыту, балаларына сапалы білім беру мүмкіндігі мен таңдау жасауды қолдайтын заңдық үйлестірулер, ауыл әйелдерін жеке адам тұрғысында қолдайтын арнайы мақсаттағы бағдарламалар жоқ болғандықтан өмір бойы оқып үйрену, білім алу құқығын иелену, сол арқылы өмір сапасын арттыру жағдайы жасалмаған. 5. Ауыл әйелдерінің дамуға қосатын үлесі, дамудың игілігін көруі жеткіліксіз. Олардың тұрмыс сапасындағы айырмашылық, даму игілігін көруі, қоғамдық өмірдегі үлесі мемлекет тарапынан «әлеуметтік қамқорлық статусымен» бағаланады. Бұл әлеуметтік әлсіз топтағы әйелдер, ұлттық азшылық, ардагерлер мен жалғыз басты аналарға қиын соғады. Оларды қолдайтын жеке саясат, іс шаралар мен бюджет қаржысы жетіспейді. Өз қөзқарасын білдіріп, мүддесін қорғамақ болған ауыл әйелін қорғаушылар, белсенділер сәтсіздікке ұшырау ықтималдығы жоғары, мемлекет пен әлеуметтік қорғау жеткіліксіз деген қорытынды жасалды.

– Бұл қорытындыға қарағанда ауыл әйелдерінің құқығы өте көп бұзылатындығы анықталған көрінеді. Тығырықтан шығу жолдары қандай?

– Осы қорытынды негізінде төмендегі ұсыныстарды әзірледік. Мұны барлық сатылы мемлекеттік мекемелер, өкілеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару қызметкерлері және мамандар өмірде жүзеге асыруы қажет.

1. Малшы әйелдердің еңбек етуі, дәстүрлі мәдениет ерекшелігінің артықшылығы, көп шаруаларды қабат жасау икемділігіне сәйкес малдың шикізатын алғашқы сатылы өңдеу, өнім шығару оқытуларына қамту арнайы бағдарламасын жасап, жүзеге асыру;

2. Малшы әйелдерді демеу мақсатында оларға Сұмын дамыту қоры, Шағын өндірісті қолдау қоры, Еңбекпен қамтуды қолдау қоры қатарлы қорлардың 20-ға дейінгі пайызын квота арқылы беру;

3. Әрбір малшы мөрі бар, отбасылық шаруашылық иесі болғандықтан өндірген өніміне қатысты жауапкершілік жүктеу мерзімі құрылымын пайда болғызу;

4. Малшылардың көшпелі тұрмысы, шашырап орналасуы, малшы әйелдердің таң атқаннан күн батқанға дейінгі еңбегінің сағат бөлісі мен жұмыс жағдайына сай ақпарат жеткізу мен әдістемелік механизмін жасау. Мемлекет, халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдардан әйелдердің басқосу мәжілісін ұйымдастырған кезде құқықтарына негізделген бағытта өткізіп, мақсатты топтағы малшы әйелдерді қамту тәсілі мен осы бағытта күрт жаңарту жасау;

5. Қандай бір бизнестік жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан рұқсат берерде сол жоба іске асырылатын аумақтағы жеке адам, отбасы, қоғам және денсаулықты сақтауға ықпал етуі бағалауын жасау құқықтық негізін қалыптастыру /Гендерлік ықпалы бағалауын да істеу қажеттілігі бар/;

6. Көшпенді малшаруашылығымен айналысатын жылжымалы /отырықты емес/ халыққа арналған мемлекеттік жылжымалы қызмет көрсету құрылымын пайда болғызу;

7. Ең аз қоры бар жер асты ауыз суын аялау, қорғау шараларын алу /жер асты ауыз суын пайдаланатын алтын жуу технолгиясына тыйым салу/;

8. Табиғи апат, климаттың өзгеруі, көші-қон, отарға шығу, тау кен саласынның ықпал ету аумағы өңіріндегі әйелдердің көкейтесті мәселесін отбасы, қоғам және саяси мәселелердің зерттеу нысаны етіп, шешім қабылдаушылар мен сарапшылар назарына жеткізіп, мәселе көтеру;

9. Жергілікті экономикаға пайда әкелмейтін, тұмса табиғатқа нұқсан келтіріп, су жетіспеушілігін туғызатын кен орындарынан бас тартқызу үшін бұл істе малшы азаматтар қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Ауыл әйелдері біздердің қандай құқығымыз бар? Оны қалай пайдаланамыз дегенді әрбір азамат білуі маңызды.

Әйелдер құқығы туралы сол құқықты иемденуші тарап, яғни әйелдердің өздері айта беру тым нәтижелі емес көрінеді. Бұл жайында сіз қандай пікірдесіз?

– Иә, солай. Әр нәрсені тек біржақты түсіндіре беру нақты нәтижеге жеткізбейді. Сондықтан Мемлекет пен Үкімет әйелдер құқығын қамтамасыз етіп жұмыстау жөнінде БҰҰ-дың алдында міндет жүктейді. Осы міндетті биліктің барлық сатысында орындауы қажет. Біз мемлекеттік мекеме, шешім қабылдаушылардың БҰҰ-дың алдындағы міндетін әр кез есіне салып отырғанымыз дұрыс. Мемлекет пен Үкімет міндеті онда төмендегідей нақты көрсетілген:

1. Конвенцияға қосылған елдер ауыл әйелдерінің көкейтесті мәселелері, отбасының экономикалық өмірінде атқаратын маңызды міндеті, оның ішінде тауарлық емес шаруашылық саласында еңбек етуін ескере отырып, ауылдық жерлердегі әйелдер үшін конвенция тармақтарын жүзеге асыру шараларын алады.

2. Қатысушы елдер әйелдер мен ерлердің тең құқықтық негізінде ауылдық жерлерде әйелдерді кемсітушілік көзқарасын жою мақсатында әйелдер ауылдық жерлердің дамуына араласып, оның пайдасын көруі үшін қажет барлық шараларды қолданып, олардың төменгідей құқығын қамтамасыз етеді:

a. ауылдық жерлердің даму жоспарын қабылдау мен жүзеге асырудың барлық деңгейіне қатыстыру;
b. жеткілікті медициналық даяшылық алу, оның ішінде отбасын жоспарлау жайлы ақпарат, кеңес және даяшылық алу;
c. әлеуметтік қамқорлықты тікелей алу;
d. ресми және бейресми оқыту, барлық түрлі білім алу, сондай-ақ хат таныту, inter alia, техникалық біліктілігін арттыру мақсатында қоғамдық және ауқымды даяшылыққа қамтылу;
e. еңбекпен айналысу немесе жеке шаруашылықпен шұғылдану жолымен экономикалық тең мүмкіндікке ие болу үшін өзіне қолғабыс ететін топ, кооператив құру;
f. қоғамдық қауымдастықтың барлық шараларына қатысу;
g. ауылшаруашылық несиесі, супсидия, сауда жасау механизмі, арнайы технолгияларға қол жеткізу, егістік пен егіншаруашылығы жаңартылуы мен қоныс алмастыру жоспарына тең дәрежеде қатысу;
h. тұрмыстық арнайы жағдай, әсіресе тұрғын үй, тазалық, электр қуаты мен ауыз сумен қамтамасыз ету, жол, тасымал, коммуникациялық жүйелерге қосылу құқығын қамтамасыз етуге тиіс.

– Қызықты сұхбат бергеніңізге рақмет!

Continue Reading

Іскер азамат

Жаңа жылдық арнайы шығарылым – 2020

Published

on

31 желтоқсан, KAZNEWS. Жылдың соңы мен жыл басталар уақытта біз «Іскер азамат» жобасының жаңа жылдық арнайы шығарылымын ұсынамыз. «Іскер азамат» жобасында барлығы 18 қонақпен сұхбат өткізіп, жұмыс тәсілі, ұстанымдары, кәсіпкерлігі және көзқарастарымен бөлісіппіз.

Әр саланың көшбасшы мамандарымен өткізген сұхбаттан оқырмандар жаңа идеялар мен өзіне пайдалы мағлұматтар алды дегенге сеніміміз зор. Алдағы уақыттарда іскерлік сұхбатымызды жаңа форматта ұсынатын боламыз.

Бір жылды артқа қалдырып, тағы бір жылдың табалдырығынан аттайтын сәтте бірнеше азаматтың ойын білген едік. Құрметті оқырман өзіңізге де бұл сұрақтарды қойып, алдағы мақсатыңызды анықтаңыз.

Сұрақ 1: Сіз 2020 жылы жаңадан не үйрендіңіз?
Сұрақ 2: 2021 жылы қандай жұмыстарға басты назар аударасыз?

ЕРБОЛАТ ӘШІК

1. 2020 жылы денсаулық пен бостандықтың қадірін, адам баласы негізінде түкке тұрғысыз екенін, әлемде маған қажеті қанша деуге болмайтынын, яғни барлық адамдар, барлық елдер бір-бірімен байланысты екенін, үйде отырудың маңыздылығын және жанұямен бірге болуды үйрендік. Түріктердің “Ақыл, ақылдан үстем” дейтін мақалының мағынасын толыққанды түсіндім. Сонымен қатар бизнесте жұмысшыларды өз еркімен қалдыруды, оларға жауапкершілік тапсыру керек екенін, адам өзі барлығына үлгермейтінін, мүмкіндік берілгенде жастар да керемет, ерекше табыстар шығаратынын байқадым.

2. 2021 жылы бұйыртса компания бөлімшелерінің санын көбейту, Алматыдағы бизнесімнің қарқынын жақсарту, орыс тілін үйрену және т.б жоспарлар құрып отырмын. Еліміздің, аймағымыздың болашағына үлес қосатын қоғамдық іс-шараларға көбірек көңіл бөлуге ұмтыламын.

ГҮЛДӘУРЕН ТАБИҒАТ

1. 2020 жылы жеке тұлғаның дамуына көмектесетін “Тренди бүсгүй”, “Miracle Me” кітаптарым жарық көрді. Коучинг бойынша білімімді жетілдіріп 100 бойжеткенге VIP трейнинг ұйымдастырдым. Коуч – адамның жеке, отбасылық немесе бизнестегі өміріндегі кез-келген проблеманы шешуге ұмтыла алады.

2. Психология бағыты бойынша оқу. Сонымен қатар жазылып жатқан тағы 2 кітабымды шығарамын. Қызығушылықтың артуына байланысты өз бизнесімді кеңейтуге шешім қабылдап, мақсат қойып отырмын.

ЕРІК КАЛАБЫР

1. 2020 жылы жоспарланған жұмысымыз толық атқарылды. Бұрын Баян-Өлгийден табылмайтын дәрі-дәрмектерді Улаанбаатардан, немесе басқа жерден іздестіретін. Медицина саласына қосқан үлесіміз болсын деп биыл сол мәселені шешу үшін Өлгий қаласына Эланфарм, Жандауа деген екі дәріхана ашып қойдық.

2. 2021 жылы пандемиялық жағдайға байланысты экономикалық ахуал оңай болмаса да біз көптеген жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Сондықтан 2021 жылдан мол үміт күтемін.

АЙНҰР МӘДЕТҚЫЗЫ

1. 2020 жыл бүкіл әлем халықтарын өте көп оқиғаларды ой елегінен қайта бір өткізуге, бағалауға үйреткен жыл болды деп ойлаймын. Ал мен үшін ағы мен қарасы анық байқалған жыл болды. 2020 мені жақсы жандармен жолықтырды. Кәсіби тұрғыда жаңа тәжірибелерді бойға жинаумен қатар өз білімімді әрі қарай ұштауға бағыттады. Ең бастысы, деннің саулығы мен жақындарыңның жаныңда болуы екен.

2. Тек 2021 жылға емес жалпы болашақтағы басты назарда болатып нәрселерді атап өтер болсам, аман сау болу, кәсіби біліктілікті үздіксіз жетілдіру арқылы 4 және одан көп тілде кәсіби синхронды аударма жасау, аудармашылық қабілетімді одан ары арттыруға мақсат қойып отырмын.

БАУЫРЖАН БАҚЫТКЕРЕЙ

1. Ең алдымен бір қалыпты мінезді болып, өзіңізді-өзіңіз тәрбиелеп, бүгін істейтін шаруаны ертеңге қалдырмауды, еңбектенуді үйрендім.

2. Қысқы жылыжайын аймағымызда дамытпақ ойым бар. Оны қалай салудан мағлұмат алдық. Енді алдағы уақыттарда экономикалық тиімділігін азаматтарға есебін жасап, түсіндіріп, насихаттайтын боламын.

Жаңа жыл бақыт жылы болсын! #KazNews

Continue Reading

Басты назарда