Хайрат Ахмет: Жаңа әліпби арқылы Қазақстан әлемдік өркениетке аяқ басады

2017 Жыл 05 айдың 18 күні

Қазақстан қазір қайта түлеудің айрықша маңыз­ды екі бағытында. Олар  - саяси реформа мен эко­номи­калық жаңғырудың жолы. Әрине, бұл бүгіннен емес, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан кезеңнен басталған жұмыс. Жыл басындағы халыққа жолдауында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жариялады.

Ал жақында Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты жаңа көзқарасымен бөлісті. «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қа­лай қадам басатынымыз және бұқаралық сана­­ны қалай өзгертетініміз туралы көзқарас­тарым­ды ортаға салуды жөн көрдім», деді.

Әуелі мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы ұлттық санаға тоқталады. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық», деп көрсетті Президент.

Мемлекет басшысы таяу жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынды. Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырды. «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», деді президент.  Тарихқа жүгінсек, қазақ тілінің әліпбиі тамырын тым тереңнен алады. VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қол­данылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі. V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлы­ғының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құ­жат­тары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руни­калық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Ко­мис­сар­лары Кеңесінің Президиумы латындан­дырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі ал­фавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Президент 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін» мәлімдеді. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліп­биімен шыға бастауы тиіс. Осы орайда мемлекет басшысы үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көші­ру­дің нақты кестесін жасауды тапсырды. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты.Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес», деп атап өтті Назарбаев. Сөйтіп 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданатын болды. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар мен орта мектептерге арналған оқулықтар дайындала бастайды. Осылайша алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізіледі.

Бір сөзбен айтқанда, жаңа әліпби арқылы Қазақстан әлемдік өркениетке аяқ басады. Оның үстіне, латын әліпбиінің түбі бір туыс елдермен өзара байланысты арттырудың да жолы.

Нұрсұлтан Назарбаев тұтас қоғамның және әрбір қа­зақ­стан­дықтың санасын жаңғыртудың бір­неше бағы­тын атап көрсетті. Және бірінші бағыт ретінде бәсекелік қабілет аталды.  «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында», дейді президент. Сондықтан халықты ХХІ ғасырдың талаптарына даярлайтын бағыттар ретінде «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламаларды көрсетеді. Білімнің салтанат құруына баса мән беріліп отыр. Қазақстан білімге бөлі­нетін бюджет шығыстарының үлесі бойынша әлем­дегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санаты­на қосылды.

Таяу жылдардағы міндеттердің енді бірі ретінде президент «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Туған жерге деген сүйіспеншілік нені біл­діреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде? Президент оны былай түсіндіреді: «Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді  абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді». Жас ұрпақ туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзенінің тарихына қанығып, аңыздары мен ел есінде сақталған біртуар перзенттерін біліп өсуге міндетті екенін айтты Назарбаев. «Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағ­дар­ла­масын жинақылықпен және жүйелі­лікпен қолға алуға тиіс», деп көрсетті президент Нұрсұлтан Назарбаев.

«Тұған жер» бағдарламасы кәсіпкерлердің, шенеуніктердің, зиялы қауым өкілдері мен жастардың кіндік қаны тамған жеріне қамқорлық жасап, қолдау көрсетуіне, патриотизмді қалыптастыруға қолайлы мүмкіндік береді.

 

Хайрат Ахмет



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0