Байтайлақ батыр Ер Жәнібек бабамыздың ақылдас, үзеңгілес жаужүрек сардарларының бірі

2015 Жыл 09 айдың 23 күні

   «Құйқабай бір үкірдай Ожықтағы,

   Кетеді жарысқанда озып тағы.

   «Байтайлақтап!» айқайлап шыға келсе,

   Қайраты қалыңдайды қозып тағы» дейд» (Арғынбек А. Жыр-ғұмыр. АА.2013.153-б)

   

   Батыр бабамыз Байтайлақтың даңқын айқындап, ұрпаққа отаншылдық рухын дарыту жолында шыңжандық белгілі тарихшы Асқар Татанайұлы, мемлекет қайраткері, шежіреші Қадыс Жәнәбілұлы, Талғатбек (Талаш) Кәбиұлы ағаларымыз, белгілі жиһангер ініміз Мұхаммед Құсман (Құсмай) Зарқұмарұлы, қазақстандық этнограф, тарихшы доктор Ахмет Тоқтабай қатарлы зерделі адамдар үлкен талпыныс жасаумен келеді. Шыңжандық жазушы Шәміс Құмарұлы «Ер Жәнібек» романында хас батырдың жекпе-жекке шығар алдындағы күндей күркіреген айбынын әсерлі бейнелесе (339-б), Моңғолдық жазушы Сұлтан Тәукейұлы «Ақыр Жәнібек» романының соңғы әңгімесінде: «Тіріде аға-бауырдай аратату, жорықта айырылмастай үзеңгілес жүрген Керейдің екі батыры өлген соң да қатар жатыр. Ерен туған ерлердің ізгі ниеті солай болса керек» (347-б) десе, «Ата таным» кітабында: «Шерушіден Киікбай шешен, Байтайлақ, Көбеген, Ақтай, Қырбас батырлар, Жылқышы, Сүкірбай үкірдайлар, Ерікбай, Бежеш балуандар, Шектібай, Тоқты, Сегізбай бақсылар, Торғай, Пұшықсары, Бектас, Ұлтарақ, Құралай, Байбазар сияқты байлар шыққан» (2006 ж 19-б) дейді. Онымен қоса шеруші руынан шыққан батыр Шұбаш, Мәнгене, Бәтекен, Қожалақ, Қырыққанбас, Көрімбай, Сүлеймен, Келес; балуан Т.Әбдіғажы, О.Бақыт, Қ.Қажымұқан; бай Сақы, Бурылбай, Бектемірлердің де даңқы аңызға айналған.

   Біздің бала кезімізде әжелеріміз шеруші деген руымыздың атын атамай «Жорықшы» деп тергеуші еді. Ал тайлақты «түйе баласы» дейтін. Тайлақ деп неге атамайсыз дегенімізде: «Батыр аталарыңның аты кетеді. Ол шарапатты кісі, есімін атасақ күна болады, киесі атады» деп жауап беретін. Он екі Абақ Керей ішінде Жәдік, Жәнтекей, Шеруші өскелең рулар. Бұлардың дені Шыңжанның Алтай аймағында. Алты Шерушінің Шаппасы түгелдей, Құтымбет ұрпақтарының көпшілігі Шыңжанда, Моңғолияда 400-ден астам отбасы тұрады және бұлардың ортасындағы бірнеше ауыл (Б.Әбдікерім, И.Қуанған, Қ.Сұраған, С.Баукей) Байтайлақ бабамыздың өз кіндігінен тараған ұрпақтар.

      Құтымбет (лақап есімі Ұзынмылтық) ұлы Бәйімбеттің он екі ұлының бірі Байтайлақ батыр Ер Жәнібек, Қожаберген батырлармен тұстас өмір сүріп, үзеңгілес болған. 13 жасынан жарақ ұстап жауға аттанған, бір жорықта үш аты оққа ұшса да туын тік ұстаған, нелер жекпе-жекте жеңілмей жеңіс алған батыр. Абылай ханның оң тізесіне отырған, Абақ керей тайпасының көсемі, ұранына айналған Ер Жәнібек бабамыздың ақылдас, үзеңгілес жаужүрек сардарларының бірі.  Байтайлақ бабамыз Жәнекеңнің жан серігі, ақылдасы, сүйеуі болғанын қазақтың тарлан шежіреші, тарихшысы Асқар Татанайұлының мына сөзімен де дәлелдеуге болады: «Керей бір жағынан басқа рулардан қақпай көреді, енді бір жағынан Жәнібек батыр қартайып, елін біріктірісіп, басын құрасқан сенімді серігі Байтайлақ батыр қайтыс болады. Сөйтіп он екі абақ бірдей бағынып бойсұнатын, сырт ел құрмет ететін ел басшысы керек болады»  (Тарихи дерек, келелі кеңес. Үрімжі. 1989. 80-б). «Елін біріктіріп, басын құрасқан сенімді серігі!»... Әлдекімдер Байтайлақ батырдың бейті пәлен жерде, түген жерде екен деген жорамалдар таратты. Алайда тарихи қисын қос батырдың зираты қалай да Шығыс Қазақстандағы осы Жарма өңіріне орныққанын бұлтарыссыз айғақтап берген. Бұл Абақ керейдің мекендеген жері. Көгедай төрені де осы төңірекке алып келіп хан көтерген. Малымызға індет келгенде үлкендер қос батырдың зиратына алып барып түнететін еді деп көнекөз кариялар айтып отыратын, қисынсыз емес, төтелесе қазіргі Баян-Өлгийден бес жүздей шақырым ғана қашықтықта.   «Тегін адам емес» дейтін де сөз бар қазақта: Осынау егіз қабір Қазақ даласының топырағында жатса да төрт мемлекеттің түйілісіндегі қандастарымыздың тең ортасынан орын алғанын көрдіңіздер ме?!  Сүйген құлы десек Аллаға шет болармыз, дегенмен олар тегін жаратылмаған.    Тарихшы Асқар Татанайұлының тұжырымы Жәнекең батырдың өзінің мәңгілік бесігін Байтайлақ бабамыздың жанынан қалағанын дәлелдейді. Біздің қазақ баласы «Өлім қайда болса топырақ сонан» дей тұра, мүмкіндігі болса ең етжақын және сүйікті адамының қасынан бақилық орнын қалайды.  Онымен қоса осы екі батырдың туыстығы өте жақын: Бертінде ұрпақтары екі ру болып өркен жайғаны болмаса қазірде жалпы есімге айналған Жәнтекей мен Шеруші бір ата, бір ананың балалары болған. Олай болса Жәнтекейден Сүйіндік, одан Алты, одан Сары, одан Бердәулет, одан Жәнібек. Ал Шерушіден Күнтуған, одан Құтымбет, одан Бәйімбет, одан Байтайлақ. Сөйтіп екі батырдың арасында 4-5 ата ғана тұрған жоқ па. Мұны біздің қазақ немере ағайын деп атайды. Ақыл-есінен танбастан қартайып әл-қуатымен дүниеден өткен батыр ақтық арыз-өсиетінде менің мүрдемді Байтайлақтың қасына жерлеңдер деп, сол өсиеті орындалған болуы керек. Бұл сөзімізді Құсмай Зарқұмарұлы, Қабдеш Жәнәбілұлы інілеріміздің «Шеруші Ұзынмылтық шежіресіне» жазған мақаласына сілтеме ретінде алған «Жәнібек батыр ауырып көз жұмарда ел-жұртқа өсиет айтып: «Тіріде тізе қосып бірге болған ақылшым еді, сүйегімді Байтайлақ ағамның қасына жерлеңдер» деп тапсырыпты» (Үрімжі, 2012 жыл, 40-бет) делінеді. Қос батыр бабамыздың асыл аруағы осылайша бір жерге орнаған. Бірақ осынау қос қабірдің қайсысы Жәнібектікі, қайсысы Байтайлақтыкі екендігі толық анық емес. Өйткені қазақ халқы соңынан өлген адамды алдыңғысынан оздырмау және сол жағына жерлеу дәстүрін ұстанады. Байтайлақ батыр Ер Жәнібек (1714-1792)-тен он неше жыл бұрын туылып, он неше жылд бұрын дүние салған екен.

    Тарихи деректерге жүгінсек Абылай ханмен, Ер Жәнібек, Қожаберген батырлармен бірге моңғолдың азаткер қолбасы Әмірсана(1720-1755)-мен достасқан Байтайлақ батыр дарабоз Қабанбай, уақ Барақ батырлармен қарулас болып жоңғар басқыншыларын талқандаған. 1728 жылы жоңғардың бетін алғаш қайтарған Бұланты шайқасында ерлігімен танылған, 1750 жылдардағы жоңғар мен шүршітке қарсы ұрыстарда да батыр серіктерімен үзеңгілес жүрген.  Әмірсананың Абылай хан, Ер Жәнібек, Байтайлақ, Қожаберген батырлармен достасқаны туралы моңғол ғалымы Ишжамцның «Моңғол халқының 1755-1758 жылдардағы тәуелсіздік жолындағы күресі» кітабында (Улаанбаатар, 1962 ж) және «Цин мемлекетінің хан сарайы жылнамаларында» (Күйтің, 2009ж, 1-40-б) жазылған. Сол Әмірсана дәнекерлік үшін қазақ қолбасыларымен андаласып, анттасып ұл, қыздарын бергендігі туралы аңыз ел аузында сақталып келеді. Ақиқатында ол аңыз емес, Әмірсананың Қожабергенге берген баласы Мұлтардың ұрпақтары қазірде Шыбарайғыр руы ішінде, Байтайлаққа берген Лабасының ұрпақтары Шеруші Саңырау ішінде бір-бір әулет болып өркен жайып келеді.

    Барақ батыр өлген соң уақ пен керейдің көсемі болған Ер Жәнібектің қол астындағы керей көші Есіл, Нұра өзендерін бойлап, Ор бойында да болған. Қожаберген, Еркөкше, Сартоқай, Жанат, Жантай, Шақабайлармен бірге Ер Жәнібек, Байтайлақтар жоңғарларға, шүршіттерге қарсы майдандасып, кейде жау жағынан дос тауып мәмлеге келгені, орыс бекеттеріне шабуылдағаны туралы деректер мол. Байтайлақ батыр ежелгі қазақ дәстүрімен екі дүниелік дос боламыз деп ант бергендей қай уақытта да Ер Жәнібекпен бірге болғандығына мына бір ауыз сөз де куә: Қазақтың қаукөкірек жырауларының соңғы тұяғы, Моңғолдан Көкшетауға 1992 жылы көшіп барып 1995 жылы дүние салған жәнтекей рулы Сапыұлы Ахмет кария 1994 жылы 78 жасында «төркіндеп» Өлгийге келіп жүріп бізбен бірер күн әңгімелесіп «Қарасеңгір», «Кенжебек айдаған», үрке көшу уақиғаларынан сыр шертіп, Жәнібек, Арқалық туралы дастандардың тың варианттарын жатқа айтып берген еді. Сонда Жәнібек туралы жырының мына бір үзігін белгілеп алғанбыз:

    «...Байтайлақтың мінгені

   Бәйге басы қаракөк.

   Тұяғымен тұлпардың

   Тас шашырап, жанады от.

   Жәнекеңнің барады

   Жау жағына қалқан боп,

   Жел жағына пана боп...».

   Атай Аятқанұлы мен Санақ Жардыханұлының «Саңырау (Үсет) ата-тек шежіресінде» (УБ.2008.20-22-б): «Байтайлақ қазақтың ел мен жерін Жоңғар басқыншыларынан қорғау үшін болған он бес жорыққа кіріп, жауының сағын сындырған. Бірде Байтайлақ батыр өзін жекпе-жекке шақырған қалмақ батырына: «Үрей дегенді білмейтін, жауды көзге ілмейтін адам болдым тасжүрек. Жаратқан алла жар болар, берген жанын өзі алар. Қорқып қашу не керек, кеудеңді қазір басатын, қаныңды судай шашатын Байтайлақ дегені мен болам әйгілі Шеруші атаның деп қарсыласына құйындатып барып жанасалай беріп қарақұсын шоқпармен ойып жібереді. «Әміріңе құп тақсыр, бізді арқа тұт тақсыр. Арқамыз арса болғанша, борбай борша болғанша үкіміңе әзірміз» деп Байтайлақ батырдың Жәнібекке айтқаны ел аузында сақталған. Байтайлақ батыр 84 жасында дүниеден өткен. Қалба тауының Қызыл су деген жеріне қойып, шоқпарын зиратының басына ілген. Сол жер Шоқпарлы атанған. Кейін Ер Жәнібек сонда жерленген. Қос батырдың аруағы ұрпақтарын әрқашан жебеп жүргей!» деп жазған.

 «Батыр бабамыз Байтайлақ жоңғар, шүршіт, қырғыз, орыстан елін қорғаған ер. Бейті Алтай маңында, басында найзасы мен босмойын шоқпары шаншулы екен, қойға топалаң тигенде басына барып түнететін киелі жер еді»-деген әңгіме бала кезімізде  кариялар тарапынан жиі айтылатын. Сондай-ақ Құтымбет рулы, тарих маманды  қарт ұстаз Әбдікерім Біткенбай ұлы 1992 жылы айтқан әңгімесінде: « Жылқышы бидің «Семіз» бәйбішесін Бітірдің баласы Тәйеке 25 жасында төркіндетіп Семейге барғанда Байтайлақ атамыздың қабірінің басына барып тәуеп еткен екен. Зираттың сұлбасы ғана қалыпты. Қайта оралып жөндеймін, үйлеймін дейді. Бірақ жолда Тәйеке ауырып келген екен де үлгермей қайтыс болыпты деп шешеміз меркіт рулы Аюбай қызы Тойған айтып отыратын. Бітір мен менің әкем бір кісінің баласы. Байтайлақтың бейті Семейде. Бұрынғы кәрілер солай айтатын. Шешеміз зерек кісі, былай деп ән де салатын:

-Дегенде Семей қала, серуен қала,

Семейге пар келмейді кейбір қала.

Қашықтап Семейімнен кеткенімде,

Қайта айналып жетер ме біздей бала»-деген болатын. Осы әңгіменің қисыны бар. «Байтайлақтың қара суы» атанған қоғалы көл бар, зираты сол төңіректе деген де аңыз бар. Алтайға беталған керей көші бір сусыз шөлге тап болып тарыққанда Байтайлақ батыр «шөл далада ши өскен жердің суы таязда болады» деп сол жерді қаздырғанда лай-теңіз су атқылап шығып көлге айналып, солай атанған екен. 

   Ата-бабаларымыздың асыл мұраларының бірі олар ұстаған ту болатын. Ту өзіңді өзгеден ажырататын шартты белгі ғана емес желбіреп көтерілгенде «аруағыңды қоздырып», жаныңды рухтандырады, бірлікті бекемдейді, «адамның туы көтерілу» дейтін сөз бар халқымызда, жігер тасу дегенді білдіреді. Ер Жәнібек батырдың киелі туы туралы әралуан мәлімет бар. Сол мәліметтердің тоқайласатын бір ғана түйіні-1950 жылдардың соңғы жартысында қытай мемлекетінің қолына алынғандығы. Ту шықса қазақтың қай-қайдағысы ойына келіп, түп қопарыла көтерілетінін қытай қалай білмесін. Бәлки ол ту құпия сақтаулы жатқан шығар. Ал батыр бабамыз Байтайлақтың қарулас серігі Қожаберген батырдың туы ұрпақтарында күні бүгінге дейін сақтаулы тұр. Бұл туға шыбарайғыр руының адамдары тәуап етеді, олардың берекесі бұзылмай әрі өз арасынан құдаласпай да қудаласпай тату-тәтті тұратыны сондығынан да болар.

    Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі ақын-жазушы Шынай Рахметұлы. Баян-Өлгий. ҮІІІ.2015.

 



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0