Ата заң - ел тірегі. 30 тамызда Қазақстанда Конституция күні аталып өтпек

2018 Жыл 08 айдың 27 күні

Ата-бабаларымыз қолданған дала заңы ежелден-ақ құқықтық саясатымыздың негiзi болған. Ата Заң жарқын болашаққа апаратын айқын жол, арқа сүйер асқар тау, ардағымыз, айбарымыз. Осы әділ Заң аясында Моңғолия мен көп ұлтты Қазақстан халқы бір анадан туып, бір ананы емгендей тату-тәтті бақытты өмір сүріп, елдігін нығайтып, байлығын молайтып, қорғаныс қуатын арттырып келеді.

Осы орайда Моңғолияда соңғы кездері жиі көтеріліп жүрген Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесіне байланысты көршілес Қазақстандағы Ата заңның қалыптасуы, қазіргі таңда қолдану тәжірибелеріне зер сала кетуді жөн көріп отырмыз.

Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекіткен Конституцияға биыл 30  тамызда  23 жыл толады.

1995 жылы 30 тамызда Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 % қатысты. Олардың 89,14 % жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады. Сондай-ақ, 1998, 2007 және 2017  жылдары Конституцияға елеулі өзгерістер енгізілді.

Конституция - мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін қалыптастырушы құжат болып табылады. Ол мемлекеттік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерді орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, экономикалық құрылыстың негіздерін айқындады. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші Конституциясы. Алғашқы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын.

Айта кеткен жөн, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Әрине, тарих ауқымынан алып қарағанда, 23 жыл аз ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін үздік 50 конституцияның қатарында тұр.

Көршілес Қазақстанның ұлттық болмысын бейнелеген заңдық қағидалар мен өркениеттік Заңдық ережелерді  жастардың бойларына сіңіру - Ата заңды құрметтеуге, сыйлауға тәрбиелеу деген ұғым ретінде қалыптасқан.  Қазақстан халқы тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемендігінің еңсесі нығайып, ел экономикасы өсіп-өркендеп, халықтың әл-ауқаты артып, дамудың даңғыл жолын таңдады. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де, қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырды.

Мұның бәрі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салиқалы саясаты, оның басшылығымен бүкілхалықтың Референдумда қабылданған Конститутцияның әділдігінің нәтижесі деп бағалануда. Бұл орайдақазақстандық қоғамда әрбір қазақстандық азамат  Ата Заң аясында, «Қазақстан-2050» стратегиясын, ел басшысының халыққа Жолдауын жүзеге асыра отырып, тәуелсіздікті одан әрі нығайтуға өз үлесін  қосуы қажеттілігі дәріптелуде.

Конститутция  мемлекеттің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады. Конститутцияда адамның жеке бас бостандығы,  жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ билік тармақтарының қоғамдығы рөлі айқын тұжырымдалған. Конституция біздің саяси, мәдени, рухани және экономикалық дамудың құқықтық қайнар көзі ретінде танылады.

Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Ата Заңы елдің дамуына жол ашып, жаңа тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне себеп болды. Конститутция Президент лауазымына үлкен міндеттер мен зор жауапкершілік жүктеді. Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Президенті - халықтар бірлігі мен ынтымақтастығы, азаматтар және адамдар құқығы мен бостандықтарының нақты кепілі.

Қазақстан Республикасының Парламенті қабылданған өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін Ата Заң жаңа сипатқа ие болып, елдегі демократиялық реформалар тереңдей түсті. Маңызды конститутциялық принцип азаматтар құқықтары мен бостандықтарын шектеуге жол бермеу болып табылады. Негізгі құқықтар мен бостандықтар шектелмейді. Адамның бостандығы олардың  жасаған әрекеттері тек заңға қайшы келгенде ғана, Қазақстан  заңнамасына сәйкес, сот арқылы шектеу қойылмақ. Өйткені, қоғамдағы ең бірінші міндет  адам өмірін сақтау және оның құқығы мен бостандығына нұқсан келтіруге жол бермеу. Қазақстан Республикасының азаматы болсын немесе басқа елден келген қонақ болсын мейлі, адамға қатысты құқық бұзушылықтарға жол берілмейді.

Қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет сапасын көтеруге, азаматтық қоғаммен мемлекет арасындағы өзара ықпалдастығын нығайту, халықтың әлеуметтік және құқықтық қорғалуына бағытталған Қазақстандағы жүргізіліп жатқан реформалар қоғамдағы ішкі тұрақтылық пен келісімді сақтайды, бұған Конституция толық мүмкіндік туғызады деуге болады.

Ш.Нұрсерік



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0