Хайрат Ахмет: Тәуелсіз Қазақстан

2017 Жыл 12 айдың 20 күні

Әр елдің қазына байлығы – тәуелсіздігімен өлшенеді. Бүгінде жер жаһанда осы бір сөзге зар болып, сол киелі мәртебеге жете алмай жүрген елдер аз емес. Ал Қазақстан тәуелсіздік тұғырына 1991 жылы 16 желтоқсанда қол жеткізді. Кеңестер одағының 70 жылдық бұғауынан шыққан ел ширек ғасырға жетпей қалайша Орталық Азия барысы атанды?!

Тарих парақтары былай дейді: 1991 жылы одақ келмеске кетіп, оның құрамындағы елдер өз отауын тіге бастады. Олардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады.

Сонымен тәуелсіздіктің 26 жылында Қазақстан қандай жетістіктерге қол жеткізді. Жіпке тізіп көрейік. 1992 жыл – тәуелсіз Қазақстан тарихының алғашқы жылы. Жас мемлекет тұтастығын сақтап қалу үшін алдымен шекарасын шегендеп алды. Кейін ішкі әскерін жасақтап, 30 қаңтарда ЕҚЫҰ-ға, 3 наурызда БҰҰ-ға, 22 мамырда ЮНЕСКО-ға мүше болды. Өз әскерін құра отырып, Қазақстан кеңес заманынан «мұраға» қалған Семей ядролық сынақ полигонын жауып, атом қаруынан бас тартты.

Ал 1993 жылы елдің Конституциясын қабылдады. Осы жылдың қараша айында ұлттық валюта – теңге айналымға енді. 1994 жылы ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданып, 1997 жылы 20 қазанда президент Назарбаев Ақмола қаласын Республика астанасы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылы Ақмола Астана деп өзгертілді. 1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Қазақстанның астанасына «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды.

2000 жылы Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Осы жылы Астана Халықаралық астаналар мен ірі қалалардың ассамблеясына (ХАҚА) мүше болды. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен Қашаған кен орны ашылды. Ол соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны.

2003 жылдың қыркүйегінде Назарбаевтың бастамасымен Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Мұндай шара әлемде алғаш рет ұйымдастырылды. Өйткені түрлі қарама-қайшы ағымдағы дін басшылары бір үстел басына отырады дегенге бұған дейін сену қиын еді.

2006-2010 жылдар аралығында Қазақстанның тәуелсіздігі нығайып, бір кездегі жас мемлекет әлем елдерімен иық тіресе бастады. 2010 жылдың желтоқсанында Астанада ЕҚЫҰ Саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 елдің мемлекет және үкімет басшылары, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар өзге де халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты.

2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында VІІ қысқы Азия ойындары жалауын желбіретті. Дүрбелеңді додаға әлемнің 27 елінен мыңдаған спортшы қатысты.

2012 жылы 22 қарашада халықаралық көрме бюросында өткен жасырын дауыс беру нәтижесінде, Астана «EXPO-2017» халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болды. Cөйтіп қазақ даласында өткен халықаралық көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Ал  көрмені жер-жаһаннан 3,5 миллионнан астам адам тамашалады.

Бүгінде Астана «National Geographic» журналының «Болашақ қаласы» премиясының номинанты атанды. Ал «The New York Times» басылымы Қазақстанды міндетті түрде бару керек деген елдер тізіміне енгізді. Қазақстан бейбітшілікті өз елінде ғана сақтап қоймай, өзге мемлекеттерде де тыныштық орнатуға ат салысқан бітімгер ретінде де танылды. Бұл ретте Сириядағы атыс-шабысты тоқтату мақсатында өз алаңын ұсынып, алғаш рет қарулы оппозиция өкілдерін билік басындағылармен бір столға отырғызған «Астана процесін» айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанды.

Қазақстан геосаяси тұрғыда Азия мен Еуропаның ортасында орналасқандықтан, Еуропаға жол саясаты елді азиялық тамырынан ажырата алмайды, керісінші бұл ретте қазақ билігі сыртқы саясатында екі бағытты тоғыстыруды көздейтін сияқты. Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары жүйесінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы бастаманы іске асыруы айрықша орын алады. Сонымен қатар қазақтар Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының беделін арттыру үшін де көп жігер жұмсады.  

Ал қазақ экономикасы қандай деңгейде десек, өсім бұл жерде де байқалады. Өйткені Республиканың сыртқы саясаты экономикалық бағытқа баса мән береді. Яғни ұлттық экономиканы бәсекеге қабілетті қылуға ден қойған. Қазақ билігі үшін басты меженің бірі – елге шетелдік инвесторларды көптеп тарту. Қазақ даласына қаржысын құямын деген қалталы шетелдіктерге бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Тәжірибе жүзінде халықаралық нарыққа тауар, қызмет және капиталды шығару, экспорттық-импорттық әлеуетті арттырып, өндірістік салаға инвестиция мен жаңа технологияларды тарту, жаңа көлік жолдарын ашу. 

Хайрат Ахмет



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0