Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне берілетін ҚР-ның мемлекеттік қолдау шаралары

2017 Жыл 12 айдың 04 күні

Тарихи отанға оралу мәселелері жөніндегі

ЖАДЫНАМА

  1. Оралмандар деген кім?

Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған ұлты қазақ шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам, және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.

2. «Оралман» мәртебесі қалай және кіммен беріледі?

Қазақстан Республикасының аумағына өз бетінше келген этникалық қазақтар оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішін жергілікті атқарушы органдарға немесе Мемлекеттік корпорация арқылы бере алады

 

Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұратын этникалық қазақтар оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішін Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне береді

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды

Анықтама:

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға.

3. Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне берілетін мемлекеттік қолдау шаралары

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оралмандарда келесі жеңілдіктер бар:

  • Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босату («Халықтың көші-қоны туралы» ҚРЗ, 23-бап);
  • этникалық қазақтары арасынан шыққан студенттерді қоса алғанда өзінің төлем қабілеттілігін растаусыз және визаның түріне қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу («Халықтың көші-қоны туралы» ҚРЗ, 23, 33-баптар);
  • оралмандарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен қамтамасыз ету («Халықтың көші-қоны туралы» ҚРЗ, 23-бап);
  • қызметтік немесе өзінің тұрғын үйі болмаған кезде оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелу («Халықтың көші-қоны туралы» ҚРЗ,
    26-бап
    );
  • ҚР азаматтарымен тең жағдайда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз ету («Халықты жұмыспен қамту туралы» ҚРЗ, 5-бап);
  • Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда медициналық көмекпен қамтамасыз ету («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚРК, 34-бап);
  • Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен қамтамасыз ету («Халықтың көші-қоны туралы» ҚРЗ, 23-бап);
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін квота шегінде білім алу («Білім туралы» ҚРЗ, 26-бап);
  • Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда атаулы әлеуметтік көмекті, балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақыларды және арнаулы жәрдемақыларды алу («Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚРЗ, 2-бап, «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы», 2-бап, «ҚР арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы»,
    3-бап)
    ;
  • Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда зейнетақымен қамсыздандыру («ҚР-да зейнетақымен қамсыздандыру туралы», 2-бап);
  • өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн, сондай-ақ, шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен жер учаскесiн алу («ҚР Жер кодексі»,
    46-бап);
  • жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншік қорынан тұрғын үйді алу («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚРЗ, 68-бап);
  • этникалық қазақтары арасынан шыққан студенттерін қоса алғанда жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу («ҚР азаматтығы туралы» ҚРЗ, 16-1-бап).

4. Қазақстан Республикасының азаматтығын алу

«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жеңiлдетiлген тәртiппен (тiркеу тәртiбiмен) Қазақстан Республикасының азаматтығына тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын оралмандар және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында білім алатын этникалық қазақтар қабылдануы мүмкiн.

Жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.

5. Қазақстан Республикасында білім алу

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері – 2 пайыз.

6. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы шегінде келген оралмандарға қолғабыс ету

Оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шаралары беріледі:

  • көшуге субсидиялар әрбір отбасы мүшесіне 35 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет беріледі;
  • тұрғын үйді жалдауға (жалға алуға) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидиялар он екі ай ішінде ай сайын 15-тен 30-ға дейін еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде отбасы мүшелерінің санына және қоныс аударған жерге байланысты беріледі (қалалық немесе ауылдық жер).

Қай кезде «оралман» мәртебесі тоқтатылады?

  1. оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн;
  2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсаттың күші жойылған жағдайда;
  3. оралман мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін тоқтатылады.

8. Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік органдарының құзыреті:

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі: оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді; оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға өңірлік квоталарын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді; оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана арасында бөледі; оралман мәртебесін беруден бас тарту туралы шағымдарды қарайды.

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі және ішкі істер органдары: жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азматтығына қабылдауды ресімдейді; Қазақстан Республикасының визаларын береді, күшін жояды, қалпына келтіреді, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзартады және қысқартады; шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды есепке алуды және тіркеуді жүзеге асырады; көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келудің, Қазақстан Республикасынан кетудің, Қазақстан Республикасында болудың және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүрудің белгіленген қағидаларын сақтауын бақылайды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі және шетелдегі мекемелері: бұрынғы отандастармен және этникалық қазақтармен байланысты және қарым-қатынасты дамытуға жәрдемдеседі; Қазақстан Республикасына өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келу шарттары, қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат береді; Қазақстан Республикасына келу туралы өтініштер берген көшіп келушілердің, оның ішінде этникалық қазақтардың құжаттарын қабылдайды, тіркейді, оларды халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру үшін келуге визаларды ресімдейді.

Жергілікті атқарушы органдар: этникалық қазақтардан оралман мәртебесін беруге өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды; этникалық қазақтардан оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды; оралман мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды; оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім қабылдайды; оралман куәлігін береді; оралмандарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарын, уақытша орналастыру орталықтарын құрады және олардың қызметін ұйымдастырады; оралмандар мен көшiп келушiлердiң Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медициналық көмек алуын қамтамасыз етедi; Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақыруларын халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қарайды және куәландырады; халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға тиісті аумақтарды оралмандарды қоныстандыруға арналған өңірлерге жатқызу туралы ұсыныстар енгізеді.

9. Қандай заңдар мен нормативтік құқықтық актілерге назар аудару керек:

  1. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі № 477-IV Заңы;
  2. «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-XII Заңы;
  3.  «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 482-V Заңы;
  4. «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2337 Заңы;
  5. «Оралмандар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің
    2016 жылғы 18 ақпандағы № 83 қаулысы;
  6.  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы
    29 желтоқсандағы № 919 қаулысы;
  7.  «Оралмандар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 15 қаңтардағы № 20 бұйрығы.

Жоғарыда көрсетілген заңдар және нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде табуға болады (www.adilet.gov.kz).

ҚР-ның Моңғолиядағы Елшілігі



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0