Өзгеріс Шерікбайұлы: Ән әлемінде өзгеріс жасағым келеді

2017 Жыл 11 айдың 21 күні

Қазір дәстүрлі өнерде асқақ дауысты, өзіндік мәнері бар, өзгелерден дараланып, толысып келе жатқан Өзгеріс Шерікбайұлы есімді ұлан бар. Әкесі де бекзат өнердің беделін биіктеткен асылдардың бірі, дәстүрлі әнші – Шерікбай Ұнатұлы. Талантты тұлға 2004 жылы қыршын кетті. «Орнында бар оңалар» дегендей, отыз жетісінде орны ойсырап қалған өнерпаздың ұлы дәстүрлі әнге үлкен өзгерістер әкелеріне сенім мол. «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғын» көзқарақты жұрт әуелі әлеуметтік желіге салынған әндері арқылы таныса, кейін «Қазақстан» ұлттық арнасында өтіп жатқан «Мен қазақпын» мега-жобасынан көріп көзайым болып, құлақтан кіріп бойды алар әсем әндеріне елітті. Алыстан келіп, атажұртта білім алып жүрген өнерлі өренмен әріптесіміз аз-кем сұхбат құрған еді.

– Өзгеріс. Өзгеше есім. Неге Өзгеріс? Неге Тәуекел емес, неге Құбылыс емес?

Содан бастасақ…

– Сіз тілге тиек етіп отырған есімдердің бәрі қазақта бар, менікі елден ерек. 1992 жылы Моңғолияның қалың қазақ жайлаған аймағы Бай-Өлкеде кіндігім кесілді. Дүниеге жаңа келген шақалақ не білсін?! 90-жыл­дардың басы тоқырау кезеңі болған екен. Сол қиындыққа қарамастан Алтайдың арғы бетіндегі аз қазақтың үлкен шоғыры атажұртта азаттық таңы атысымен алды-артына қарамай ауа көшіпті. Ел үдере көшіп жатқанда атам «ұлы өзгерістер болады, бұндайды бұрын соңды көрмегем» деп сол күндері шыр ете қалған менің атымды өзгешелерден өзгешелеу етіп «Өзгеріс» деп қойыпты. Бұл қуатты сөздің астарында қандай мән жатқанын өзіңіз де бағамдап отырған шығарсыз…

– Өзгеріс өнер әлеміне қайдан, қалай келді?

– Әкем – елге белгілі әнші. Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің айбозы — Қайрат Байбосыновтың шәкірті. Кеңес дәуірі кезінде Алматыға келіп, Қайрат ағадан білім алған. Ұққан-түйгенімді шалғайдағы аз қазаққа беремін, рухани сусындатам деп алып-ұшып Бай-Өлкеге қайтқан екен. Амал не, әкем өмірден небәрі 37 жасында өтті. Қазақтың талантты әншісі Рамазан Стамғазиев әкеммен бірге оқыған жақын досы еді. 8-сыныпта оқып жүргенімде ол кісі Бай-Өлкеге келіп, қалың қазақтың көңілін әнге бөлеп, концерт берді. Үйге арнайы соғып, досының қазасына көңіл айтып, құран бағыштады. Аттанар сәтте: «Немеріңіз мектеп бітірген соң Алматыға келіп, әкесі оқыған киелі қара шаңырықтан білім алсын» деген ниет білдіріп, мені атамнан аманат етіп сұрады. Одан соң мектеп бітіріп жатқан 2010 жылы Бай-Өлкенің 70 жылдық мерейтойына Қазақстаннан бір топ өнер­паздар, мәдениет пен қоғам қайрат­керлері, зиялылар келген болатын. Маған олардың алдында ән салу бақыты бұйырды. Өнеріме тәнті болған өнердің жоқшысы Махмұт Тойкенов және айтыскер ақын Нұртай Тілеужан ағаларым Өскеменге алдырып, қазір депутат болып отырған жанашыр ағам Бейбіт Мамыраев, сонымен қатар Түсіпхан Түсіпбеков ағаларым С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алуыма жағдай жасады. Әсіресе, Махмұт және Бейбіт ағаларымның үлкен жүректілігі мен жақсылығын ешқашан ұмытпаспын. Кейін Алматыға ат басын бұрып, Рамазан ағамның тәрбиесін көрдім.
– Дәстүрлі ән әлемінде өзіңіз пір тұтатын, болмасаң да ұқсап баққың келетін талант мол шығар. Кімді көп тыңдайсыз? Тәлім беретін ұстаздарыңызды ма, әлде олардан да ұлыларды ма?

– Пір тұтар алыптар көп. Өмірден өтсе де Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов, Байғабыл Жылқыбаев, Әміре Қашаубаев сынды тұлғалардың әуезді әндері үнемі құлағымды уілдейді. Ұстаз тұттым, еліктедім. Алайда Алла әр адамды өзінше ерекше қылып жаратады. Сондықтан дәстүрлі ән әлемінде өзіме тән, өзіндік мәнер, нақыш пен бояу тауып, өзгеріс жасағым келді. Сондықтан көбіне «қабілетімді қалай шыңдасам, өзімді қалай дамытсам» деген ой толғандырады. Тыңдауға татитын әншінің барлығын тыңдаймын, жанашыр ұлағатты ұстаздарым да жетерлік. Басқа да жан дүниесі таза, бақай есептен ада адамдарды жағалап жүремін.

– Ұлттық өнер, дәстүрлі ән-жырдың бүгінгі насихатына көңілің тола ма?

– Рас, осы мәселені аузы дуалы алдыңғы буын ағаларымыз, апайларымыз, жалпы өнердің жанашырлары жағы талғанша айтты, қары талғанша жазды, әлі де айтып келеді. Мен де сол кісілердің пікіріндемін. Ұлтымыздың асыл өнері тасада қалды, заманауи арзан ән, жеңіл би модаға айналды. Өкініштісі, солар­дың айы оңынан туып тұр. Отандық телеар­на­лар да шоушыл болып алды. Соңғы кезде ұлттық арнада үлкен бетбұрыс жасалғандай. Қазақтың дәстүрлі өнеріне төрден орын беріле бастағаны көңілімді көтерді.

– Рамазан Стамғазиевтің «Естір құлақ, есті ел дәстүрден жырақтамас үшін кейбір әнді эстрадамен өңдеуге тура келеді» деген еді. Эстрадамен ән орындап көрдіңіз бе?

– Мектепте жүргенде эстрадамен айтқаным бар. Қазақтың классикалық әндерінің болмысына терең бойлаған сайын, эстрададан ұзақтай бастадым. Бірақ бола­шақта есті ән табылып, естір құлақ болып жатса, Рамазан аға секілді қалың бұқараға же­т­кізу үшін ондай қадамға баруға болатын шығар.

– Қоғамда қазіргі жастар дәстүрлі әнді тыңдамайды деген пікір бар. Бұған не дейсіз?
– Қазіргі жастарға жаппай күйе жағуға болмас. Бірақ қазақтың классикалық ән-күйлерін тыңдайтындардың қарасы анау айтқандай қалың емес екені рас. Оған жастарды жазғыра алмаймыз. Жастар түгілі асарын асап, жасарын жасаған жасамыстар да ұлттық құндылыққа көп мойын шұлғи қоймайды. Жастардың ұлттық өнерге деген сезімін ояту үшін аға буын алдыңғылар бас болса, қолдап қош дейтін соңғы буын да өз жауапкершілігін түсінер еді.

– Ұлттық арна деп қалдыңыз… «Мен қазақпын» мега жобасы арқылы көпке көрініп, танылып жатқан жайыңыз бар. Ондағы қазы­лардың да саған деген бағасы жақсы болғанын көрдік. Бұл жоба туралы пікіріңізді білсек?

– Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін өте үлкен жоба. Осындай шараны жасап жатқан басты арнаның басшылығына алғыстан басқа айтар жоқ. Кеш те болса, қолға алынған сәтті жоба болды. Осындай жобалардың жолы болып, ғұмыры ұзақ болса екен деп тілеймін. Жалпы, мұндай ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттайтын дүниелер көп болуы шарт. Әйтпесе, «Мен қазақпын» Алты алашқа аздық етеді.
– Өзгеріс қазір не істеп жүр?

– Қазақ ұлттық өнер университетінің студентімін. Дәстүрлі музыкалық өнер факультеті, дәстүрлі əән кафедрасының 4-курсында білім алудамын. Алаштың айбоз әншісі Қайрат Байбосыновтың немере шәкіртімін, тәлімін көріп жатырмын. Жоғарыда әкем марқұмның да сол кісіден сабақ алғанын айтқан едім. Араға жылдар салып менің де ұлағатты ұстаздың алдын көруімді Алла нәсіп етіпті.
– Қайрат ағаға шәкірт болу қиын ба? Студенттерге қандай талап қояды?

– Қиын… Талап күшті, тәртіп қатты. Сонысымен бізді ширатады, өсіреді… Ең бастысы пенделіктен аулақ болуға кеңес береді. «Алдымен жүректі, ниетті дұрыстау керек. Ниеттерің қандай болса, айтқан әндерің де тура сондай болады» деп үнемі ақыл-кеңесін айтып отырады. Майра Ілиясова басқаратын факультетімізде Қайрат ағадан бөлек Алмас Алматов, Аман­дық Көмекұлы, Еркебұлан Қайназаров, Айгүл Қосанова, Айтбек Нығызбаев, Гүлнар Абдолла, Клара Төленбаева, Ардақ Бала­жанова, Махмұт Тойкенов, Ербол Сарин және Телман Нұркенов секілді ұстаздары­мыз­дан да тағылымды тәлім алып жүргенімді айта кетейін.

– Өзіңізді ең көп мазалайтын ой қандай?

– Адамның сенімді жетекшісі – ары мен ұяты. Ардың әмірін тыңдап, сенімнің жетегінде жүруден жаңылмасам деймін. Дейтұрғанмен, өмірде жаңылыс болдырмай­мын деп өз-өзіме қаншама рет серт қылсам да, бәрібір жаза басып, жаңылып жүретін сәттерім аз емес. Адам шығарма­шы­лы­ғы мен Алладан бойына біткен талан­ты­мен түрлі көңіл күйді кешіп, қайғы-қасіретті де көріп, өмірдің құндылықтарын сезіне алады екен. Ниетімнің, пейілімнің тек дұрыс болғанын қалаймын. Егер ниет пен пейіл бұзылса, жүрек те бұзылады. Жүрек кірленсе, әншінің үнінен, күйшінің күйінен мән кетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0