Серік Бердімұратұлы: Президент Ассалаумағаликум! - деп қуанышпен қарсы алды

2017 Жыл 08 айдың 05 күні

Моңғолияның Ұлттық мейрамында мемлекеттік Лашын атағын жеңіп алған Серік Бердімұратұлы Kaznews.mn –де қонақта болды.

 

Қош келдіңіз! 2017 жыл өзіңіз үшін табысты жыл болып жатыр деп есептейміз, ел намысын қорғап, қазақ ағайындарына көптен күткен мемлекеттік атақты сыйладыңыз.

Рахмет! Жолым болып биылғы мемлекеттік тойда лашын атағын иелендім. Осымен мемлекеттік тойға төртінші рет белдесіп, нәтижесінде мемлекеттік атаққа жеткеніме қуаныштымын. Өткен жылы мемлекеттік чемпион Э.Оюунболдтан бесінші кезеңде жеңілгеннен кейін тыңбай еңбектеніп, Палуандар сарайында ұйымдастырылған жарыстан қалыс қалмай өзімді жігерлендірдім. Және халқымның маған деген ыстық ықыласы, қолдауы күш жігер берді.

Бесінші кезең өте ауыр болған сияқты?

Ия, Т.Баасанхүү өте шапшаң қимылдайтын, мықты палуан. Ұстаздарым Т.Баасанхүүмен белдесуде асығыстыққа бой алдырмауымды, болса қарсыласыңмен ұстасып күрес деп кеңес берген. Ұстаздарымның кеңесін ескере отырып, Т.Баасанхүү ағамен барымша сабырлы күрестім. Соңында Т.Баасанхүүді жыққаннан кейін қатты қуанып байрақты айланып жүгірген кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу қиын.

Лашын атағы қолда, қаршыға мен піл жолда деп, күреске қызған жеріңіз болды ма? Алтыншы кезеңдегі өнеріңізге көңіліңіз толды ма?

Лашын атанған қуанышты сәттен есімді жиып үлгермедім. Алтыншы кезең басталып кетті. Алтыншы кезеңде Хангай екеуімізді ешкім алмады. Өзара күш сынастық. Асығыстық жасадым. Бұл белдесуде аяғыма жарақат алып қалдым. Бұдан өзге кезеңдегі белдесулерім көңілімнен шықты.

Лашын атағын Президент жарлығымен алған сәтіңізді айта кетсеңіз?

Ең алдымен Бат-Эрдэнэ аваргаға барып қол ұстадым. Бат-Эрдэнэ аварга маңдайымнан иіскеп, лашынмен тоқтап қалма, әлі жассың деп табыс тіледі. Одан әрі қарай жүріп еліміздің жаңа президентіне қарай бергенімде, Президент мырза маған “Ассалаумағаликум!” - деп қуанышпен қарсы алды, разы болдым. Баттулга президентіміз Моңғолияның Дзюдо федерациясын басқарып келген, 2014 жылы мені ұлттық құрамаға қабылдаған болатын. Дзюдо өзі адамдарды бір біріне құрмет көрсетуге шақыратын жақсы спорт. Сол жылдары көп нәрсе үйренген болатынмын.

Сосын, мен Уағалайкумсалам! –деп сәлем беріп, Президент мырзаның алдына бардым. Маңдайымнан иіскеп "сен жақсы күрестің, жарайсың!" –деп мені одан ары жігерлендірді. Х.Баттулга мырзаның еліміздің Президентіне сайланғаннан кейін алғаш рет дзюдошылар арасынан мен мемлекеттік атақты қолынан алдым. Бұның өзі бір үлкен мәртебе болды.

Жеңіс туын желбіретіп туған өлкеңе ат басын бұрдың? Халық қалай қабылдап жатыр?

Ең әуелі тойдан бұрын Баян-Өлгий аймағының Улаанхус сұмынында болып ақсақалдардың батасын алып, Сагсай сұмынында аймақтық палуандармен 10 күндік оқу жаттығуын өткізіп қайтқанмын. Кейін Улаанбаатарда жаттығуымды жалғастырдым. Көптің бата тілектері қабыл болып, қазақ ағайындарына көптен күткен мемлекеттік атақты міне алып келдім. Бәрі құттықтап жатыр. Тамыздың 1 күні аймаққа келгенмін. Тамыздың 2 күні туған жерімде Улаанхуста той жасап, қабылдап алды. Тамыздың 12 күні аймақ әкімшілігінен Лашын атағына орай той ұйымдастырады.  

Оқырман қауым сіздің қазақ күрестен нәтиже шығарып жүргеніңізді біледі. Қазақ күресіне қалай келдіңіз? Бұдан бөлек күрестің қандай түрімен шұғылданып жүрсіз?

Алғаш аймақтық арыстан Қанат ұстазым қазақ күресінен Налайханда ұйымдастырылған жарысқа қатысуға шақырды. Сол жолы қазақ күресімен алғаш рет белдесуім еді. Үш қарсыласымды ұтып, келесі қарсыласымнан жартылай финалда ұтылып қалғанмын. Бұл кезде маған жеңілісім өте ауыр тиді. Көзімнен жас ыршып кетті. Қола медаль үшін күресіп, алғашқы қатысқан жарысымнан тұңғыш рет қола жүлде алғанмын. Медаль алған соң барлығын ұмытып, бұл күрес түріне деген қызығушылығым арта түскен болатын. Кейін, Мемлекеттік қаршыға, Моңғолия және ҚР-на еңбек сіңірген спортшы О.Бақыт ағамыздың жаттықтыруымен Қазақ елінде өткен көптеген жарыстарға қатысып тәжірибе жинадым. Қазақ күресінен қатысқан ең ірі жарыс ол еуразия барысы болатын. 

Бұдан бөлек, Самбодан әлем чемпионатында екі рет қола медаль жеңіп алғанмын. Сумо күресінен жастар арасындағы әлем чемионатында алтын медаль иегері атанғанмын. Сонымен қатар самбо күресінен биылғы ел біріншілігінде чемпион атандым. Алдағы қазан айында Азербайжанда өтетін әлем чемпионатына қатысамын. Медаль алып көрмеген күрес түрін атасам еркін күрес ғана болар.

Дзюдодан 2014 жылғы ел біріншілігінде күміс, 2017 жылы қола жүлде иелендім. 2014 жылғы ел біріншілігінде финалда олимпиада ойындарының алтын, күміс жүлдегері Найдангийн Түвшинбаяр ағамен белдесіп ұтылғанмын. Сол жылы ұлттық құрамаға қабылданып, Түвшинбаяр ағаның дайындығын қамтамасыз етіп жүрдім. Бұл кезде олимпиада чемпионынан көп нәрсе үйрендім. Моңғол күресінен табыс шығаруым керек. Баян-Өлгийліктерге мемлекеттік дәрежедегі палуан керек. Ағаларда айтты. Ұлттық күреспен бір табыс шығар деп. Сосын өзімнің ұсынысым бойынша уақытша дзюдодан өзімді шектеп ұлттық күреске бар назарымды аударғанмын. Нәтижесінде ойлаған ойыма жеттім.

Биыл алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

Енді дзюдодан өтетін ел біріншілігіне дайындаламын. Ел біріншілігінде жеңімпаз атанған спортшының халықаралық жарыстарға қатысуына жолы ашылады.

Моңғолияның мықты дзюдошылары өзге елдерге не үшін легионер болып кетіп жатыр. Өзіңізге легионер болуға ұсыныстар келді ма?

Моңғолия мен Қазақстан Республикасының Дзюдо федерациясы арасындағы меморандум бойынша Г.Отгонцэцэг қазақ елінің атынан жарыстарға қатысып жүр. Легионер болсада сол елінің атынан халықаралық жарыстарға сәтті қатысып, өзінің міндетін абыроймен атқарып жүр. Жақында Базаррагчаа қатарлы дзюдошылар азербайжанға аттанды. Олардыңда аяқалысы жаман емес. Ішкі бәсекелестік күшті. Жеңіл салмақтағы спортшылар үшін олимпиадаға қатысу арманын орындау үшін өзге елдің атынан қатысуға мәжбүр. Біз оларға наразылық білдіру емес, қайта қолдау көрсетуіміз керек. Өйткені олимпиадаға бір елден бір салмаққа жалғыз споршы ғана бара алады ғой. Мен -100 келі салмақ бойынша күресемін. Ішкі бәсекеде өзіме сенімім зор.

Маған 2012 жылы Гонконгде өткен сумодан әлем чемионатынан кейін жапонияға сумо күресіне шақырған. Кейін 2014 жылы ҚР-нан легионер болуға ұсыныс келіп түскен. Бірақ мен сол кезде ұлттық күресті таңдаған болатынмын. Сондықтан бастаған ісімді аяқсыз қалдырғым келмеді.

 

Лашын атағын алған сәтіңізде әлеуметтік желіні дүр сілкіндірдіңіз. Сізге табыс тілеп, қолдау білдірген азаматтарға не айтасыз?

Елімізден және қазақстандағы ағайындардан құттықтау хат әлеуметтік желі арқылы көптеп келіп түсті. Ата-анама, Бесбоғда бүркіт клубының төрағасы Нұрлат ағаға, Коллективіме, Сүлд спорт комитетіне, ұстаздарыма, аймақ басшысы Ә.Ғылымхан мырзаға, аймақ халқына рахметімді айтамын.

Сіздердің сенімдеріңізді жауапкершілікпен ақтап, туған жерімнің абыройын қашан да биік қоятын боламын.

Сұхбатыңызға рахмет!



пікір қалдыру
АНХААРУУЛГА: Уншигчдын бичсэн сэтгэгдэлд www.kaznews.mn хариуцлага хүлээхгүй болно. Манай сайт ХХЗХ-ны журмын дагуу зүй зохисгүй зарим үг, хэллэгийг хязгаарласан тул Та сэтгэгдэл бичихдээ бусдын эрх ашгийг хүндэтгэн үзнэ үү.
ПІКІРЛЕР: 0