Connect with us

Жаңа есім

Мүпти Қабылұлы – Ақылы дария халқымнан күш қуат аламын

Published

on

Баян-Өлгий аймағындағы ең алғаш құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясын алған «Көшелік» компаниясының иесі – Қабылұлы Мүпти 20 жылда 54 құрылыс нысанын тұрғызып, компаниясын аймағымыздағы көшбасшы құрылыс компаниясына айналдырды.
Қабылұлы Мүпти – Құрылыс техникумынан еңбек, норматив есепшісі, Құрылыс технологиялық колледжін құрылыс инженері, Моңғолия мелекеттік университетінен қаржыгер, Эрдэм-Оюу университетінен бизнес басқару магистрі, Басқару академиясынан мемлекеттік әкімшілік басқару мамандықтарын тәмамдады.

Қабылұлы Мүптидің еңбек жолы, жасампаз істері және жұмыс тәсілімен таныс болыңыздар!

Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий
Қызметі: “Көшелік” компаниясының директоры
Әлеуметтік парақшалары: Мүпти Хабыл (Facebook)

ЕҢБЕК ЖОЛЫҢЫЗ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

1984 жылы Улаанбаатардағы Өндіріс құрылыс трестінде 6 ай жұмыстаған соң отбасылық жағдайға байланысты Өлгийдегі құрылыс трестінде еңбек жолымды жалғастырдым. Әскер қатарына шақырылып, 1985-1988 жыл аралығында шекаралық 0165-әскери бөлімде азаматтық борышымды өтедім. Әскери міндетімді өтеген жылдары бөлімшенің жастар ұясының хатшысы және үгітші-насихатшы ісін жауаптанып, қоғамдық істерге араласуға мүмкіндіктер алдым. 1988-1990 жылы қайтадан Құрылыс трестінде экономист, 1990-1996 жылға дейін «Шұға» компаниясында есепші болдым. 1996 жылдан «Көшелік» компаниясын құрып бүгінге дейін іс қызметін жүргізіп келемін.
Ол кезде аймақтағы құрылыс жұмыстары толығымен тоқтап қалған еді. Еңбекақымызды сауда істеп, Ұланбатырдан тері тондар әкеліп, Ресейдің Қос-Ағаш ауданына апарып сатып, тауып жүрдік.

Алғаш бизнесімді дамыту үшін банктен жылдық өсімі 96 пайыздық несие алдым.

СОЛ КЕЗДЕ НЕСИЕНІҢ ЖЫЛДЫҚ ӨСІМІ ҚАНША ЕДІ?

Ол кезде банктерден несие алу өте қиын және табылмайтын. Банк несиесінің пайыздық өсімі айына 8, жылына 96 пайыз болатын. Ал жеке адамдар айы 15 , жылы 180 пайыздық қарыз беретін. Жинақ ақша өсімі жылына 100 пайыз. Қолма қол ақша өте тапшы еді. Біз ең төменгі, жылдық өсімі 96 пайыздық несие алу арқылы жұмысымызды жүргіздік. Ұйым мекемелердің көбісі таратылып, кейбір азаматтар еңбек шарты бойынша Қазақстанға қоныс аударды, қалғаны жеке кәсіппен айналысып кетті.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТОҚЫРАУ КЕЗЕҢІНДЕ БИЗНЕС ЖОСПАРДЫ ҚАЛАЙ ҚҰРДЫҢЫЗДАР? АУҚЫМДЫ ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРДЫҢЫЗДАР?

Тоқсаныншы жылдары базарда саудагерлерге арналған қойма да, сатушыларда көлік те жоқ болатын. Төрт доңғалақты баланың арбасымен үйлерінен жүк тасымалдайтын. Оны таңымен сүйреп келіп, кешке сүйреп қайтатын. Досым Ержанат екеуміз ақылдасып, шағын бизнес жоспарымызды құрдық. Құрылысқа пайдаланылып, жарамсыз болып қалған лист темірден істелген бетон батпақ илейтін қалыпшаларды түзеп, 6 шаршы метрлік темір бутка жасадық. Оны саудагерлерге «жүктеріңді сақтап көріңдер» деп өз бағасымен бердік. Сөйтіп жарнамалау арқылы бір жылда 150 бутка істеп саттық. Қарыздың өсімін көтере алмай, салатын уақыт болып, ақша табылмай қалғанда «Қоқыс төбеден» темір жинап, Қытайға темір шығаратын бизнесмендерге өткізіп жүрдік. Сонымен қарызымызды өтеп, алғашқы жинақ қорын құрдық. 1998 жылдан құрылыс жөндеу және жаңа құрылыс салу ісіне кірістік. Сол жылы Ақкөл қалашығы 320 балалық мектебін 680 мың төгрөгпен, орын жайсыз қалған аймақтық Кітапхананы театрдың подвалына кіргізу жөндеу жұмысын 90 мың төгрөгпен істедік. Сол кезде құрылыс жұмыстарына бөлінетін қаржы осындай ғана болатын.
Өлгий қаласының қазіргі 6 бақ аумағындағы 5-ші аға мектеп құрылысының қабырғасы жарылып, құлап тұрғандықтан актіленген болатын. Сол құрылыстың сурет жобасын қайтадан жасап, кеңесші инженерлердің жобалауымен жөндеп іске асырдық. Жалғастырып 560 балалық оқу корпусын спорт залымен қосып салдық. Қазіргі өзіміз айтып үйренгеніміздей «аржақтағы» 3 бақтың халқының игілігіне жарап отыр. Сол аумаққа 150 балалық балабақша құрылысын, халыққа қызмет көрсететін алғашқы моншаны салдық. Аймақ әкімшілігі ғимаратының жанындағы аяқталмай қалған екінші онжылдық мектебінің аяқжағындағы құрылысты еңбекқор азаматтармен бірлесіп, жаңадан жоба жасау арқылы жөндеп, Әлеуметтік қамсыздандыру мен Салық басқармасының кеңсесі болдырып, халық игілігіне жараттық.
Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Жапонияның «Өвсний үндэс» жобаларының қаржыландыруымен 1998-2010 жылға дейін аймағымыздағы 12 сұмындағы және аймақ орталығындағы 5 мектепті жөндеуден өткіздік.
Оқу корпусы, спорт залы қамтылған 920 балалық бір мектепті орта есеппен 80-90 млн төгрөг аралығындағы қаражатпен жөндедік. Мұнда, құрылыстың ішкі, сыртқы жөндеу жұмыстары, барлық есік терезесі, едені, төбесі, шатыры, сантехника және электр желісі, кабинеттердің барлығын 100 пайыз өзгертіп жаңарту арқылы балалардың білім алу ортасын стандартқа сай болғызып жасадық. Ал, қазір бір мектептің тек шатырын жөндеуге ғана 80-90 млн төгрөг жетпей жүр ғой. Қарапайым есеппен қаншама еңбек жұмсалғандығын өздеріңіз саралап көрерсіздер. 20 жылға дейін барлығы 54 құрылыс нысанын тұрғыздық. Оны халық біледі.

20 жылда 54 құрылыс нысанын тұрғыздық.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Топпен жұмыстауды ұнатамын. Ақылдасып, кеңесіп, ұжымдық шешім қабылдағанды жөн санаймын. Алғаш бизнес бастаған сәтте 16 сағат жұмыстап, 8 сағат демалдым. Қазір ұйықтап демалуға 8 сағат, бизнес жоспарларды іске асыруға 8 сағат, білім-тәжірибе жинақтауға, әр түрлі кітаптар оқуға 2 сағат, қоғамдық өмірге 6 сағаттай жұмсап жүрмін. Бос уақыт аз деуге болады.

УАҚЫТТЫ ҚАЛАЙ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ?

Мен үшін ең тиімді тәсіл – жеке қалып, ой түю. Сол кезде көп нәрсені саралай аласыз. Ал көптің арасында ойыңды жинақтағаннан гөрі бос сөзбен уақытың рәсуа етесің. Көбінесе кешкі уақытты көп пайдаланамын. Былтырдан бері кітапханаға барып жүрмін. Аймақтық кітапхана алқасының кеңесін басқарамын. Өз күшімен бизнесін дамытқан азаматтармен әңгімелесуді ұнатамын.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Алдыңғы толқын ағалар сияқты жұмыс кестесін белгілеуге түртіп қоямын.

ЖАҢАЛЫҒЫҢЫЗ НЕ?

Жері аумағы аз Жапония, Корея елдері тәжірибелерін пайдаланып, Полиция басқармасы аяқ жағына 120 шаршы метр жерге 6 қабат «Көшелік тоуер» ғимаратын өз қаржыммен салдым. Біздің аймақ орталығында құрылыс салатын жер азайып бара жатқандықтан оны тиімді пайдалануды іс жүзінде көрсеткім келді. Бұл сол кездегі бір жаңалық болды.

Кәсіподақтар федерациясының сан жылғы ескі құрылысының орнына заманауи көп қабатты пәтер үй және даяшылық орны құрылысын тұрғыздым. Мұндағы себеп жеке шаруашылық адамдардың қаржысымен қаланы көркейтуге үлес қосуды мақсат еттік.

ОСЫ ОТЫЗҒА ЖУЫҚ ЖЫЛ ЕҢБЕК НӘТИЖЕСІНДЕ КОМПАНИЯҢЫЗ ҚАНШАЛЫҚТЫ КЕМЕЛДЕНДІ?

Қазір ел ауызында «өз ісін нөлден бастаған бірнеше миллиардер бар» деп айтады. Соның ішінде атымыз аталып жүр. Әңгіме байлық пен қаржыда емес, халыққа қызмет ету, жұмысты болдыру. «Бір елдің сұлтаны болғанша – өз еліңнің ұлтаны бол» деген қазақтың асыл сөзін еш естен шығарған емеспін.

Жұмыс қызған сәтте «Көшелікте» 300 –дей адам еңбек етеді.

ҚАНША АДАМДЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРСЫЗ?

Негізінен компания орнағаннан бері 200-ден төмен емес адамды жыл сайын жұмыспен қамтамасыз етіп келемін. 50-ден төмен емес адамның әлеуметтік мәселесін үздіксіз шешіп отырамын. Жұмыс қызған сәтте “Көшелікте” 300-дей адам еңбек етеді.

БИЗНЕС ЖАСАУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ БАР МА?

Құрылыс салу да, бизнес істеу де оңай емес. Қолайлы салық жүйесі қалыптаспаған. Банкның несиесінің өсімі жоғары, мерзімі қысқа. Бизнесін жаңадан бастағандарға үкімет тарапынан қолдау жоқ. Белді бекем буып, тынымсыз еңбек ету керек.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ? 

Барлық нәрсе бірқалыпты болмайды. Қанша күш жұмсасаң, соншалықты денсаулығыңды жеп қоятын жағдай бар. Дәрігердің қателігі бір кісіге зардап шектірсе, құрылыс салған адам бір қателігі мың адамға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да аса жауапкершілікті болуды талап етеді.

Мәселен біз бизнес бастаған кезде «Сенде бір күрек те жоқ, менде үлкен техникалық және материалдық база бар. Дәулетім де жетерлік. Мықты болсаң, бәсекелесіп көр»,- деп кеудемсоқтық көрсеткендер де болды. Сондай жағдайлар маған керісінше қамшы болды. Жұмысымыз басталған кезден бастап, тоқтаған кезіміз жоқ. 2012 жылдан бастап, өз қаржымызбен жылына 20-30 отбасылық тұрғын үй салудамыз. Сол арқылы жұмысшыларды жалақыландырып, әлеуметтік жағдайын шешіп отырмыз. Мемлекеттік тапсырыс болмаған кезде жеке секторда пәтерүй және өзгедей нысандар тұрғызамыз.

ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА СІЗДІ ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Екі-ақ жерде боламын. Үйде не кеңсемде.

ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕР ТЫҢДАУҒА ҚҰШТАРСЫЗ?

Терме, күйлерді жақсы тыңдаймын. Жалпы әндерінің сөздері астарлы, терең мағыналы болса тыңдағым келеді.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Барак Обаманың жұбайы Мишель Обаманың «Менің тарихым» естелік кітабын оқып жүрмін. Әлемге үстемдігін жүргізіп отырған мемлекет басшысы әйелінің естелігі арқылы өркениетті елдің құпиясына үңіліп, қызықты да тартымды мәліметтер алып жүрмін. Ондағы оқиға желісін жұбайыма, әңгімелескен адамдарға айтып беремін. Сонымен қатар Абайдың қара сөздері, қазақтың тарихи шежірелері, «Алмас қылыш», «Моңғолдың құпия шежіресі», ел бастаған адамдардың тарихи естеліктері, бизнес, заң, экономика салаларына қатысты кітаптарды көп оқимын және олар үнемі үстелімде тұрады.

МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Мені көбісі тұйық деп ойлайды. Бірақ әңгімелескен адам ашық екенімді түсінеді. Тұйықтықтыңда белгілі себептері бар. Бүгінге дейін адамдар «менен неге тұйықсың» деп сұрап көрген жоқ. Бірақ адамдар жақын араласу арқылы бірін бірі түсінеді .

Көп сөйлегенді емес – көп іс атқаруды ұнатамын. 

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Негізгі күш қуатты туған жердің топырағы, оның табиғатынан, ақылы дария халқымнан аламын. Сонымен қатар жақсы жанашыр ағайын туысым, отбасымның қолдауы маған күш қуат сыйлайды. Қазіргі кездегі замандастарымыздың достық қасиеті, олардың бір-біріне деген адалдығы, ниетінің бірлігінің алшақтығын байқай отырып, бір замандағы біздің аталарымыздың, әкелеріміздің замандастарының достық қасиеті, олардың бір-біріне деген адалдығы, тілектестігі, ниетінің бірлігінің ерекше қасиеттерінен ғибрат аламын.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРУДАСЫЗ?

Әлемдік өркениетті елдерде, Қытайда және Германияда «Ең жаман қытай адамы», «Ең жақсы герман азаматы» деген сияқты кітаптар болады екен. Сол арқылы озық елдер қатарына жетуге шабыттандырады. Мен “Ең жақсы қазақ адамы қалай болу керек” деген бағытта кітап жазуды қолға алдым. Бұл кітап арқылы жастарға бизнес жасаудың қыр-сырың түсіндіріп, тапқан пайданың қанша пайызынан жинақ қор құруға, қаншасын кәсіпке жұмсауға болатынын айтқым келеді.

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА АУҚАТТЫ АДАМДАРДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСПЕЙТІН СИЯҚТЫ. СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗ ҚАЛАЙ?

Көптеген елдерде үлкен бизнесмендер пайданың он пайызын жинақтап, он пайызын қайырымдылық шараларына жұмсау әдеті қалыптасқан. Ол шариғатта да бар.

Менің ұстанымым – жылдық таза пайданың 10 пайызын сол бағытта жұмсау.

Нағашы атам Сахария үлкен молда болған адам еді. 2013 жылы банк кепілдігіне қойылған «Хасан» мешіті ғимаратын сатып алып, жамағат игілігіне жараттым. Әкеміз ерте қайтыс болып, анамыз көп қиыншылық көрді. Мешіт арқылы жоқ – жітікке көмектесіп отырамын. Халық бар жерде әр түрлі тіршілік бар. Ондай адамдардың көңілін қайтарып көргем жоқ. Бергенін жария ету шарт емес. Бәрі де Алла ризалығы үшін.

ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әр адамның жүрегінде, жан дүниесінде бір арманы болады. Жастарға айтарым өткеннен ғибрат алып, жаңа өмірге үздіксіз ұмтылыс жасау, армандай білу, қиялдай білу, уақытты ұтымды пайдаланып, күш қуатты жастық шағын дұрыс пайдалану керек.
«Құс ұяда өмір сүреді. Адамның ұясы – отбасы.» Сондықтан жастар, туған ұясына қайырылып, ел жұртына еңбек етсе, өз өлкесінің өркеніне үлес қосса деп ойлаймын.

 

Photo: Erqanat Z.

Жаңа есім

Ризабек Жазидолдаұлы: ҚарЛаг қасіреті

Published

on

31 мамыр, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасында өтетін онлайн-байқауға суретші Ризабек Жазидолдаұлы қатысып жатыр.

Ризабек Жазидолдаұлы @rizabek.jazidolda, суретші, 1979 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Көптеген халықаралық көрмелерге қатысқан.


Суретші туындысын «ҚарЛаг қасіреті» деп атаған. Суретті сызу үшін тарихты зерттеп көрген. ҚарЛаг тарихы жетпіс жыл билік құрған кеңестік биліктің зор­лықшыл саясатының қасіретті куәсі және қуғын-сүргін саясаты жүрілген кезде олардың арасында балалар да жапа шеккенін көруге болатынын айтады.

ҚарЛаг қасіреті

Қабырғадағы күннің жарығы түбінде бір қазаққа жарық күннің нұры келеді дегенді білдіреді. Әппақ көгершіндер осында болған адамдарды еске алуға келгендерді, қуыршақтар қамауда балалардың болғанын, олардың «бізді де ала кет» деп тұрғанын байқауға болады. Қағаздан жасалған құстар қамауда болған адамдарды бейнелейді. Ал сол құстардың көлеңкесі арқылы қамаудағы адамдардың тағдыры құс болып ұшқанын көрсеткен.

Туындыдан Сталиннің жоғарыдағы суреті қылышынан қан тамған заманындағы бейнесі мен жерге қарай құлап жатқан Ленинмен Сталиннің суретін байқауға болады. Олардың өздері де, заманы да құрдымға кеткенін көрсетуге тырысқан.

Суреттің жоғыры жағынан «Бізді ұмытпа» деп қанмен жазылған жазуды көруге болады.

Ал, орындық пен гүлдер қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналады.

Continue Reading

Жаңа есім

Стюардесса Гүлденген

Published

on

28 мамыр, Казньюс ақпарат агенттігі. Көкте қалықтаған МИАТ ұшағы. Бортта әрі-берген жүрген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан арулары. Оларға қызыға қарап отырған жолаушылар. Сол аспан арулары арасында Гүлденген есімді бортсерік көзімізге жылы ұшырап, оның сөзі құлағымызға жайлы тиді.

Казньюс ақпарат агенттігінің кезекті қонағы әлемдегі мәртебелі мамандықтың иесі – МИАТ әуе компаниясының бортсерігі Гүлденген Нұрланқызы стюардесса қызметінің қыр-сыры жайлы  айтып берді. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы


Гүлденген Нұрланқызы – отандық МИАТ әуе компаниясының бортсерігі болып жұмыс істеп жүргеніне біраз жыл болған.

Ол Баян-Өлгий аймағында туғанымен балалық шағын Дархан аймағының Шарынгол ауданында өткізген. Шарынгол ауданының жалпы білім беретін мектебін тәмамдап, Моңғолия Ұлттық Университетін Ағылшын және американтану мамандығы бойынша бітірген.

«Бала күнімде стюардесса болуды армандайтынмын. 4 курс студенті жүрген кезімде МИАТ әуе компаниясының бортсерігі атануға мүмкіндік туды. Бір ұстазым МИАТ әуе компаниясы бортсерік қызметкерлерін сыналтады. Бағыңды сынап көрсеңші деп ұсыныс етті. Ұстазымның айтқаны бойынша сынақ тапсырып, аталмыш компанияның бортсерігі атандым.» – дейді Гүлденген.

Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?

Иә, бұл мен үшін әлі күнге дейін есімнен кетпейтін таңғажайып оқиға болды. 2012 жылы мамырдың 14 күні Улаанбаатар – Сеул – Улаанбаатар бағытындағы рейсте алғаш рет бортсерік болып қызмет еттім. Шынымды айтсам басында қатты қобалжыдым. Бірақ бәрі сәтті болды.

Қай бағыт сізге көбірек ұнайды? Неге?

Маған барлық рейстер ұнайды. Бірақ оның ішінде көптеген естеліктер қалдырғандықтан болар Берлин бағыты бойынша ұшу көбірек ұнайды. 

Студент кезімде шетел асып, дамыған елдерге баруды ойламаған кез еді. Мүлдем басқа әлем мен басқа мәдениетті көрдім.

Сонымен қатар, шоппинг жасауға ыңғайлы. 🙂

Гүлденген кейбір айларда 100 сағатын әуеде өткізгенін айтады. Бұл шамамен 10-16 рейс.

Бір ұшақта қанша бортсеріктері жұмыстайды? Неше жасқа дейін стюардесса болып жұмыс істеуге болады?

Компаниямызда Boeing-737, Boeing-767 деген екі лайнерде барлығы 14 бортсерік қызмет көрсетеді. Жас шектеуі жоқ. Қаласа 55 жасқа дейін ұшуға болады.

Kомпания туралы мәліметті www.miat.com сайтынан алуға болады.

Жолаушылардың ең жиі қоятын сұрақтары?

Көптеген сұрақтар қояды. Қанша жылдамдықпен ұшып барады? Құлақ неге бітеледі, не істеймін? Қонатын таяды ма?

Жолаушылардан естігін ең жақсы сөзіңіз?

Ұшақтан түсетін кезде жолаушылардың жүзіне күлкі үйіріліп, жылы тілектерін жолдайды.

Алғашқы рейсімде бір жолаушы «Сіз жаңа бортсерік боларсыз. Жұмысыңызға жақсы баға бердім. Ісіңіз ілгері болсын.» -деп кішкентай қағазға жазып қолыма ұстатты. Бұл қағазды әлі күнге сақтап келемін. Әрине, жаңа бортсерік үшін үлкен ылтипат болды деп ойлаймын.

Бортсеріктер қанша шетел тілін білу керек?

Жұмысқа қабылданған кезде ағылшын тілін белгілі деңгейде білуді талап етеді. Өзім ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлеумен қатар тағы бір тілді үйреніп жатырмын.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Ұшқыштың міндеті ұшақты бір елден екінші елге аман-есен жеткізіп, қондыру болса, бортсеріктердің міндеті жолаушылардың қауіпсіздігі.

Бортсеріктердің жұмысын оңай деп айта алмаймын. Мықты әріптестерімнің ортасында болғандықтан барлық қиындықтары бірге еңсереміз. Кері әсерлерінен жақсы әсерлері мол деуге болады.

Бортсерік – ол апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер ретінде елестетуге болады. 

Сізді жұмыстан тыс уақытта қайдан табуға болады?

Жұмыс көп, бос уақыт аз болады. Жұмыстан тыс уақытта көптеген шаруаларға үлгеруді ойлаймын. Отбасы, достарымның қасында боламын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, достарымнан және әріптестерімнен аламын.

Түсіңізге ұшақ кіре ма?

Алғаш ұша бастаған кезімде түсіме жиі кіретін. 🙂

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стюардесса болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

Мүмкіндігімше заман ағымына сай өмір сүруді қалаймын. Алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбектенсе бағынбайтын белес болмайды дегенге сенемін. Бортсеріктеріне қойылатын басты талаптардың бірі – денсаулық. Сондықтан басынан спортпен шұғылданып, денсаулыққа аса мән беру керек деп кеңес беремін.

Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

Дүниежүзі бойынша қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатырмыз. «Денсаулық – зор байлық» – дейді дана халқымыз. Барлығыңызға тек зор денсаулық тілеймін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Дәуренгүл Ғалымбекқызы – Шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызмет атқару жайында

Published

on

22 сәуір, Kaznews. Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?

Дәуренгүл Ғалымбекқызы, туған жылы 1982, туған жері – Моңғолия Хэнтий аймағы. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін Заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

«Мариса Киндер» компаниясының директоры. @daurengul

Өзі және отбасы туралы

Менің руым Жантекей-Базарқұл (Елеш сәуегейдің тұқымы) Ғалымбекқызы Дәуренгүл боламын. Нағашы жұртым Молқы(Қошақ). Ата-анам Бұлғынның тумалары. Жұбайым Мұхит Ромұлы. Мамандығы Заңгер, Моңғолияның Конституциялық сот (Конституцияның үстінен қарауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган), Басқару академиясында қызмет атқарады.

Мамандық таңдау жөнінде

Ата-анам ауылшаруашылығы саласында бизнес жасайтын. Ата-анамның нұсқауы бойынша Ауылшаруашылық университетіне түстім. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық университетінен Заңгер мамандығын оқып әке аманатын орындап ойдағыдай тәмамдадым.

Әкеміз менi бірінші курске келген жылы дүниеден өтіп, отбасымыздың жағдайына ауыртпашылық түсті. 0-15 жасар алты баланы тәрбиелеп бағу міндет анамызға жүктелді. Мен үйдің үлкені болғандықтан жақсы оқуым керек екенін түсініп, бірнеше шетелдік оқу гранттарына сынақ тапсырдым.

Шетелге оқу гранттары жөнінде

1998 жылы Венгрия мен Жапония тарапынан жариялаған екі грантқа сынақ тапсырдым. Жеңіп алдым. Бірақ ай сайынғы шығындар 100 пайыз грант есебінен төленбейтін болған соң одан бас тарттым.

2000 жылы Ауыл шаруашылық университетіміз Германия Федератив Республикасының Бавария елімен ауыл шаруашылық жөнінде ынтымақтастық жасаcып, алғашқы жылы 20 студентке неміс тілі үйретілетін болды. Әр факультеттен оқу үлгерімі жақсы бес бала таңдалып алынған кезде бағым жанып солардың қатарында болдым. Бакалавр алған студенттер шетелге магистрге түсуге болады деген соң диплом жазып, оны қорғап 2001 жылы, 3 жыл жарым мерзімде Ауыл шаруашылық университетті бітірдім.

19 жасқа жетер жетпестен Германияның жоғарғы оқу орынына оқуды бастадым.

Германияда оқыған кездегі виза, баспана, ай сайынғы шығындар туралы

Бәрі грант есебінен төленді. Бавария Үкiметi 100 пайыз грантын 10 ай бердi. Сонан DAAD халықаралық ұйымының стипендиясын 12 ай бойы алдым. Стипендия алу үшін біраз сынақ тапсырдым. Және оқу бітірген соң 6 ай бойы айлық алып университетке келесі келген Моңғолия студенттеріне Ассистент мұғалім болып қызмет атқардым.

«Алма піс аузыма түс» демей үнемі іздену үстінде, кәсіби тұрғыда жетілу жолында еңбектендім деп айтуға болады.

40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. 

Неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы

Сағат ұстауды, күнделік шаруаны пландауды және жауапкершілікті үйрендім. 40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. Олар әр шаруасын секундге бөліп жоспарлайды. Ғажап. 🙂 Өміріме көптеген пайдасын әкелді деуге болады.

Жұмысқа орналасуы жайында

Елге оралған соң тек тіл білудің пайдасы мамандығымнан кем түспейтіндей менің еңсемді көтерді. Артқы есікпен, тамыр таныспен жұмысқа тұратын кезде маған жұмыс орын өзі табылып тұрды.

Алғаш Ауылшаруашылық университеттен жұмыс орын берді. Бірақ айлығы аз. Бес бауырымның оқуына көмектесуім керек. Сондықтан үкіметтік емес айлығы жоғары ұйымдарға анкета толтырып бергенімде JICA Халықаралық ұйымы жұмысқа қабылдады. Мұнда фермер құру және малдың өнімін арттыру мақсатындағы екі жобада жұмыстадым.

Кейін UNDP, UNFPA, USAID, The Asia Foundation, MSF сияқты халықаралық ұйымдарда гуманитарлық (жастарды дамыту, жендер, лидершип), медицина (туберкулез), білім (civil education, ecological education), заң (коррупция), экономика (банк) саласында қызмет атқардым.

Қазіргі қызметі

2004 жылдан бері Ауылшаруашылық университетінің студенттеріне неміс тілін үйретуді бастадық. Бұл жұмыстың мақсаты өзімнің магистр бітірген Вайнштефан Университетіне студенттерді магистр оқуына жіберу. Жыл сайын 20 студентті дайындаймыз. Олардан 5-і магистр, 15-і практика істеуге барады.

Қазір пандемияға байланысты қызметіміз онлайн режимде жүрілуде. Балалардың біліміне үлес қосу үшін 2019 жылдан еуропа стандарты бойынша «Мариса» деп аталатын оқу орталығын, неміс тілін үйрететін «Шатц Шпрахцентрум» орталығын жұмыстатып келеміз.

Партнерім бар. Ол Ph.D Б.Нямгэрэл ханым. Ынтымақтастығымыз 17 жылға жалғасып келеді.

Адамға білім беру дегенің ерекше ақ жолды жұмыс деп ойлаймын.

Жастарға берер кеңесі

Бұл сәтте Абай атамыз «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» -деп айтып кетті.

Ал, шәкірттерім арасында бірде-бір қазақ студенті жоқ. Оларға айтарым бойды бекер босқа салмаңдар дегім келеді. Уақытты құр өткізбей ізденісте болса, өмірге деген планды кеңінен жасаса мүмкіндіктер толып жатыр.

Жастар шетелде оқуға көп қаражат кетеді деп ойлайтын шығар. Бірақ Германияда оқу ақылы емес мысалы. Ағылшын тілінен өзге неміс тілінде үйренсе деген тілегім бар.

Визамен еуропаның 37 еліне баруға болса, неміс тілімен жоқ дегенде 9 елде сөйлеуге болады.

Қазақылықты сақтаған

Ата-анам ресейде білім алған. Қазағы аз өлкеде туып өссек те үйде тек ғана қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Өзге тілде сөйлесек штраф алатынбыз. Анамыз үнемі қазақша кітап оқып, жазу үйрететін. Қазақтың ұлы сөзі “Еңкейгенге еңкей, Атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес.” – дегенді тек ғана кішпейілдік сыйластық емес “өзіңді өзің бағалай біл” деген мағынада түсінемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Сағым Бейбітшілікқызы – «Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

Published

on

17 наурыз, KAZNEWS. Моңғолия қазақ эстрадасының танымал әншісі, Моңғолия Мәдениетінің озат қызметкері, Баян-Өлгий аймағы әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы Сағым Бейбітшілікқызының Казньюс ақпарат агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Сұхбаттан танымал әншінің өмірі, іскерлігі, алдағы шығармашылық жоспарлары туралы білетін боласыздар.

Сағым Бейбітшілікқызы Моңғолияның Өнер университетін ән-музыка пәні оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистр. Алғашқы еңбек жолын Улаанбаатар қаласындағы Моңғолияның ұлттық қоғамдық радио, телевизиясының қазақ тілінде хабар тарату бөлімінде бастаған. Қобда университетінің аймағымыздағы филиалында хор, музыка бағытында дәрістер беріп, студенттерге теориялық және практикалық сабақтар үйретіп, алғашқы шәкірттерін өнер жолына тәрбиелеген.

Мекенжайы: Монғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: Аймақ әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы
Әлеуметтік парақшаcы: Sagimko Byebit (FB)

САҒЫМ ӘНШІ БОЛУДЫ БАЛА КЕЗДЕН АРМАНДАДЫҢЫЗ БА?

Баян-Өлгий аймағының іргелі сұмындарының бірі Бұлғын өлкесінде 1989 жылы дүние есігін ашыппын. Бұл өлкеде елімізге және әлем қазақтарына танымал ақын, жазушылар, палуандар, қоғам қайраткерлерімен қатар әнші, күйші өнер саңлақтары дүниеге келген. Туған жерімнің табиғаты аса көркем, Алтай тауларының оңтүстік сілемінде орналасқан, Моңғолия қазақтары ертеден мекендеген құт өлкелерінің бірі. Ақын, жазушы Кәкей Жаңжұңұлы, Зұқай Шәріпақынұлы, Абай Мауқараұлы, Сәтей Нұртазаұлы, ақын әрі сазгер Ясира Заханқызы тәрізді көптеген дарынды тұлғалардың мекенінде дүниеге келгеніме мақтанамын.

Бала кезімнен-ақ бұла Бұлғынның табиғатына етене жақын болып, аяулы атам Шыңғышбайұлы Шікә, әжем Бегімханқызы Сайландардың тәрбиесінде өсіп, халық өнерімен жан-жақты танысып, қазақ мәдениетінің керемет туындыларын көзбен көріп, көкейме тоқып өстім. Әкем Бейбітшілік, аяулы анам Майралар менің өнерге бейімділігімді ертеден аңғарып, әнші болу арманымды қанаттандырып, бар мүмкіндіктерін жасады. Домбыра, гитара, портепиано тәрізді музыка аспаптарын алып беріп, көптеген әншілердің күйтабақтары мен үнтаспаларын сыйлап, осы жолды таңдауыма бағдаршы болды.

Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Ұлықпан Жолдасов, Алтынай Жорабаевалардың туындыларын тыңдап өстім.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫҢЫЗДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР?

Шығармашылығымдағы басты жаңалық – қазақтың халық әуендерін технология жетістіктеріне сәйкестіріп, әлемге танытудағы қадамдарым деп ойлаймын. Сондай-ақ эстрадалық заманауи туындыларды тыңдарман қауымның сұранысына сәйкес әзірлеудеміз.

Жеке шығармашылық бағытта университет табалдырығын аттаған 1-курстан бастап, бірнеше жобаларда жұмыстап, өзімнің жеке концерттер легін ұйымдастырдым. Сонымен қатар Моңғолиядағы Казақстан Республикасы елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының “Бәйтерек” ансамблінде әнші және прима қобызшы болдым. Сол кезден ақ жаңа туындыларымды шығара бастадым.

«БАЙ-ӨЛКЕ АЛТЫН БЕСІГІМ» ӘНІ КӨПКЕ ТАНЫМАЛ БОЛДЫ. БЕЙНЕБАЯН ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРСЕҢІЗ?

-Бұл ән осы өлкеде екі ғасырға жуық мекен еткен Моңғолия қазақтарының туған жеріне деген сүйіспеншілігінен туған ән деп ойлаймын. Әннің сөзін жазған танымал ақын Қуатхан Шәріпұлы, әуенін жазған белгілі сазгер, әнші Ұшқын Жамалбек, бейнебаянды түсіруге көмектескен асыл жарым Есенкелді және «Ағайын» фотостудиясы ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін.

Бейнебаян түсірген кезде аймағымыздың әр өңірінде болып, олардың мәдени салт дәстүрі және тұрмыс тіршіліктерімен танысып, табиғат аясындағы көркем жерлерін аралап, ең қолайлы сәттерді пайдалана отырып, оның сапалы шығуына ерекше назар аудардық. Соның нәтижесінде көпке танымал туынды болды деп ойлаймын.

ӘН ҚОРЖЫНЫҢЫЗДА ҚАНША ӘН БАР? ҚАНДАЙ САЗГЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙСЫЗ?

Менің шығармашылық қорымда қазір 300-ге жуық туынды болса да, жартысы әлі тыңдарман қауымға жете берген жоқ. Соның ішінде аймағымыздың Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы Музыка және драма театрының қазақ халық ұлт аспаптары оркестрінің сүймелдеуінде өзім сүйіп орындайтын «ГауҺартас», «Екі жирен», «Ақау керім», «Бұлбұл» қатарлы халық әндері бар. Сондай-ақ ағылшын, орыс, моңгол, түрік тілдерінде эстрадалық жанрдағы әндерді орындағанды ұнатамын.

Жеке репертуарымда осы өңір қазақтарының төл туындысы 45-ке жуық әндерімен қатар Ясира Заханқызы, Ұшқын Жамалбек, Бержан Файзолла, Жанболат Сәтейұлы және тағы басқа да сазгерлердің шығармалары бар.

СІЗДІҢ ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің өмірлік ұстанымым -“адам болып келдім өмірге, адам болып кеткім келеді”

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазір еліміздің Мәдениет министрлігінен өнер саласындағы ұстанымдар мен аймақ Әкімі бағдарламасы төңірегінде атқарылатын мәдени әлеуметтік шараларда жүзеге асыру, мәдени орталықтардың жұмысын заманауи талапқа сай жаңғырту, жас өнер майталмандарын тәрбиелеу мен мұражай, кітапхана қызметін әлемдік стандарт талабына сай дамыту бағытында жұмыстар атқарудамын. Сонымен бірге атажұрттағы өнер туындыларын туған өлкемізде насихаттаумен қатар өнер қайраткерлерімен бірлесіп жұмыстауды қолға алмақпын.

ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАЙСЫЗ?

Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы заман талабына сай электрондық үлгідегі жоспарлау стандартына көшкендіктен жыл, мезгіл, айлармен жоспарлап, берілген тапсырма мен ақпаратты дәл уақытында орындау мен жеткізу болып табылады. Осы талап деңгейінде жұмысымды әр күнге сай жоспарлап, оның орындалуын үнемі қадағалап қортындылап отырамын. Соның нәтижесінде өнер саласында көптеген жұмыстар нәтижелі болды.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің ең қолданатын жұмыс құралым компьютер мен бірнеше музыкалық аспаптар.

СІЗШЕ УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Жұмысты дұрыс жоспарлау.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Атқарылатын істерді өзімнің жеке белгілеуіме жазып, ресми іс шараларды арнайы талап бойынша іс қағаздық үлгіде жүргіземін.

ҚЫЗМЕТІҢІЗДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Менің жұмысымның негізгі ерекшелігі – мәдени, әлеуметтік іс шараларды маман тарапынан ұйымдастыру, қадағалау, іс нәтижесін қортындылау, жұмыс әдістемесімен қамтамасыз ету мен осы саланың тұрақты даму саясатын дұрыс жолға қою болып табылады. Оң әсері – адамдармен тікелей қарым-қатынаста, етене бірге жұмыстау, тұрақты ақпарат алмасу. Ал кері әсеріне келер болсақ, қат-қабат мәдени іс шаралар бірге өткізілген кезде уақыттың тым тапшылығы, яғни жүктеменің көптігі болмақ.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Адамдармен тіл табысудағы этикалық нормаларды сақтай білумен қатар ұйымдастырушылық қабілетім деп ойлаймын.

Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Әрине, оқимын. Моңғолия жазушылары Д.Нацагдорж, Ч. Лодойдамба, Б. Ренчин, Ц. Дамдинсүрэн туындыларымен қатар қазақ халқының әйгілі ақын жазушылары Абай Құнанбайұлы, М.Мұқағали, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағали, Сәкен Жүніс, Мұхтар Мағауин, Фариза Онғарсындардың шығармаларын сүйіп оқимын. Қазір Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Ақ көңіл, ашық жарқын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Классикалық әуендерді көп тыңдаймын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Отбасы, ыстық ұямнан.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Ата-анамнан, отбасымнан және өнерден күш-қуат аламын.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Менің өмірден алған ең жақсы ғибратым Абай атам сөзімен айтқанда: “Әнді сүйсең менше сүй!”. Өнер тілімен айтқанда: “Ән көңілдің ажары. Өз пайымдауым бойынша “Өнерсіз өмір – өмір емес” деген прагматикалық тұжырым. Осылардың қай-қайсысы да менің болмысымды анықтайды деп ойлаймын.

ЖАС ӘНШІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әрине, “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” деп Абай атамыз айтқандай қазіргі заманда ән де, әнші де көбейген шақ. Бірақ менің ең негізгі қағидам – жалғандықтан аулақ болу. Фонограмма арқылы жалған ән айтқаннан айтпай адал жүрген баяғыда артық. Бұл туралы арнайы заң қабылданғанын құптаймын.

Халық өнерін өзінің қаз қалпында, боямасыз, әсірелеусіз жалғастыруға тиіс. Жас әншілер соған ат салысса, өнер әлеміндегі жадағайлықтан бас тартып, халықтық болмысты сақтай білсе, сонымен бірге өнер этикасын меңгерсе деген жүрекжарды кеңесімді айтқым келеді.

Еліміздің ұланғайыр даласындай өнері де әр алуан болуымен қатар жас өнерлі қауымнан ізденісті, білімділікті талап етеді. Тек «әнші боламын» демей, білімді де сауатты, ізгілікті, ұлтжанды, парасатты, ұлт өнерін қастерлеуші әншілер болуын кеңес етемін.

«Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

АЛДЫМЫЗДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ «НАУРЫЗ» МЕЙРАМЫ КЕЛЕ ЖАТЫР. ЕЛГЕ АЙТАР ТІЛЕГІҢІЗ…

Наурыз халқымыздың ұлттық төл мерекесі. “Самарханның көк тасы еріген күн” дейтін бұл мереке қазақ халқына жақсылық, тыныштық, береке, бірлік әкелсін деп тілеймін. Мынау әлемді жайлаған індет жойылып, халқымыз бейбіт те тыныш, жарқын да жақсы өмір сүруіне зор тілектестік білдіремін. Ұлыс оң, ақ мол болып, пәле қала жерге еніп, Алтайдан Атырауға дейінгі сахара даламыз жақсылыққа толып, халқымыздың өнер ордалары өзінің қалыпты қызметтерін атқарып, рухани жаңғырудағы ұлы мақсаттарына жете бергей!

Continue Reading

Басты назарда