Connect with us

Жаңа есім

Мирас Мұхамеджанұлы: Кәсіп бастау үшін-ең бастысы талап пен ниет дұрыс болу керек

Published

on

17 қаңтар, KAZNEWS. «Іскер азамат» жобасының кезекті қонағы жас кәсіпкер Мирас Мұхамеджанұлы. Ол 1990 жылы Баян-Өлгий аймағында туған. Монос университетін фармацевт мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014-2016 жылдары аралығында «Монгол Эм импекс» компаниясының аймақтағы бөлімшесінің директоры, 2016 жылдан «Дәрмек» компаниясының директоры, 2019 жылдан «Ази фарм» компаниясының атқарушы директоры қызметін атқарып келеді. 2020 жылғы Баян-Өлгий аймақтық азаматтар өкілдері Хуралының ең жас депутаты атанып отыр.

Халық арасында «24 сағаттық аптека» атанған «Дәрмек» дәріханасы Баян-Өлгий халқына сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуде.

Мекен жайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: «Дәрмек», «Ази фарм» компаниясының атқарушы директоры
Әлеуметтік желі: Mika Mika (FB)

МИРАС КӘСІП БАСТАУ ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚИЫН? АЛҒАШҚЫ КӘСІБІҢІЗДІ БАСТАУҒА НЕ ТҮРТКІ БОЛДЫ?

– Анам Құмарханқызы Серікгүл 1985 жылы фармацевт мамандығын бітірісімен орталық дәріханада дәрі-дәрмек дайындаушы болып қызмет етті. Сосын 1998 жылы Өлгий қаласында орталық алаң маңында кішкентай дүңгіршекте ең алғаш жекеменшік дәріхана ашып, дәрі-дәрмек сата бастады. Сол кездері заңға өзгеріс енгізіліп, стандарттар өзгеріп, дәріхананы ары қарай жұмыстатуда кедергілер кезікті. Осы жағдайларды көрген және анам арманнын орындап, жұмысын жалғастырсам деген ой мені фармацевт болуға жетеледі. Сол үшін еш ойланбастан осы мамандықты таңдадым. Содан 2009 жылы Монос университетіне оқуға түсіп, 2014 жылы бітірдім. Сөйтіп ары-бері көшіп жүріп, мен жоғары оқу орнын тәмамдардан бір жыл бұрын аймақ әкімінен 24 сағаттық дәріхана тұрған жердің рұқсатын алып, сол жерге дәріхана ғимаратын тұрғыздық. Содан бері халыққа қалтқысыз даяшылық көрсетіп келеміз.

ҚАНДАЙ ҚИЫНДЫҚТАР БОЛДЫ?

– Ең бірінші қиындық, ол – дәріхананың меңгерушісінің мамандық бойынша үш жыл сол салада қызмет етуі қажет деген талап болды. Ал мен 2014 жылы университетті бітіріп келе салып, дәріхана ашуды көздедім.  Тәулік бойы 24 сағат қызмет көрсететін дәріхана жұмыстату рұқсатнамасын алу үшін биліктен кедергілер көп болды. Қойған талаптарын орындап болған соң ақыры рұқсат алдым. Улаанбаатар қаласында оқуда жүргенде сабақтан тысқары уақытта кешкі 18:00 сағаттан таңғы 8:00 сағатқа дейінгі кезекшілігінде жұмыстап жүрдім. Сол кезде түнгі уақытта қаншалықты ауыр болатынын сезіндім және оны біле тура тәулік бойы қызмет көрсететін дәріхана аштым.

Неге десеңіз, көп адамдар түнде дәрі таппай қиналады. Сол сәттерде қаншама адамның жанына арашашы болып, ең қажетті сәттерде керегіне жараумен қатар өз ісіңді де ілгері бастыруға болады екен деген ой туды. Одан басқа да қиындықтар болды. Қазір мұнда 3 фармацепт 1 көмекші жұмыс істетін болса, адам болған соң біреуінде шаруасы болып қалады, біреуі ауырып қалуы мүмкін. Дәріханамызда 2 мыңға жуық дәрі-дәрмек бар. Оның барлығын жаттау, есіне сақтау да оңай емес. Сол жағынан кейде маманды адам табу да қиынға соғады.

КӘСІПКЕР АДАМҒА ТӘН МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ? ИДЕЯ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

– Ең бірінші, мені осы кәсіпке баулыған анам болды. Бала кезімде отбасылардың барлығында болған еліміз нарықтық экономикаға көшуіне байланысты жетіспеушілік біздің де басымыздан өтті. Сол кезде алдыма әке-шешемді асырайтын мықты кәсіпкер боламын. Ел қатарынан қалмайтын, ешкімге де жалынбайтын, азын-аулақ жалақыға қарамайтын жеке кәсіпкер атанамын деп мақсат қойдым.

Мінез-құлық жағына келсек, қандай бір бизнес жасаушы адам өте жұмсақ мінезді болуы қажет. Іскерлікте ең маңыздысы, бұл – адамдармен дұрыс қарым-қатынаста болу. Сол үшін, шамам келгенше, бір адамға жаман қарамау, қатты сөйлемеу, адамдармен жылы, жұмсақ қатынас жасау, жымиып қарсы алуға тырысамыз және мені табысқа жеткізген осы мінез-құлқым ба деп ойлаймын.

КІМДЕРДІ ҮЛГІ ТҰТАСЫЗ?

– Ең алдымен, әрине анам. Сол үшін де осындай деңгейге жетуіме жан-жақты қолдау білдіріп, жол көрсеткен анама зор алғысымды айтамын! Одан кейінгісі көпке танымал бизнесмен – Ерік Калабырұлы. Фармацевт мамандығын таңдап алуға түрткі болған анам болса, фармацевтика саласында нәтижеге қол жеткізуіме кеңесін беріп, соған себепкер болған – Ерік. Ал үшінші бір азамат – студент кезімнен мені қолдап, жұмысқа кіргізіп, бар білгенін үйретіп, «Монгол Эм Импекс» компаниясының аймағымыздағы бөлімшесіне директорлыққа тағайындалуыма үлес қосқан Бямбын Отгонбилэг есімді азамат. Ол «Монгол Эм Импекс» компаниясының аймақ, ауылдарды жауаптанған менеджер, «Ази фарм» компаниясының барлық дәріханаларына жауапты атқарушы директоры қатарлы қызмет атқарған. Қазір өзі жеке компания құрған.

Фармацевт – көп еңбекті қажет ететін әмбебап мамандық. Сұраныс та көп.

МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

– Басқа мамандықтарға қарағанда маңызы зор мамандық деп санаймын. Халық арасында фармацевтіні тек қана дәрі-дәрмек сатушы деп қана қарайды. Оған мен қарсымын. Өйткені осы мамандықты фармацевт болып бітіріп, басқа да 18 салада еңбек етуге мүмкіндік бар. Ауруханада фармацевтика бөлімшесі бар, онда фармацевтер отыр және олар дәрігерлердің нұсқауы бойынша берілген дәрілерге де бақылау қояды. Елімізде қалыптаспай отырғаны болмаса, шетелдерде аурухананың әр бөлімшесінде 3 фармацевтіден болады. Фармацевтілер дайындайтын университеттер, дәрі-дәрмек өндірісі, сауда саласы қатарлы көптеген мекемелер мен даяшылық орындарында олар қызмет етеді. Оны меңгеру де оңай емес, көп еңбекті қажет ететін әмбебап мамандық. Сұраныс та көп. Аймағымызда мемлекеттік мекемелер Мамандық бақылау басқармасында бір, Денсаулық басқармасында екі, ауруханада 3 маман барлығы 8 орын ғана болса да, басқа салада сұраныс көп.

КЕЗ КЕЛГЕН КӘСІПТІ АЛҒА СҮЙРЕУ ҮШІН ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДАН ҚАЛЫСПАЙ, ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕРДІ БІЛІП ОТЫРУ ҚАЖЕТ. СІЗ БІЛІКТІЛІГІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ЖЕТІЛДІРЕСІЗ?

– Бұл ең маңызды мәселе. Бұрындары жылына жаңадан 1-2 жаңа дәрі шықса, кейін айына 2-3 дәрі тіркелетін болды. Ал әлемде қазіргі кезде сағатына, минутына бір жаңа дәрі ойлап табуда. Мұны барлығына үлгеру шынымен де қиын. Бірақ біздің бір ұстанатын жайымыз – дәрі-дәрмектің химиялық құрамына қарай топталуы. Осы арқылы оларды тез тауып, жаттап аламыз. Мысалы, ибупрофен, ибуденк деп екі атаумен өндірістен шыққанмен оның құрамындағы әсер ететін зат – ибуфропен. Сол сияқты парацетамол да көп аталыммен шығарылады. Содан құрамына қарап ажыратамыз. Одан соң ғаламтордан іздеп, медициналық жаңалықтарды оқып танысып отырамыз.

ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

– Өте қарбалас адаммын. Мен өзі бір нәрсеге байлануды қаламаймын. Алғаш бүгін бір нәрсе істеп алсам, ертең не істерімді білмей, көп жұмысқа қол тимей қалатын. Тәулік бойы жұмыстайтын дәріхананы ашқан кезде жұмыс күші жеткіліксіз және оларға еңбекақы беретіндей қауқар болмады. Сондықтан 8 сағат «Монгол Эм Импекс» бөлімшесінде жұмыс істеп, кешкі 18 сағаттан таңғы 8 сағатқа дейін «Дәрмек» дәріханасының түнгі кезекшілігіде 6 айдай шығып жүрдім. Сол кездері тәулігіне 2-4 сағат қана ұйықтайтынмын. Аллаға тәубә, қазір он адамды жұмысты болғыздым, отбасылы болдым, 2 балам бар. Таңымен «Азифарм» дәрі-дәрмек толайым сауда орталығына келіп, дәріханаларға телефон шалып, түске дейін тапсырыс алып, түстен кейін жұмысшыларға сол дәрілерді әзірлетіп, жеткізіп береміз. Одан кейін «Дәрмек» компаниясына барып, күнделікті жұмысымен танысып, адамдардың өкпе-реніші болды ма дегенді сұрап, шағымданғандар болса, солармен сөйлесіп, тіл табысып, жұмысшылардың жағдайымен танысып дегендей таң атса, солай кеш батып жатады.

ЖҰМЫС КЕСТЕҢІЗ ҚАНДАЙ?

– Күнделікті тұрақты жұмыс болғандықтан жұмыс кестесінде де көп өзгеріс болмайды. Бір жаңа жұмыс бастамақпын. Соған байланысты кестеге аздаған жұмыстар қосылды. Күніне қарым-қатынас жасайтын 2-3 дәріхананы бөліп қойып, сол кісілермен жеке-жеке сөйлесіп, тапсырыстар жоспарын жасаймын. Демалыс күндері отбасыммен бірге болып, достарыммен бос уақытымды өткіземін. Ары-бері көп жүріп жүретін болғандықтан жұмыс кестесін ұялы телефондағы Note-ке белгілеп қоямын. Оған ұмытып кетпеу үшін күнделікті, апталық жұмыстар мен кездесулерді белгілеп отырамын.

СІЗДІҢ ЕКІ КОМПАНИЯҢЫЗДЫҢ БАҒЫТЫ БІР ЕКЕН. НЕГЕ ЕКІ КОМПАНИЯ?

– «Дәрмек» компаниясы 100 пайыз өз меншігімдегі компания. Ал «Азифарм» компаниясы басқа үлескерлермен бірлескен компания болғандықтан екеуі екі бөлек жұмыс жүргізуде. Біреуі дәрі-дәрмектің бөлшек саудасы болса, екіншісі толайым саудамен айналысады.

КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

КӘСІБІҢІЗДІҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

– Алдымен жақсы жағынан бастайын. Менің кәсібім – адамның жанына араша болатын, ауырғанды басатын, кейбірін тіпті жазатын дәрі-дәрмек сату. Сол тұрғыдан қаншама адамның жанына арашашы болып, қысылған кезде қажеттілігіне жарап қаламыз. Осының бәрі бұл өмірде бизнес болғанымен мұсылман адам болған соң бұл әрекетімізге сауаптар жазылса деп ойлаймыз. Тарыққан адамға көмек болған кезіміз көп болған шығар деп білемін. Ал кері әсері дәрі-дәрмектің құрамында химиялық заттардан болантындықтан денсаулыққа кері әсері бар. Екінші жағынан бізде той, мереке кезінде демалыс болмайды. Бірақ мұны мен кері әсері деп те ойламаймын. Өйткені бұл менің қалаған мамандығым, қалаған жұмысым.

ҚАНДАЙ ІСТІ ЖАСАУҒА ШЕБЕРСІЗ?

– Шеберлік деп айтуға келмес. Бірақ хоббиім- ән айту мен өлең жазу.

ӨЛЕҢДІ ҚАЙ КЕЗДЕН БАСТАП ЖАЗЫП ЖҮРСІЗ?

– Ішкі жан қиналысымды, қуанышымды, сағынышты өлеңмен жазғанды жақсы көремін. Бұл жайлы ешкім білмеуі де мүмкін. Бар жоғы 15-16 өлеңім бар. Бұлғын сұмыны жол бойында нәубет құрбандарына арналған баласын құшақтап, қасында жетім құлын ғана қалған ескерткіш жанында ерекше толғаныс пайда болып:

Кесір қоғам бассыз-баусыз, жүйесіз,
Құлын жетім, ана жесір, ер тоқым тұр иесіз.
Пана тілеп анасынан сәби тұр,
Бұл кескіннен көңілге сыр түйесіз.

Жетім өсіп, ел қатарлы ер болды,
Құлын өсіп, тұлпарменен тең болды.
Көздің жасы көл боп аққан халыққа,
Демократиялық қоғам бүгін дем болды. – деп жазып, алғаш рет әлеуметтік желіге салғаным есіме түсіп отыр.

Бұзылмаған ортада жүрген жастар бұзылған қоғамды түзетуге ат салысу қажет. 

Қазіргі білімді жастардың көбісі саясаттан жеріген. Олар қоғам бұлғанған, саясатта жүрген адамдар сол былық-шылыққа батқан адамдар, егер сен олардың арасына кірсең, былыққа батасың деп көреді. Екінші бір топ жастар саясатқа араласу қажет, оның игілігін де көрген жөн дейді. Саясатқа араласқан жастар партиялық көзқарас шеңберінде ғана қалып, ары қарай дамымай, өспей қалады дейтіндер де бар. Бұған көзқарасыңыз қандай?

– Адамдар қазір саясатты жетістікке, билікке қол жеткізу немесе ақша табу құралы ретінде қарайтыны анық. Ал мен оны табысқа жету, пайда табу құралы деп ойламаймын. Бұл қоғамға деген әрбір азаматтың жоғарғы билікке өз үндерін жеткізетін құрал. Үнемі сын айта беру емес, дұрысты дұрыс, бұрысты бұрыс деу. Жастар тұрғысынан алғанда «қоғам бұзылды», «партия бұзылды» деп қашпай, егер бұзылғаны рас болса, жаппай саясатқа араласу керек. Өйткені бұзылмаған ортада жүрген жастар бұзылған қоғамды түзетуге ат салысу қажет. Солар келіп түземесе, оны басқа ешкім тезге сала алмайды. Менің ойым, саясат – біреумен алысу-жұлысу емес, қоғамға өзіміздің пайдамызды тигізу, саяси мәдениетті қалыптастыру, дамуға үлесімізді қосу.

Ал менің саясатқа келудегі мақсатым – адам құқығы, экономикалық, діни наным-сенім бостандығын қорғау. Бұл құқықтар мен бостандықтар біздің елімізде заңмен қорғалса да, осы құндылықтарымыздың нығайып орнығуына өз үлесімді қосайын деп араластым. Менің ұстанымым – демократия тек бір партияның ғана емес, барлық азаматтардың құндылығына айналуы тиіс. Бұл – бізге ең қажетті мемлекеттік құрылым.

ДӘЛ ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ҚАНДАЙ ШАРУАМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТЫРСЫЗ?

-Мен осы дәрі-дәрмек саудасынан басқа автокөлік қосалқы бөлшектерін сату мен жөндеу ісіне де қаржы енгізіп, достарыммен бірге «TJM» автожөндеу орталығын аштым. Уақытым болмағандықтан одан шықтым. Қазір Ковид-19 індетіне байланысты жұмысшылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ары қарай ісімізді құлдыратып алмау мақсатын қойып жұмыстап жатырмын. Алдағы уақытта бір орталық ашпақпын. Соған да уақытымды арнап жатырмын. Бұл әзірге құпия болып қала берсін.

БОС УАҚЫТЫҢЫЗДА ҚАНДАЙ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ?

Эстрада, классика, терме, рух көтеретін әндерді көп тыңдаймын. «Әділет әні» атты әннің орындаушысы болып, клип түсіруге демеушілік көрсеттім. Сөзін Аманжол Бәделұлы, әнін Бердібек Дәулетбекұлы жазып, музыкамен Ауғантай Исаұлы әрледі. Сәтжан Класханұлы, Заманбек Абдуллинұлы үшеуіміз орындадық. Жалпы ән айтқанды жақсы көремін.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА?

Бизнестік табысқа жету жолдары туралы моңғол тіліне аударылған әлемдік бизнесмендер өмірі мен іскерлік тәсілдері жайлы кітаптарды қызыға оқимын.

“Еш уақытта бұл тәулік бойы “24 сағат” жұмыстайтын дәріхананы жаппаймын”. -деп уәде бердім.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ-ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Бізге даяшылық жасатқан азаматтардың алғысынан күш-қуат аламын. 2016 жылы өзім 24 сағаттық дәріханада жұмыстап тұрған кезде жол апаты болып, бір ақсақал жарақаттанғандарға қажетті дәріні ауруханадан таппай, түнде бізден келіп алып, радио арқылы алғысын білдірді. Содан рухтанған мен өзіме «еш уақытта бұл тәулік бойы 24 сағат жұмыстайтын дәріхананы жаппаймын» деп уәде бердім.

ҒИБРАТ АЛҒАН ОҚИҒА БОЛДЫ МА?

– Маған бір апай келіп: «Менің жолдасым араққа салынып кетті. Ішімдікті қойғызатын дәрі бар ма?» -деді. Мен ол кісіге: «Дәрі бар. Бірақ ол кісіні арақтан шығара ма, жоқ па білмеймін. Бірақ сіз күйеуіңізді менімен 30 минут сөйлестіріңіз. Содан кейін дәріні беріңіз, арақтан құтылатынына кепілдік беремін,»- дедім. Ертеңінді апай жолдасын ертіп келді. Мен ол кісіге алдымен ішімдіктің отбасы бюджетіне әкелетін зияны, оған жұмсалған ақшаға үйіне, балаларына не алуға болатыны, денсаулыққа келтірер залалы, өмір сүру уақыты жайында айттым. Ағай ойланғандай болып қалды. Дәл сол кезде дәріні ішкіздік. Ғылымда да бар, дәрінің ем болуының 60 пайызы дәрінің әсер етуі болса, 40 пайызы адамның сенімі мен психологиясына байланысты. Содан кейін арақтан бас тартты. Сол оқиға есімнен кетпейді.

Қандай бизнес жасасаңыз да, ол – бизнес, қанша табыс тапсаңыз да, ол – адал еңбек. 

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕ КЕРЕК?

– Ең бірінші – басқалардың сізге деген деген сенімі, екіншіден, өзіңізге деген сенім болу, үшіншіден, басқалардың сенімін ақтай білу керек. Барлық дүние сенімге тоқтайды. Сіз өзіңіз өте сенімді адам болуыңыз қажет. Ешкім сізбен бірге серіктес болған кезде алаңдамау керек, алаңдамаудың соңы табысқа жеткізеді. Бизнесте үлкен, кішісі, табыстың азы, көбі деген болмайды. Қандай бизнес жасасаңыз да, ол – бизнес, қанша табыс тапсаңыз да, ол – адал еңбек.

БИЗНЕС БАСТАМАҚ БОЛҒАН ЖАСТАРҒА, ӨЗ ЗАМАНДАСТАРЫҢЫЗҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

– Қырық жасында өкінбеу үшін, отызыңызда орнығып алуыңыз керек екен. Қайталап айтсам, ең бастысы – сенім. Қолға алған ісіңізді басқалардың бизнесі мен «ананың бизнесі үлкен, ал менің бизнесім шағын» деп ешқашан салыстырмаңыз. Бүгін бастаған ісіңіздің ертең ұлғаюы немесе ауқымы кішіреюіне тек өзіңіз ғана себепкер боласыз. Өз ісіңізге өзіңіздің көңіліңіз толсын, сенімді болыңыз.

Әрбір отбасы, әрбір қазақ жетістікке жете берсін деп тілеймін!

Әңгімеңізге рахмет!

Казньюс ақпараттық агенттігі   

                                                                                         

Жаңа есім

Ризабек Жазидолдаұлы: ҚарЛаг қасіреті

Published

on

31 мамыр, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасында өтетін онлайн-байқауға суретші Ризабек Жазидолдаұлы қатысып жатыр.

Ризабек Жазидолдаұлы @rizabek.jazidolda, суретші, 1979 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Көптеген халықаралық көрмелерге қатысқан.


Суретші туындысын «ҚарЛаг қасіреті» деп атаған. Суретті сызу үшін тарихты зерттеп көрген. ҚарЛаг тарихы жетпіс жыл билік құрған кеңестік биліктің зор­лықшыл саясатының қасіретті куәсі және қуғын-сүргін саясаты жүрілген кезде олардың арасында балалар да жапа шеккенін көруге болатынын айтады.

ҚарЛаг қасіреті

Қабырғадағы күннің жарығы түбінде бір қазаққа жарық күннің нұры келеді дегенді білдіреді. Әппақ көгершіндер осында болған адамдарды еске алуға келгендерді, қуыршақтар қамауда балалардың болғанын, олардың «бізді де ала кет» деп тұрғанын байқауға болады. Қағаздан жасалған құстар қамауда болған адамдарды бейнелейді. Ал сол құстардың көлеңкесі арқылы қамаудағы адамдардың тағдыры құс болып ұшқанын көрсеткен.

Туындыдан Сталиннің жоғарыдағы суреті қылышынан қан тамған заманындағы бейнесі мен жерге қарай құлап жатқан Ленинмен Сталиннің суретін байқауға болады. Олардың өздері де, заманы да құрдымға кеткенін көрсетуге тырысқан.

Суреттің жоғыры жағынан «Бізді ұмытпа» деп қанмен жазылған жазуды көруге болады.

Ал, орындық пен гүлдер қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналады.

Continue Reading

Жаңа есім

Стюардесса Гүлденген

Published

on

28 мамыр, Казньюс ақпарат агенттігі. Көкте қалықтаған МИАТ ұшағы. Бортта әрі-берген жүрген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан арулары. Оларға қызыға қарап отырған жолаушылар. Сол аспан арулары арасында Гүлденген есімді бортсерік көзімізге жылы ұшырап, оның сөзі құлағымызға жайлы тиді.

Казньюс ақпарат агенттігінің кезекті қонағы әлемдегі мәртебелі мамандықтың иесі – МИАТ әуе компаниясының бортсерігі Гүлденген Нұрланқызы стюардесса қызметінің қыр-сыры жайлы  айтып берді. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы


Гүлденген Нұрланқызы – отандық МИАТ әуе компаниясының бортсерігі болып жұмыс істеп жүргеніне біраз жыл болған.

Ол Баян-Өлгий аймағында туғанымен балалық шағын Дархан аймағының Шарынгол ауданында өткізген. Шарынгол ауданының жалпы білім беретін мектебін тәмамдап, Моңғолия Ұлттық Университетін Ағылшын және американтану мамандығы бойынша бітірген.

«Бала күнімде стюардесса болуды армандайтынмын. 4 курс студенті жүрген кезімде МИАТ әуе компаниясының бортсерігі атануға мүмкіндік туды. Бір ұстазым МИАТ әуе компаниясы бортсерік қызметкерлерін сыналтады. Бағыңды сынап көрсеңші деп ұсыныс етті. Ұстазымның айтқаны бойынша сынақ тапсырып, аталмыш компанияның бортсерігі атандым.» – дейді Гүлденген.

Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?

Иә, бұл мен үшін әлі күнге дейін есімнен кетпейтін таңғажайып оқиға болды. 2012 жылы мамырдың 14 күні Улаанбаатар – Сеул – Улаанбаатар бағытындағы рейсте алғаш рет бортсерік болып қызмет еттім. Шынымды айтсам басында қатты қобалжыдым. Бірақ бәрі сәтті болды.

Қай бағыт сізге көбірек ұнайды? Неге?

Маған барлық рейстер ұнайды. Бірақ оның ішінде көптеген естеліктер қалдырғандықтан болар Берлин бағыты бойынша ұшу көбірек ұнайды. 

Студент кезімде шетел асып, дамыған елдерге баруды ойламаған кез еді. Мүлдем басқа әлем мен басқа мәдениетті көрдім.

Сонымен қатар, шоппинг жасауға ыңғайлы. 🙂

Гүлденген кейбір айларда 100 сағатын әуеде өткізгенін айтады. Бұл шамамен 10-16 рейс.

Бір ұшақта қанша бортсеріктері жұмыстайды? Неше жасқа дейін стюардесса болып жұмыс істеуге болады?

Компаниямызда Boeing-737, Boeing-767 деген екі лайнерде барлығы 14 бортсерік қызмет көрсетеді. Жас шектеуі жоқ. Қаласа 55 жасқа дейін ұшуға болады.

Kомпания туралы мәліметті www.miat.com сайтынан алуға болады.

Жолаушылардың ең жиі қоятын сұрақтары?

Көптеген сұрақтар қояды. Қанша жылдамдықпен ұшып барады? Құлақ неге бітеледі, не істеймін? Қонатын таяды ма?

Жолаушылардан естігін ең жақсы сөзіңіз?

Ұшақтан түсетін кезде жолаушылардың жүзіне күлкі үйіріліп, жылы тілектерін жолдайды.

Алғашқы рейсімде бір жолаушы «Сіз жаңа бортсерік боларсыз. Жұмысыңызға жақсы баға бердім. Ісіңіз ілгері болсын.» -деп кішкентай қағазға жазып қолыма ұстатты. Бұл қағазды әлі күнге сақтап келемін. Әрине, жаңа бортсерік үшін үлкен ылтипат болды деп ойлаймын.

Бортсеріктер қанша шетел тілін білу керек?

Жұмысқа қабылданған кезде ағылшын тілін белгілі деңгейде білуді талап етеді. Өзім ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлеумен қатар тағы бір тілді үйреніп жатырмын.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Ұшқыштың міндеті ұшақты бір елден екінші елге аман-есен жеткізіп, қондыру болса, бортсеріктердің міндеті жолаушылардың қауіпсіздігі.

Бортсеріктердің жұмысын оңай деп айта алмаймын. Мықты әріптестерімнің ортасында болғандықтан барлық қиындықтары бірге еңсереміз. Кері әсерлерінен жақсы әсерлері мол деуге болады.

Бортсерік – ол апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер ретінде елестетуге болады. 

Сізді жұмыстан тыс уақытта қайдан табуға болады?

Жұмыс көп, бос уақыт аз болады. Жұмыстан тыс уақытта көптеген шаруаларға үлгеруді ойлаймын. Отбасы, достарымның қасында боламын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, достарымнан және әріптестерімнен аламын.

Түсіңізге ұшақ кіре ма?

Алғаш ұша бастаған кезімде түсіме жиі кіретін. 🙂

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стюардесса болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

Мүмкіндігімше заман ағымына сай өмір сүруді қалаймын. Алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбектенсе бағынбайтын белес болмайды дегенге сенемін. Бортсеріктеріне қойылатын басты талаптардың бірі – денсаулық. Сондықтан басынан спортпен шұғылданып, денсаулыққа аса мән беру керек деп кеңес беремін.

Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

Дүниежүзі бойынша қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатырмыз. «Денсаулық – зор байлық» – дейді дана халқымыз. Барлығыңызға тек зор денсаулық тілеймін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Дәуренгүл Ғалымбекқызы – Шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызмет атқару жайында

Published

on

22 сәуір, Kaznews. Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?

Дәуренгүл Ғалымбекқызы, туған жылы 1982, туған жері – Моңғолия Хэнтий аймағы. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін Заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

«Мариса Киндер» компаниясының директоры. @daurengul

Өзі және отбасы туралы

Менің руым Жантекей-Базарқұл (Елеш сәуегейдің тұқымы) Ғалымбекқызы Дәуренгүл боламын. Нағашы жұртым Молқы(Қошақ). Ата-анам Бұлғынның тумалары. Жұбайым Мұхит Ромұлы. Мамандығы Заңгер, Моңғолияның Конституциялық сот (Конституцияның үстінен қарауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган), Басқару академиясында қызмет атқарады.

Мамандық таңдау жөнінде

Ата-анам ауылшаруашылығы саласында бизнес жасайтын. Ата-анамның нұсқауы бойынша Ауылшаруашылық университетіне түстім. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық университетінен Заңгер мамандығын оқып әке аманатын орындап ойдағыдай тәмамдадым.

Әкеміз менi бірінші курске келген жылы дүниеден өтіп, отбасымыздың жағдайына ауыртпашылық түсті. 0-15 жасар алты баланы тәрбиелеп бағу міндет анамызға жүктелді. Мен үйдің үлкені болғандықтан жақсы оқуым керек екенін түсініп, бірнеше шетелдік оқу гранттарына сынақ тапсырдым.

Шетелге оқу гранттары жөнінде

1998 жылы Венгрия мен Жапония тарапынан жариялаған екі грантқа сынақ тапсырдым. Жеңіп алдым. Бірақ ай сайынғы шығындар 100 пайыз грант есебінен төленбейтін болған соң одан бас тарттым.

2000 жылы Ауыл шаруашылық университетіміз Германия Федератив Республикасының Бавария елімен ауыл шаруашылық жөнінде ынтымақтастық жасаcып, алғашқы жылы 20 студентке неміс тілі үйретілетін болды. Әр факультеттен оқу үлгерімі жақсы бес бала таңдалып алынған кезде бағым жанып солардың қатарында болдым. Бакалавр алған студенттер шетелге магистрге түсуге болады деген соң диплом жазып, оны қорғап 2001 жылы, 3 жыл жарым мерзімде Ауыл шаруашылық университетті бітірдім.

19 жасқа жетер жетпестен Германияның жоғарғы оқу орынына оқуды бастадым.

Германияда оқыған кездегі виза, баспана, ай сайынғы шығындар туралы

Бәрі грант есебінен төленді. Бавария Үкiметi 100 пайыз грантын 10 ай бердi. Сонан DAAD халықаралық ұйымының стипендиясын 12 ай бойы алдым. Стипендия алу үшін біраз сынақ тапсырдым. Және оқу бітірген соң 6 ай бойы айлық алып университетке келесі келген Моңғолия студенттеріне Ассистент мұғалім болып қызмет атқардым.

«Алма піс аузыма түс» демей үнемі іздену үстінде, кәсіби тұрғыда жетілу жолында еңбектендім деп айтуға болады.

40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. 

Неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы

Сағат ұстауды, күнделік шаруаны пландауды және жауапкершілікті үйрендім. 40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. Олар әр шаруасын секундге бөліп жоспарлайды. Ғажап. 🙂 Өміріме көптеген пайдасын әкелді деуге болады.

Жұмысқа орналасуы жайында

Елге оралған соң тек тіл білудің пайдасы мамандығымнан кем түспейтіндей менің еңсемді көтерді. Артқы есікпен, тамыр таныспен жұмысқа тұратын кезде маған жұмыс орын өзі табылып тұрды.

Алғаш Ауылшаруашылық университеттен жұмыс орын берді. Бірақ айлығы аз. Бес бауырымның оқуына көмектесуім керек. Сондықтан үкіметтік емес айлығы жоғары ұйымдарға анкета толтырып бергенімде JICA Халықаралық ұйымы жұмысқа қабылдады. Мұнда фермер құру және малдың өнімін арттыру мақсатындағы екі жобада жұмыстадым.

Кейін UNDP, UNFPA, USAID, The Asia Foundation, MSF сияқты халықаралық ұйымдарда гуманитарлық (жастарды дамыту, жендер, лидершип), медицина (туберкулез), білім (civil education, ecological education), заң (коррупция), экономика (банк) саласында қызмет атқардым.

Қазіргі қызметі

2004 жылдан бері Ауылшаруашылық университетінің студенттеріне неміс тілін үйретуді бастадық. Бұл жұмыстың мақсаты өзімнің магистр бітірген Вайнштефан Университетіне студенттерді магистр оқуына жіберу. Жыл сайын 20 студентті дайындаймыз. Олардан 5-і магистр, 15-і практика істеуге барады.

Қазір пандемияға байланысты қызметіміз онлайн режимде жүрілуде. Балалардың біліміне үлес қосу үшін 2019 жылдан еуропа стандарты бойынша «Мариса» деп аталатын оқу орталығын, неміс тілін үйрететін «Шатц Шпрахцентрум» орталығын жұмыстатып келеміз.

Партнерім бар. Ол Ph.D Б.Нямгэрэл ханым. Ынтымақтастығымыз 17 жылға жалғасып келеді.

Адамға білім беру дегенің ерекше ақ жолды жұмыс деп ойлаймын.

Жастарға берер кеңесі

Бұл сәтте Абай атамыз «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» -деп айтып кетті.

Ал, шәкірттерім арасында бірде-бір қазақ студенті жоқ. Оларға айтарым бойды бекер босқа салмаңдар дегім келеді. Уақытты құр өткізбей ізденісте болса, өмірге деген планды кеңінен жасаса мүмкіндіктер толып жатыр.

Жастар шетелде оқуға көп қаражат кетеді деп ойлайтын шығар. Бірақ Германияда оқу ақылы емес мысалы. Ағылшын тілінен өзге неміс тілінде үйренсе деген тілегім бар.

Визамен еуропаның 37 еліне баруға болса, неміс тілімен жоқ дегенде 9 елде сөйлеуге болады.

Қазақылықты сақтаған

Ата-анам ресейде білім алған. Қазағы аз өлкеде туып өссек те үйде тек ғана қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Өзге тілде сөйлесек штраф алатынбыз. Анамыз үнемі қазақша кітап оқып, жазу үйрететін. Қазақтың ұлы сөзі “Еңкейгенге еңкей, Атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес.” – дегенді тек ғана кішпейілдік сыйластық емес “өзіңді өзің бағалай біл” деген мағынада түсінемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Сағым Бейбітшілікқызы – «Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

Published

on

17 наурыз, KAZNEWS. Моңғолия қазақ эстрадасының танымал әншісі, Моңғолия Мәдениетінің озат қызметкері, Баян-Өлгий аймағы әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы Сағым Бейбітшілікқызының Казньюс ақпарат агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Сұхбаттан танымал әншінің өмірі, іскерлігі, алдағы шығармашылық жоспарлары туралы білетін боласыздар.

Сағым Бейбітшілікқызы Моңғолияның Өнер университетін ән-музыка пәні оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистр. Алғашқы еңбек жолын Улаанбаатар қаласындағы Моңғолияның ұлттық қоғамдық радио, телевизиясының қазақ тілінде хабар тарату бөлімінде бастаған. Қобда университетінің аймағымыздағы филиалында хор, музыка бағытында дәрістер беріп, студенттерге теориялық және практикалық сабақтар үйретіп, алғашқы шәкірттерін өнер жолына тәрбиелеген.

Мекенжайы: Монғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: Аймақ әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы
Әлеуметтік парақшаcы: Sagimko Byebit (FB)

САҒЫМ ӘНШІ БОЛУДЫ БАЛА КЕЗДЕН АРМАНДАДЫҢЫЗ БА?

Баян-Өлгий аймағының іргелі сұмындарының бірі Бұлғын өлкесінде 1989 жылы дүние есігін ашыппын. Бұл өлкеде елімізге және әлем қазақтарына танымал ақын, жазушылар, палуандар, қоғам қайраткерлерімен қатар әнші, күйші өнер саңлақтары дүниеге келген. Туған жерімнің табиғаты аса көркем, Алтай тауларының оңтүстік сілемінде орналасқан, Моңғолия қазақтары ертеден мекендеген құт өлкелерінің бірі. Ақын, жазушы Кәкей Жаңжұңұлы, Зұқай Шәріпақынұлы, Абай Мауқараұлы, Сәтей Нұртазаұлы, ақын әрі сазгер Ясира Заханқызы тәрізді көптеген дарынды тұлғалардың мекенінде дүниеге келгеніме мақтанамын.

Бала кезімнен-ақ бұла Бұлғынның табиғатына етене жақын болып, аяулы атам Шыңғышбайұлы Шікә, әжем Бегімханқызы Сайландардың тәрбиесінде өсіп, халық өнерімен жан-жақты танысып, қазақ мәдениетінің керемет туындыларын көзбен көріп, көкейме тоқып өстім. Әкем Бейбітшілік, аяулы анам Майралар менің өнерге бейімділігімді ертеден аңғарып, әнші болу арманымды қанаттандырып, бар мүмкіндіктерін жасады. Домбыра, гитара, портепиано тәрізді музыка аспаптарын алып беріп, көптеген әншілердің күйтабақтары мен үнтаспаларын сыйлап, осы жолды таңдауыма бағдаршы болды.

Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Ұлықпан Жолдасов, Алтынай Жорабаевалардың туындыларын тыңдап өстім.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫҢЫЗДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР?

Шығармашылығымдағы басты жаңалық – қазақтың халық әуендерін технология жетістіктеріне сәйкестіріп, әлемге танытудағы қадамдарым деп ойлаймын. Сондай-ақ эстрадалық заманауи туындыларды тыңдарман қауымның сұранысына сәйкес әзірлеудеміз.

Жеке шығармашылық бағытта университет табалдырығын аттаған 1-курстан бастап, бірнеше жобаларда жұмыстап, өзімнің жеке концерттер легін ұйымдастырдым. Сонымен қатар Моңғолиядағы Казақстан Республикасы елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының “Бәйтерек” ансамблінде әнші және прима қобызшы болдым. Сол кезден ақ жаңа туындыларымды шығара бастадым.

«БАЙ-ӨЛКЕ АЛТЫН БЕСІГІМ» ӘНІ КӨПКЕ ТАНЫМАЛ БОЛДЫ. БЕЙНЕБАЯН ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРСЕҢІЗ?

-Бұл ән осы өлкеде екі ғасырға жуық мекен еткен Моңғолия қазақтарының туған жеріне деген сүйіспеншілігінен туған ән деп ойлаймын. Әннің сөзін жазған танымал ақын Қуатхан Шәріпұлы, әуенін жазған белгілі сазгер, әнші Ұшқын Жамалбек, бейнебаянды түсіруге көмектескен асыл жарым Есенкелді және «Ағайын» фотостудиясы ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін.

Бейнебаян түсірген кезде аймағымыздың әр өңірінде болып, олардың мәдени салт дәстүрі және тұрмыс тіршіліктерімен танысып, табиғат аясындағы көркем жерлерін аралап, ең қолайлы сәттерді пайдалана отырып, оның сапалы шығуына ерекше назар аудардық. Соның нәтижесінде көпке танымал туынды болды деп ойлаймын.

ӘН ҚОРЖЫНЫҢЫЗДА ҚАНША ӘН БАР? ҚАНДАЙ САЗГЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙСЫЗ?

Менің шығармашылық қорымда қазір 300-ге жуық туынды болса да, жартысы әлі тыңдарман қауымға жете берген жоқ. Соның ішінде аймағымыздың Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы Музыка және драма театрының қазақ халық ұлт аспаптары оркестрінің сүймелдеуінде өзім сүйіп орындайтын «ГауҺартас», «Екі жирен», «Ақау керім», «Бұлбұл» қатарлы халық әндері бар. Сондай-ақ ағылшын, орыс, моңгол, түрік тілдерінде эстрадалық жанрдағы әндерді орындағанды ұнатамын.

Жеке репертуарымда осы өңір қазақтарының төл туындысы 45-ке жуық әндерімен қатар Ясира Заханқызы, Ұшқын Жамалбек, Бержан Файзолла, Жанболат Сәтейұлы және тағы басқа да сазгерлердің шығармалары бар.

СІЗДІҢ ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің өмірлік ұстанымым -“адам болып келдім өмірге, адам болып кеткім келеді”

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазір еліміздің Мәдениет министрлігінен өнер саласындағы ұстанымдар мен аймақ Әкімі бағдарламасы төңірегінде атқарылатын мәдени әлеуметтік шараларда жүзеге асыру, мәдени орталықтардың жұмысын заманауи талапқа сай жаңғырту, жас өнер майталмандарын тәрбиелеу мен мұражай, кітапхана қызметін әлемдік стандарт талабына сай дамыту бағытында жұмыстар атқарудамын. Сонымен бірге атажұрттағы өнер туындыларын туған өлкемізде насихаттаумен қатар өнер қайраткерлерімен бірлесіп жұмыстауды қолға алмақпын.

ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАЙСЫЗ?

Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы заман талабына сай электрондық үлгідегі жоспарлау стандартына көшкендіктен жыл, мезгіл, айлармен жоспарлап, берілген тапсырма мен ақпаратты дәл уақытында орындау мен жеткізу болып табылады. Осы талап деңгейінде жұмысымды әр күнге сай жоспарлап, оның орындалуын үнемі қадағалап қортындылап отырамын. Соның нәтижесінде өнер саласында көптеген жұмыстар нәтижелі болды.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің ең қолданатын жұмыс құралым компьютер мен бірнеше музыкалық аспаптар.

СІЗШЕ УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Жұмысты дұрыс жоспарлау.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Атқарылатын істерді өзімнің жеке белгілеуіме жазып, ресми іс шараларды арнайы талап бойынша іс қағаздық үлгіде жүргіземін.

ҚЫЗМЕТІҢІЗДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Менің жұмысымның негізгі ерекшелігі – мәдени, әлеуметтік іс шараларды маман тарапынан ұйымдастыру, қадағалау, іс нәтижесін қортындылау, жұмыс әдістемесімен қамтамасыз ету мен осы саланың тұрақты даму саясатын дұрыс жолға қою болып табылады. Оң әсері – адамдармен тікелей қарым-қатынаста, етене бірге жұмыстау, тұрақты ақпарат алмасу. Ал кері әсеріне келер болсақ, қат-қабат мәдени іс шаралар бірге өткізілген кезде уақыттың тым тапшылығы, яғни жүктеменің көптігі болмақ.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Адамдармен тіл табысудағы этикалық нормаларды сақтай білумен қатар ұйымдастырушылық қабілетім деп ойлаймын.

Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Әрине, оқимын. Моңғолия жазушылары Д.Нацагдорж, Ч. Лодойдамба, Б. Ренчин, Ц. Дамдинсүрэн туындыларымен қатар қазақ халқының әйгілі ақын жазушылары Абай Құнанбайұлы, М.Мұқағали, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағали, Сәкен Жүніс, Мұхтар Мағауин, Фариза Онғарсындардың шығармаларын сүйіп оқимын. Қазір Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Ақ көңіл, ашық жарқын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Классикалық әуендерді көп тыңдаймын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Отбасы, ыстық ұямнан.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Ата-анамнан, отбасымнан және өнерден күш-қуат аламын.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Менің өмірден алған ең жақсы ғибратым Абай атам сөзімен айтқанда: “Әнді сүйсең менше сүй!”. Өнер тілімен айтқанда: “Ән көңілдің ажары. Өз пайымдауым бойынша “Өнерсіз өмір – өмір емес” деген прагматикалық тұжырым. Осылардың қай-қайсысы да менің болмысымды анықтайды деп ойлаймын.

ЖАС ӘНШІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әрине, “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” деп Абай атамыз айтқандай қазіргі заманда ән де, әнші де көбейген шақ. Бірақ менің ең негізгі қағидам – жалғандықтан аулақ болу. Фонограмма арқылы жалған ән айтқаннан айтпай адал жүрген баяғыда артық. Бұл туралы арнайы заң қабылданғанын құптаймын.

Халық өнерін өзінің қаз қалпында, боямасыз, әсірелеусіз жалғастыруға тиіс. Жас әншілер соған ат салысса, өнер әлеміндегі жадағайлықтан бас тартып, халықтық болмысты сақтай білсе, сонымен бірге өнер этикасын меңгерсе деген жүрекжарды кеңесімді айтқым келеді.

Еліміздің ұланғайыр даласындай өнері де әр алуан болуымен қатар жас өнерлі қауымнан ізденісті, білімділікті талап етеді. Тек «әнші боламын» демей, білімді де сауатты, ізгілікті, ұлтжанды, парасатты, ұлт өнерін қастерлеуші әншілер болуын кеңес етемін.

«Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

АЛДЫМЫЗДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ «НАУРЫЗ» МЕЙРАМЫ КЕЛЕ ЖАТЫР. ЕЛГЕ АЙТАР ТІЛЕГІҢІЗ…

Наурыз халқымыздың ұлттық төл мерекесі. “Самарханның көк тасы еріген күн” дейтін бұл мереке қазақ халқына жақсылық, тыныштық, береке, бірлік әкелсін деп тілеймін. Мынау әлемді жайлаған індет жойылып, халқымыз бейбіт те тыныш, жарқын да жақсы өмір сүруіне зор тілектестік білдіремін. Ұлыс оң, ақ мол болып, пәле қала жерге еніп, Алтайдан Атырауға дейінгі сахара даламыз жақсылыққа толып, халқымыздың өнер ордалары өзінің қалыпты қызметтерін атқарып, рухани жаңғырудағы ұлы мақсаттарына жете бергей!

Continue Reading

Басты назарда