Connect with us

Іскер азамат

Мен қалай жұмыс жасаймын? Косметикалық хирург Жанболат Тілеубекұлы

Published

on

Қазіргі уақытта еліміздегі хирургия саласы, оның ішінде косметикалық хирургия жақсы дамып келеді. Мамандарымыз кез келген шетелдік хирургпен тең деңгейде деп ауыз толтырып айта аламыз. Олардың бірі және бірегейі Жанболат Тілеубекұлы.

Ол Медицина академиясының стоматология факультетін бітірген соң арман жетегінде жүріп, косметикалық ота бағытында білім алып, тәжірибе жинақтап 2015 жылы «Принцесс» атты жеке ауруханасын ашқан.

Біз бүгін, Kaznews ақпараттық агенттігінің «Мен кәсіпкермін» жобасының кезекті қонағына «Принцесс» ауруханасының негізін қалаушы, косметикалық хирург Жанболат Тілеубекұлын шақырып отырмыз.

Жанболат Тілеубекұлы: Үнемі, тұрақты ізден, кітап оқы, кез келген нәрсені шынайы көңіліңмен істесең, жетістік саған өзі келеді.

Мекенжайы: Моңғолия, Ұланбатыр қаласы, Баянгол ауданы, 5- ауылжай, Си Ай Ти орталығы, 3-қабат

Жұмыс орны мен лауазымы: «Арумед» компаниясы директоры, «Принцесс» ауруханасының бас дәрігері

Әлеуметтік желіде: FB Janbolat Danko Tileubek

Ұялы телефоны:   iPhone 7

Қолданатын компьютері: Dell

Сіз жұмысыңызды қандай тәсілмен жүргізесіз? Жұмыс күніңіз қалай өтеді?

–  Мен таңғы жеті сағатта тұрып, балаларымды мектеп пен балабақшаға жеткізген соң жұмысқа келемін. Жұмыс таңертең 09:00 сағаттан басталады. Келе салысымен өткен күндері ота жасалған адамдарды қарап, қаралуға келген адамдарды көріп бола сала, операция жасауға кірісемін. Бізде күніне 2-4 адам ота жасатады. 16-17 сағат аралығында азаматтарды қабылдайтындықтан отадан шыға салып, келгендерді көріп, екпе жасататындарды қабылдаймыз. Ота көп істелетін күндері дәрігерлік бақылау жүргізе алмайтындықтан кейде сенбі күндері де ауруханада боламын. Бір отаға 2-3 сағат жұмсалатындықтан басқа ауруханалар сияқты көп адам қабылдай алмай қаламыз. Бұл біздің мамандықтың бір ерекшелігі болса керек.

Ең көп қолданатын және жақсы көретін аппликейшнді /бағдарламалар/ атасаңыз?

– Әрине компьютердегі күнделікті қоланыстағы бағдарламалар. Сосын Mplus пен what3words аппликейшндерін тұрақты қолданамын.

Сіз үшін уақыт үнемдеудің ұтымды тәсілі?

 – Жұмысты жақсы жоспарлау, алдын ала уақыт белгілеу.

Атқарылатын жұмыстар тізімін қалай жасап, қайтіп белгілейсіз?

– Жасалатын оталар жоспарланып қойылатындықтан сол жоспарға сәйкес менің жұмыс сағатым реттеледі. Ал жеке мәселелерге қатысты дүниелерді менежер дәптерге жазып қояды.

Сіз нені істеуге шеберсіз?

Біздің жұмысымыздың еркешелігі – сау адамдардың өз ықтиярымен келіп,  денесіне пышақ тигізуінде. Тәуекелділік басым, адамның денсаулығы және әдемілігімен «айналысатындықтан» келген адамдардың сенімі мен үмітін ақтап, жақсы нәтижеге жету үшін өзіңнің бар күшіңді жұмсап, үнемі біліктілігіңді арттырып, жинақтаған аздаған тәжірибеңді пайдалананып, өз ісіңнің «шебері» болуға ұмтылу.

Жұмысыңыздың артықшылығы неде? Жақсы, жаман және қиын тұстары?

Біздің аурухана – косметикалық ота жасайтын аурухана. Мен Медицина академиясының стоматология факультетін бітірген соң арман жетегінде жүріп, косметикалық ота бағытында білім алып, «Төгс ялгуун» ауруханасында 9 жыл тәжірибе жинақтағаннан кейін 2015 жылы «Принцесс» атты жеке аурухана аштым. Біздің аурухана мұрын пішінін түзеу отасы, көзді қатпарлы ету,  қабақ және көз астын түзеу,  дененің майын сорғызу, бет әлпетін жөндеу қатарлы косметикалық операциялар жасайды.

Менің мамандығым жақсы жағы не десеңіз,  ол адамдарға сұлулық сыйлап, олардың өзі қалаған келбетті болуына көмектесу. Даяшылық жасатушылардың өзіне деген сенімі оянып, кемшін тұстарын түзеп., бақытты сезінуін бөлісу мен үшін үлкен мақтаныш әрі қуаныш. Адамдар отаның сәтті болуына көңілі толып, «әдемі болды», «рақмет» деп маған қараған сәтінен ерекше күш-қуат алып, ынталанып,  үлкен ұмтылыс пайда болады.

Ал енді қиындығы – ешқандай сырқаты жоқ, сау келген адамды ота жасау кезінде   қандай бір қауіп – қатерге ұрындырып аламын ба,  операция сәтінде немесе одан кейін қолайсыз жағдай болып қалмаса екен, көңілі толатын деңгейде  жасай аламын ба деп үнемі уайымдап жүру.

Адамдардың келбеті  әрқалай, олардың дене бітімі, қалауы, мінезі, тәрбиесі әртүрлі болатындықтан барлығының ойлағандарындай нәтижеге жету өте қиынға соғады. Қазір кейбір адамдар ертегідегідей нәрсеге қол жеткізгісі келеді. Ойлағаны ертегі болғандықтан сондай нәтиже күтетін де бірен-саран азаматтар кезігіп жатады. Әрине, ешқандай тәуекелсіз жұмыс та болмайтыны белгілі. Сондықтан да тәуекелге барып, қисығын түзеп, кемін толтыратындай білімді де білікті болып, адамдармен жақсы тіл табыса білу маңызды деп ойлаймын.

Кореяның косметикалық хирургия саласындағы ең ірі клиникаларының бірі JW Plastic Surgery Center –мен ынтымақтастықта жұмыстап келеміз.

Дәл қазір қандай іспен айналысып жатырсыз?  Қысқа мерзімдегі жоспарыңыз?

Бізге басқа ауруханаларда жасатқан отасы сәтсіз болған адамдар көп келеді. Бірақ оның нәтижесі алғашқы жасаған кездегідей болмайтын (отаның жасалу тәсілі, қалған тыртық дегендей) жағдай көп кездеседі. Қайталап ота жасау үшін өте жақсы маманданған болу шарт. Сондықтан адамның жанын екінші рет жаралайтындай нашар нәтиже шығаруға еш болмайды. Маған сеніп, жағдайын түзетуге келгендердің отасын қайтіп болса да көңілінен шығатындай етіп жасауға бар күшімді саламын.  Үнемі ізденіс үстінде болып, кітап оқып, кәсіптес шетелдік дәрігерлерден кеңес алып отырамын. Сол үшін де 2016 жылдан бастап Кореяның косметикалық хирургия саласындағы ең ірі клиникаларының бірі JW Plastic Surgery Center –мен ынтымақтастықта жұмыстап келеміз. Өзара ынтымақтастық аясында жылына 2-3 рет өзім және клиникамыздың өзге дәрігерлері, медсестралармен бірге барып тұрақты тәжірибе алмасып тұрамыз.

Жуықта АҚШ-тың білікті дәрігерлерімен кездесіп, ауруханаларына барып, ота жасау процесін көріп, мұрын операциясы жайлы кітаптарын аударып, өз игілігіме жаратпақ ойдамын. Біздерден кейінгі буын дәрігерлер қажетіне пайдаланатын кітап бастырып шығару жолында еңбектенудемін.

Сіз қаншалықты оқисыз? Қазір қандай кітап немесе мақала оқып жатырсыз?

«Дәрігер өмір бойы оқиды» деген шындық. Кітап қарамайтын дәрігер жоқ болар. Әсіресе, біздің мамандықдықтың техникасы, әдіс-тәсілдері тұрақты өзгеріп отыратындықтан жетістікке жетемін десеңіз, үнемі оқып-үйреніп, зерттеп отыру қажет. Кітап оқымай өткізетін күнім жоқ. Операция ортасында және оған дейін, көлік кептелісі кезінде, отбасыммен таза ауаға серуендегенде де қолымнан кітап түспейді. Қазір АҚШ-тың мұрын пластикалық отасының  жақсы дәрігерлерінің бірі Bahman Guyuron-ның Rhinoplasty атты кітабын оқудамын.

Жұмыс кезінде музыка тыңдайсыз ба? Қандай жанрдағы музыкалар ұнайды?

Ота жасау кезінде үнемі музыка тыңдаймын. Лирикалық, поп, авторлық әндерді жақсы көремін. Егер жақсы шығарма болса, қандай жанрда болсын тыңдай беремін.

Мінезіңіз ашық па, әлде тұйық па? Ол жұмысыңызға қалай әсер етеді?

Мен өзімді ашықпын деп ойлаймын. Кез келген жағдайда адамдармен тіл табыса аламын. Адамдарды ешқашан алалап көрген емеспін. Кез келген адамды баурай алатын қасиетім менің жұмысымның ілгері басуына көп септігін тигізеді.

Демалатын уақытыңыз?

Мүмкіндігінше ерте жатуға тырыссам да, кітап оқып немесе балалармен ойнап жүргенде түнгі 23:00-00:00 сағат болып кетеді. Таңғы 07:00 – 07:30 аралығында тұрамын.

Жұмыста жоқ кезде сізді қайдан табуға болады?

Демалыс күндері отбасыммен таза ауаға шығуға тырысамын. Ерекше бір шаруам болмаса, қаланың түтінінен алыс кетіп қаламын. Жұмыс күндері қол босағанда бассейн шомылып, фитнеспен шұғылданамын.

Сіз кімнен, неден күш- қуат аласыз?

Отбасым, ата-анам, ағайын-туыстарым аман, бала –шағам дені сау, бақытты болса, қөңіл күйім де жақсы болып, алаңсыз жұмысымды істей беремін. Балаларымның сыңғырлаған күлкісі мені шексіз бақытқа бөлейді. Сондай-ақ даяшылық жасатушылардың алғыс сөздерінен жаным жадырап, жігер, қайратым артады.

Өміріңізде алған ең жақсы ғибратыңыз?

Ата-анамның «адамның күні адаммен», «жұмысыңды шынайы қөңіліңмен істе» деп айтқан ақылдарын үнемі есімде сақтап жүремін.

Жас мамандарға қандай кеңес бересіз?

Үнемі, тұрақты ізден, кітап оқы, кез келген нәрсені шынайы көңіліңмен істесең, жетістік саған өзі келеді дегенді айтқым келеді.

Kaznews.mn -дегі бұл жобаға кімді қонақ етіп, оқырман қауымға тәжірибесімен бөлісуге ұсынасыз?

“Жақсы сөз жарыс ырысы” – деген халқымыз. Елімізде жақсы жетістікке жетіп жүрген дәрі-дәрмек саласының үздік маманы, К.Ерік (Yerik Ka) ті ұсыныс етемін.

Сұхбатыңызға рахмет!

Авторлық құқықтар сақталған.

Іскер азамат

Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

Published

on

МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ІСТЕЙМІНТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

Kaznews.mn ақпараттық порталының кезекті қонағы доктор, профессор Танайұлы Ертай.

Ол, 2009-2010 жылы Орегон штатындағы Портленд мемлекеттік университетін бакалавр, 2010-2012 жылы магистр дәрежесімен бітірген. Охио штатындағы Кент мемлекеттік университетінен докторантурада оқып, PhD дәрежесін 2016 жылы қорғаған.

2017 жылдан бері Фресно қаласындағы Калифорния мемлекеттік унивеситетінде академик профессор болып жұмыс істейді.

Мекенжайы: АҚШ Калифорния штаты, Фресно қаласы

Қызметі:  Калифорния мемлекеттік университетінің Операциялық талдау, математикалық үлгілеу профессоры

Қолданатын ұялы телефоны: OnePlus
Пайдаланатын компьютері:  MacBook Pro, Surface Book

Әлеуметтік парақшалары: Twitter @ertaytanay

АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.

2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым.  Бір қызығы сол,  магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда,  PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.

СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.

ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту.  Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп,  қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.

Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.

Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Көп уақытымды  университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында  дәріс беретін адамдармен  Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған  жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.

Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы  – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.

Continue Reading

Іскер азамат

Бруней Даруссаламдағы инженер – Ерғұлан Озатұлы

Published

on

МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ІСТЕЙМІН?–ОЗАТҰЛЫ ЕРҒҰЛАН

Біздің бүгінгі қонағымыз – Бруней Даруссалам еліндегі “Temburong bridge” жобасындағы кореялық ”DAELIM” компаниясында, кейін Қытайлық “China state construction” компаниясында геодезия инженері қызметін атқарып жүрген Озатұлы Ерғұлан.

Ол, 1993 жылы дүниеге келген. 2011 жылы Өлгий қалалық «Бастама» орта мектебін бітірген.

Мекенжайы: Бруней Даруссалам сұлтандығы

Қызметі:  Геодезия бойынша бас инженері
Қолданатын ұялы телефоны:  Iphone 7 plus
Пайдаланатын компьютері:  Toshiba
Әлеуметтік парақшалары: Facebook (Erka Ozat)

БРУНЕЙ ДАРУССАЛАМ СҰЛТАНДЫҒЫНА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2015 жылы ҚХР-дың Шан Донг өлкесі, Шинг Дао қаласының Шан Донг техникалық университетін геодезиялық инженер мамандығымен бітірдім. Сол жылы Ұланбатыр қаласында халықаралық әуежәй құрылысынан инженерлік жүйе бағытында геодезиялық инженер болып жұмысымды бастадым. Бұл менің алғашқы инженерлік қызметім болды. Бұл жобада көптеген елдердің компаниялары жұмыс атқарды. Сонда бірге жұмыс жасаған кореялық инженерлер Бруней Даруссалам еліндегі “Temburong bridge” жобасына жұмыстауға ұсыныс білдірді. Кореялық ”DAELIM” компаниясы ол кезде жобаның көмекші компаниясы болатын. Мұнда 1 жыл геодезия инженері болып жұмыс жасадым. Жобаның жартысын осы кореялық компания бітірді. Олардың белігенген жұмысы аяқталып, бұдан кейін негізгі атқарушы компания Қытайлық “China state construction” мені сол жобада қалып жұмыстауға шақырды. Бұл компания әлемдегі ең ірі 10 компанияның бірі. Негізгі жұмысқа шақырған себеп осы жобада жұмыстаған тәжірибе мен  қатар қытай тілін білуім болды. Қазір бұл компанияда жобаның геодезиялық бас инженері болып жұмыс жасаймын. Жоба бойынша теңіз үстінен 30 шақырымдық көпір салынады. Қазір құрылыс жұмысының 87%-ы  атқарылды.  Алдағы жылдың соңында бұл жобаны аяқтаймыз.

Қытайлық “China state construction” әлемдегі ең ірі 10 компанияның бірі. Негізгі жұмысқа шақырған себеп осы жобада жұмыстаған тәжірибе мен  қатар қытай тілін білуім болды.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ?

Қазіргі таңда біздер әрбір істі қиындата беретін жайымыз бар. Әр нәрсені күрделендірген сайын ол жұмыс аяқсыз қала береді. Сондықтан, ең бастысы, жұмысты өз уақытында бастаған жөн.  Қандай бір атқарылатын істі не үшін қалай  істеп жатқаныңды ұғыну керек. Әрекет етсеңіз болғаны жұмыс барысында нені жетілдіріп, қиындатпай қарапайым, жеңіл тәсілдермен істеуге болатыныңызға өзіңіз-ақ көз жеткізесіз. «Көз-қорқақ, қол-батыр» деп, кез келген істі істемей жатып, ауырлатпай, әрекет жасасаңыз жұмыс нәтижелі болады. Үрей мен қорқыныш сейіліп, жұмысқа деген ынтам артады. Менің тәсілім осы.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Таңғы сағат 6-да тұрамын. Бізде жұмыс 07:30-да басталады. Жұмысқа барардан бұрын менде 30 минут «Кайдзен тайм» болады. Мұнда сол күнгі атқарылатын жұмыстарды жоспарлап, қалай қашан атқаруды елеп-екшеп, сол күнді жоспар бойынша өткізуге тырысамын. Яғни, қашан қандай жұмыстар бар,  сонымен қатар жеке бастың дамуына байланысты бүгін не істеймін дегендей осының бәрін сол таңғы «Кайдзен тайм»-да ретке келтіремін.

«Кайдзен» әдісі арқылы адам күнделікті әрбір бір минутын қандайда бір іспен шұғылдануға жұмсайды. Бір минут – бұл тым аз уақыт болып көрінуі мүмкін, бірақ өзіңізге ыңғайлы және оңай жұмыстар тез әрі сапалы орындауға көмегін тигізеді.

Бұл қағида бойыңызда болса, сылтау айту сіздің қасиетіңізден аулақ болады. Тіпті жарты сағат ішінде бітіре алмаған немесе сол уақыт ішінде ала алмаған тыныштықты сізге «кайдзен» әдісі яғни «бір минут» бітіріп береді әрі тыныштықты да сыйлай алады.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН, ПАЙДАЛАНУҒА ҚҰШТАР ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ ҚҰРАЛ, БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

GPS- Hi Target, Leica TS-09 plus total station құралы және де DJI Phantom 4RTK маркалы дронын соңғы уақытта көп пайдаланамын. Жұмыс жағдайына сәйкес геодезия нүктесін анықтауда, жерді өлшегенде, аумақтың жағдайын бақылауда, теңіздің үстінде дронды көп қолданамыз. Ал, ең көп пайдаланатын бағдарламамыз әрине We chat, QQ.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

Бізде жұмыс уақытының жартысы кеңседе, жартысы жоба алаңында өтеді. Кеңседе барлық инженерлер, басшылар барлығымыз бір үлкен орталықта отырамыз. Ол бір-бірімізбен тығыз байланыста болып, ашық жұмыс жүргізуге қолайлы. Бізде жеке-жеке кеңседе тығылып жұмыс жүргізу  деген болмайды.

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Әрбір істі өз уақытында атқара білу, сонымен қатар берілген жұмысты үздіксіз бір қалыпта жасау, тұрақтылық өте маңызды. Жалпы айналадағы әрбір құбылыс немесе іс қарапайым болады деп көремін.  Мұны адамзат өзіміз қиындатып алатынымыз болмаса. Жоғарыда айтылғандай «Кайдзен тайм» әрбір бір минутты үнемдеуге көмектесе алады.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Тізімдерді Trello бағдарламасы арқылы басқарамын. Мұнда Things To DO, Doing, Done деген 3 топ бар. Олардың әр қайсысын әр түрлі түстермен белгілеп қоямыз. Осы арқылы күнделікті істерді ғана емес айлық, жылдық жұмыстарды жоспарлап, сол арқылы белгілеген межеге жетуге тырысамыз.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Геодезия мамандығы өзіндік ерекшеліктері көп. Бұл өлшеу деген негізгі қарапайым ұғымды береді. Мұндай маманды адам инфрақұрылым саласындағы барлық жақты жұмысты атқара алады. Мұнда құрылыс, жол, көпір, электрикалық желілер, жобасында да жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Яғни геодезия жердің пішіні мен мөлшерін қабылданған координаттар жүйесінде нүктелер орнын анықтаудың әдістері мен тәсілдерін зерттейтін, жер бетіндегі өлшемдерді жүргізетін жер туралы ғылымның бір саласы. Геодезия ғылымы картографиялық және топографиялық әдістермен пландық және биіктік координаталардан құралады. Қазіргі уақытта мұхит, теңіздердің астындағы байлық, жобаларды меңгеру үшін олардың жағаларын, түбін зерттеу жұмыстарын геодезия арқылы аса жылдам жасап, игеріп дамытуда. Мен жол, құрылыс, көпір салу жобаларында жұмыс жасап жүрмін. Әзірге елден жырақ, алыста еңбек етіп жүргенім болмаса, жұмысымның кері әсерін сезбедім.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Әрбір істі өз уақытында орындауға шебермін.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазір күнделікті жұмыстан тыс басқа мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан мұнда үйренетіндерім өте көп екенін байқадым. Сол кемшіліктерімнің орнын толтыруға назар аударудамын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Әрине, оқимын. Қазір қытай тілінде жазылған Моңғолдың ұлы шежіре кітабын оқудамын.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Ашық, ақ көңілмін деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

6 сағат.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көбінде жаныма жақын, сағыныш ұялатар қазақ әндерін тыңдаймын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Кешкі уақытта дене шынықтыру орталығынан іздесеңіз, табасыз.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең қымбат – ата-анам. Осы кісілердің айтқан ақыл, кеңесіне сүйенемін. Танымал, іскер адамдардың жетістікке жету жолын оқып, солардың қиыншылықтарды қалай еңсергенін еске алып,  күш қуат жинаймын.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Геодезиялық инженер мамандығы бойынша ҚХР-да оқуға түстім.  Мен оны өзіме берілген үлкен мүмкіндік деп ойлап, бар күшімді салып оқыдым. Бұл мамандық арқылы үлкен жетістікке жетуге болатынын түсіндім. Әрине,  одан қытай тіл үйренгенім мені осындай аз ғана болса да жетістікке жетуіме себепкер болды. Ең алғаш Қытайға екі қазақ бардық. Қасымдағы жолдасым бір себептерден болып, кері қайтуға тура келді. Ол кетерінде маған: «Қазақтың жақсы  атын шығарып, абыройын асқақтат»,- деп тапсырды. Қазір мұнда 4 моңғолиялық бармыз.  Біз алғаш еңбек визасымен келіп жұмыстаған азаматтар ретінде саналамыз. 2015 жылдан бері осындамыз.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН ҚАНДАЙ БОЛУ ҚАЖЕТ?

Жоспарлау, орындау, тексеру, түзету циклін қолдана алсақ, бұл үлкен нәтижеге жетелейді.

ҚЫТАЙДА ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТКЕН АДАМДАР ӨТЕ  КӨП. ОНЫҢ СЕБЕБІ НЕ ДЕП ОЙЛАЙСЫЗ?

Монғол ағайындар  айтады ғой “хэлтэй хүн хөлтэй” деп, қанша тіл білсең, сонша мүмкіндік бар. Қазір  қандай елде болсын үлкен жобаларды  қытайлық компаниялар жүзеге асыруда. Олар қазір қай салада болсын көшбасшылыққа ұмтылып отыр. Жастар қытай тілін білсе, тез көтерілуіне, дамуына, бизнес жасағанына қолайлы деп ойлаймын. Жалғыз байқағаным. Олар бір жұмыс бастаса, соның артына түсіп, одан танбайды және жасаған ісіне тиянақты. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей оларға жиіркенішпен қарамай, жақсысын да үйренсек, көштен қалмаспыз деп ойлаймын.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Келесі қонақ ретінде Моңғолдың ұлттық күресінен Баян-Өлгий аймағының “арсланы” Нұрланұлы Мустафаны  ұсынамын.

Continue Reading

Іскер азамат

Кәдірбек Сайлауұлы: Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткіземіз

Published

on

МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ІСТЕЙМІН – “EMPASOFT” КОМПАНИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ КӘДІРБЕК САЙЛАУҰЛЫ.

Соңғы жылдары сандық жүйеге көшу туралы көп айтылып, көптеген әрекеттер жасалып жатыр. Жаңа технологияны тиімді пайдалана алмаған кәсіп уақыт көшінен қалып жатқандықтан отандық компаниялар жедел ақпараттық технологияның соңғы жетістіктерін пайдаланып, ісін ілгері бастыруда.

Сол компаниялардың басты серіктестерінің бірі өз саласынан ойып орын алған – «Empasoft». Біз осы компанияның негізін қалаушы Кәдірбек Сайлауұлымен сұхбаттасып, қандай тәсіл және  философиямен компаниясын басқаратынын қызықтадық. Ол Түркияда ақпараттық технология мамандығын игеріп келген соң жеке компания құрып, “Empasoft Academy” арқылы бүгінге дейін осы саланың 5000-дай инженерін дайындады. Бұл академияны бітірген инженерлер әлемдік жоғары технологиялық компанияларда жұмыстап, еліміз іскерлік саласының әрбір тармағында біліктілілігін жұмсап, биік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Мекенжайы: Моңғолия, Ұланбатыр қаласы

Қызметі: “Empasoft” компаниясының негізін қалаушы
Қолданатын ұялы телефоны: Samsung 10
Пайдаланатын компьютері: Surface Pro
Әлеуметтік парақшалары: Kadirbek Sailau (LinkedIn), Kadirbek Sailau (Facebook)

АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ КОМПАНИЯСЫН ҚАЛАЙ ҚҰРДЫҢЫЗ?

Ақпараттық технология (IT) күн сайн өзгеріп, дамып отыратындықтан біздің жұмысымыз соған сәйкес динамикалық қозғалыста болады деп айтуға болады. Шағын адаммен өнімді еңбек етуді мақсат тұтып, 13 жыл ішінде осы салаға айтарлықтай үлес қостым деп айта аламын.

Мен Түркияның Анкара қаласында ақпараттық технологиялар бағытындағы жоғары оқу орнын бітіріп келген соң осы бағытта білім беретін институттар мен университеттердің оқу сапасы нашар болумен қатар арнайы білім беретін оқытулар аз екенін байқадым. Сол кездері жастар көбінесе Үндістанға оқуға барып, біліктілігін жетілдіріп келетін. Сондықтан Түркияда бірге оқыған досыммен бірлесіп, 2006 жылы ақпараттық технологиялар оқыту орталығын ашып, компанияны “Empasoft” деп атадым. Соның нәтижесінде бүгінге дейін мемлекеттік сертификатпен 5000-дай инженер әзірлеп, “Empasoft Academy” деңгейіне жеткіздік.

Біз оқытуларды ұйымдастырумен қатар мемлекеттік мекемелерге IT  кеңес беру қызметін ұсынамыз, дижитал трансформациялау, ақпараттық технология және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешіп беріп, бұлттық есептеу (Cloud computing) технологиясын енгізудеміз. Сондай-ақ әлемге танымал бағдарламалармен қамтамасыз етуші 20 компаниямен бірлесіп, өнімдерін таратып жұмыстаудамыз.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Адамды басқару дегеніміз оны қалай бағалайтыныңызға тікелей қатысты ұғым. Дұрыс бағалай білсеңіз, адам жұмысынан күш қуат, ләззат алатындықтан құрметтеу мен сыйлата білуді маңызды санаймын. Адамдармен жылы, дұрыс қатынас жасауға тырысамын. Оларды тыңдап, түсініп, орнына өзіңді қойып, кемшілігінен гөрі артықшылығына назар аударып жұмыстаған жөн деп көремін. Тәжірбиеге қарағанда осындай тәсілмен жұмыс жүргізе берсе, біраздан кейін адамның осал тұсы да байқалмай қалады.

Компания талаптарына сай келіп, біздің құрамға енген болса, ол адам жұмыстай алмайды деген болмайды. Керісінше, оны пайдалана алмауымыз мүмкін. Ол мәселе мен және менің жұмысшыларыммен тез тіл табысып кетуіне байланысты.

Қандай бір жағдайда кез келген мәселені көп жағынан қарастырып, көп адамды қамти отырып, шешімін тапқан дұрыс. Мен көптеген жыл кәсіпкерлікпен айналысып, жұмысымды бір жолға қойдым дегенмен көпшілікпен санасып, «Сен оның орнында болса, қалай шешер едің?» деп өзіме сауал қойып, ақылдасып шешім қабылдауға ұмтыламын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН, ПАЙДАЛАНУҒА ҚҰШТАР ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Біз “Microsoft”-тың бұлттық технологияларының кешенді бағдарламаларын пайдаланамыз. Үлкен дата (Big data) өндіріліп жатқан қазіргі заманда кез келген компания ақпараттарын жоғалтып алу қауіпі бар болғандықтан “Microsoft Office 365” бағдарламасын қолданамыз. Сондай-ақ Microsoft Teams, Power BI, Outlook– терді де қажетке жаратамыз. Одан басқа What3words, Shazam, Telegram, Skyscanner қатарлы аппликейшндер тұрақты қолданысымда бар.

“Мен кеңсеге тақта орнатып, оған  жазып, сызғанды ұнатамын. Жазғаныңа қарасаң, бәрі де өз-өз орнында тұрады.”

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Уақыт үнемдеу және босқа уақыт өткізу деген бар. Мен отбасыма арналған сағатымды қысқартқанды қаламаймын. Керісінше жұмыста аз уақытта өнімді еңбек ету уақыт үнемдеудің жақсы бір тәсілі деп ойлаймын. Кейбір адамдар көп уақыт рәсуа ететін жұмысты басқа бір адам қысқа мерзімде атқара алатындықтан әр қырлы адамдардан құралған команда нәтижелі еңбек істеп, әрқайсысының уақытын үнемдеуге көмектеседі.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Белгілеу дәптерін қозғалтып көрмеппін. Бізге жаңа келген адамдар алғашында белгілеуін пайдаланғанмен кейін дижитал амалға көшеді. Мен жұмыс тізімін жасауда “Microsoft”-тың “To Do” бағдарламаларын көп қолданамын. One Note та жақсы қажетіңе жарайды.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Ақпараттық технология компаниясына адамдарға жаңа технологияны түсіндіріп, үнемі қолдануға дағдыландыру үлкен қиындық туғызады. Автокөлік сатушыға  өнімі жайлы жалпылама мәліметі жеткілікті болса,  бізге жаңа бағдарламаны енгізу үшін  тұтынушы компанияда жұмыстайтын барлық адамның мағлұматын  бір деңгейге жеткізіп, күнделікті кедергісіз пайдалана алатындай етіп, жақсы ұғындыру қажет. Бұл жағынан уақыт көп қажет ететін бизнес деп те атауға болады. Көп уақыт жұмсалған кезең немесе дижитал көшіруден кейін мекеменің жұмыс өнімділігі күрт артады. Әрине, соңғы нәтиже жақсы көңіл-күй сыйлайды. Қатынас жасаушылар мен тұтынушылардың алғысын алу ерекше ынталандырады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Өзімді басқаларды жақсы тыңдай білемін деп ойлаймын. Адамдарды тыңдау, олармен санасу көптеген ақпаратты қабылдап, одан жақсы қорытынды шығару деген сөз. Бұл дүниеде басқалардан алуға болатын идея мен тәжірибе жетерлік.

Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізу үшін жұмыстаудамыз.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Біз IT қызметтерімізді классикалық деңгейге жеткізу үшін жұмыстаудамыз. Осы мақсатта кабинеттік оқытумен қатар онлайн жүйеге көшіп, жаңа платформаны дамытып, контент дайындау үстіндеміз. Бұл платформаны осы айдың аяғында әлеуметке таныстыруды жоспарлап отырмыз. Ұйым мекемелер үшін сандық трансформациялау дегеніміз тек технологиялық емес, 100 пайыз адамдардың тұтынуы мен білім дәрежесіне байланысты болғандықтан оңайға түспейді. Технология жылдам дамыса да, адамдардың оны игеруі баяу. Сондықтан технологиялық кешенді контентті онлайн жүйесінде тарату азаматтардың технологиялық білімін жетілдірудің ең тиімді тәсілі деп ойлап, бұл жобаны қолға алып отырмыз.

Келешекте бұлттық технологияға баса назар аудармақпыз. Қазіргі кезде кім ақпараттық технологиялық артықшылықтарды қолданысқа енгізеді, сол табысқа жетіп отыр. Басқаша айтсақ, XXI ғасырдағы кез келген кәсіптің келешегі технологияны қалай ұтымды пайдаланып,  сандық трансформациялануына қатысты болады. Мысалы, соңғы уақытта еліміздің тау-кен саласы компаниялары бізге сұраныс жасап, сервис алатын болды.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Бұрын бір рет оқыған Роберт Киосакидің «Бай әке, кедей әке» атты кітабын қайта оқыдым. Балғын жас кезімде оқығандықтан  сол кезде отбасы мен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті  соншалықты түсініп оқымағанымды байқадым. Көп нәрсені ой елегінен өткіздім. Технологиялар дәуірінде тек кітаптан ғана емес, подкаст, вебсайттардан да көп мәлімет алуға болады. Мысалы,  Medium-нан қалаған мақаланы жылдам тауып аласыз.

Теңіздей толағай ақпарат ағыны ортасындағы біздерге ақпаратты орта мида саралап, сүзіп алғанымыз маңызды. Қолға түскен кітапты бас салып оқығаннан гөрі қажетті мәліметті қысқа уақытта тауып, қажетіңізге жаратқаныңыз абзал.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

IT-мен маманданған адамдардың көбісі тұйық келеді. Көпті басқарып, басқалармен қарым-қатынасқа түскен кезде оларда қарым-қатынас кемшіндігі байқалады. Мен соңғы бес жылда осы қабілетті дамыту үшін көп еңбек етіп, кедергілерді бастан кешірдім.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Мен таңғы  5.30-да тұрып, екі сағатты өзіме арнаймын. Соңғы кездері Udemy.com сайтынан ақпараттық технология саласына қатысты қызықты сабақтарды көріп, тапсырмалар орындап жүрмін. Жұмысқа келе салысымен ішкі жұмыстарды реттеп, қажетті құжаттарды бекітіп, түстен кейін іскерлік кездесулер өткізіп, сырттағы жұмыстарды шешуге уақытымды жұмсаймын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Музыкаға көп қызығушылығым жоқ. Өмірімде бірнеше рет қана караокеге барыппын. Музыка тыңдағым келсе, көбінесе жақсы әуендер ойнатып қоямын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Әрине, жұмыстан тыс отбасыма уақыт арнаймын. Жұма күнгі кеште достарыммен бірге тер шығарып, футбол ойнаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Жұмысшыларымыз дүйсенбі сайын таңертең компания кеңсесі қабырғасына адамды ынталандыратын сөздер жазып іліп қояды. Солардың ішінде   “Do your best, forget the rest” деген сөз өте ұнады.  Адам таңертең өзін қуаттандырып, кешке дейін сол қуатын азайтпау керек деп ойлаймын. Осы уақытта жұмыс нәтижесіне баса назар аударғаннан гөрі дәл сол мезетке күшін шоғырландырып, жұмысын тиянақты атқару қажет. Нәтижесі қалай болуы да мүмкін. Ең бастысы өз мүмкіндігіңді толық пайдаланғаныңа сенімді болсаң болғаны.

“Адам аттан жығылуға болады. Бұл барлық адамға кездесетін жағдай. Бірақ сен қайта атқа отыра алатындай жүректі бол!”

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Алты жасымда ат мініп үйрендім. Бір күні қойды еңкейтіп тастап, келе жатыр едім, атым үркіп, аяғым үзеңгіге ілініп қалып, сүйретіліп барып, әрең қалдым. Сол кезде ата-анам қатты абыржып, ары-бері жүгірісіп, өзім де қатты қорықтым. Сонда атам:  “Адам аттан жығылуға болады. Бұл барлық адамға кездесетін жағдай. Бірақ сен қайта атқа отыра алатындай жүректі бол!” – деп, қайта атқа мінгізіп қоя бергені бар.  Осылайша, мен 7 жасымнан бастап, атқа мінетін болып, жақсы сәйгүліктерді бәйгеден оздырып жүрдім. Бұл менің өмірден алған ең үлкен сабағым еді.  Бүгінге дейін жұмысым мен ұстанымымда осыдан танбадым. Сондай-ақ атам ата-анама «балаларың келешегін  ойласаңдар, оған аяушылық білдірмеңдер» дейтіні өте дұрыс деп ойлаймын.

ЖАС МАМАНДАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әр адамның арманы мен алдына  қойған мақсаты болу керек. Егер таңертең ұйқыдан оянғанда не істейтініңіз анық болмаса, дағдарыс дегеніміз сол. Адам қаншалықты жайлы  ортада өмір сүрсе де, дағдарып қалатын сәттері болады. Сол мезетте мақсатың айқын, не істейтінің түсінікті болуы қажет. Жастар басқалар мен туралы не ойлайды деген ойдан ада «көзсіз батыр» болу керек. Не қалағаныңды істеуге де болады. Алайда қандай бір мәселеге жан-жақты қарап, мүмкіндігінше болатындай амалдар жасауға тырысқан жөн. Жаңаша ойлауға талпынып, қалыптасқан көзқарастан қашық болған дұрыс.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Нест академиясы”, “Info Solution” компаниясы негізін қалаушы Б.Ғабитті ұсынамын. Оны басқаларға үлгі болып, ақпараттық технология саласында  мықты мамандар дайындап, қоғам дамуына  өз үлесін қосып жүрген жас маман деп ойлаймын.

Суреттер: unread.today

Continue Reading

Басты назарда