Connect with us

Іскер азамат

Hunnu Air әуе компаниясы Улаанбаатар – Өлгий бағытына жаңа рейс ашпақ

Published

on

Hunnu Air компаниясы ақпан айынан бастап Улаанбаатар мен Өлгий қаласына жаңа әуе рейстерін ашуды жоспарлап отыр.
Ақпан айының 4 күнінен бастап Улаанбаатардан Өлгийге жаңа рейс ашамыз. Дүйсенбі және бейсенбі күндері тұрақты ұшамыз. Алдағы уақыттарды клиенттердің санына қарай рейс санын арттыруға болады. – деп хабарлайды Hunuu Air компаниясы өз әлеуметтік желісінде.
Билет www.hunnuair.com сайтынан, және кассаларда сатылады. Байланыс телефоны – 7000-1111

Іскер азамат

Бауыржан Бақыткерейұлы: Шынайы ниетіңмен тек ғана жақсылық ойла

Published

on

Бауыржан Бақыткерейұлы 1981 жылы Өлгий сұмынында дүниеге келген. 1999 жылы Өлгий сұмындық жалпы білім беретін II – мектепті тәмамдап, 2003 жылы «Засагт хан» университетінен экономист мамандығымен бітірген. 2004 жылы Хаан банк орталығында ішкі аудит бақылаушысы, 2010-2017 жылдары Ұланбатыр қаласындағы «Өгөөмөр» базары және «Драгон» автобекетіндегі, Баян-Өлгий аймағындағы Хаан банк бөлімшелерінде директор қызметін атқарған.

Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий

Қызметі: “Алтын сапа” компаниясының директоры

Әлеуметтік желілері: Бауыржан Бахыткерей (FB)

– Жаңа кәсіп бастауға не себеп болды?

– Жұмыс барысымен еліміздің 21 аймағындағы 230-дай сұмынға барып көрдім. Осыдан қорытқаным бізде жұмыс жоқ дегенмен істеуге болатын нәрсе өте көп. Шағын бизнесін жүргізуге мүмкіндік те бар деп ойладым. Сондықтан аймаққа келген жылы жазғы жылыжай салуды қолға алдық. Алғаш салғанда 3-4 кісі еңбек етсе, өсіріп баптағанға екі-үш адам жұмыстады. Өзіміз де алаңда тер төктік. Оған бастапқы да 5-6 млн төг жұмсадық. Сол жылғы өнім шығындарды толық өтеді. Кейін қыстың жылыжай шаруашылығын зерттей бастадым. Осылай өзгеге де пайдасы тиетін 1200 шаршы метр жерге үлкен жылыжай тұрғызып көрдік.

– Әрине, егіншілікпен айналысу үшін де белгілі бір мағлұмат пен тәжірибе керек қой?

– Иә, солай. Тура іс бастағандықтан тәжірибе аздау болды. Бірақ әлеуметтік желі арқылы осы шаруашылықпен айналысатын адамдармен байланыс орнатып, солардан үнемі кеңес алып отырдым. Екіншіден, Моңғолияға еңбек сіңірген егінші Рахадыл атамызбен, бұл саланың маманы Сәуле апайдың ақылына көп жүгіндік. Ауыл шараушылық саласының докторы Бакей ағамызбен жалғасып Ауыл шаруашылық мектебінің Сауыржан мұғаліммен таныса кітаптар алдырдық.

Сіз аймағымызда алғаш қысқы жылыжай салған азаматтардың бірі болдыңыз. Қандай бір қиындықтар болды ма?

– Біз алғашқы қысқы жылы жайын салған соң аймақтық Азық-түлік, ауылшаруашылық басқармасы бастығы Б.Нұрғұлан жеңілдетілген несие беруге, Электр желісі басқармасынан  М.Әнуарбек ағадарымыз келіп, электр энергиясының түнгі тарифін жеңілдетуге уәде беріп, қол ұшын созды. Осылайша, 2017 жылы жазғы, 2018 жылы қысқы жылыжай тұрғыздық. Сол жылы қыстың желтоқсан, қаңтар айларында өнім бермеді. Ақпан айынан бастап жақсарды. Жуық шамамен алғашқы жылында бір тоннаға таяу қияр жинадық. Қысқы жылыжайда қаңтар айында көшет отырғызса, наурыз мейрамынан кейін, сәуір айының басынан өнім алуға болады. Біз қазір сәуірдің соңында жинап жүрміз.

Қиындықтар өзіміздің әрекетімізге байланысты болады. Егіншілік дегеніміз – табиғатпен үйлесіп еңбек ету мен жауапкершілік. Кейде ауа райына сәйкес жылыжайларды ашып-жауып тұру ережесін бұзып аламыз. Жұмыс жоспары мен кестесі бойынша жұмыс жүргізу қажет. Біліміміз жетіспейтін жағдай да қиындық туғызады.

Шынайы ниетіңмен тек ғана жақсылық ойласаң, ниетіңе сай бәрі де жақсы болады. Ұнатып істеген шаруада шаршау жоқ, тек жақсы энергия жинайсыз. 

Отбасылық жылыжай шаруашылығымен айналысқан адам қалай пайда табуға болады?

– Егіншілік үнемі айналымда болмайтындықтан басқа кәсіптерге қарағанда пайдасы аздау. Бірақ адамға беретін күш қуаты орасан. Пайдадан гөрі қайтсем жақсы өнім аламын, кімге қалай көмегім тиеді деуді ойлаумен боласыз. Шынайы ниетіңмен тек ғана жақсылық ойласаң, ниетіңе сай бәрі де жақсы болады. Ұнатып істеген шаруада шаршау жоқ, тек жақсы энергия жинайсыз. Қалай пайда табамын деп өзіңе ұнамаса да бір іспен айналысу адамды күйзеліске ұшыратады. Сондықтан адамдарға пайдасы тиетін қызықтап істейтін істі қолға алсаңыз, жақсы көңіл –күй , күш қуат алып адамдарға жақсылық сыйлайды.

Қысқы жылыжайдағы әзірлік жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Қаңтар, ақпан айларынан бастап, көң әкеліп түсіріп, наурыз, сәуір айларында жер жіби бастағанда араластырып, топырақты әзірлейміз. Алғашқы жылда жердің өз топырағына көң араластырып ектік.

Егер мен бір айда нашар пайда тапсам, ол менің нашар жұмыс істегенімді, бағым-күтімге мән бермегенімді білдіреді. 

Жоғарыда айттыңыз: «Жазғы жылыжайға жұмсалған шығын сол жылы өтелді»,- деп, ал қысқы жылыжайға қанша қаржы салдыңыз? Ол қай уақытта өз шығынын өтейді?

– Бұл істі бастағанда 5 жылға дейін үйреніп, содан кейін ғана шығындарды өтейді деп есептедік. 3 жылда көп тәжірибе жинақтап, көп нәрсе үйрендік. Өзіміз 20 млн-дай төгрөгке бір жылыжай тұрғыздық. Былтыр еліміздің Шағын және орта өндірісті қолдау қорынан 80 млн төгрөгтің жеңілдетілген несиесін алып, тағы бір жылыжай салдық. Біздің шығындарымызды есептеу мүмкін болғанымен кірісімізді есептеу үшін бұл іске нақты дағдыланып қатесіз істейтін мүмкіндікке жеткенде есептесек толық мәлімет болады. Егіншілерде «егер сен ақшаны ойласаң, егінің өспейді» деген тәмсіл бар. Сондықтан ақшадан гөрі еңбекке мән береміз.

Егер мен бір айда нашар пайда тапсам, ол менің нашар жұмыс істегенімді, бағым-күтімге мән бермегенімді білдіреді. Сомалап айтар болсам, аз дегенде айына 500000-1000000 төгрөгтің түсімі түседі.

Қосымша қандай көкөніс түрлерін егесіздер?

– Биылдан бастап, қызыл, жасылтәтті бұрыштар, брокколи, ақжелек /петрушка/, янчуй сияқты дәмдендіргіш өсімдіктер, салат жапырақтарын өсіре бастадық. Салат жапырақтарын қыста қабырғаларға отырғыздық. Бұрыш пен қызанақ суыққа төзімді жақсы өнім береді. Бұларға сұраныс жақсы. Қазіргі жағдайда 6-7 түрлі көкөніс ексек, келешекте оның түрін 15 жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Өнімділігі қандай?

– Еліміз нарығында екі түрлі тұқым сатылады. Біріншісі – арзан тұқымдар болса, екіншісі сапалы голландиялық сұрып. Екіншісі сапалы әрі жақсы өнім беретіндіктен дихандар қымбат болса да соны көп пайдаланады әрі өнімділігі жоғары. Тұқымда мәселе болмайды, мәселе топырақтың құнарлығында. Егер топырақ құнарсыз болса, отырғызған тұқымыңыз біраз уақыттан кейін сарғая бастайды. Сондықтан топырақтың құнарлығы мен құрамы жақсы болуы қажет.

Ең жақсы тұқым сұрыптары қандай?

– Қызанақ пен қиярдың голландиялық сорттары суыққа да, ыстыққа да төзімді, ауырмайды. Ресейдің Новосибирск облысы органикалық химия институты шығаратын «Ниох» тұқымдарының сұрпы да жақсы. Ал салат жапырақтары мен көкөністері тұқымдары көбінесе ҚХР мен Оңтүстік Кореядан әкелінеді.

Егін шаруашылығының қарқынды дамуы тікелей ғылыми техникалық жаңалықтарға қатысты болады. Сіздер соңғы заманғы жаңалықтарды пайдаланасыздар ма?

– Желтоқсан, қаңтар айында біздің жұмысымыз азаяды. Өткен жылы ҚХР-дың Ішкі Моңғолия өлкесі Хөх хот қаласына отбасымызбен барып қайттық. Сондағы жылыжайлармен таныстық. Ол жылыжайлардың жабынтақ перде қаптамалары ішкі температурасына сәйкес автоматты түрде өзі ашылып, өзі жабылып тұрады екен. Температурасын да сыртқы ауа райына сай сәйкестіріп отырады. Суландыру жүйесі, топырақтың ылғалдылығы мен құнарлығы, минералдық құрылымы да сезімтал құрылғылар арқылы реттеледі. Бір сөзбен айтқанда, автоматтандырылған ақылды смарт жүйе. Тілін түсінбегендіктен бұларды сатып алып пайдалана алмай отырмыз. Астанамызда тұратын ақпараттық технология мамандарына кездесіп ақылдастым. Сондықтан да осы жүйе бізге өте қажет болып тұр. Ең жоқ дегенде, сыртқы температураны сезініп, жылыжайдың пердесін автоматты түрде ашып жабатын құрылғы жасап берсеңдер деп ұсыныс жасадым. Топырақтың минералдық құрамы мен корегін сәйкестіру арқылы өсімдіктің қаншалықты өнім беретінін анықтайтын да құрылғылар қолданыста бар.

Өсімдікке ең бір қажетті қорек, ол- тыңайтқыш. Тыңайтқышты қаншалықты пайдаланасыздар? Жергілікті жер топырағының құнарлылығын қалай арттырдыңыздар?

– Өзіміз қолданып отырғандықтан химикаттар қоспаймыз. Химикаттар, біріншіден, денсаулыққа зиян. Екіншіден, топырақты тез тоздырады. Мол өнім алуға болғанымен жыл сайын топырақты көшіріп, алмастырып отыру қажет. Бір жыл жақсы пайда тапқаныңызбен, келесі жылы мол шығынға батасыз. Сондықтан біз оны қолданбаймыз. Елімізде өндірілетін органикалық тыңайтқыштарды себеміз. Мысалы, өзіміз тауық, сиыр өсіріп, оның қиын ашытып, кәдеге жаратамыз. Жуықта Ұланбатыр қаласынан Калифорния қызылқұртының 1000 данасын әкеліп, өсіріп жатырмыз. Жеміс, жидек, көкөніс қалдықтары мен өсімдік жапырақтарын шірітіп пайдаланамыз. «Гумин», «Азофос» биотыңайтқыштары да өнімділікті арттыруға көп пайдасы тиеді. Бізде қара топырақ жоқ болғандықтан жергілікті жер топырағына көң қостық. Одан кейін күзге таман маңайына сұлы, жүгері егіп, жыртып, араластырып көміп тастадық. Өсімдіктің өзінен қалған тамырлары да жақсы тыңайтқыш болады.

Жалпы Өлгийдің топырағын қайтсе құнарлы болады?

– Әртүрлі қосындылардан құралған жасанды тыңайтқыш/компост/ дайындау арқылы топырақтың құнарлығын арттыруымыз қажет. Біздің аймақта жылыжай дамуы үшін ең қажеттісі – табиғи өсімдік, көкөніс қалдықтарын жинап, содан шірітіп компост жасау. Бұл бізге арзанға түседі. Осылай топырақты жаңғыртып отырса, жақсы нәтижеге қол жеткіземіз.

Бұған базарларда бүлінген жеміс, көкөністерді пайдалануға бола ма?

– Әрине, болады. Топырақ ең күшті тазартқыш қой. Мысалы, суды да топырақ тазартады. Сол сияқты шіріген органикалық заттарды топырақ өз бойына сіңіріп, тыңайтқышқа айналдырады.

Кейбір жағдайда отандық өнім деп, басқа аналогтарына қарағанда қымбат бағада сатып жатады. Халыққа ұсынып отырған бағаларыңыз қолжетімді ме?

– Өнім аз кезде тұтынушылар үйден келіп алатын болса, жеміс піскен күзгі уақыттарда қияр мен қызанақты базардағы сатушыларға қалабағасымен береміз. Дәл қазір, шілде айының басында брокколи, пияздың сабағы 4500 төг, салат жапырақтары, жапырақты өсімдіктер /янчуй, буйцаа/ 4000 төг-ке сатылуда. Қияр мен қызанақ әлі шыға берген жоқ. Күзде бағасы 2000-3000 төг-ке дейін арзандайды. Негізінде базар бағасымен бірдей ұстаймыз.

Алдағы жоспарыңыз?

– Қысқы жылыжайын аймағымызда дамытпақ ойым бар. Оны қалай салудан мағлұмат алдық. Енді экономикалық тиімділігін азаматтарға есебін жасап, түсіндіріп, насихаттауымыз қажет. Жалпы 150 шаршы метрлік жылыжайды 20 млн төг маңайында тұрғызуға болады. Қыста электр қуатына 6 айда 300 мың төг төленіп, 10 тн көмір жағылады.

Әңгімеңізге қарағанда жылыжай істеп сататын көрінесіз?

– Иә, Ұланбатыр қаласында жылыжай материалдарықымбат болған соң сырттан тасымалдап неғұрлым арзан бағада ұстап еліміз көлемінде жылыжай дамысана үлесімізді қоспақ ниетімізбар. Осында да тапсырыспен жылыжай жасап береміз. Бұл идея жылыжайдың бағасын қалай арзандату керек деген қажеттіліктен туындады. Менің ойымша, әр үйде бір-бір жылыжай болса қандай жақсы

Өзіндік құнын қаншаға арзандаттыңыз?
– Дәл өндірісте жасалғандай етіп істеуге тырысамыз.Мысалы, 3*4 метрдікі 500 мың төг, 3*6 метр 600 мың төг, қазірге жағдайда қала бағасынан 100-200 мың төгрөг арзандау ары қарайда қол жетімді бағаға апару үшін тәжірбие жинастырудамыз.

Диханда қандай қасиет болуы қажет?
– Ізденімпаз, білімге құштар, еңбекққор, жауапкершілікті болуы керек.

Жетістікке жетудің құпиясы неде?
– Ерекше құпия жоқ. Басты құпия- кітапта. Ең алдымен өзіңіз тәртіпті, бір қалыпты мінезді болып, өзіңізді-өзіңіз тәрбиелеуіңіз қажет. Адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу керек.

Өзіңіздің жұмыс жүргізудегі әдіс-тәсіліңіз қандай?
– Ең бастысы, жақсы қарым-қатынас жасау. Адамдарды күліп қарсы аламын. Егер сіз күліп тұрсаңыз, ешкім қарсы келмейтіні белгілі ғой.

Уақытты қаншалықты тиімді пайдаланасыз?
– Әр адамда жылдық, айлық, тәуліктік жоспары болар. Не нәрсені белгілеуге жазып отырып іске асырған жөн.

Тәуліктік жұмыс күніңіз қалай басталады?

– Тауықтың шақыруымен таңғы 6-да тұрамын. Тауық жылымын. Сондықтан тауықпен қатты араласамын/күліп/. Инкубаторда балапан да өсіремін. Тұра салып, балапандарды шығарып, жемін беріп, сиырды жайлап тастап, таңғы шайымды ішемін. Сөйтіп жүргенде жұмысшылар да келеді. Соларға істейтін жұмыстарды бөліп беріп, өз шаруама кірісемін. Отырғызған көкөністерімді байқап, жаңадан салып жатқан жылыжай жұмыстарын жалғастырамын. Күндіз фейсбукке кіріп, әріптестерден ақыл-кеңес алып, пікір алмасамын. Түсте аздап демалып, кешкі салқынмен біраз шаруа тындырамын. Одан кейін 1-2 сағат егіншілікке қатысты кітаптардан қажетті мәліметтерді іздеп оқимын. Жылыжайға қажетті материалдарға wechat арқылы тапсырыс беремін.

Нені істеуге шеберсіз?

– Кез келген нәрсені істеуге құмармын. Мысалы, жуықта дәнекерлік жасап көріп жүрмін. Не нәрсені іске асырмас бұрын ол туралы алғашқы мағлұматың болғаны жөн. «Жігітке жеті өнер де аз».

Дәл қазір қандай іспен айналысып жатырсыз?

– Екінші жылыжай тұрғызып жатырмын. Екеуі біріккенде 500 шаршы метр аумақты қамтиды. Жазғы жылыжайымыз 1500 м.кв.

Жуықта қандай кітап, мақала оқыдыңыз?
– Ауылшаруашылық университеті ұстаздары бірлесіп шығарған «Мал жайылымы» және «Отбасылық егіншілік»атты екі кітап оқудамын. Соны оқыған соң жұмыс жоспарын қайта өзгерттік.

Мінезіңіз ашық па әлде тұйық па?
– Ашық.

Демалыс уақытыңызды қалай өткізесіз?
– Қыста демалысқа барамын. Мүмкіндік болса, шетелге шығып, балаларға басқа өркениетті, жақсы жерлерді көрсеткім келеді. Биыл Хөх хот қаласына бардық.

Қандай музыканы ұнатасыз?
– Классикалық операны ұнатамын. Италиялық Лучано Павароттиді көп тыңдаймын.

“Біреуге титтей жамандық ойласаң соғыс басталады” – Мағауия Сұлтанияұлы.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

– Бұрыңғының адамдарынан күш қуат аламын. Туған нағашы атам Халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлын үлгі тұтамын. Ол кісінің кез-келген жағдайдағы сабырлылығы мен қандай жағдайда да көңілді отыратыны ұнайды. Ешкімге ашуланбайды, мәселені күліп отырып-ақ шешіп тастайды. Сол кісінің “Біреуге титтей жамандық ойласаң соғыс басталады” деген сөзі есімнен кетпейді. Өз атамыз сұмын әкімі, мұражай директоры тұрған Ахмет Мұхтарханұлының еңбекқорлық, шаруашыл қасиетін жалғастырғым келеді. Қиындыққа тап болғанда сол кісілер менің орнымда болса, қалай шешер еді деп ойланамын.

Өмірден алған сабағыңыз?

– Адам кешірімшіл болу керек. Діни кітаптарда жазылған «адамға кешірімшіл бол», «кек сақтама және оның орына өзіңді қойып көр» деген қағидасы есімде қалды. Адамға кешірім көзімен қарасаңыз, көп нәрседен ұтылмайтын боласыз.

Өзіңіз банкир азаматсыз әрі несиемен жұмыс жасап көрдіңіз. Азаматтарға қарызға жығылып қалмай, несиені тиімді пайдалану тәсілін айта аласыз ба?

– Негізі несие алмас бұрын өз дайындығыңызды жасап алуыңыз қажет. Банктердің несие алу кезінде кез келген істе өз үлесің 20-30 пайыз болуы керек деген талап қоюы осыған байланысты. Кәсіп бастамас бұрын алған несиесі жетпей қалатын жағдай алдын ала есеп жасамағандықтан болады.

Жастарға берер кеңесіңіз?

– Қазіргі жастар ел-жеріме керекті іс жасасам деген ойда жүретін болар деп ойлаймын. Жаңа кәсіп істеймін дейтіндер шетелдік өнімдердің баламасын елімізде өндіруге тырысқаны жөн. Отандық өнімдер көп шығарылса ғана біздің тасымыз өрге домалайды, экономикамыз өсіп, импорт азаяды. Саудадан гөрі өндіріске бет бұрса, көп адамдар жұмысты болып балалар қалаған мектебіне оқи алады, білімді халық боламыз.

Кімге алғыс білдіресіз?

Барлық тұтынушыларымызға, ағайын туыс, достарыма бізді әр қашан жігерлендіріп, жылы лібезін білдіріп, қанаттандырып қолдау көрсетіп жатқанына көптен көп рахметімді жолдаймын!

Continue Reading

Іскер азамат

М.Нұргүл: Электронды ақпараттың дереккөзін тексермегендіктен қаржылық алаяқтыққа тап болады

Published

on

Дижитал технологияға сұраныс артқан сайын алаяқтар тұтынушылардың жеке мәліметтерін білімсіздік, бей-жай қараушылық пен абайсыздығын пайдаланып, электронды кеңістіктігіне шабуылдап, қаржылық шығын шектіру молайды. Сондықтан Полиция бас басқармасы, Моңғолбанк, Моңғолия банктер одағы бірлесіп, «Арбаған сайын абай бол» акциясының жалғасы ретінде қаржылық алаяқтықтан сақтандыру үшін «Қадағалаған сайын қауіпсіз» акциясын екі ай мерзімінде ұйымдастырып отыр. Бұл жөнінде Моңғолбанктің Әлеуметтік білім және ақрапат орталығы аға маманы М.Нұргүлмен кибершабуыл, дереккөздің қауіпсіздігі тақырыбында сұхбат өткіздік.

– Сәлеметсіз? Қайырлы күн! Полиция бас басқармасы, Моңғолбанк, Моңғолия банктер одағы бірлесіп, «Арбаған сайын абай бол» акциясын жалғасы ретінде қаржылық алаяқтықтан сақтандыру үшін «Қадағалаған сайын қауіпсіз» акциясын бастап отыр. Акцияның екінші сатысын жүзеге асыруға не себеп болды?

– Полиция бас басқармасы, Моңғолбанк, Моңғолия банктер одағы бірлесіп, жыл басынан бері алаяқтық қылмысының алдын алу, азаматтардың құқықтық білімін жетілдіру мақсатында «Арбаған сайын абай бол» акциясын бір ай мерзімінде сәтті жүзеге асырды. Акция азаматтар тарапынан жақсы қолдауға ие болып, нәтижесі де көңілден шыққандықтан ары қарай оны жалғастыру, құқықтық қосымша білім, ақпарат, ескерту, кеңес беруді ұлғайту қажет екен деп көрілді.

Дижитал технологиялар пәрмен алған сайын қаржылық алаяқтық, алдау-арбау қатарлы қылмыстар молаятын сыңай танытып отыр. Әсіресе, мұндай қылмыс қаржылық дағдарыс пен қиындық белең алуына байланысты алаяқтар азаматтардың осал тұсын пайдаланып, оларды алдап-арбау жолымен дүние мүлкі мен ақшасын жымқыруды көздеп отыр. Сондықтан да мемлекет пен жеке сектор тарапынан азаматтардың қаржылық мәліметі мен біліміне назар аудару қажет. Басқаша айтсақ, мемлекет, жекеменшік сектор және азаматтар бірлесе отырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс. Акцияның да басты мақсаты осыған саяды.

Жалпы қаржылық алаяқтық пен алдап арбау – азамататардың міндетті түрде білуге тиіс негізгі қаржылық білім мәселелерінің бірі. Сондықтан «Арбаған сайын абай бол» айлық шарасын екі кезеңмен жүзеге асырып отырмыз. Бұл жолғы акцияны әлеуметтік жауапкершілігі аясында ХААН банк бірлесіп, демеушілік жасап отырғанына алғысымызды білдіреміз. Қаржылық білім нәрін себу – бұл қаржы саласындағы ең үлкен артықшылық болып саналады.

Бұдан кейін басқа да коммерциялық банктер бұл шараны қолдайды дегенге сенімім зор.

– Төтенше жағдай кезінде, яғни коронавирус қаупі төнген күндері азаматтарға ақпаратты қалай жеткізесіздер?

– Көпшілікті жинауға және оқыту ұйымдастыруға болмайтындықтан біз мүмкіндігінше киберәлем, яғни ғаламторды пайдаланып, азаматтарға мәлімет берудеміз. Бірлесіп жұмыс жүргізіп отырған мекемелеріміздің еліміз бойынша көп бөлімшелері мен бірліктері бар болғандықтан бұл бізге өте үлкен көмек болып отыр. Ұлттық банктің өзінде 17 бөлімшесі бар. Жоғарыда атап өткенімдей, әлеуметтік желі, ақпараттық сайттар мен мекемелердің ғаламтор парақшалары арқылы ақпарат жеткізудеміз. Егер азаматтар қаласа, бізбен бірге шараны жүзеге асырушы мекемелердің ресми сайты, әлеуметтік желідегі парақшаларымен қатар бұқаралық ақпараттық порталдардан ақпарат, жақын полиция бөлімшесінен құқықтық кеңес пен мәлімет алуына болады.

– Электронды ортада ақпаратты дұрыс қадағалап, тексермеуден болып, жеке құпия мәліметтерінен айырылып, қаржылық қауіп қатерге ұрыну оқиғасы қаншалықты көп болады? Жалпы дереккөз қауіпсіздігі дегеніміз не?

-Солай. Бұл мәселелерді жеке-жеке талдап берген жөн болар. Дереккөз қауіпсіздігі дегеніміз не? Қандай көздерден ақпарат келіп тұр? дегенге алдымен тоқталайық. Соңғы жылдары әлемде элекрондық құралдарды қолдану жылдам дамып барады. Біздің елде де бұған сұраныс жоғары. Үш-ақ миллион халқы бар болса да, екі миллион жеті жүз мың адам элекртонды ортада белсенді тұтынушы саналады. Індет кезінде азаматтар үйінен онлайн тәртібінде жұмыстап, зат, тауар сатып және сатып алып дегендей қарым қатынасқа түсуде.

Ал алаяқтар болса, мұндай мүмкіндікті құр жібергісі келмейді. Жаңа мүмкіндік пайда бола қалған кезде алдап соғудың өте жетілдірілген жоспарымен әрекет етеді. Ең маңыздысы сізге не қажет екенін сізден бұрын біліп алу тәсілін ойластырады.

Бірнеше жыл бұрын азаматтардың білім мен мәліметі аздығын пайдаланып, электронды поштасына тұзаққа түсіру үшін «сіз ұтысқа ие болдыңыз», «сіз АҚШ-қа жол ашатын жасыл карта иесі атандыңыз» деген хаттар көп келетін болса, «өсіммен ақша қарыздаймыз», «кепілдіксіз несие береміз» деген сияқты алаяқтық қылмыстар артуы мүмкін болып отыр. Бүгінгі жағдайда азаматтарға ақша қажет болғандықтан пайыздық өсімі бар қарыз, тәуліктік несиелер көп алуда. Осы тәріздес нәзік мәселелерді алаяқтар ұтымды пайдаланып, өз ойынын бастайды. Сондай-ақ жұмыс, онлайн бизнес жасауға шақыру, тауар ұсыну қатарлы жолмен адамдарды алдап соғады. Басқаша айтқанда, алаяқтық жасаушы тұлға дәл сол сәтте азаматтардың қандай мұқтаждығы бар болса, сол мәселеде тұзаққа түсіреді деген сөз. Соңғы уақытта электронды жолмен жасалатын қылмыс түрлері молайғандықтан азаматтар осы бағыттағы білім мен мәліметтерін арттырып, ғаламтор кеңістігінде абай болып, фейсбук, электронды поштасының кілт сөзін тұрақты алмастырып отыру қажет. Осылай істеу арқылы ғаламтор желісіндегі қауіпсіздіктің алғашқы қадамы жасалатын болады.

– Қаржылық алаяқтық пен алдауды қалай білуге болады? Нақты белгілері бар ма?

– Ең алдымен, бұл маған өте қажетті зат па? Бары рас па? – дегенді зерттеп анықтауға уақыт бөлуді дағдыға айналдыру керек.

Алаяқтар кез келген адамды өзіне нысана етеді. Кейбір алаяқтық пен алдап соғуды анықтау оңай болса, кейбірінің нақты мақсаты не, сауда ұсынысы ма дегенді ажырату қиынға түседі.

Ең қарапайым мысал, сізге хат келді деп ойлаңыз. Алдымен оның қандай мазмұндағы хат екеніне назар аударасыз. Әрине, сізге бейтаныс адрестен келіп тұр. Танымайтын фейсбук досыңыздан достасу ұсынысы, месенджерден тілек келсе, шынай адрес пе, ортақ достарымыз бар ма деген сияқты дереккөзін жақсылап тексересіз. Жалған ақпаратта көбінде сілтеме ілесе келеді. «Төмендегі сілтемені басссаңыз ашылады, тіркеледі» деп шығады. Сол кезде сілтеменің толық форматына назар аудару қажет.

Мысалы біз көбінде www деп іздейміз. Егер сіз байқаған болсаңыз оның алдында https:// деген протоколы яғни белгісі болады. Ал алаяқтық жасалынатын адрестен “S” әрпі түсіп қалып, «http://» деп жазылған болады. Бір ғана әріп алып тастау арқылы ойынды бастайды. Мұндай аңдаусыз нәрселерді сіз де байқамай қаласыз. Алғашқы үш әріптен кейінгісіне мән бермейміз. Сондай-ақ сіз қарым қатынас жасайтын банктен немесе қаржылық ұйымнан хат келгенде адресінің толық жазылып тұрғанына назар салыңыз. Сонымен қатар сол банктің атауы com, mn сияқты әр елдің ерекшелігіне сәйкес әртүрлі жазылады. Корея kr, Ресей ru т.б. Сондықтан доменнің форматы маңызды екенін қайталап ескертемін. Егер сіз оған мән бермесеңіз опық жеп қалуыңыз мүмкін екенін жақсы ойлануыңыз қажет. Жалпы мұны тексеру өте оңай. Сол мекеменің немесе банктің сайтына кіріп, анықтама телефонынан сұрауыңызға болғаны.

– Сізге жоғарыдағыдай ұсыныс келген оқиға болды ма?

– Мен өз басымнан өткен бір мысалды айтайын. Егер сіздің мекемеңіз халықаралық ұйымдармен серіктесі болса, DHL-ден сәлемдеме келді деп қысқа хабарлама келеді. Маған досым жібергені де, кім жібергені де белгісіз. Сәлемдемені алу үшін қосымшаны жүктеуімді сұрады. Мен DHL-ге телефон шалып сұрап едім: «Бұл бізден жолданған хат емес»,- деп жауап берді. Сол қосымшаның ішінде сіздің комьпютерге кіретін вирус барын жоққа шығаруға болмайды. Сіз өзіңізге бейтаныс мекенжайдан келген кез келген сілтеме мен жүктейтін қосымшаны ашу арқылы өзіңіз қауіпсіздігіңізге жол ашып бердіңіз деген сөз. Сондықтан қосымшасы бар бейтаныс адрестен келген хатты ашпай, жойып отыруға дағдыланған жөн.

– Біз әлеуметтік желіде қайда, не істеп жүргеніміз жайлы барлық ақпараттарды ашық қойып қоямыз. Осы арқылы біз алаяқтарға жол көрсетіп отырған жоқпыз ба?

-Иә, солай. Фейсбуктен көптеген мәліметер алуға болады. Отбасылық жағдайы, жұмыс орны және достарын біліп аласыз. Онда нашар көріпкелден де артық мәлімет жинау мүмкіндігі бар. Сондықтан ғаламтор желісінде бөліскен кезде оның таралу аумағын шектеп қойыңыз. Осы арқылы өзіңізді болуы мүмкін қауіптен қорғай аласыз.
Соңында қайталап айтарым, қаржылық алаяқтар сіздің қалдырған ізіңізден сіздің мұқтаждығыңызды сезініп, сізге жақындауға әрекет ететіндіктен сізді алдап соғу жолдарын әлдеқашан жоспарлап қояды. Екінші жағынан кез келген тауар мен өнім, бизнес, қаржы енгізу ешқашан 100 пайыздық табыс әкелмейтінін өте жақсы түсіну керек.
Соңғы кездері ұтыс ойыны деген желеумен сан соқтыру жағдайы көбейіп барады. Мысалы, «Приус-30 автокөлігін бәске тігеміз. Сіз 3000 төгрөгпен тіркеліп, оқыс жағдайда ұтыс иесі атаныңыз» деп жарнамалайды. Оған аз ақшамен мол ақша ұтқысы келетін адамдар қызығып, бағын сынап көру үшін тіркеуден өтеді. «3000 төгрөг тығын да емес, шығын да емес» деп өзін жұбатып, ақшасын аударады. Алайда сол ақшаны жолдаған адам өзінің есепшотына барар жолды ашып тастады деген сөз. Әйтпесе, 3000 төгрөгпен кім көлік ұтып алады?! Екінші жағынан сіз бір алаяқты жемдеп отырсыз. Егер сенімді болса, жоқ дегенде оның фейсбук парақшасында байланыс телефоны нөмірі, кеңсесі, мекенжайы мен мекеме атауы болуы тиіс. Бір қызығы, адамдар мұндай ақпараттар жоқ болса да, сол ұтыс ойынына қатыса береді.

– Азаматтар қаржылық сауаттылық туралы ақпаратты қайдан алуына болады? Бұл турасында сіздер қандай шаралар ұйымдастырып жатырсыздар?

-Моңғолбанк, Қаржы министрлігі, Қаржылық реттеу комиттеті, Білім, мәдениет, ғылым және спорт министрлігі бірлесіп, «Бұқараның негізгі қаржылық білімін арттыру ұлттық бағдарламасын» жүзеге асырғалы 4 жылдың жүзі болды. Осы мерзімде негізгі қаржылық білім беру тақырыптарын әзірлеп, ағартушылық жұмыстары тұрақты жасалып келді.

Сондай-ақ негізгі қаржылық білімге қатысты 10 тақырытық оқытуды www.sankhuugiinbolovsrol.mn сайтынан көруге болады.

Негізгі тақырыптар толық қамтылған. Ал әлеуметтіке желіде «Қаржылық білім» /“Санхүүгийн боловсрол”/ фейсбук парақшасы бар. Кез келген азамат осы сияқты ақпараттарды ғаламтордан іздеп көрсе, көптеген ақпараттарды тауып алады.

-Қаржылық алаяқтық тек қана бір банктің, Полиция бас басқармасының ғана айналысатын мәселесі емес. Көп тараптардың қатысуы маңызды болар?

-Дәл, солай. Алғашқы қадам немесе «Арбаған сайын абай бол» шарасы арқылы барлық ақпарат көздерінен азаматартарға мәлімет беруге тырыстық. Ал осы жолғы «Қадағалаған сайын қауіпсіз» шарасын көптеген ұйым мекемелер қолдап, бірлесе жұмыстап отыр. Коммерциялық банктер әлеуметтік жауапкершілігі аясында демеушілік көрсетуде. Қаржылық алаяқтық сіздің айтқаныңыздай тек қана қаржылық ұйымдар мәселесі емес. Жүйелік, салалық деңгейде қауіп төндіретіні айтылуда.

Банк саласы тек сенімге сүйенетін өте нәзік құрылым.

Бір мысал айтайын. Бір күні Америкада жауын жауды. Себелеп жауған өткінші жаңбыр кезінде азаматтар банк алдында топтасып тұрған еді. Осы жағдайды сырттай байқаған азаматтар банк банкротқа ұшырайын деп жатыр екен деп түсінді. Нәтижесінде адамдар жаппай банктен ақшасын шығарып алып, банк шынымен банкротқа ұшыраған оқиға орын алды.Сондықтан да сенім өте қажет. Барлық банктердің тұрақтылығы үшін бірге қадам жасап жатқандықтан ХААН банк бұл шараға демеушлік жасап отырғанына ризамыз. Бұдан кейін де басқа банктер де бұл акцияға өз үлесін қосып, демеуші болады дегенге сенімдіміз. Бізде көтеретін тақырып өте көп. Ескертетін де жайлар жеткілікті.

– Мен қаржылық алаяқтық пен алдап кетуді бір-екі айлық шарамен ғана тоқтата алмайтынымызды, акция кезінде азаматтар алған ақпараттарын келешекте білімге айналдыру қажет екен деп түйдім.

–Сіздікі жөн. Адам ұйқыдан ояна салып, қаржылық білімді игеріп кетеді деу әбестік. Жоғарыда айтқандардан түйетініміз, қаржылық білім дегеніміз БІЛІМ, ҚАБІЛЕТ, КӨЗҚАРАС атты үш нәрсеге келіп тоқтайды.

БІЛІМ: Сіз дереккөз қауіпсіздігі жөнінде біліп алдыңыз.

ҚАБІЛЕТ: Сіз сол білгеніңізді жүзеге асырып, дереккөзді тексере бастадыңыз.

КӨЗҚАРАС: Дереккөзді тексеру әдетін қалыптастырып, қаржылық тәртіпке үйреніп жатырсыз деген сөз.

Біздің міндетіміз азаматтарды қателесуден сақтандырып, қажетті білім мен ақпаратпен қамтамасыз ету. Ең соңында сіздерге қайтара кеңес етерім: «Сіз өзіңізді өзіңіз ғана қорғай аласыз. Сіздің мәселеңізді біз білмейміз. Сондықтан сіз дереккөзді жақсылап тексеріп, қадағалап отырыңыз» дегім келеді.

Әңгімеңізге рақмет!

Continue Reading

Іскер азамат

Заманбек Абдуллинұлы: Аптасына бір рет отын салатын пеш жасап шығардық

Published

on

Біз бүгін, Kaznews ақпараттық агенттігінің «Жетістік жолы» жобасының кезекті қонағына «Өлгий ресурс» компаниясының негізін қалаушы, директоры Заманбек Абдуллинұлын шақырып отырмыз.

Ол 1990 жылы Улаанхус сұмынында дүниеге келген. 4 ағайынды. Отбасының үлкені. 1998 жыл орта мектепті бітірген соң Моңғолия мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны 2012 жылы баламалы энергетика инженері мамандығы бойынша, Саясат және менеджмент академиясын Басқару саласы бойынша тәмамдаған. Энергетика саласы бойынша магистрантурада оқып жүр. Заманбек Абдуллин алғашқы қызмет жолын 2012-2017 жылдары аймақтық жылу станциясы яғни «Эрчим» компаниясында бастаған. 2014 жыл “Киелі жүйрік”, 2018 жылы “Өлгий ресурс” компаниясын құрған.

Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы

Қызметі: “Өлгий ресурс”, “Заман финанс” компанияларының директоры, “Өнер дамысы” одағының төрағасы

Әлеуметтік желі: Абдуллин Заманбек (FB)

Бизнестегі алғашқы қадамыңыз не болды?

Алғаш 2014 жылы «Киелі жүйрік» атты компания құрып, 2018 жылға дейін энергетика, құрылыс саласында жобалар жүзеге асырдық. Ең үлкен атқарған жұмысымыз – Баяннуур сұмыны орталығын біріккен жылу жүйесіне өз қаражатымызбен қостық. Бірақ қазір ол компанияны белгілі себептермен сатып жібергем. 2018 жылы энергетика және құрылыс саласы рұқсатнамаларын алып, Ресейдің Барнаул жылу пештері зауыты өнімдерінің ресми дистрибьюторы «Өлгий ресурс» компаниясын құрып, жоғары және төменгі қысымды жылу пештерін сату ісімен айналысып келеміз. Сондай-ақ осындай пештерді сұранысқа сәйкес Баян-Өлгий аймағында өндіріп, халық игілігіне жаратып отырмыз.

Тек қана аймағымызда емес, елімізде де тұрмыстық және өндірістік жылу пештері шетелдерден әкелінеді. Сіздердің «Өлгий ресурс» компаниясы өндіретін пеш нарықта қандай ерекшелігі бар?

Біз жасайтын пеш – жеке үйлерге қолданатын 4-7 тәулікте бір рет отын салып, күлін шығаратын, автоматтандырылған, жылу температурасын бірқалыпты ұстайтын пештер. «Жақсы идеялар жалқаулықтан пайда болады» деп айтады ғой. Ресейден пеш әкелген кезде осындай пештерді жеке үйлерге салып, күнделікті от жағу машақатынан қалай құтылуға болатынын байқадым. Сол кезде неге осы үлкен пештерді кішірейтіп, жеке үйлерді жылытуға пайдаланбасқа деген ой келді де бір жыл зерттедім. Қазақстан мен Ресейдегі нұсқаларымен таныстым. Ол кездері біздің аймақта және ел астанасында кейбір азаматтар осындай технологиямен жұмыстайтын пештерді Қазақстан, Ресей, Германия, тіпті Чехиядан да әкеліп қолданып жүр екен. Алайда олардың құны біздің қазіргі жасаған пештерден 2-3 есе қымбатқа түсетін. Бір жыл өзіндік құны мен нарықтағы сұранысты зерттей келе, тәуекелге бел буып, былтыр мамыр айынан жылу пештерін өндіре бастадық.

Бір пеш жасауға қанша уақыт жұмсалады?

Бір пешке орта есеппен 5-7 тәулік кетеді.

Өнімдеріңізді қайда сатасыздар?

Өнімді тек тапсырыспен ғана жасап келеміз. Бұл істі қолға алғаннан бері 28 пеш жасап саттық. Аймақ орталығы, сұмындар, көршілес Увс, Қобда аймақтарымен қатар Ұланбатыр, Эрдэнэт, Дархан қалалары мен Хэнтий аймағы тұтынушыларына да тапсырыспен жасап бердік.

Қазіргі ахуалдарыңыз қалай? Өндірістеріңіз бір арнаға түсті ме?

Қазір дайындық жұмыстарымен айналысудамыз. Бұл алғаш өз қолымыздан жасап шыққан өнім болғандықтан кемшін тұстары да болып жатады. Біз өз тұтынушыларымыздан пештің артықшылығы мен кемшілігін сұрай отырып, оны жетілдіріп шығаруды көздеп отырмыз. Тапсырыстар қабылдап, тұтынушылардың сұранысына сәйкес пеш жасаймыз.

Бағасы қолжетімді ме?

Әрине, қолжетімді. Құрылыс алаңының аумағына байланысты 1.800.000-3.500.000 төгрөг аралығында. Дәл біздікі сияқты автоматтандырылған пештерді Қазақстан, Ресей және басқа да шетелдерден әкелетін болса, оның құны 5 млн төгрөгтен асып кетер еді. Жастар көбінде от жағудан қашып, тұрғын үйлерде тұрғысы келеді. Ал біздің пештің бір ерекшелігі пәтер үй сияқты үйдің шаршы метріне байланысты 3-4 тәулікте немесе аптасына бір рет көмір салуында және ол автоматты басқарылатындықтан отынды 40 пайызға үнемдейді.

Қажетті шикізатты қайдан аласыздар?

Басында Ресейден алдыратынбыз. Бірақ ол қымбатқа түсетіндіктен ҚХР-дың ішкі өлкелерінен тасымалдайтын болдық. Сапасы Ресейдікімен бірдей әрі бағасы арзан. Сондықтан да өнімнің бағасы халық қалтасына сәйкес.

Жаңа өнім шығарып, оның бағасын басқа аналогтарынан арзан сату сіздерге де, халыққа да пайдалы. Сонымен қатар жұмыс орны да пайда болады. Өндірісіңізде қанша жұмысшы бар?

Оншақты адам жұмыс істейді.

Жалпы бизнес бастаған кезде қандай қиындықтар болды?

Бизнес бастаған кезде көптеген қиындықтар болады. Біріншіден, қорқыныштан құтылу қажет. Қорқынышты жеңіп, тәуекелге бел буған кезіңде ең әуелі ақша керек. Ол өзіңде жоқ болса, банк сағалағаннан басқа жол жоқ. Ең алғаш несие алған адамға, әрине, оның пайыздық өсімі жоғары. Бірақ адам қателесуден қорықпау керек. Адамның құлшынысы мен өзіне деген сенімі нық болса, бәрі де дұрыс болады.

Кез келген бизнесті бастау, сол істің 50 пайызы деп айтады ғой.

Сіз импорттың орнын басатын өнім шығарып отырсыз. Осыған сәйкес мемлекеттен қолдаулар болды ма?

Қолдау болмады. Солай болса да бүгінге дейін айы екі пайыздық бизнестік несиемен жұмыс жүргізудеміз. Шағын және орта өндірісті қолдау қорынан берілетін несиеге жобамызды тапсырсақ та, өкініштісі, қолдау таппай, оның көбі билік басындағы адамдар мен жергілікті депутаттардың ағайын-туысы, тамыр-танысына беріліп жатады. Өз маңдай терімен еңбек етіп, жетістікке жеткісі келген жастарға оның ауылы әлі де алыс сияқты. Ел бастаған ағалар жеке бас мүддесінен гөрі халық қамын ойлап, нақты өнім шығарып отырған компанияларды қолдаса екен деймін.

Бұған дейін қандай салада бақ сынадыңыз?

«Заман финанс» банктік емес қаржылық ұйымы қаржы, несие саласында жұмыс атқарса, «Өлгий ресурс» компаниясы қарамағында «Өрнек» цехы киіз өнімдерін шығарады. Өнімдерді Ресей, Қазақстан, ҚХР-ға тапсырыспен жасап жеткіземіз.

Сондай-ақ «Заман» продюсерлік орталығы да жұмысын жүргізіп отыр. Өзім жастайымнан өнерге құштар болғандықтан бұл саланы да тастағым келмейді. Аймағымызда қаншама дарынды жастар бар. Продюсерлік орталығы арқылы біздің аймағымызда кенже қалған саланы дамытсам, жастарды халыққа танытсам деген ойдамын. «Өнер дамысы» деген бейресми ұйым да бар. Осылар арқылы өнерге қолдау көрсетіп, жастарға домбыра, гитара, фортепиано үйірмелерін жүргіземіз. Өнердің арқасыныда “Моңғолияның өнер саласының озат қызметкері” атандым. Мен бизнеске келмес бұрын өнер жолында болдым. Оның жолы – қиын да ауыр. Нарық шағын, қолдау аз. Сондықтан да өз бизнесімді алып жүру арқылы өнерді де аз да болса қолдасам деп ойлаймын.

Бір емес, бірнеше салада қызмет жасайтын компанияларды басқарудасыз? Қандай қиындықтарды еңсердіңіз?

Іскерлік ортада ең алғашқысы және таңдаулысы ғана өмір сүре алады. Кезінде біраз қиындықтар болды. Ең бастысы – адамдармен тіл табыса білу.

“Мақсатсыз адам арманына жетпейді” дегендей мақсатсыз жұмыс алға баспайды.

Жұмыс жүргізу тәсіліңіз қандай?

«Мақсатсыз адам арманына жетпейді» дегендей мақсатсыз жұмыс алға баспайды. Алдымен ай сайын жұмыс жоспарын жасаймын. Одан кейін соған негіздеп, апталық кесте шығарамын. Сол бойынша шамамен қанша пеш өндіру керек дегенді уақытымен жоспарлап отырамыз. Қанша уақытпен жарыса жұмыс істесек те, сапаға ерекше мән береміз. Осы кәсіпті бастағаннан бері не нәрсе жасасақ та, тұтынушыға жетпес бұрын міндетті түрде тексеруден өткіземіз. Жеке кәсіп болған соң уақытқа да бағына бермейміз. Көбінде кешкі уақыттарда оңашада ойымды түйіндеп, жұмысымды жоспарлап, есеп-қисабымды жасаймын.

Дәл қазір қандай іспен айналысудасыз?

Бір пеш бір отбасының қажетілігіне жарайтындықтан адамдардың қалауы әрқалай. Сұранысқа сәйкес оны үнемі жетілдіріп отыру қажет. Сол үшін пештің тағы бір түрін тәжірибеден өткізіп жатырмыз. «Өлгий ресурс» компаниясы құрылыс саласында да жұмыстар атқарады. Алғашқы құрылыс жобамыз жеке автомат жылу жүйесі бар 4 үйлік тұрғын үй /пентхаус/ салып жатырмыз. Оның артықшылығы орталық жылу жүйесіне қосылмаса да, үш күнде бір рет көмір салынып жылытылады. Ал, құрылыс салудың бір қиыншылығы қала орталығынан жер телімі табылмайды. Бар жерді әркез билік басында болғандар қалталы азаматтарға бей-берекетсіз үйлестіріп тастаған немесе өздері алып алған.

Біз жоғарыда айтылғандай жастарға 4 үйлік тұрғын үй /пентхаус/ жобамызды ұсынамыз. Өз аулаңда экожүйе қалыптастырып алуға болады.

Қандай кезде музыка тыңдайсыз?

Қандай бір жұмыс істеп жатқан кезде музыка тыңдағанды қаламаймын. Тып-тыныш ортада бір нәрсеге ғана назарымды аударып жұмыстағанды ұнатамын. Ал музыканы бос уақытымда тыңдаймын немесе студияға барып, музыканың сүйемелдеуімен ән айтқанды ұнатамын. Бұл – менің хоббиім.

Жуықта қандай кітап немесе мақала оқыдыңыз?

Қазір екі кітап оқып жатырмын. Біріншісі – экономика ғылымдарының докторы Мырзакелді Кемелдің шығармалар жинағының екінші томы. Екіншісі – АҚШ президенті Доналд Трамптың моңғол тіліндегі «Миллиардерше ойлау» атты кітабы.

Сіздің мінезіңіз ашық па?

Өзімді ашық, ақ көңілмін деп ойлаймын. Бірақ ақ көңілдік бизнес тұрғысында кедергілер келтіріп жатады. Бірақ мен бірқалыптылықтан ауытқып, бірде олай, бірде былай болуды қаламаймын.

Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

Көбінде отбасыммен бірге боламын. Арасында достарыммен бірге қыдырамын. Кейде теннис ойнаймын. Адамның ұрпағына қалдыратын жалғыз мұрасы, ол –тәрбие. Сондықтан балаларыма жақсы тәрбие беруге тырысамын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, балаларымнан және достарымнан. Өзіме сенім жүктеген және сенетін жақындарымнан күш қуат аламын. Ауылда мені «бас жора» деп атайды. Адамдар сізге сенсе, сол сенімнен шығу қажет. Қазақтың заңғар ақыны Мұқағалидың :

Түн маған ұйықтау үшін жаралмаған,
(Ұйықтасын сапарларын тәмамдаған).
Алдымда сапар жолы тарам-тарам,
Ұйықтасам барлығынан қараң қалам,– дегенін естен шығармаймын. Жас кезіміз қайта айналып келмейді. Денсаулық, күш қуат, жігер, өр көкіректік тұрған шақта құлайтыннан құлап, сүрінетіннен сүрініп, асатын асулардан асуымыз қажет.

Өмірде кімдерден ғибрат алдыңыз?

Алдыңа мақсат қойып, сол мақсатқа күш, жігеріңді жұмсасаң, орындалмайтын арман жоқ. Мен өмірде жетістікке жеткен қандай адам болса да, солармен әңгімелесіп, ақыл – кеңес алып келдім. Қазір оқып жатқан Доналд Трамптың кітабынан жылжымайтын мүлік нарығының қыр-сырына қанығып жүрмін.

Алдағы жоспарыңыз?

Қазір қала орталығындағы пәтер үйлер өте қымбат. Жастарды қалай арзан тұрғын үйлі болғызу қажет деген мәселелер көп мазалайды. Осы мәселе бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қолжетімді бағада құрылыс тұрғызбақ ойдамыз.

Өзіңіз сияқты жас кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?

Өзім де бизнесім де стартап болғандықтан маған да кеңес қажет. Көп тәжірибе жинақтадым деп айта алмаймын. Бірақ ел болашағы біздің қолымызда болғандықтан жастар біздер тек ғана құлшынуымыз керек. Тағы да Мұқағали:

Ойлайыншы, не берді жастық маған?
Үйрет деп асау берді бастықпаған.
Жастық маған от берді жалындат деп,
Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.
Жастық менің жаныма жыр байлады.
Жастық мені жалтартпай шыңға айдады,
Жастық мені шындады, шынықтырды,
Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды. -деп жырлағандай жастық шағымызда дүниені танып, көріп-біліп, құлап қалсақ, қайта тұруымыз қажет. Осындай албырт кезіңізде құлшыныс жасап, қателесуден қорықпаңыздар. Өзіңе деген сеніміңіз нық болсын. Қазір бизнеспен айналысқысы келетін жастарда ниет болса, идея көп. Айналаңызда тұрған заттың бәрінен жаңа бизнестік идея туындатуға болады.

Қаржы көзін тауып, нарықтық қажетілігін анықтайтын зерттеуді жақсылап жасап, бизнес бастаса, нәтижеге қол жеткізетін кәсіп түрлері көп деп ойлаймын.

Рахмет! Ісіңіз ілгері болсын!

Continue Reading

Іскер азамат

Базарұлы Ғабит: Менің түпкі мақсатым – Силикон алқабын құру

Published

on

2006 жылы Ғылым және технология университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітірушілер IT бизнес саласында бақ сынау үшін компания құрып, оны “Infinite Solutions” деп атады. Бұл кездері Моңғолияда IT саласы соншалықты дамымағандықтан олар жылына мың-мыңдап жаңа бастамалар банкротқа ұшырайтын нарықта бәсекеге түсу үшін тәуекелге бел буып, Америкаға бет алды. Осылайша қалталарында ақшасы, тамыр танысы не серіктесі жоқ 19, 20 жастағы жастар сенімдерін арқалап, ұшақтан түсіп жатты. 

2008 жылдың жазында моңғолдар олимпиаданың алғашқы алтын медалына қол жеткізіп, Сүхбаатар алаңында дүрілдетіп тойлап жатқан болатын. Дәл сол күні АҚШ-тың бизнес әлеміндегі әйгілі Bloomberg Businessweek порталы күніне 10 мың рет жүктелген қолданбалы бағдарламаны /аппликейшн/ ерекше атап өтті. Бұл тәулігіне қаншама технологиялық жаңалықтар жарияланатын портал үшін онша маңызды емес еді. Алайда, сол бағдарламаны жасағандар Моңғолия азаматтары болғандықтан бұл оқиға бізді елең еткізді. Еліміздің Ғылым және технология университетін бітірген түлектер ақпараттық технология отаны саналатын Америка назарын өздері жасаған аппликэйнш арқылы аудартқаны қызықты еді.
Кез келген адам жасай алмайтын хиқаяға толы саяхаттың басынан аяғына дейін болып, оны қазір де жалғастырып жүрген жиһанкездің есімі – Базарұлы Ғабит.

Ол небәрі 20 жасында жоғарыдағы айтулы оқиғаға себепкер болған “Infinite Solutions” (Шексіздік шешімі) компаниясын құрды.

Қызметі: “Infinite Solutions” компаниясы және “Nest” ақпараттық технология мектебінің негізін қалаушы, директоры

Әлеуметтік парақшалары: FB: (Gabit Bazar)

Компанияларыңыздың алғашқы өнімі сәтті шыққан еді. Қазіргі деңгейден қарағанда келешектегі дамуын қалай елестетесіз?

– Болашақта Моңғолияға оралып, АҚШ-тағы жұмыстарды алыстан басқарып отыруды ойластырып жүрмін. Қандай іске қаржы енгізсек, қоғамға ықпалды болады дегенді ойлай отырып, шешім қабылдап келемін.

Біздің мұратымыз ақша табу емес. Маңыздысы – адамдардың өміріне игі өзгеріс енгізе алуымыз. Егер бизнестің сара жолын тапсаңыз, ол өзін-өзі тұрақтылыққа жетелейді.

Университетте бірге оқыған жеті дос бірлесіп, компания құрдыңыздар. Алайда бизнесте ойы бір жерден шығатын достар қандай бір нәрсеге тек бір жағынан қарайтын жағдай болады. Достармен бірге істеген кәсіп сәтсіздікке апарады дейтін сөз де бар. Осы жағдай сіздерге қиындық туғызған жоқ па?

– Иә, солай. Компанияның ісі ілгері басу үшін команда мүшелерінің әртекті болуы қажет. Ары қарай компания дұрыс жолға түсе ме немесе құлдырауға бет ала ма деген шарттың бірі осы деп ойлаймын. Үздік немесе жақсы идея ең соңғы сапта тұрады. Біздің бағымызға қарай біз бір команда болсақ та, жетеуіміз кез келген мәселеге әр түрлі қырынан қарайтынбыз. Дәл Avangers сияқты( күлді). Біреуіміз білмегенімізді біреуіміз біліп, жасай алмағанымызды жасап дегендей.
Алғашқы идея мен арман-мұрат үшін ғана ұмтылуды мен даму деп түсінбеймін. Сондықтан да негізін қалаушылар үнемі жаңарып отыруы керек. Барлығында менікі дұрыс дегендіктен емес, әлем жедел өзгеріске ұшырап жатқанда мен өзгермесем қалай болады.

Компанияның негізін қалаушылар оны қалай алып жүрді?

– Жетеуіміз компанияның алғашқы негізін қалаушылары болсақ та, ол қалпынша сақталады деген сөз емес. Біз 2010 жылдан бастап, компаниямызды ұлғайтқандықтан соңғы келгендер де негізін қалаушылар болып саналады. Тіпті соңғы жұмысқа орналасқан тәжірибеден өтушілер де біздің үлескерлер. Мен IT компаниялардың алғашқы мақсаты мен мұратын ұстанып жүре беруін даму деп ойламаймын. Сондықтан да негізін қалаушылар үнемі жаңаланып отыруы қажет. Үнемі менікі ғана дұрыс бола бермейді ғой. Әлем үлкен қарқынмен өзгеріп жатыр деп айтып алып, өзіміз өзгермесек, не мәні бар. Diversity is the key.

Айырмашылықта болу маңызды. Адамның мүмкіндігі шектеулі. Басқаша айтсақ, мәңгі кемелденіп, алда жүретін адам болмайды. Сол үшін де адам үнемі оқып үйрену қажет.

Бизнеспен айналысқан адамға күндердің бір күні оқуымды жалғастырамын ба немесе кәсібіңді өрлетемін бе деген таңдау жасауға тура келеді. Сіз қайсысын таңдадыңыз?

– 2011 жылы компанияның директоры болған кезімде ісімізді келесі сатыға көтеру қажет екенін түсіндім. Себебі компаниямыздың өрлеу сатысына қарағанда біздің баяулап қалғанымызды байқадым. АҚШ-тың жоғары технологияларды дамытатын Силикон /кремний/ алқабында қандай жаңалықтар мен өзгерістер болып жатқанын өз көзіммен көргім келді. Сонымен қатар Америкада ресми түрде кеңсемізді ашпақ мақсатымыз да бар еді. Жалпы адамның өсу кезеңінде тоқыраушылық пайда болғанда «енді не істеуім керек» деп өзінен өзі сұрай бастайды. Сондықтан үнемі оқып үйрену үстінде болған жөн. Алайда оқу дегеніміз міндетті түрде жоғары оқу орнында білім алу деген сөз емес. Еңбек ету жолында да үйренуге болады. Мықты даяшыдан да, жаңа кәсіптестеріңнен де, кейде өткеніңізден де оқып үйреніп, сабақ алуыңызға болады. Жасанды интеллект мен адамның айырмашылығы –  адамда өткен өмір тарихы болатындығында.

“Қаржы енгізуші жоқ болса…” десек, біз ешқашан бастамаған болар едік.

– Кәсібін жаңа бастаған стартаптардың 90 пайызы сәтсіздікке ұшырайды деген статистика бар. Ал сіздердің 2007 жылы бастаған стартап жобаларыңыз табысқа жетіп, 10 пайыздық пайда таптыңыздар. Сонда қандай компаниялар пайда тауып, қандай жобалар сәтсіздікке тап болды?

-Әр адамның жетістігі сол адамның тарихы болып есептеледі. Ал сәтсіздік неден болады десек, адамдардың төзімсіздігінен болады. Бір нәрседен нәтиже шығара алмай, стартап деген арманның жетегінде көп нәрсеге ұрынады. Қатты айтылса да бұл шындық. Солай болып көрінеді де. Ең үлкен себеп пен сылтау – «қаржыландыру жоқ болған соң» деп айта салу. Егер біз солай ойласақ, бұл істі бастамасақ едік. Ал қаржыландыру кейінгі мәселе. Ағайынды Райттарда ештеңе де болған жоқ. Олар Гарвард университеті қаржыландыратын командамен бәсекеге түсіп, оларды ұтып, алғашқы ұшағын құрастырды. Қалай жасады десеңіз, нені қолға алғанын жақсы түсінді.

Істеп көр. Сәтсіздікке тап бол. Сәтсіздіктің өзі сабақ. Егер одан қорқатын болсаң, бір нәрсе жасауға құлықсызсың деген сөз.

Қазір Infinite Solutions компаниясы көптеген стартаптарға қолдау көрсетіп, дамытып отыр. Моңғолиядағы стартаптар туралы қандай ойдасыз?

– Моңғолияда стартап бизнес бастап жүрген адамдар өздері айтып жүргендей әлі стартапты дамытудың жоғары сатысына жеткен жоқ. Олардың ісінен сөзі асып кеткен. Бізге жаңа нәрсе жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, жастар не істесе де, тиянақты болғаны жөн. IT-дің маманы «блокчейн әдемі екен», «ой, жасанды интеллект тәуір сияқты», «финтек те жақсы ма» деп, ұшып-қонып жүруге болмайды. Бір жолға түссең, содан айныма. Соңғы уақытта кейбіреулер: “Ойбай, бұл мен істейтін бизнесім емес екен, өз жолымды таппадым», – деп, бастаған ісін ортасынан тастап кетіп жатады. Сондықтан кез келген жұмысты аяғына жеткізу маңызды. Бастадың ба аяқта. «Бастаған істі тастама» деген емес пе?! Сіз «стартап», «стартап» деп айта бергеніңізбен, сол жолда сәтсіздікке ұшырап көрмесеңіз, мен сізге ешқашан сенбеймін.

Қытайда Wechat, Америкада Paypal, Кореяда Kakao қатарлы аппликейшндер бар. Моңғолияда осындай Mongolchat –ы болғанын қалаймын

Дәл қазір сіздердің компанияларыңыз қармағында оншақты стартап жүзеге асырылып жатыр екен. Бұл қандай бизнестік бастамалар?

– Мысал ретінде екі-үшеуін айтайын. Алғашқысы 2014 жылы басталған америкалық жоба. Мұны біз қазір де жаңа кәсіп деп ойлаймыз. Бұл жеке адамдарға арналған CRM немесе тұтынушылармен қарым қатынас жасайтын платформа. 2014 жылы америкалық кәсіпкерлермен бірлесіп, қаржы тауып, жобаны еліміз жастары қолға алып дамытып жатыр. Өткен жылы сауда айналымы 1.2 млн ақш долларына жетіп, қазір қозғалтқышы іске қосылып, тұрақты кәсіпке айнала бастады.
Екіншісі – коммуникация мен есеп жасауды біріктірген аппликейшн. Соңғы он жылда біздер еліміздің көптеген банктеріне интернет банк, смарт банк қатарлы финтек тәсілдерін енгіздік. Бірақ бұлар әрқайсысының өз тұтынушысы бар жеке-жеке жүйелер. Қазір біз өзіміздің көп жылғы тәжірибемізге сүйеніп, халықаралық стандарттарға сай келетін шешімдерді қамтамасыз ететін жүйе жасауға ат салысудамыз. Дәл Қытайдағы Wechat, Америкадағы Paypal, Кореядағы Kakao қатарлы қолданбалы бағдарламалар сияқты Моңғолияда да MongolСhat-ы болғанын қалаймын.

Үшіншісі – IT-ді тереңдетіп оқытатын «Nest» орта мектебі. Бұл біздің білім саласына құйған инвестициямыз. Біздің компанияны мысалға алып көрсек, еліміз және шетелдік жоғары оқу орнын жақсы бітіріп келген жастар тура жұмыс істеуге келсе де, бізге оларды қайтадан бір жыл «оқыту» қажет болады. Сонда бұл олардың өмірге сәйкес келетін білім ала алмай отырғанын білдіреді. Сондықтан да компанияға келе салып, басқаларға ілесіп кетуге икемдейтін, білім беретін (soft skill) орта мектеп оқушыларына біліктілік оқытуларын жүргізудеміз.

Білім саласындағы жобаларыңыз қай сатысында жүр? Қандай мақсаттарыңыз бар?

– Қазір академиямызға сабақтан кейінгі оқыту сипатында жылына 80 балаға ақпараттық технологиялардың /IT/ неігізін үйретіп жүрсек, болашақта көптеген балаларға осындай мүмкіндік жасамақпыз. Сол үшін де орта мектеп жобасына қаржы енгізу шешімін қабылдадық. Дұрыс оқытушы білім беріп, дұрыс жаққа бағыттасақ, біздің балалар жоғарғы деңгейдегі табысқа қол жеткізетін болады. Қазір Ғылым және технология университетінде С. Бауырбек ұстаздан білім алған 40-тай студент АҚШ-тың Microsoft, Amazon, Expedia қатарлы алпауыт компанияларында қызмет етіп жүр. Өз күшімен жетістікке жеткен моңғолиялық жастар енді іні-қарындастарына өздері жүріп өткен жолдан қалай төтелеп өтуді үйрететін болады.

Моңғолиядан дұрыс қөзқарасты, білімді де білікті 10 мың инженер шықса, мен олардың еліміз болашағына үлкен өзгеріс жасайтынына кәміл сенемін.

АҚШ-та білім алып жүрген кезіңізде оқумен қатар «Силикон алқабында» технологиялық компанияда жұмыстап, сонымен бірге Моңғолиядағы компанияңызбен үнемі байланыста болдыңыз. Мұның барлығына қалай үлгердіңіз?

-Америкаға бара салысымен ортасынан бөлінген өте ыңғайсыз диванда ұйықтап жүрдім. Адамдар демалып ұйқысынан оянғанда мен белім үзіліп кетердей болып тұратынмын. Қандай болса да, демалатын орным болғандықтан ол диван әдемі көрінетін. Таңғы жетіде тұрып, Старбакстың үлкен кофесінен бірді алатынмын. Сан Хосеге барып сабаққа отырып, одан кейін Стенфордтағы оқуыма келетінмін. Екі оқу орнында қатар білім алатындықтан бірінен екіншісіне баруға 1-2 сағат жұмсайтынмын. «Силикон алқабында» өмір сүру өте қымбат болғандықтан жұмыс істемесе болмайды. Менің жолым болып, сол кезде бір топ жастармен бірге IT-дің стартап компаниясында жұмыс жасадым. Жұмыстан босап, үйге келген соң 19-20 сағат кезінде Моңғолияда таң атып жататын. Таңғы төртке дейін Моңғолиядағы жастармен байланысқа шығып, сондағы шаруаларымды реттеймін. Таңғы төрттен жеті сағатқа дейін көз шырымын алып, таңертең қайта сабағыма баратынмын. Дәл осы ережені екі жыл үздіксіз ұстандым. Кейде аз, кейде көптеу демалып жүрдім. Осылай екі жыл жүріп, елге келген соң қатты шаршағанымды сезіндім. Адам бірқалыпқа түскен соң жүре береді екен. Өзім таңдаған жол болғандықтан бәрін де өзім істеуім керек болды. Ренжісең, өзіңе ғана ренжисің…

Моңғолияның Ғылым және технология университеті мен АҚШ-тағы бакалавриат пен магистратураны қосқанда бірнеше жоғары оқу орнынан білім алдыңыз. «Оқы, оқы және оқы» деп жүргендегі мақсатыңыз не?

– Студент кезімізде оқытушыларымыз «шетелге барып жұмыс істеп көріңдер» деп кеңес беретін. Мен Ғылым және технология университетінде оқып жүріп, Әлемдік банк жобасында еліміздің IT компанияларына жауапты болдым. Университетті бітірген соң да сонда жұмыс істедім. 2006 жылы Ғылым және технология университетін 19 жасымызда бітіріп, 20 жасқа шыққан соң «тәуекелмен бір істі бастайық” деп, достарыммен бірлесіп “Infinite Solutions” компаниясын құрдық. 2007-2008 жылдары Американың Солтүстік Дакота штатының Дикинсон университетінде бір жыл білім алдым. Одан кейін 2011-2015 жылдары «Силикон алқабында» жұмыстап, оқып, өмір сүрдім. Осылайша, мен елімізде де, шетелде де білім алдым. Елімізде білім алуыма ата-анамның: “Еліңде не болып жатқанын біл, тура шетел асып кетсең, еліңнен жырақтап қаласың”,- деген кеңесі себеп болды. Қазір мұны ой елегінен өткізсем, дипломнан гөрі біліктілік, оқыған дүниелерім, танысқан адамдарым маңыздырақ болған екен түйіндеймін. Ай сайын компаниямызға жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлермен әңгімелесу өткіземіз. Соңғы төрт жылда біз олардың біреуінің де дипломына қарамаппыз. Керісінше, қандай жұмыс атқарғанына, не істей алатынына назар аудардық.

АҚШ-та білім алып, жұмыс істеп оралған соң нені артық түсіндім деп ойлайсыз?

– Елге оралған соң түсінген басты нәрсем, бұл – экожүйе. Моңғолияда бизнес түрлері жеке дара жұмыс жүргізеді. Мен Моңғолияға келгеннен кейін біздің компания ары қарай дамып, ұлғаюы үшін қандай экожүйе жасаған жөн деп ойландым. «Силикон алқабы» экожүйесін керемет қалыптастырған. Онда сапалы білім институттары, инвестиция, білікті адам капиталы, жақсы брендтер бір жерге шоғырланған. Таңдаулы IT компаниялары да бар. Бір-бірін қолдай отырып, таңдаулы өнім пайда болғызады. Сондықтан экожүйесін дұрыс жасап, тек қана пайда көздемей, экожүйесін дұрыс жасап, келешекті болжаған кәсіп ашсаңыз, адамдардың көзқарасы өзгеріп, соның нәтижесінде қоғамда да бетбұрыстар болатыны анық.
Стив Жобстың “Connecting the dots” (нүктелерді байланыстыру) деген қағидасы бар. Егер сен өз өміріңді дұрыс алып жүрсең, саған кездескен оқиғалардың барлығы өзара байланыса бастайды. Оны қайта ой елегінен өткізсеңіз, сіздің басыңыздан кешкендердің барлығының өз мәнісі бар екеніне көз жеткізесіз.

Жасанды интеллектіні қарапайым тілмен түсіндірсеңіз?

– Қарапайым нәрсе сияқты көрінгенімен әр адам әрқалай ұғынатын түсінік. Мысалы, мен ол жайлы шәкірттерімнен сұрасам, біреулері ол «робот» немесе фильмде көрсетілетін «терминатор», «iron man» деген сияқты жауап береді. Ал кәмелетке толғандардан сұрасаң:«Бұл жайлы айту әлі ерте», «Енді ғана зерттеу нысанына айналды»,- деген сылтау айтады. Қарапайым сөзбен жеткізсек, жасанды интеллект қандай пішінде болуға да болады. Оның басты мақсаты – біздің жұмысымызды автоматтандыру. Мысалы, өндірістік бір жиіліктегі шаруаны адам емес, мәшине жасауы, дәрігердің диагнозын жасанды интеллектіні пайдаланып, нақыт дәл шығаруы немесе несие экономисі анализін жылдам істеуі деп түсінуге болады.

Әлемде жасанды интеллектің дамуы қаншалықты қарқынмен дамып келеді?

-Жасанды интеллект жайлы ұғым 1950-жылдары шыға бастаған. Алғашқы және жаңа деген екі кезеңі бар. Алғашқы кезеңіндегі басты оқиға, ол 1997 жылы IBM-нің Deep Blue атты құрылғысы әлемдік таңдаулы шахматшы Гари Каспаровты жеңуі. Бұл адамзаттың жасанды интеллектмен алғашқы бетпе-бет келуі еді. Ол кезде мәшине ақылы артық болғанымен емес, жылдам болғандықтан адамды жеңді. Мәшине өзі ойланғаннан гөрі адам жасаған өзгермейтін бағдарлама мен ереже бойынша бір секунтта өте көп мүмкіндіктерді есептеп шығарып жеңіске жеткен еді. Бірақ 2008 жылдан бастап, жаңа кезең немесе мәшине оқи (Machine Learning) бастауымен жасанды интеллект саласында үлкен жарылыс болды.
Жасанды интеллект дегеніміз өте үлкен ұғым. Оның бір саласы Machine Learning немесе мәшиненің оқытуы. Әлем ғалымдары енді соған бет бұрып, жұмыстай бастады. Мәшине оқытуы тіптен тереңдетіліп, ішінен Deep Learning атты тереңдетіп оқыту жүйесі қалыптасты. Ол адам миы қағидасымен жұмыстайтын Neural Network-ке негізделген.

Жасанды интеллектіні дамытуда кездесіп отырған кедергілер қандай?

-Мәшинені оқыту кезінде өте көп мөлшерде дата қажет болады. Сәті болғанда соңғы смарт телефондар, loT (Internet of Things) көмегімен дата жеткілікті жиналып жатыр. Көкейтесті мәселенің бірі – өте жоғарғы қуатты есептеу мәшинелері. Жаңа сала болғандықтан Data scientists немесе жасанды интеллект ғалымдары мен инженерлері тапшы.
Қазіргі жағдайда жасанды интеллект singular defined domain немесе тек бір ғана нақты және түсінікті мәселені шеше алады. Сондықтан да адам миы көптеген мәселелерді шешу қабілетімен жасанды интеллектіден әлі де артықшылығын сақтап отыр.
Әлемдегі ең тәжірибелі дәрігерді мысалға алып қарастырсақ, мол тәжірибесі бар дәрігер өмір бойы қаншама мың науқасты қарайды. Әлем бойынша жүздеген тәжірибелі дәрігерлердің жинақтаған мәліметін жасанды интеллект арқылы пайдаланып, анализ жасап, диагноз қоятын болсақ, ол дәл әрі нақты шығады. Әрине, 100 пайыз болмаса да, нақты жағдайға жақын болжам жасалып, мәліметтерді жинақтап сұрыптау мүмкіндігі пайда болады.

Machine Learning-ге өте көп дата қажет деп түсіндік. Жалпы дата жеткілікті болса болғаны нақты болжам, анализ жасап, диагноз қоюға бола ма?

-Жасанды интеллект қалай жұмыстайды десеңіз мол мөлшердегі дата ақпаратты қорытып содан үйренеді. Мысалы, адам датасына таңертең нешеде оянып, қашан шығу, не істеу, тісті қашан жуу қатарлы барлық даталар қажет. Онда мынауы маңыздырақ, анауы маңызды емес деген дата болмайды.
Нақты жауап алу үшін жалпылай барлық дата болғаны жөн. Жасанды интеллектсіз кезде адамдар сырқаттанғанда дәрігерге барады. Дәрігер науқас адамның өзін қалай сезінетінін сұрап, кеудесінің рентген суретін алғызу арқылы жинаған тәжірибесіне сүйеніп, оның бронхит болғанын анықтайды. Ал жасанды интеллект сіздің барлық дата – ларыңызды әлемдегі миллион-миллиондаған адамның дата- сымен қабат салыстыру арқылы әңгіме басында айтқан нақты жағдайға жақын болжам жасап, мәліметтерді жинақтап сұрыптайды. Дәрігер осы мәліметтерге сәйкес диагноз қойса, диагнозы бұрыңғысынан да нақты әрі шынайы болады.

Өткен жылдарда өнеркәсіп саласын алға қойған елдер даму биігінен көрінді. Біздің ел өнеркәсіп саласында олармен иық тірестіре әрі дамысы бойынша бәсекелесе алмайды. Алайда сарапшылар жасанды интеллект дәуірінде, төртінші индустриялық революцияның дамуымен көшбасшы болу мүмкіндігі бар дейді. Расымен солай ма?

– Бізді үшінші индустриялық революциядан қалыс қалған деп айтады. Негізі сол кездері қандай елдер осы бағытта зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасап, қаржы құйып, көшбасшылыққа қол жеткізді дегенге қорытынды жасау қажет. Сол елдер қазір дамыған елдер атанды. Мәңгілік дүние жоқ болғандықтан жақын болашақта, алдағы 10 жылда қандай ел жасанды интеллект мен IT- ға қаржы мен назарын аударса, сол ел дамыған ел атанады. Керісінше, «болмайды», «қолымыздан келмейді», «біз істей алмаймыз» дегендер артта қалып, тұтынушылар мен даталарынан айырылатын болады. Сіз «жаңа мүмкіндік бар ма?» деп сұрадыңыз. Әрине, бізде мүмкіндік бар. Дәл қазір бізде алтыннан да қымбат мүмкіндік бар.

Жасанды интеллектті дамыту үшін бізге неге басты назар аудару қажет? Қандай жолдар мен шешімдер бар?

– Фундаменталдық білімге ерекше назар аудару керек. Сондай сұраныс болғандықтан Facebook, Amazon, Stanford-тық жастар бірлесіп, «Nest» орта мектебін аштық. Біз IT-мен қатар жаңа көзқарас, бағыт қалыптастыру, мәселені шешу қабілеті, мамандық біліктілік қатарлы үш нәрсеге мақсатымызды бағыттап жұмыстаудамыз. Мәселені шешу қабілеті дегеніміз – математикалық есептің жауабын табудан гөрі нені қалай шешіп отырғанының түпкі мағынасын түсіну. Мамандық біліктілік түсінікті жағдай. Жалпы білім беретін мектепте IТ-ді тереңдетіп игертеді. Қазір міндетті түрде жалпылай білім жүйесін өзгертеміз дегеннен гөрі бар мүмкіндікке сәйкес балалардың қабілеттілігін арттыру талабы туындап отыр. Орта мектебімізде Oracle, Amazon, Microsoft, Apple, Xpedia қатарлы алпауыт компанияларда жұмыстайтын моңғолиялық жастар кеңесшілік етеді. Көптеген өз ісінің шеберлері моңғолиялық жастар үлкен компанияларда қызмет істейді. Солардың көмегімен кейінгі буын бізден жылдам биікке өрмелейтін болады.

Жасанды интеллектіні дамыту бағытында Моңғолияда нақты қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осы салада жұмыс жүргізетін қандай компанияларды атай аласыз?

– Мәтінді сөзге, сөзді мәтінге айналдыратын ikon, Sara қатарлы бірнеше жоба елімізде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл – нақты мысал. Біздің компания соңғы 13 жыл бойы IT, қаржы енгізу, білім, қаржылық технология бағытында Солтүстік Америка, Латын Америкасы, Моңғолия нарығында жұмыс жүргізудеміз.
Бүгінгі күні жасанды интеллектіге негізделген біраз шаруалар атқарылды. Fintech пен банк саласында КҮС немесе тұтынушыларды тану деген ұғым пайда болды. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы тұтынушыны бет әлпетімен танудың арқасында бұл салада нақты ілгерлеушілік қадам жасалды деп айта аламыз. Осы сияқты таза бағдарламалық жұмыстар атқарылып жатыр.
Білім бағытында MIT және де басқа ұйымдармен бірлесіп, оқушылардың осы саладағы білімін арттыру бағдарламаларын дайындап, кітап пен әдістемелік құралдарды аударып бастыруды қолға алдық. Біздің түпкі мақсатымыз – ақпараттық технолгияны дамытушы «Моңғол алқабын» құру. «Моңғол алқабында» неше мыңдаған инженерлерді халықаралық деңгейде дайындап, әлем түкпір-түкпірінен қаржы енгізіп, көптеген жаңа компаниялар ашу арқылы отанымызды әлемдік деңгейде мойындау мүмкіндігі бар.
Біз басқаларға өзімізді үлгі етіп көрсету үшін 13 жыл Ақпараттық технологиялық білім, сондай-ақ халықаралық нарықтан қаржы еңгізіп, шетел нарығына IT өнімдерді экспорттау бағытында жұмыс жүргізіп отырмыз.

Жасанды интеллектінің көптеген жақсы жақтары мен нәтижелері болғанымен оның осал тұсын да айтпай кетуге болмас?

– Өте дұрыс сауал. Жасанды интеллектіден туындайтын үш қауіп бар. Алғашқысы – жұмыс орнының өзгеруі. Индустрияландырудың 3- төңкерісі өте көп жұмыс орнын пайда болғызса, жасанды интеллект дәуірі келгенде көптеген адам жұмыссыз болуы мүмкін деген қауіп айтылады. Екіншісі, экономикалық теңсіздік бөлініс. Технологиялық жетістік игілігін жоғарғы, ауқатты топ өкілдері көріп, орта және төменгі топ өкілдері қалыс қала ма деген қауіп. Үшіншісі, технология адамнан бұрын алға дамып кете ме деген күмән.

Жұмыс орындарында қандай өзгерістер болуы ықтимал. Нақты зерттеулер бар ма?

-Oxford –тың зертеулерінде алдағы он жылдықта барлық жұмыс орындарының тең жартысы өзгеріске ұшырайды деген қорытынды жасалған. Әсіресе, банк теллерлері, өндіріс жұмысшылары қатарлы бір қалыпты жиілік және тізбекте жұмыс атқарушылар мәшинелерге орнын босатады.

Бірқалыпты жиілікте жұмыстаушылардан басқа мамандықтар да өзгеріске ұшырайды. Мысалы, заңгердің көп уақытын жұмсайтын сараптамалық зерттеу жұмысын мәшине атқару арқылы еңбек өнімділігі артады. Бұрыңғы уақытта қандай бір маңызды оқиға орнына журналист, тікұшақ және оператор баратын болса, қазір оның бәрін жалғыз дрон-ақ істей алады. Бірақ дрон өзін-өзі басқарып ұшып жүрген жоқ, оның басқару пультінде адам бар және жеткізген ақпараттарына анализ жасайтын команда жұмыстайды. Сондықтан жұмыс орны жоғалады дегеннен гөрі өзгеріске ұшырап жатқанын байқап, азаматтар өздерін дамытуы қажет.

Дәл қандай мамандықтар ысырылып, қандай жаңа мамандықтар пайда болады?

-Барлық зерттеулерге қарағанда қазіргі жұмыс орындарының тең жартысы жоқ болады немесе өзгеріске ұшырайды. Оның көбісі бірқалыпты жиілікте атқарылатын жұмыстар. Философиялық бір сұрақ бар. Бірқалыпты жиіліктегі, адамды жалықтыратын жұмысты 30 жыл істеген адам өз жұмысын мақтаныш етіп, содан ләззаттана ала ма деген. Менің ойымша, жасанды интеллект дамуы арқылы адамдар мәшине жасай алатын жұмысқа алтын уақытын жұмсамай, бақытты өмір сүру мүмкіндігіне ие бола алады.
McKinsey-дің зерттеуі бойынша барлық мамандықтың 45 пайызы жойылып, 55 пайыз жаңа жұмыс орындары пайда болады деген болжам жасалған. Мысалы, дрон ұшырушы, AR сәулетші, Data scientist, күйзеліс дәрігері қатарлы біздің ойымызға кіріп шықпаған көптеген жұмыс орындары ашылады.

Жасанды интеллект адам миынан озып кетеді деген болжам көп айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа сай келеді. Адам миының ойлау дәрежесіне жеткенін дәлелдейтін айғақ бар ма?

-Singularity немесе технологияның адамның ақыл ойынан асып кету мәселесін айтып отырсыз ғой. Ол жоғарыда айтып өткен үш қауіптің үшіншісі саналатын өте жылдам дамуға байланысты. Бұл салаға өте мол мөлшерде қаржы енгізілуде. Олардың ең қомақтысы – Жапонияның үлкен инновациялық жобасы Soft Bank пен Сауд Арабиясының үлкен қорлары қаржыландыруы. Бір жағынан бұл салаға құйылып жатқан қаржы сомасы көп болса да, қазіргі жүргізіліп жатқан зерттеулерге негіздеп, төмендегідей қорытынды жасауға болады.

Дәл қазір жасанды интеллект нақты мәселені шеше алады. Бұл акция құны өсе ме, мына адам қарызын өтей ала ма немесе сырқаттың диагнозы дұрыс қойылды ма деген мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие. Бірақ ақырғы шешімді адам қабылдайды. Ол бір санға ғана қарап, шешім қабылдамайтыны белгілі. Сондықтан 15 жыл ішінде жасанды интеллектіміз бір мәселені кемел шешкенімен адамнан асып, алға шығады деу ғылыми тұрғыда мүмкін емес.

Жасанды интеллектіні ойлап тауып, үйретіп отырған адамдар бізбіз ғой. Сондықтан адамзат жасанды интеллектіден қорқып қашу емес, керісінше біз қазір оның қандай деңгейінде жүрміз дегенге ерекше назар аударсақ, өзімізге пайдалы дүниеге айналдыра аламыз.

Жасанды интеллект барлық салада қажеттілікке айналып, даму көрсеткіші болатын кез қашан болады деп ойлайсыз?

– Расында да, жасанды инттелект қазір де біздің өмірімізге күшпен еніп келеді. Қарапайым ғана мысал, Gmail электрондық поштасында хат жазған кезде suggestion немесe сөз мен сөйлем ұсыныс етеді. Бұл дегеніміз көптеген миллион адам жазған ақпаратты жасанды интеллект қорытып, оның қолданылу жиілілгін анықтап, менің не жазбақ болғанымды болжап отыр деген сөз. Іздеу жүйесінде де менің не іздемек болғанымды сезіп, маған ұқсас ұсыныстар жолдайды. Біздің әңгімелерімізді тікелей мәтінге айналдыру, фотосуреттегі не екенін анықтау да жасанды интеллектінің жемісі. АҚШ-та MIT Rethink Robotics-тың дамытқан Baxter деген роботы бар. Нақты әрекетті “10-100 рет жасайсың” деп көрсетіп қойсаңыз, оны 24/7/365 тәулік үздіксіз, ешқандай қатесіз және ақаусыз жасайды.
ҚХР-ның Face++ атты жасанды интеллектіге негізделген үш миллион адамның бет-әлпетін бір жолда танитын жүйесі тағы бар. Ұялы телефондағы SIRI де жасанды интеллект арқылы түсініп, қайталап айта алады. Бұрын аударма бюросына баратын болсақ, қазір әлемдік тілдерді өз арасынан Google Translate ешқандай аудармашысыз аударып береді. Amazon немесе Taobao сияқты үлкен сауда сайттары бізге қажетті тауарларды ұсыныс етуі де жасанды интеллект.

Сіздің келешектегі жоспарыңыз?

Түпкі мақсатым – силикон алқабын құру. Онда биотехнология, нанотехнология дамитын болады. Технология дегеніміз- өте үлен ұғым. 1960 жылдары біздің ел биотехнология саласында алдыңғы қатарда болыпты. Оның дәлелі малдың жұқпалы ауруларынан сақтандыру вакцинасын өзімізде өндіріппіз. Ал, қазір шетелден сатып алып отырмыз. Бізге бұдан да ақылды болуымыз қажет. Алайда, керісінше кейінге кетіп барамыз. Соған таң қаламын.
Біздің қалауымыз – жоғарғы технологиялық «Моңғол алқабы». Онда білім алғысы келген жастарға оқитын мектебі мен бітірген соң жұмыстайтын компаниялары дайын тұруы керек. Бұл менің ең үлкен арманым. Сол үшін ғұмырымды арнағым келеді. Бізде ондай қауқар бар. Мен қазір орта мектеп оқушыларымен жұмыс жасаудамын. Оларды дұрыс жолға бағыттасақ, өте үлкен жетістікке жететініне толық сенімдімін.

 

Фото: Business.mn

KazNews Agency: Сұхбатты көшіріп жариялау үшін рұхсат алуыңызды сұраймын!

Continue Reading
Advertisement

Сөзге тиек

Әлемде2 months ago

Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Құрметті отандастар! Құрметті Парламент палаталарының төрағалары, депутаттар, Үкімет мүшелері! Парламенттің кезекті сес­сия­сының жұмысы...

Әлемде2 months ago

ТАҒЫЛЫМЫ ЕРЕН БІЛІМ МЕКЕНІ

Қымбатты достар! Биыл Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының 35 жылдық мерейтойы! Осы айтулы мерекемен Сіздерді шын жүректен...

Әлемде5 months ago

Маусымның соңында Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы қайта қалпына келеді

Маусым айының соңында Қазақстан және Түркия арасындағы халықаралық рейс қайта қалпына келеді. Бұл туралы Қазақпарат хабарлады. Халықаралық рейстерді кезең-кезеңімен жандандыру...

Әлемде5 months ago

Мэнни Пакьяо президент сайлауына түседі

KAZNEWS – Жартылай орта салмақта WBА бұрынғы чемпионы Мэнни Пакьяо 2022 жылы өтетін Филиппин президентін сайлауына үміткер болады. Дәл қазіргі...

Әлемде5 months ago

Түркия 31 елге шекарасын ашты

KAZNEWS – 20 мамырдан бастап медициналық мекемелерде емделу үшін 31 елдің азаматтарына Түркия шекарасынан өтуге рұқсат берілді. Бұл туралы Ийгл...

Әлемде5 months ago

Қазақстан астық пен ұн экспортына қойылған шектеуді алып тастайды

Спутник ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанда 1 маусымнан бастап бидай, ұн және басқа азық-түлік өнімдерінің экспорты жанданады. “Төтенше жағдай аяқталып, еліміз...

Әлемде6 months ago

Ким Жон Ун қайтып келді

Солтүстік Кореяның көшбасшысы Ким Жон Ун 20 күннен кейін алғаш рет көпшілікті қамтыған іс-шараға қатысты. Солтүстік Кореядағы орталық ақпараттық агенттігі...

Әлемде6 months ago

Президент сайлауын пошта арқылы өткізуге дайындалып жатыр

Польша үкіметі пандемия аяқталмаса да, 10 мамырда президенттік сайлау өткізуге тәуелкел етіп отыр. Сайлау белгіленген күнді өзгертпейтін болды. Пошта арқылы...

Статистика

  • 265
  • 9,949
  • 193,598

Басты назарда