Connect with us

Әлемде

Жазушы қоғам сұранысына бас иетін болса, әдебиет құлдырайды – Дәулеткерей Кәпұлы

Published

on

Қазақпарат ХАА – Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Одақ Алматы қаласында орналасқаны көпке мәлім. Қаламгерлер ұйымы қанатын жайып, елордада филиалы ашылып жатыр. Айтулы датаға орай Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, әдебиеттанушы Дәулеткерей Кәпұлымен әдебиеттің бүгіні мен ертеңге беталысы, филиалдың алдағы уақытқа жоспары жайлы аз-кем әңгімелесіп қайтқан едік…

– Жазушылар одағының елордада филиалы ашылып жатқаны құтты болсын! Нұр-Сұлтан қаласы елдің рухани астанасы да болуы тиіс. Ресми ашылғаннан кейін әдебиеттің дамуына бұл филиал қандай үлес қосады? Қандай жоспарларыңыз бар?

– Әдебиетте жоспар деген дүниенің өзі абстрактілі нәрсе ғой. Жүз қойдан жүз жиырма қозы алатындай есеп беретін шаруа емес. Әдебиеттің үдерісін, жалпы, уақыт көрсетеді. Дегенмен де бұған ұйымдастыру шаралары керек. Нұр-Сұлтан қаласында Жазушылар үйі ашылу алдында тұр. Барлық дүниелерін дайындап жатырмыз. Қалалық әкімдік өз балансында тұрған жеке ғимаратты берді. Екі ай жөндеу жұмыстарын жасады. Жиһаздарын қойды. Бұдан басқа да әкімдіктің руханиятқа жасап жатқан қамқорлығын айта кету керек.

– Мәселен, қай істерін атап өтер едіңіз?

– Күзде I Азия форумы кезінде Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясын» ашқанбыз. Сол аллеяның ішінде 11 желтоқсанда үш арыс – Сәкен, Ілияс, Бейімбетке ескерткіш қойылады. Қазір соның дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Тақтасында «Қазақтың ірілері – Абайдың інілері» деген сөз болады. Кәкімбек Салықов ағамыздың үш арысқа арнаған әні ғой. Осыдан алып отырмыз. Бұл да болса біздің сүйіншілеп айтатын жаңалығымыз. Одан бөлек, біздің кемеңгеріміз, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, көрнекті қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орай бір аптаның көлемінде біздің мемлекетімізде үлкен жиындар өтті. Екі айға жалғасқан іс-шара аясында туған өлкесі Маңғыстауда тарихи-өлкетану мұражайы Әбіш Кекілбайұлы атына беріліп, алдына ескерткіші қойылды. Оны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев барып ашты. Бүкіл қазақтың зиялылары Әбіштің туған ауылы Ондыға дейін барды. Үлкен ғылыми-практикалық конференциялар болды. Еуразия ұлттық университетінде де 5 желтоқсан күні халықаралық конференция өтті. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев өзі келіп ашып, Президенттің құттықтауын жеткізді. Оның алдында Фариза апамызға Нұр-Сұлтан қаласынан көше берілді. Ас берілді. Фариза оқулары өтіп жатыр. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен «Әбіш әлемі» конгресі өтті. Үш күнге созылған керемет іс-шаралар болды. Мұның барлығы әдебиетке жасалып жатқан қамқорлық деп ойлаймын.

– Күні кеше Алматыда Жазушылар одағының 85 жылдығына орай пленум өтті. Сол туралы айта кетсеңіз? –

Пленум өтті. Жазушылар одағы — үлкен қара шаңырақ. Оны біздің алыптарымыздың басқарғаны, отау ретінде көтеріп, ордаға айналдырғаны мәлім. Жалпы, Кеңес үкіметі тұсында Жазушылар одағы үлкен бір идеологияның рөлін атқарған секілді. Неге десеңіз, коммунистік партияның қызметі өз алдына, жазушының, ақынның жүргізетін идеологиясы басқа болды. Сол кездегі барлық партиялық номенклатуралардан шықпай, соның шеңберінде жұмыс істеу ұлттың жойылуына әкеп соғатын еді ғой. Сондықтан сол кездегі ақын, жазушыларымыз ұлттық менталитетті сақтап қалу үшін басын бәйгеге тікті. Ұлттың «Өзін», «Менін» жоғалтпай, руханият болмысының өзегін сақтап қалуда сол қара шаңырақтың рөлі өте зор болды деп айта аламыз. Сол шаңырақтың 85 жылдығы және Қазақ әдебиеті газетінің де 85 жылдығы. Жазушылар одағына, жалпы қаламгерлер қауымына үлкен көңіл бөлініп отыр. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек, жаңағы кеңес үкіметі тұсында ақын, жазушылардың шыққан кітабына алып отырған қаламақысы, бастарына берілетін баспана болды. Керек десеңіз, ешкімнің қолы жете бермейтін автокөліктің барлығы сол жазушыларға кезек-кезегімен беріліп отырды ғой. Одан кейін Тәуелсіздік алған тұста, өзіміздің экономикамызды тіктеп үлгермеген кезде ақын, жазушыларымыз сәл абдырап қалды. Қаламақысыз қалды, жұмыссыз қалды, кітап шықпай қалды. Осының барлығы ішкі жанайқайларында болды, бірақ дегенмен де әдебиетті өлтірмеді ғой.

– Өз сөзіңізден сұрақ қойғым келеді. Совет одағы кезінде ұлтты сақтау үшін жазушылардың өз идеологиясы болды дедіңіз. Тәуелсіздіктен кейін біздің ақын, жазушылардың ұлттық рухты асқақтату үшін өзіндік идеологиялары болды ма? Болса, кімдерден көрдіңіз? 

-Өте жақсы болды. Мен сізге айтайын, сол совет үкіметі кезінде партияның ақырып тұрған уақытында «Райымбек» деп Мұқағалидың поэма жазуы, Жұбанның «Мен қазақпын» деп жыр жазуы… Оның ішінде де кейбір шумақтар болды. Бүкіл поэманың барлық болмысын кітапқа кіргізу үшін, жарыққа шығару үшін «Мен қазақпын, белдімін, байтақ елмін, Қайта тудым, өмірге қайта келдім. Мен мың да бір тірілдім қайта өлмеске, Мен Ленин есімін айта келдім» деген шумақты қоспаса, ол поэма шықпайтын еді. Сондықтан, «істікті де күйдірмей, төстікті де бүлдірмей» қазақтың рухын сыйдырып тұрып сол уақытта беру мықтылық еді. Әдебиетте «уақыт және кеңістік» деген ұғым бар ғой. Кеңшілік Мырзабековтің де поэмасы болды. «Боз бие» ме еді, жерді жыртып тастаған тың игеру кезінде өзінің айта алмай тұрған дүниесін жылқының жан-дүниесімен береді. Осындай нәрселер өте көп болды, олар қысымда болды. Қазақ ұғымымен айтсақ, ауыздары тұмылдырықтаулы болды, көздері томағалы болды, балақ баулы болды. 1952-54 жылы партияның қаулысымен біздің халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының, ертегілердің сотталғанын білесіз ғой. Батырлар жырынан «Қара қасқа атты Қамбар» қалды, себебі ол кедей табынан шыққан еді. Енді, тәуелсіздік ала қалған кезде барлық батыр, би, хандарымызға ас беріле бастады. Бөгеуде тұрған тасқын судай лақ ете қалды. Осы кезде тарихи романдар едел-жедел шықты.

– Қай романдарды атар едіңіз?

– Қабанбай батыр туралы Қабдештің «Дарабозы». Совет кезінде жазылған «Елең-алаң» да, «Аласапыран» да, осының бәрі жалпы халықтың, жалпы ұлттың дүниесі. Бұл жерде жекелеген батырлар мен жекелеген хандар жазыла бастады. Абылайхан туралы, Бөгенбай батыр туралы романдар… Кейін Несіпбек Айтұлы поэма жанрында батырлардың образын жасады. Ол қазақ даласындағы батырларды бөліп-жарған жоқ: Жалаңтөстен бастады, Қабанбай батырға да, Бөгенбай батырға да, Наурызбай батырға да поэма жазды. Несағамыздікі енді көзге көрінетін дүниелер болды. Одан басқа көзге көрінбей қалған авторлар да болды. Жолдасбек Тұрлыбаевтың «Райымбек» деген романы бар, мысалы… Енді осыдан әдебиетте әркім өз бабасын ұлықтады деген әңгіме шығардық. Ол заңды да еді. Ол уақыттан өтуіміз керек еді бәрімізге. Содан кейін қайсысы әдебиеттің төл жетістігі екендігін уақыт және оқырман өзі ылғап алады.

– Совет одағы кезінде ақын, жазушылар үлкен қамқорлық көрді дедіңіз. Қазір біздің еліміздің экономикалық жағдайы жаман емес. Бірақ, қазіргі күнде сол кездегідей қаламақы төленбейді. Жас жазушылармен кездессек, ылғи осы мәселені көтереді. Осы жайында оқырманға қандай бір тың ақпарат бере аласыз?

– Тәуелсіздік ала қалған кезде бізде 1000 данамен кітап шықпай қалған уақыттар болды. Кейін мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар 1000 данадан аспайтын. Қазір, тәубе, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар 5000 данаға жетті. Уақыт керек болды. Енді қаламақы мәселесіне келсек, шынымен де ол тоқтап қалды. Бұрын газет-журналға жазған мақаласына да қаламақы алып отырған қаламгерлердің абдыраған кезі осы болатын. Өткенде Мәдениет және спорт министрлігі Мәжіліске дайындап жатқан Мәдениет туралы заңның ішінде әдебиет туралы бір сөз жоқ болатын. Азия форумында Премьер-Министрдің орынбасары Бердікбек Сапарбаев ақын, жазушыларды қабылдады. Сонда үлкен қаламгерлер осы мәселені көтерді. Бұған дейін Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың авторлығын 40 жылға сатып алатын болған. Олар әр баспа табаққа 150 мың теңгеден қаламақы береді. Бірақ авторлығын сатып алғаннан кейін сен ол кітапты 40 жыл бойы өзің шығара алмайсың. Бұл Алматыда былтыр Жазушылардың съезінде де көтерілді. Осы дүние қайтадан қарастырылып, мемлекет автордың шығармасының авторлығын 40 жылға алып қоюды доғарды. Қазір заң Сенатта қаралып жатыр. Әділет министрлігінің мамандарымен де сөйлесіп, Мәдениет министрлігі бұл заңды жан-жақты талқылап, келісімге келді. Мәдениет министрлігі автордың шығармасын алады, оған қаламақы береді, кейін шығарма шыққанша сол ведомствода жатады. Баспадан шығып, кітапханаларға түскеннен кейін автор кітабын қайтадан коммерциялық жолмен шығаруға рұқсат берілетін болды.

– Жаңағы 5000 данамен шығатын еңбектерге тоқталсақ. Бұл қаламы төселген, аға буын қаламгерлерге оңтайлы секілді де, жастарға келе бермейтін секілді. Жастар әр шығармаға жеке қаламақы төленіп тұрса дейді. Бұл бір жағынан ынталандыру да болар еді?

– Бұл енді жеке жастарға деп бөлек қарастырылмаған. Мына мәселеге қараңызшы, былтыр одақтың басшысы ауысқалы бері астанада үш форум өтті. Соған совет құрамында болған елдердің жазушылары келген кезде тәубә деп кетті. Іргедегі Қырғызстанды ал, біз мемлекеттік тапсырыспен кітап шығарамыз, оларда қазір мемлекеттік тапсырыс та жоқ. Сондықтан біз бәрі бірден бола қалмады дейміз. Жас қаламгерлерге деген жеке бағдарлама жоқ. Негізінен, бұл көтерілетін мәселе. Содан кейін тек қана Мәдениет министрлігінің қамқорлығы емес, қазір облыстар бұл мәселені жеке-жеке қолға алып жатыр. Бір нәрсені түсінуіміз керек, елордаға жастар жиналды ғой. Рухани орталық болады, кейін үлкейеді, біз осы жерде өмір сүргіміз келеді деп. Осылардың әрқайсысының өз туған жері бар. Мысалы, былтыр Алматы облысы 40 автордың кітабын шығарды. Ақтөбе кітапханасы 40 автордың кітабын шығарды, оның ішінде 10 жас ақынның кітабы шықты. Біздің де осы мақсатта қалалық әкімдікке жолдаған жобамыз болған, ол келесі жылы жүзеге асып қалар. Биыл уақыт тығыз болып кетті. «Маздақ» деген сериямен кітабы шықпаған 29 жасқа дейінгі 20 ақын, жазушының кітабын шығарып беруді қалалық әкімдікке жоба ретінде ұсынғанбыз. Басында мақұлданып еді, кейін қолдау таппай қалды. Өйткені біздің Жазушылар үйін ашуға онсыз да біраз әрекет жасап жатқаннан кейін біз төпештей алмадық. Бірақ, болып қалатын шығар деп отырмыз…

– Біздің қазақ әдебиетінің өткеніне үңілсек, 20 ғасырдың басында ғана проза жанры пайда болған. Оған дейінгі ауыз әдебиетіндегі жырларда, дастандарда әсірелеу деген тәсіл көп қолданылады. Тіпті, көптеген шығармалар қиял-ғажайыпқа құрылған. Бірақ қазір бізде «фэнтези» жанрында жалпақ жұртқа кең тараған шығарма жоқ. Қиялға жүйрік біздің халық неге өз табиғатына жақын жанрда көштен қалды? Осы жанрда жазып жүргендер бар ма?

– Әдебиетте қоғамның өзгерісіне, адамның сана-сезіміне байланысты неше түрлі эксперименттер жасалады. Мысалы, бір кезде жұрт Асқар Сүлейменовті онша қабылдай алмады ғой. Оның күрделі сөйлемдері жалпы оқырманға онша түсініксіз болды. Кейін барып Асқарды түсінді. Мен қазір Еуразия ұлттық университетінде әдебиеттен сабақ беремін. Біз оқу бітірген кезде, 2000 жылдарға дейін, одан 2008-ге дейін сабақ берген уақытта Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкеевтер қазіргі тілмен айтқанда трендте болды. Енді қазіргі студенттеріме Асқарды желкелесем де оқытып, түсіндіре алмаймын. Бұл көркем әдебиетті қабылдайтын буынның алмасып кетуінің көрінісі. Сіз айтып отырған қиял-ғажайып дүниелер біздің ауыз әдебиетімізде болғаны рас. Бірақ, әлемдік нарыққа қазақ әдебиеті шығуға әлі де талпыныстар керек. Көбірек эксперименттер керек. Рақымжан Отарбаевтың атақты сұхбаты болды ғой, «Абай жолын» оқытудың қажеті жоқ, қазіргілер оны оқымайды» деген. Рақаң оны біліп айтып отыр. Қазір адамдардың 4 томдық үлкен шығармаларды оқуға уақыты да жоқ және қабілеті де жетпейді, меніңше.

– Кез келген ұсыныс сұранысқа тәуелді. Біздің қоғам нені сұрайды, жазушы соны беру керек пе? Әлде, өз биігінде жаза беру керек пе?

– «Аламан» деген сөз бар қазақта. 1927 жылы Халел Досмұхамедовтің халық ауыз әдебиетінен Махамбеттерді, Мұрат Мөңкеұлын беретін кітабының аты – «Аламан». Аламан деген – тобырлық. Аламан бәйге дейміз. Мэлс Қосынбаевтың айтыста айтатыны бар: «Айқайлап келіп қол соққан, ағайын мына — аламан» деген. Ол – тобырдың сұранысы, тобырдың қуанышы. Яғни, шоулық дүниеге әкелетін нәрсе. Қоғамның сұранысы деген осыған әкеледі. Сол қоғамның сұрағанын өтеп жатқан шоулар бар қазір. «Әзіл әлемі» бар, «Жайдарман» бар. Кешіріңіз, бірақ ол көркем дүние емес. Көркемдік деген – тереңдікте, күрделілікте. Сондықтан, қоғамның сұранысына барлық ақын, жазушы еңкейіп бас иетін болса, руханиятыңыз да, әдебиетіңіз де құлдырайды.

– Мәскеуде немесе Петербургте қоғамдық орындарда біраз адамның кітап оқып отырғанын байқауға болады. «Орыс жазушылары оқырман қалауымен санасу арқылы оқырманын қалыптастырды да, біздің жазушылар өз стилінде жазамын деп оқырманын жоғалтып алды» деген пікір бар. Бұған не дер едіңіз?

– Мен ол пікірге қарсымын. Өйткені ақын, жазушы, рас, оқырманды тәрбиелейді. Бірақ ол оқырманның ықпалында кету емес. Оқырманды бәрібір өзіне қарата білу. Мен сіз айтып отырған Мәскеуде де, Түркияда да болдым. Бізге қарағанда қоғамдық орындарда кітап оқып тұрған адамдарды көбірек көресің. Олардың бәрі жаһандануға бізден ерте жеткен. Оған сәл уақыт керек деп ойлаймын. Осы елордада өтетін Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі бар. Бұйырса, биыл бесінші жыл өтеді. Бұны мемлекет ұйымдастырып отырған жоқ, бір баспаның ұйымдастырып отырған дүниесі. «Фолиант» баспасының өз қаржысымен, өз жоспарымен өткізіп отырған шаруасы. Өткенде Ташкентке де халықаралық кітап көрмесіне барып келдім. Сонда байқағаным, бізге қарағанда ол жақта кітапқа сұраныс көбірек екен. Бұл кітап көрмесін не үшін өткізеді? Ақша табу үшін емес, оқырман тарту үшін. Кітап мәдениетін көтеру үшін. Осыны біздің билік қолына алу керек деп ойлаймын. Ондай жерге балаларды күштеп әкелу керек. Ата-анасымен келіп, ана кітапты алып бер, мына кітапты алып бер деп тұрған балаларды көрдік. Көріп, марқаясың. Біз кітап мәдениетіне осылай қайтып ораламыз.

– Дамыған елдерде жазушы өз шығармасынан орасан пайда табады. Тіпті, долларлық миллионерлер шығып жатыр. 2018 жылы Forbes ең жоғары қаламақы алатын жазушылардың тізімін шығарғанда, бірінші орында Джеймс Паттерсон есімді америкалық жазушы тұрды. Ол бір жылда 86 млн доллар табыс тапқан. Біздің жазушылар алдағы уақытта өз шығармашылығын табыс көзіне айналдыруы үшін бүгін нені істеуіміз керек?

– Бұл жерде қазақ қаламгерлерінің жағдайының түзелуі өзіне байланысты. Былтыр жаздыгүні қалалық әкімдікпен бірлесе қала күніне орайластырып «Еуразия астаналарының қаламгерлері» деген форум өткіздік. Сонда бір секцияның тақырыбын «Әдеби аударма және әдеби агенттер» деп қойдық.

– Әдеби агент деген кім?

– Әдеби агент — тамыр-таныстығың. Жұлдыздардың продюссерлері болатыны секілді әдеби продюсерлер де болуы керек. Кездесуді ұйымдастыруға, кітаптарыңның аудармасына байланысты. Бұл бізде әлі жолға қойылған жоқ. Әдебиет танылуы үшін, автор сыртқа өзін көрсете алуы үшін ол керек нәрсе. Осы мәселені көтеріп жүрген Алматыда Бақтыгүл Махамбетова деген әпкеміз бар. Ағылшынша жақсы біледі. Осындай тіл білетін адамдардан жасақталу керек әдеби агенттер. Біздің мемлекеттің қамқорлығындағы Ұлттық аударма бюросы – ол жалпы қазақ әдебиетін аударып, таныстыруға әрекет жасап жатқан ұйым. Жекелеген авторлар өздері әрекет жасап, өздері агенттерін тауып, қаражатын табуы керек. Дулат Исабектің шығармалары шетелде шығып жатты ғой, Дидар Амантайдың кітаптары шетелде шықты, бұның бәрі мемлекеттің ақшасы емес. Сосын біздің авторларда, қаламгерлерде салбөкселік, бойкүйездік бар. «Мен ақынмын, мен жазушымын, мені әкімдік, министрлік іздеп тауып алсын» деген ой бар.

– Қазіргі қазақ прозасын алсақ, ол өзінің бір анық бағытын тапты ма?

– Эксперименталды кезеңде тұрмыз деп ойлаймын. Мысалы, мистика жанрында Қойшыбек Мүбәрак жақсы дүниелер жазып жүр. Мистика жанрында тәуекелге барып жүрген көп адамды көре алмайсың. Екінші, Мақсат Мәліктің шығармалары қазіргі оқырманға қызықтырақ көрінеді. Есболат Айдабосын, Мұрат Алмасбек, Ырысбек Дәбей қаламдары қалыптасып қалған жазушылар дер едім. Тәуелсіздік жылдарында аға буыннан кейінгі лекте Асқар Алтайды айтуға болады. «Сират» деген романы бар. Осының кез келген бөлімін алыңыз да, басына қойып оқи берсеңіз, түсінесіз. Осындай бір форманы әкелген еді.

– Қазір кейбір еңбектер бар: әдебиет дейін десең көркемдігі жоқ, әдеби туынды емес дейін десең, оқырманы бар. Сіз оларды әдеби шығарма деп айта аласыз ба? Мысалы, Michael Sherimbek-тің «Жүз» кітабы, эстрада жұлдыздарының шығарып жатқан кітаптары бар. Бұларды қандай туынды деп атауға болады?

– «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты алдыңғы жылы өткізілген форумда Расул Жұмалы қазіргі блогерлерді де жазушылардың қатарына қосу керек деген пікір айтты. Біз осындай пікірді неге айтқыздық? Өйткені қазір көркем прозада тіл қасаңдап кетті. Көркем әдебиетте тіл жұтаңданып бара жатыр. Прозадағы көркем тілге қазір мен тұщынбаймын. Мейлі, Әуезовтің, Қалиқан, Әбіштің тілімен жаза алмай-ақ қояйық. Жылдан жылға тіл жұтаңдана берсе не болады? Ауызекі сөйлеу тілі көркем әдебиет бола алмайды. Мен жастарға университетте сабақ беретін оқытушы ретінде де көретін проблемам осы. Прозада да сол, поэзияда да сол. Көркем әдебиет тілдің қоры, қормалы, қаймағы, мәйегі. Сол үшін көркем әдебиет керек, оның ең бірінші атқаратын міндеті — тілді сақтау. Ал жаңағы сіз айтып отырған адамдардың кітабын мен әдебиет деп қабылдамаймын. Кешіріңіз, ол арадағы бір дүбара, дүдамал, дүрегей дүние. Баян Мақсатқызының кітабын оқитындар да, Айнұр Тұрсынбаеваның кітабын оқитындар да, Ләйлә Сұлтанқызының кітабын оқитындар да, Майкл Шерімбектің кітабын оқитындар да көркем әдебиетті жете түсініп оқыған адамдар емес, олар – тыңдармандар — құлақпен қабылдайтындар. Оның ішінен біреуді мақтап, мадақтауға, біреуді алдап-арбауға жетерлік тәрбие алатын шығар. Мен одан көркем әдебиет те, эстетикалық мән де көріп тұрған жоқпын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Advertisement


Әлемде

Профес­сор Гүлнар Кендірбайдың ғылыми еңбегі жарыққа шықты

Published

on

20 қаңтар, KAZNEWS. Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбайдың ғылыми кітабының халықаралық тұсаукесері өтті.

«Отандастар қоры» КеАҚ, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ және Колумбия университеті Гарриман институтының (Нью-Йорк, АҚШ) қолдауымен Гүлнәр Кендірбайдың Ұлы дала тарихына арналған «Russian Practices of Governance in Eurasia. Frontier Power Dynamics, 16th-19th Century» («16 ғасырдан 19 ғасырға дейінгі Еуразияда үстемдік жүргізудің ресейлік тәжірибесі: шекара билігінің динамикасы») атты кітабының халықаралық тұсаукесері (оффлайн/онлайн) өтті.

Іс-шараға Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, «Отандастар қоры» КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов, «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» РҚБ орталық аппаратының қеңесшісі Қарлығаш Қожамұрат қатысты.

Алқалы жиын тізгінін Қазақстан тарихшылары ұлттық конгресі төрағасының орынбасары, т.ғ.д.профессор Бүркітбай Аяған ұстады. Ғалымның ғылым жолындағы әріптестері тарих ғылымдарының докторы «Отандастар қоры» КеАҚ Президентінің қеңесшісі, жобалар координаторы Қалыбек Қобландин, Түркиядағы Қазақ қауымдастығының өкілі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдуақап Қара, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Моңғолия Ғылым Академиясы Халықаралық қатынастар институтының ғылыми кеңесшісі Кұрметхан Мұхамедиұлы жеке-жеке сөз алып ғалымның еңбегіне жоғары баға берді.

«Монографияның құндылығын арттыратын өзге факторлар да жетіп артылады. Мәслен, аталмыш туындысын жазу үшін, профессор Гүлнар Кендірбай 1033 ғылыми дерек көздерін терең зерттеп-зерделеген. Сосын, әлгі дереккөздерінің басым көпшілігі шет тілдерінде жарық көрген, сондықтан да оларға кез келген қазақ тілді тарихшының тісі бата бермейді. Бірақ ең бастысы, олардың бәрі де қазақ тарихы үшін ауадай қажет объктивті шындыққа негізделген туындылар», – дейді Филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов.
Автордың ғылыми ізденістері мәдени антропология, көшпенділік, Ислам мәселелері, Ресейдің, бұрынғы Кеңес Одағы және Орталық Азияның әлеуметтік және зияткерлік тарихын қамтиды.

Гүлнәр Кендірбай – Нью-Йорк қаласындағы (АҚШ) Колумбия университетінің Гарриман институтының профессоры. Оның ғылыми ізденістері мәдени антропология, көшпенділік, Ислам мәселелері, Ресейдің, бұрынғы Кеңес Одағының және Орталық Азияның әлеуметтік және зияткерлік тарихына байланысты. 1979 жылы Ресейдегі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін үздік бітірген. Оқуды тәмамдаған соң тарихшы Венгрия мен Германияда білімін одан әрі жетілдірген.

Кейін осы қос университеттің фольклор факультетінде философия докторы атағы бойынша екі диссертация қорғады: Этвеш-Лоранда (1987 ж., Будапешт, Венгрия) және Тюбинген университетінің Шығыс Еуропа институтында (2003 ж., Германия).

«Отандастар қоры» КеАҚ Баспасөз қызметі

Continue Reading

Әлемде

Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді

Published

on

Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді.

Бірқатар бауырлас түркі мемлекеттер тәуелсіздігіне 30 жыл толатын мерейлі меже аясындағы іс-шаралардың бастамасы ретінде ұйымдастырылған алқалы жиынға ТүркПА ұйымының Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесінің алғашқы Бас хатшысы Халил Ақынжы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов, Қырғызстанның экс-мемлекеттік хатшысы Османакун Ибраимов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Өмер Коджаман, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов, Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Михай Галошфай, Өзбекстан Республикасы Сенатының депутаты Азамат Зие, Білім және ғылым министрлігі Ғылым коитетінің төрағасы Жанна Құрманғалиева, Түркі кеңесі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Әділ Ахметов, Франкфурт университетінің профессоры, Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің филология институтының бас ғылыми қызметкері Ирина Невская,Татарстан Республикасы А.Х.Халиков атындағы археология институтының директоры Айрат Ситдиков, еліміздегі дипломатиялық миссиялардың жетекшілері, бауырлас түркі елдері Ұлттық ғылым академияларының басшылары, Қазақстан Республикасының Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия,Ресей, АҚШ, Италия, Моңғолия, Германия, тағы басқа 20-дан астаммемлекеттен танымал түркітанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Онлайн-оффлайн режимде өткен басқосу барысында Түркі академиясы әзірлеген «Түркі әлемі: тарихи-мәдени Атлас» атты іргелі ғылыми еңбектің салтанатты тұсаукесер рәсімі жасалды. Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғысөзімен жарық көрген бірегей басылым әйгілі саяхатшылар мен жиһанкездер жасаған көне карталар мен байырғы бабаларымыздың мол мұрасын көрсететін маңызды мәліметтерді қамтиды.
Айта кету керек, Атлас Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының мазмұнына негізделген алты тақырыптық бөлімге жүйеленген.

Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Жиынның тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып өткізіліп отырғанын атап өткен ұйым басшысыҚазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ» деген ұстанымын Түркі академиясы әзірлеп шығарған 200-ден астам тарихи картаны қамтитын «Түркі әлемі» атласы ғылыми тұрғыда айқындай түсетінін атап өтті.

Түркі әлемінің алғашқы тарихи-мәдени атласын таныстыру рәсімнен кейін сөз алған ТүркПА ұйымының бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов оқырманға жол тартқан бірегей басылымды жоғары бағалап, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бағдарламалық мақаласындағы орамды ойлардың тарихы ортақбауырлас елдердің баршасы үшін маңызды екенін айтты.

Бұдан кейін сөз алған Түркі кеңесінің алғашқы бас хатшысы Халил Ақынжы тарихи шекаралар туралы мәселенің тарихтың еншісінде қалуы керек екенін атап өтті.

Өз кезегінде Әзербайжанның алғашқы Премьер-министрі Гасан Гасанов сақ-скиф дәуірінен бастау алатын қазақ тарихының тамыры тереңде екеніне тоқталды.

Continue Reading

Әлемде

Үш партия Мәжілісте қанша мандат алды

Published

on

12 қаңтар, ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаудың қорытындысын шығарып, ол бойынша үш саяси партияның ие болған депутаттық мандат санын жариялады.

Айта кетейік, сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстан Халық партиясына заңда көрсетілген жеті пайыздық межені еңсерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ОСК жариялаған сайлау қорытындысы бойынша Мәжілістегі депутаттық манданттар былай бөлінді: «Nur Otan» партиясы – 76 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы –12 мандат, Қазақстан Халық партиясына – 10 мандат. Еске салайық, сайлауда Қазақстан Халық партиясы 9,10 пайыз, «Nur Otan» партиясы – 71,09 пайыз, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 5,29 пайыз, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95 пайыз, «ADAL» саяси партиясы 3,57 пайыз дауыс жинаған еді. Кеше ҚР Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауда саяси партиялар жинаған дауыстардың алдын ала қорытындысын жария еткен болатын. Сонымен қатар, саяси партияларға сайлаушылар тарапынан қанша дауыс берілгені анықталды.

Continue Reading

Әлемде

Қазақстанда Парламент, Қырғызстанда Президент сайлауы өтіп жатыр

Published

on

10 қаңтар, KAZNEWS. Қазақстанның 9 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарына дауыс беру басталды, бұл туралы Қазақпарат ХАА хабарлады.

Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан Мәжіліс сайлауына тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандаттан үмітті. Бұл партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға да өз кандидаттарын ұсынған. Мәжіліске 5 партиядан барлығы 312 кандидат, оның ішінде: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19; «Nur Otan» партиясынан 126; «ADAL» саяси партиясынан 16; Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 38 және «Қазақстанның Халық партиясынан» 113 адам бар.

Ал жергілікті мәслихаттарға 832, оның ішінде «Ауыл» ХДПП-нан – 158, «Nur Otan» партиясынан – 216, «ADAL» СП-нан – 215, «Ақ жол» ҚДП-нан – 174, «Қазақстан Халық партиясынан» 69 партиялық тізім тіркелді. Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес, дауыс беру уақыты стандартты (сағат 7.00-20.00 аралығы) болады.

Қырғызстанда президент сайлауы өтіп жатыр.

Мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу қажеттігі елдің бұрынғы басшысы Сооронбай Жээнбеков 16 қазанда митингілер аясында отставкаға кеткеннен кейін пайда болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Еске салайық, 2020 жылдың 4 қазанында Қырғызстанда парламент сайлауы өткен болатын. Онда билеуші партия жеңіске жетті, бірақ оппозиция бұған келіспеді. Елде жаппай наразылықтар басталды. Митингіге шыққандар президент әкімшілігі орналасқан парламент ғимаратын басып алды. Осылайша қырғызстандық ОСК сайлау қорытындысының күшін жойды.

Бішкектегі тәртіпсіздіктер президент Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда өз еркімен отставкаға кеткеннен кейін тоқтады. Мемлекет басшысының міндетін атқарушы және премьері Садыр Жапаров болды. Ол бұған дейін 2012 жылы билікті күшпен басып алуға тырысқаны үшін сотталған және колонияда болған. Алайда наразылық білдірушілер оны босатып алды, ал Жоғарғы сот оқиғадан кейін оны ақтады.

Continue Reading
Advertisement

Бізге жазылыңыз

Сөзге тиек

10 дерек4 days ago

Улаанбаатардағы қазақ, түрік ас үйінің тағамдарын жеп көруге болатын жерлер

22 қаңтар, KAZNEWS.Орда, Бесбармақ, Мармара және Султана: қазақ, түрік ас үйінің тағамдарын жеп көруге болатын жерлерді таныстырамыз. Орда халал рестораны...

Әлемде6 days ago

Профес­сор Гүлнар Кендірбайдың ғылыми еңбегі жарыққа шықты

20 қаңтар, KAZNEWS. Колумбия университетінің профессоры Гүлнар Кендірбайдың ғылыми кітабының халықаралық тұсаукесері өтті. «Отандастар қоры» КеАҚ, Ақпарат және қоғамдық даму...

10 дерек7 days ago

Сіз қандай кітап оқисыз? #2

19 қаңтар, KAZNEWS. Казньюс ақпараттық агенттігі “Сіз қандай кітап оқисыз?” жобасының екінші санын ұсынады. Бұр ретте танымал журналист, менеджер, табысты...

10 дерек1 week ago

Mongolian Interactive Travel, Транспорт даму банкі және Б Софт компаниялардағы жалақысы жоғары бос жұмыс орындар

Туризм саласының ақпараттық технология инженері Компания: Mongolian Interactive Travel Мекен жайы: Улаанбаатар, Чингэлтэй районы, Хүрээ хотхон 23-29, javka23@gmail.com Міндеттері: Жаңа...

Әлемде2 weeks ago

Түркі академиясы «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді

Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Түркі әлемі: тарихи-мәдени мұра» атты халықаралық конференция өткізді. Бірқатар бауырлас...

Әлемде2 weeks ago

Үш партия Мәжілісте қанша мандат алды

12 қаңтар, ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтар күні өткен ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлаудың қорытындысын шығарып, ол...

10 дерек2 weeks ago

Сіз қандай кітап оқисыз? #1

11 қаңтар, KAZNEWS. Казньюс ақпараттық агенттігі оқырмандар арасынан төменгі сұрақтар бойынша апта сайын жауап алып отыратын болады. Сіз қандай кітап...

Әлемде2 weeks ago

Қазақстанда Парламент, Қырғызстанда Президент сайлауы өтіп жатыр

10 қаңтар, KAZNEWS. Қазақстанның 9 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар...

Басты назарда