Connect with us

Жаңа есім

Базарұлы Ғабит: Менің түпкі мақсатым – Силикон алқабын құру

Published

on

2006 жылы Ғылым және технология университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітірушілер IT бизнес саласында бақ сынау үшін компания құрып, оны “Infinite Solutions” деп атады. Бұл кездері Моңғолияда IT саласы соншалықты дамымағандықтан олар жылына мың-мыңдап жаңа бастамалар банкротқа ұшырайтын нарықта бәсекеге түсу үшін тәуекелге бел буып, Америкаға бет алды. Осылайша қалталарында ақшасы, тамыр танысы не серіктесі жоқ 19, 20 жастағы жастар сенімдерін арқалап, ұшақтан түсіп жатты. 

2008 жылдың жазында моңғолдар олимпиаданың алғашқы алтын медалына қол жеткізіп, Сүхбаатар алаңында дүрілдетіп тойлап жатқан болатын. Дәл сол күні АҚШ-тың бизнес әлеміндегі әйгілі Bloomberg Businessweek порталы күніне 10 мың рет жүктелген қолданбалы бағдарламаны /аппликейшн/ ерекше атап өтті. Бұл тәулігіне қаншама технологиялық жаңалықтар жарияланатын портал үшін онша маңызды емес еді. Алайда, сол бағдарламаны жасағандар Моңғолия азаматтары болғандықтан бұл оқиға бізді елең еткізді. Еліміздің Ғылым және технология университетін бітірген түлектер ақпараттық технология отаны саналатын Америка назарын өздері жасаған аппликэйнш арқылы аудартқаны қызықты еді.
Кез келген адам жасай алмайтын хиқаяға толы саяхаттың басынан аяғына дейін болып, оны қазір де жалғастырып жүрген жиһанкездің есімі – Базарұлы Ғабит.

Ол небәрі 20 жасында жоғарыдағы айтулы оқиғаға себепкер болған “Infinite Solutions” (Шексіздік шешімі) компаниясын құрды.

Қызметі: “Infinite Solutions” компаниясы және “Nest” ақпараттық технология мектебінің негізін қалаушы, директоры

Әлеуметтік парақшалары: FB: (Gabit Bazar)

Компанияларыңыздың алғашқы өнімі сәтті шыққан еді. Қазіргі деңгейден қарағанда келешектегі дамуын қалай елестетесіз?

– Болашақта Моңғолияға оралып, АҚШ-тағы жұмыстарды алыстан басқарып отыруды ойластырып жүрмін. Қандай іске қаржы енгізсек, қоғамға ықпалды болады дегенді ойлай отырып, шешім қабылдап келемін.

Біздің мұратымыз ақша табу емес. Маңыздысы – адамдардың өміріне игі өзгеріс енгізе алуымыз. Егер бизнестің сара жолын тапсаңыз, ол өзін-өзі тұрақтылыққа жетелейді.

Университетте бірге оқыған жеті дос бірлесіп, компания құрдыңыздар. Алайда бизнесте ойы бір жерден шығатын достар қандай бір нәрсеге тек бір жағынан қарайтын жағдай болады. Достармен бірге істеген кәсіп сәтсіздікке апарады дейтін сөз де бар. Осы жағдай сіздерге қиындық туғызған жоқ па?

– Иә, солай. Компанияның ісі ілгері басу үшін команда мүшелерінің әртекті болуы қажет. Ары қарай компания дұрыс жолға түсе ме немесе құлдырауға бет ала ма деген шарттың бірі осы деп ойлаймын. Үздік немесе жақсы идея ең соңғы сапта тұрады. Біздің бағымызға қарай біз бір команда болсақ та, жетеуіміз кез келген мәселеге әр түрлі қырынан қарайтынбыз. Дәл Avangers сияқты( күлді). Біреуіміз білмегенімізді біреуіміз біліп, жасай алмағанымызды жасап дегендей.
Алғашқы идея мен арман-мұрат үшін ғана ұмтылуды мен даму деп түсінбеймін. Сондықтан да негізін қалаушылар үнемі жаңарып отыруы керек. Барлығында менікі дұрыс дегендіктен емес, әлем жедел өзгеріске ұшырап жатқанда мен өзгермесем қалай болады.

Компанияның негізін қалаушылар оны қалай алып жүрді?

– Жетеуіміз компанияның алғашқы негізін қалаушылары болсақ та, ол қалпынша сақталады деген сөз емес. Біз 2010 жылдан бастап, компаниямызды ұлғайтқандықтан соңғы келгендер де негізін қалаушылар болып саналады. Тіпті соңғы жұмысқа орналасқан тәжірибеден өтушілер де біздің үлескерлер. Мен IT компаниялардың алғашқы мақсаты мен мұратын ұстанып жүре беруін даму деп ойламаймын. Сондықтан да негізін қалаушылар үнемі жаңаланып отыруы қажет. Үнемі менікі ғана дұрыс бола бермейді ғой. Әлем үлкен қарқынмен өзгеріп жатыр деп айтып алып, өзіміз өзгермесек, не мәні бар. Diversity is the key.

Айырмашылықта болу маңызды. Адамның мүмкіндігі шектеулі. Басқаша айтсақ, мәңгі кемелденіп, алда жүретін адам болмайды. Сол үшін де адам үнемі оқып үйрену қажет.

Бизнеспен айналысқан адамға күндердің бір күні оқуымды жалғастырамын ба немесе кәсібіңді өрлетемін бе деген таңдау жасауға тура келеді. Сіз қайсысын таңдадыңыз?

– 2011 жылы компанияның директоры болған кезімде ісімізді келесі сатыға көтеру қажет екенін түсіндім. Себебі компаниямыздың өрлеу сатысына қарағанда біздің баяулап қалғанымызды байқадым. АҚШ-тың жоғары технологияларды дамытатын Силикон /кремний/ алқабында қандай жаңалықтар мен өзгерістер болып жатқанын өз көзіммен көргім келді. Сонымен қатар Америкада ресми түрде кеңсемізді ашпақ мақсатымыз да бар еді. Жалпы адамның өсу кезеңінде тоқыраушылық пайда болғанда «енді не істеуім керек» деп өзінен өзі сұрай бастайды. Сондықтан үнемі оқып үйрену үстінде болған жөн. Алайда оқу дегеніміз міндетті түрде жоғары оқу орнында білім алу деген сөз емес. Еңбек ету жолында да үйренуге болады. Мықты даяшыдан да, жаңа кәсіптестеріңнен де, кейде өткеніңізден де оқып үйреніп, сабақ алуыңызға болады. Жасанды интеллект мен адамның айырмашылығы –  адамда өткен өмір тарихы болатындығында.

“Қаржы енгізуші жоқ болса…” десек, біз ешқашан бастамаған болар едік.

– Кәсібін жаңа бастаған стартаптардың 90 пайызы сәтсіздікке ұшырайды деген статистика бар. Ал сіздердің 2007 жылы бастаған стартап жобаларыңыз табысқа жетіп, 10 пайыздық пайда таптыңыздар. Сонда қандай компаниялар пайда тауып, қандай жобалар сәтсіздікке тап болды?

-Әр адамның жетістігі сол адамның тарихы болып есептеледі. Ал сәтсіздік неден болады десек, адамдардың төзімсіздігінен болады. Бір нәрседен нәтиже шығара алмай, стартап деген арманның жетегінде көп нәрсеге ұрынады. Қатты айтылса да бұл шындық. Солай болып көрінеді де. Ең үлкен себеп пен сылтау – «қаржыландыру жоқ болған соң» деп айта салу. Егер біз солай ойласақ, бұл істі бастамасақ едік. Ал қаржыландыру кейінгі мәселе. Ағайынды Райттарда ештеңе де болған жоқ. Олар Гарвард университеті қаржыландыратын командамен бәсекеге түсіп, оларды ұтып, алғашқы ұшағын құрастырды. Қалай жасады десеңіз, нені қолға алғанын жақсы түсінді.

Істеп көр. Сәтсіздікке тап бол. Сәтсіздіктің өзі сабақ. Егер одан қорқатын болсаң, бір нәрсе жасауға құлықсызсың деген сөз.

Қазір Infinite Solutions компаниясы көптеген стартаптарға қолдау көрсетіп, дамытып отыр. Моңғолиядағы стартаптар туралы қандай ойдасыз?

– Моңғолияда стартап бизнес бастап жүрген адамдар өздері айтып жүргендей әлі стартапты дамытудың жоғары сатысына жеткен жоқ. Олардың ісінен сөзі асып кеткен. Бізге жаңа нәрсе жасаудың қажеті жоқ. Керісінше, жастар не істесе де, тиянақты болғаны жөн. IT-дің маманы «блокчейн әдемі екен», «ой, жасанды интеллект тәуір сияқты», «финтек те жақсы ма» деп, ұшып-қонып жүруге болмайды. Бір жолға түссең, содан айныма. Соңғы уақытта кейбіреулер: “Ойбай, бұл мен істейтін бизнесім емес екен, өз жолымды таппадым», – деп, бастаған ісін ортасынан тастап кетіп жатады. Сондықтан кез келген жұмысты аяғына жеткізу маңызды. Бастадың ба аяқта. «Бастаған істі тастама» деген емес пе?! Сіз «стартап», «стартап» деп айта бергеніңізбен, сол жолда сәтсіздікке ұшырап көрмесеңіз, мен сізге ешқашан сенбеймін.

Қытайда Wechat, Америкада Paypal, Кореяда Kakao қатарлы аппликейшндер бар. Моңғолияда осындай Mongolchat –ы болғанын қалаймын

Дәл қазір сіздердің компанияларыңыз қармағында оншақты стартап жүзеге асырылып жатыр екен. Бұл қандай бизнестік бастамалар?

– Мысал ретінде екі-үшеуін айтайын. Алғашқысы 2014 жылы басталған америкалық жоба. Мұны біз қазір де жаңа кәсіп деп ойлаймыз. Бұл жеке адамдарға арналған CRM немесе тұтынушылармен қарым қатынас жасайтын платформа. 2014 жылы америкалық кәсіпкерлермен бірлесіп, қаржы тауып, жобаны еліміз жастары қолға алып дамытып жатыр. Өткен жылы сауда айналымы 1.2 млн ақш долларына жетіп, қазір қозғалтқышы іске қосылып, тұрақты кәсіпке айнала бастады.
Екіншісі – коммуникация мен есеп жасауды біріктірген аппликейшн. Соңғы он жылда біздер еліміздің көптеген банктеріне интернет банк, смарт банк қатарлы финтек тәсілдерін енгіздік. Бірақ бұлар әрқайсысының өз тұтынушысы бар жеке-жеке жүйелер. Қазір біз өзіміздің көп жылғы тәжірибемізге сүйеніп, халықаралық стандарттарға сай келетін шешімдерді қамтамасыз ететін жүйе жасауға ат салысудамыз. Дәл Қытайдағы Wechat, Америкадағы Paypal, Кореядағы Kakao қатарлы қолданбалы бағдарламалар сияқты Моңғолияда да MongolСhat-ы болғанын қалаймын.

Үшіншісі – IT-ді тереңдетіп оқытатын «Nest» орта мектебі. Бұл біздің білім саласына құйған инвестициямыз. Біздің компанияны мысалға алып көрсек, еліміз және шетелдік жоғары оқу орнын жақсы бітіріп келген жастар тура жұмыс істеуге келсе де, бізге оларды қайтадан бір жыл «оқыту» қажет болады. Сонда бұл олардың өмірге сәйкес келетін білім ала алмай отырғанын білдіреді. Сондықтан да компанияға келе салып, басқаларға ілесіп кетуге икемдейтін, білім беретін (soft skill) орта мектеп оқушыларына біліктілік оқытуларын жүргізудеміз.

Білім саласындағы жобаларыңыз қай сатысында жүр? Қандай мақсаттарыңыз бар?

– Қазір академиямызға сабақтан кейінгі оқыту сипатында жылына 80 балаға ақпараттық технологиялардың /IT/ неігізін үйретіп жүрсек, болашақта көптеген балаларға осындай мүмкіндік жасамақпыз. Сол үшін де орта мектеп жобасына қаржы енгізу шешімін қабылдадық. Дұрыс оқытушы білім беріп, дұрыс жаққа бағыттасақ, біздің балалар жоғарғы деңгейдегі табысқа қол жеткізетін болады. Қазір Ғылым және технология университетінде С. Бауырбек ұстаздан білім алған 40-тай студент АҚШ-тың Microsoft, Amazon, Expedia қатарлы алпауыт компанияларында қызмет етіп жүр. Өз күшімен жетістікке жеткен моңғолиялық жастар енді іні-қарындастарына өздері жүріп өткен жолдан қалай төтелеп өтуді үйрететін болады.

Моңғолиядан дұрыс қөзқарасты, білімді де білікті 10 мың инженер шықса, мен олардың еліміз болашағына үлкен өзгеріс жасайтынына кәміл сенемін.

АҚШ-та білім алып жүрген кезіңізде оқумен қатар «Силикон алқабында» технологиялық компанияда жұмыстап, сонымен бірге Моңғолиядағы компанияңызбен үнемі байланыста болдыңыз. Мұның барлығына қалай үлгердіңіз?

-Америкаға бара салысымен ортасынан бөлінген өте ыңғайсыз диванда ұйықтап жүрдім. Адамдар демалып ұйқысынан оянғанда мен белім үзіліп кетердей болып тұратынмын. Қандай болса да, демалатын орным болғандықтан ол диван әдемі көрінетін. Таңғы жетіде тұрып, Старбакстың үлкен кофесінен бірді алатынмын. Сан Хосеге барып сабаққа отырып, одан кейін Стенфордтағы оқуыма келетінмін. Екі оқу орнында қатар білім алатындықтан бірінен екіншісіне баруға 1-2 сағат жұмсайтынмын. «Силикон алқабында» өмір сүру өте қымбат болғандықтан жұмыс істемесе болмайды. Менің жолым болып, сол кезде бір топ жастармен бірге IT-дің стартап компаниясында жұмыс жасадым. Жұмыстан босап, үйге келген соң 19-20 сағат кезінде Моңғолияда таң атып жататын. Таңғы төртке дейін Моңғолиядағы жастармен байланысқа шығып, сондағы шаруаларымды реттеймін. Таңғы төрттен жеті сағатқа дейін көз шырымын алып, таңертең қайта сабағыма баратынмын. Дәл осы ережені екі жыл үздіксіз ұстандым. Кейде аз, кейде көптеу демалып жүрдім. Осылай екі жыл жүріп, елге келген соң қатты шаршағанымды сезіндім. Адам бірқалыпқа түскен соң жүре береді екен. Өзім таңдаған жол болғандықтан бәрін де өзім істеуім керек болды. Ренжісең, өзіңе ғана ренжисің…

Моңғолияның Ғылым және технология университеті мен АҚШ-тағы бакалавриат пен магистратураны қосқанда бірнеше жоғары оқу орнынан білім алдыңыз. «Оқы, оқы және оқы» деп жүргендегі мақсатыңыз не?

– Студент кезімізде оқытушыларымыз «шетелге барып жұмыс істеп көріңдер» деп кеңес беретін. Мен Ғылым және технология университетінде оқып жүріп, Әлемдік банк жобасында еліміздің IT компанияларына жауапты болдым. Университетті бітірген соң да сонда жұмыс істедім. 2006 жылы Ғылым және технология университетін 19 жасымызда бітіріп, 20 жасқа шыққан соң «тәуекелмен бір істі бастайық” деп, достарыммен бірлесіп “Infinite Solutions” компаниясын құрдық. 2007-2008 жылдары Американың Солтүстік Дакота штатының Дикинсон университетінде бір жыл білім алдым. Одан кейін 2011-2015 жылдары «Силикон алқабында» жұмыстап, оқып, өмір сүрдім. Осылайша, мен елімізде де, шетелде де білім алдым. Елімізде білім алуыма ата-анамның: “Еліңде не болып жатқанын біл, тура шетел асып кетсең, еліңнен жырақтап қаласың”,- деген кеңесі себеп болды. Қазір мұны ой елегінен өткізсем, дипломнан гөрі біліктілік, оқыған дүниелерім, танысқан адамдарым маңыздырақ болған екен түйіндеймін. Ай сайын компаниямызға жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлермен әңгімелесу өткіземіз. Соңғы төрт жылда біз олардың біреуінің де дипломына қарамаппыз. Керісінше, қандай жұмыс атқарғанына, не істей алатынына назар аудардық.

АҚШ-та білім алып, жұмыс істеп оралған соң нені артық түсіндім деп ойлайсыз?

– Елге оралған соң түсінген басты нәрсем, бұл – экожүйе. Моңғолияда бизнес түрлері жеке дара жұмыс жүргізеді. Мен Моңғолияға келгеннен кейін біздің компания ары қарай дамып, ұлғаюы үшін қандай экожүйе жасаған жөн деп ойландым. «Силикон алқабы» экожүйесін керемет қалыптастырған. Онда сапалы білім институттары, инвестиция, білікті адам капиталы, жақсы брендтер бір жерге шоғырланған. Таңдаулы IT компаниялары да бар. Бір-бірін қолдай отырып, таңдаулы өнім пайда болғызады. Сондықтан экожүйесін дұрыс жасап, тек қана пайда көздемей, экожүйесін дұрыс жасап, келешекті болжаған кәсіп ашсаңыз, адамдардың көзқарасы өзгеріп, соның нәтижесінде қоғамда да бетбұрыстар болатыны анық.
Стив Жобстың “Connecting the dots” (нүктелерді байланыстыру) деген қағидасы бар. Егер сен өз өміріңді дұрыс алып жүрсең, саған кездескен оқиғалардың барлығы өзара байланыса бастайды. Оны қайта ой елегінен өткізсеңіз, сіздің басыңыздан кешкендердің барлығының өз мәнісі бар екеніне көз жеткізесіз.

Жасанды интеллектіні қарапайым тілмен түсіндірсеңіз?

– Қарапайым нәрсе сияқты көрінгенімен әр адам әрқалай ұғынатын түсінік. Мысалы, мен ол жайлы шәкірттерімнен сұрасам, біреулері ол «робот» немесе фильмде көрсетілетін «терминатор», «iron man» деген сияқты жауап береді. Ал кәмелетке толғандардан сұрасаң:«Бұл жайлы айту әлі ерте», «Енді ғана зерттеу нысанына айналды»,- деген сылтау айтады. Қарапайым сөзбен жеткізсек, жасанды интеллект қандай пішінде болуға да болады. Оның басты мақсаты – біздің жұмысымызды автоматтандыру. Мысалы, өндірістік бір жиіліктегі шаруаны адам емес, мәшине жасауы, дәрігердің диагнозын жасанды интеллектіні пайдаланып, нақыт дәл шығаруы немесе несие экономисі анализін жылдам істеуі деп түсінуге болады.

Әлемде жасанды интеллектің дамуы қаншалықты қарқынмен дамып келеді?

-Жасанды интеллект жайлы ұғым 1950-жылдары шыға бастаған. Алғашқы және жаңа деген екі кезеңі бар. Алғашқы кезеңіндегі басты оқиға, ол 1997 жылы IBM-нің Deep Blue атты құрылғысы әлемдік таңдаулы шахматшы Гари Каспаровты жеңуі. Бұл адамзаттың жасанды интеллектмен алғашқы бетпе-бет келуі еді. Ол кезде мәшине ақылы артық болғанымен емес, жылдам болғандықтан адамды жеңді. Мәшине өзі ойланғаннан гөрі адам жасаған өзгермейтін бағдарлама мен ереже бойынша бір секунтта өте көп мүмкіндіктерді есептеп шығарып жеңіске жеткен еді. Бірақ 2008 жылдан бастап, жаңа кезең немесе мәшине оқи (Machine Learning) бастауымен жасанды интеллект саласында үлкен жарылыс болды.
Жасанды интеллект дегеніміз өте үлкен ұғым. Оның бір саласы Machine Learning немесе мәшиненің оқытуы. Әлем ғалымдары енді соған бет бұрып, жұмыстай бастады. Мәшине оқытуы тіптен тереңдетіліп, ішінен Deep Learning атты тереңдетіп оқыту жүйесі қалыптасты. Ол адам миы қағидасымен жұмыстайтын Neural Network-ке негізделген.

Жасанды интеллектіні дамытуда кездесіп отырған кедергілер қандай?

-Мәшинені оқыту кезінде өте көп мөлшерде дата қажет болады. Сәті болғанда соңғы смарт телефондар, loT (Internet of Things) көмегімен дата жеткілікті жиналып жатыр. Көкейтесті мәселенің бірі – өте жоғарғы қуатты есептеу мәшинелері. Жаңа сала болғандықтан Data scientists немесе жасанды интеллект ғалымдары мен инженерлері тапшы.
Қазіргі жағдайда жасанды интеллект singular defined domain немесе тек бір ғана нақты және түсінікті мәселені шеше алады. Сондықтан да адам миы көптеген мәселелерді шешу қабілетімен жасанды интеллектіден әлі де артықшылығын сақтап отыр.
Әлемдегі ең тәжірибелі дәрігерді мысалға алып қарастырсақ, мол тәжірибесі бар дәрігер өмір бойы қаншама мың науқасты қарайды. Әлем бойынша жүздеген тәжірибелі дәрігерлердің жинақтаған мәліметін жасанды интеллект арқылы пайдаланып, анализ жасап, диагноз қоятын болсақ, ол дәл әрі нақты шығады. Әрине, 100 пайыз болмаса да, нақты жағдайға жақын болжам жасалып, мәліметтерді жинақтап сұрыптау мүмкіндігі пайда болады.

Machine Learning-ге өте көп дата қажет деп түсіндік. Жалпы дата жеткілікті болса болғаны нақты болжам, анализ жасап, диагноз қоюға бола ма?

-Жасанды интеллект қалай жұмыстайды десеңіз мол мөлшердегі дата ақпаратты қорытып содан үйренеді. Мысалы, адам датасына таңертең нешеде оянып, қашан шығу, не істеу, тісті қашан жуу қатарлы барлық даталар қажет. Онда мынауы маңыздырақ, анауы маңызды емес деген дата болмайды.
Нақты жауап алу үшін жалпылай барлық дата болғаны жөн. Жасанды интеллектсіз кезде адамдар сырқаттанғанда дәрігерге барады. Дәрігер науқас адамның өзін қалай сезінетінін сұрап, кеудесінің рентген суретін алғызу арқылы жинаған тәжірибесіне сүйеніп, оның бронхит болғанын анықтайды. Ал жасанды интеллект сіздің барлық дата – ларыңызды әлемдегі миллион-миллиондаған адамның дата- сымен қабат салыстыру арқылы әңгіме басында айтқан нақты жағдайға жақын болжам жасап, мәліметтерді жинақтап сұрыптайды. Дәрігер осы мәліметтерге сәйкес диагноз қойса, диагнозы бұрыңғысынан да нақты әрі шынайы болады.

Өткен жылдарда өнеркәсіп саласын алға қойған елдер даму биігінен көрінді. Біздің ел өнеркәсіп саласында олармен иық тірестіре әрі дамысы бойынша бәсекелесе алмайды. Алайда сарапшылар жасанды интеллект дәуірінде, төртінші индустриялық революцияның дамуымен көшбасшы болу мүмкіндігі бар дейді. Расымен солай ма?

– Бізді үшінші индустриялық революциядан қалыс қалған деп айтады. Негізі сол кездері қандай елдер осы бағытта зерттеу жүргізіп, тәжірибе жасап, қаржы құйып, көшбасшылыққа қол жеткізді дегенге қорытынды жасау қажет. Сол елдер қазір дамыған елдер атанды. Мәңгілік дүние жоқ болғандықтан жақын болашақта, алдағы 10 жылда қандай ел жасанды интеллект мен IT- ға қаржы мен назарын аударса, сол ел дамыған ел атанады. Керісінше, «болмайды», «қолымыздан келмейді», «біз істей алмаймыз» дегендер артта қалып, тұтынушылар мен даталарынан айырылатын болады. Сіз «жаңа мүмкіндік бар ма?» деп сұрадыңыз. Әрине, бізде мүмкіндік бар. Дәл қазір бізде алтыннан да қымбат мүмкіндік бар.

Жасанды интеллектті дамыту үшін бізге неге басты назар аудару қажет? Қандай жолдар мен шешімдер бар?

– Фундаменталдық білімге ерекше назар аудару керек. Сондай сұраныс болғандықтан Facebook, Amazon, Stanford-тық жастар бірлесіп, «Nest» орта мектебін аштық. Біз IT-мен қатар жаңа көзқарас, бағыт қалыптастыру, мәселені шешу қабілеті, мамандық біліктілік қатарлы үш нәрсеге мақсатымызды бағыттап жұмыстаудамыз. Мәселені шешу қабілеті дегеніміз – математикалық есептің жауабын табудан гөрі нені қалай шешіп отырғанының түпкі мағынасын түсіну. Мамандық біліктілік түсінікті жағдай. Жалпы білім беретін мектепте IТ-ді тереңдетіп игертеді. Қазір міндетті түрде жалпылай білім жүйесін өзгертеміз дегеннен гөрі бар мүмкіндікке сәйкес балалардың қабілеттілігін арттыру талабы туындап отыр. Орта мектебімізде Oracle, Amazon, Microsoft, Apple, Xpedia қатарлы алпауыт компанияларда жұмыстайтын моңғолиялық жастар кеңесшілік етеді. Көптеген өз ісінің шеберлері моңғолиялық жастар үлкен компанияларда қызмет істейді. Солардың көмегімен кейінгі буын бізден жылдам биікке өрмелейтін болады.

Жасанды интеллектіні дамыту бағытында Моңғолияда нақты қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осы салада жұмыс жүргізетін қандай компанияларды атай аласыз?

– Мәтінді сөзге, сөзді мәтінге айналдыратын ikon, Sara қатарлы бірнеше жоба елімізде сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл – нақты мысал. Біздің компания соңғы 13 жыл бойы IT, қаржы енгізу, білім, қаржылық технология бағытында Солтүстік Америка, Латын Америкасы, Моңғолия нарығында жұмыс жүргізудеміз.
Бүгінгі күні жасанды интеллектіге негізделген біраз шаруалар атқарылды. Fintech пен банк саласында КҮС немесе тұтынушыларды тану деген ұғым пайда болды. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы тұтынушыны бет әлпетімен танудың арқасында бұл салада нақты ілгерлеушілік қадам жасалды деп айта аламыз. Осы сияқты таза бағдарламалық жұмыстар атқарылып жатыр.
Білім бағытында MIT және де басқа ұйымдармен бірлесіп, оқушылардың осы саладағы білімін арттыру бағдарламаларын дайындап, кітап пен әдістемелік құралдарды аударып бастыруды қолға алдық. Біздің түпкі мақсатымыз – ақпараттық технолгияны дамытушы «Моңғол алқабын» құру. «Моңғол алқабында» неше мыңдаған инженерлерді халықаралық деңгейде дайындап, әлем түкпір-түкпірінен қаржы енгізіп, көптеген жаңа компаниялар ашу арқылы отанымызды әлемдік деңгейде мойындау мүмкіндігі бар.
Біз басқаларға өзімізді үлгі етіп көрсету үшін 13 жыл Ақпараттық технологиялық білім, сондай-ақ халықаралық нарықтан қаржы еңгізіп, шетел нарығына IT өнімдерді экспорттау бағытында жұмыс жүргізіп отырмыз.

Жасанды интеллектінің көптеген жақсы жақтары мен нәтижелері болғанымен оның осал тұсын да айтпай кетуге болмас?

– Өте дұрыс сауал. Жасанды интеллектіден туындайтын үш қауіп бар. Алғашқысы – жұмыс орнының өзгеруі. Индустрияландырудың 3- төңкерісі өте көп жұмыс орнын пайда болғызса, жасанды интеллект дәуірі келгенде көптеген адам жұмыссыз болуы мүмкін деген қауіп айтылады. Екіншісі, экономикалық теңсіздік бөлініс. Технологиялық жетістік игілігін жоғарғы, ауқатты топ өкілдері көріп, орта және төменгі топ өкілдері қалыс қала ма деген қауіп. Үшіншісі, технология адамнан бұрын алға дамып кете ме деген күмән.

Жұмыс орындарында қандай өзгерістер болуы ықтимал. Нақты зерттеулер бар ма?

-Oxford –тың зертеулерінде алдағы он жылдықта барлық жұмыс орындарының тең жартысы өзгеріске ұшырайды деген қорытынды жасалған. Әсіресе, банк теллерлері, өндіріс жұмысшылары қатарлы бір қалыпты жиілік және тізбекте жұмыс атқарушылар мәшинелерге орнын босатады.

Бірқалыпты жиілікте жұмыстаушылардан басқа мамандықтар да өзгеріске ұшырайды. Мысалы, заңгердің көп уақытын жұмсайтын сараптамалық зерттеу жұмысын мәшине атқару арқылы еңбек өнімділігі артады. Бұрыңғы уақытта қандай бір маңызды оқиға орнына журналист, тікұшақ және оператор баратын болса, қазір оның бәрін жалғыз дрон-ақ істей алады. Бірақ дрон өзін-өзі басқарып ұшып жүрген жоқ, оның басқару пультінде адам бар және жеткізген ақпараттарына анализ жасайтын команда жұмыстайды. Сондықтан жұмыс орны жоғалады дегеннен гөрі өзгеріске ұшырап жатқанын байқап, азаматтар өздерін дамытуы қажет.

Дәл қандай мамандықтар ысырылып, қандай жаңа мамандықтар пайда болады?

-Барлық зерттеулерге қарағанда қазіргі жұмыс орындарының тең жартысы жоқ болады немесе өзгеріске ұшырайды. Оның көбісі бірқалыпты жиілікте атқарылатын жұмыстар. Философиялық бір сұрақ бар. Бірқалыпты жиіліктегі, адамды жалықтыратын жұмысты 30 жыл істеген адам өз жұмысын мақтаныш етіп, содан ләззаттана ала ма деген. Менің ойымша, жасанды интеллект дамуы арқылы адамдар мәшине жасай алатын жұмысқа алтын уақытын жұмсамай, бақытты өмір сүру мүмкіндігіне ие бола алады.
McKinsey-дің зерттеуі бойынша барлық мамандықтың 45 пайызы жойылып, 55 пайыз жаңа жұмыс орындары пайда болады деген болжам жасалған. Мысалы, дрон ұшырушы, AR сәулетші, Data scientist, күйзеліс дәрігері қатарлы біздің ойымызға кіріп шықпаған көптеген жұмыс орындары ашылады.

Жасанды интеллект адам миынан озып кетеді деген болжам көп айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа сай келеді. Адам миының ойлау дәрежесіне жеткенін дәлелдейтін айғақ бар ма?

-Singularity немесе технологияның адамның ақыл ойынан асып кету мәселесін айтып отырсыз ғой. Ол жоғарыда айтып өткен үш қауіптің үшіншісі саналатын өте жылдам дамуға байланысты. Бұл салаға өте мол мөлшерде қаржы енгізілуде. Олардың ең қомақтысы – Жапонияның үлкен инновациялық жобасы Soft Bank пен Сауд Арабиясының үлкен қорлары қаржыландыруы. Бір жағынан бұл салаға құйылып жатқан қаржы сомасы көп болса да, қазіргі жүргізіліп жатқан зерттеулерге негіздеп, төмендегідей қорытынды жасауға болады.

Дәл қазір жасанды интеллект нақты мәселені шеше алады. Бұл акция құны өсе ме, мына адам қарызын өтей ала ма немесе сырқаттың диагнозы дұрыс қойылды ма деген мәселелерді шешу мүмкіндігіне ие. Бірақ ақырғы шешімді адам қабылдайды. Ол бір санға ғана қарап, шешім қабылдамайтыны белгілі. Сондықтан 15 жыл ішінде жасанды интеллектіміз бір мәселені кемел шешкенімен адамнан асып, алға шығады деу ғылыми тұрғыда мүмкін емес.

Жасанды интеллектіні ойлап тауып, үйретіп отырған адамдар бізбіз ғой. Сондықтан адамзат жасанды интеллектіден қорқып қашу емес, керісінше біз қазір оның қандай деңгейінде жүрміз дегенге ерекше назар аударсақ, өзімізге пайдалы дүниеге айналдыра аламыз.

Жасанды интеллект барлық салада қажеттілікке айналып, даму көрсеткіші болатын кез қашан болады деп ойлайсыз?

– Расында да, жасанды инттелект қазір де біздің өмірімізге күшпен еніп келеді. Қарапайым ғана мысал, Gmail электрондық поштасында хат жазған кезде suggestion немесe сөз мен сөйлем ұсыныс етеді. Бұл дегеніміз көптеген миллион адам жазған ақпаратты жасанды интеллект қорытып, оның қолданылу жиілілгін анықтап, менің не жазбақ болғанымды болжап отыр деген сөз. Іздеу жүйесінде де менің не іздемек болғанымды сезіп, маған ұқсас ұсыныстар жолдайды. Біздің әңгімелерімізді тікелей мәтінге айналдыру, фотосуреттегі не екенін анықтау да жасанды интеллектінің жемісі. АҚШ-та MIT Rethink Robotics-тың дамытқан Baxter деген роботы бар. Нақты әрекетті “10-100 рет жасайсың” деп көрсетіп қойсаңыз, оны 24/7/365 тәулік үздіксіз, ешқандай қатесіз және ақаусыз жасайды.
ҚХР-ның Face++ атты жасанды интеллектіге негізделген үш миллион адамның бет-әлпетін бір жолда танитын жүйесі тағы бар. Ұялы телефондағы SIRI де жасанды интеллект арқылы түсініп, қайталап айта алады. Бұрын аударма бюросына баратын болсақ, қазір әлемдік тілдерді өз арасынан Google Translate ешқандай аудармашысыз аударып береді. Amazon немесе Taobao сияқты үлкен сауда сайттары бізге қажетті тауарларды ұсыныс етуі де жасанды интеллект.

Сіздің келешектегі жоспарыңыз?

Түпкі мақсатым – силикон алқабын құру. Онда биотехнология, нанотехнология дамитын болады. Технология дегеніміз- өте үлен ұғым. 1960 жылдары біздің ел биотехнология саласында алдыңғы қатарда болыпты. Оның дәлелі малдың жұқпалы ауруларынан сақтандыру вакцинасын өзімізде өндіріппіз. Ал, қазір шетелден сатып алып отырмыз. Бізге бұдан да ақылды болуымыз қажет. Алайда, керісінше кейінге кетіп барамыз. Соған таң қаламын.
Біздің қалауымыз – жоғарғы технологиялық «Моңғол алқабы». Онда білім алғысы келген жастарға оқитын мектебі мен бітірген соң жұмыстайтын компаниялары дайын тұруы керек. Бұл менің ең үлкен арманым. Сол үшін ғұмырымды арнағым келеді. Бізде ондай қауқар бар. Мен қазір орта мектеп оқушыларымен жұмыс жасаудамын. Оларды дұрыс жолға бағыттасақ, өте үлкен жетістікке жететініне толық сенімдімін.

 

Фото: Business.mn

KazNews Agency: Сұхбатты көшіріп жариялау үшін рұхсат алуыңызды сұраймын!

Жаңа есім

Ризабек Жазидолдаұлы: ҚарЛаг қасіреті

Published

on

31 мамыр, KAZNEWS. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік: Сөз бен Сурет» атты ақындар мен суретшілер арасында өтетін онлайн-байқауға суретші Ризабек Жазидолдаұлы қатысып жатыр.

Ризабек Жазидолдаұлы @rizabek.jazidolda, суретші, 1979 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. Көптеген халықаралық көрмелерге қатысқан.


Суретші туындысын «ҚарЛаг қасіреті» деп атаған. Суретті сызу үшін тарихты зерттеп көрген. ҚарЛаг тарихы жетпіс жыл билік құрған кеңестік биліктің зор­лықшыл саясатының қасіретті куәсі және қуғын-сүргін саясаты жүрілген кезде олардың арасында балалар да жапа шеккенін көруге болатынын айтады.

ҚарЛаг қасіреті

Қабырғадағы күннің жарығы түбінде бір қазаққа жарық күннің нұры келеді дегенді білдіреді. Әппақ көгершіндер осында болған адамдарды еске алуға келгендерді, қуыршақтар қамауда балалардың болғанын, олардың «бізді де ала кет» деп тұрғанын байқауға болады. Қағаздан жасалған құстар қамауда болған адамдарды бейнелейді. Ал сол құстардың көлеңкесі арқылы қамаудағы адамдардың тағдыры құс болып ұшқанын көрсеткен.

Туындыдан Сталиннің жоғарыдағы суреті қылышынан қан тамған заманындағы бейнесі мен жерге қарай құлап жатқан Ленинмен Сталиннің суретін байқауға болады. Олардың өздері де, заманы да құрдымға кеткенін көрсетуге тырысқан.

Суреттің жоғыры жағынан «Бізді ұмытпа» деп қанмен жазылған жазуды көруге болады.

Ал, орындық пен гүлдер қуғын-сүргін құрбандарының құрметіне арналады.

Continue Reading

Жаңа есім

Стюардесса Гүлденген

Published

on

28 мамыр, Казньюс ақпарат агенттігі. Көкте қалықтаған МИАТ ұшағы. Бортта әрі-берген жүрген сұңғақ бойлы, жылы шырайлы аспан арулары. Оларға қызыға қарап отырған жолаушылар. Сол аспан арулары арасында Гүлденген есімді бортсерік көзімізге жылы ұшырап, оның сөзі құлағымызға жайлы тиді.

Казньюс ақпарат агенттігінің кезекті қонағы әлемдегі мәртебелі мамандықтың иесі – МИАТ әуе компаниясының бортсерігі Гүлденген Нұрланқызы стюардесса қызметінің қыр-сыры жайлы  айтып берді. 

Өзі жайлы және мамандық таңдау туралы


Гүлденген Нұрланқызы – отандық МИАТ әуе компаниясының бортсерігі болып жұмыс істеп жүргеніне біраз жыл болған.

Ол Баян-Өлгий аймағында туғанымен балалық шағын Дархан аймағының Шарынгол ауданында өткізген. Шарынгол ауданының жалпы білім беретін мектебін тәмамдап, Моңғолия Ұлттық Университетін Ағылшын және американтану мамандығы бойынша бітірген.

«Бала күнімде стюардесса болуды армандайтынмын. 4 курс студенті жүрген кезімде МИАТ әуе компаниясының бортсерігі атануға мүмкіндік туды. Бір ұстазым МИАТ әуе компаниясы бортсерік қызметкерлерін сыналтады. Бағыңды сынап көрсеңші деп ұсыныс етті. Ұстазымның айтқаны бойынша сынақ тапсырып, аталмыш компанияның бортсерігі атандым.» – дейді Гүлденген.

Алғашқы рейсіңіз есіңізде ме?

Иә, бұл мен үшін әлі күнге дейін есімнен кетпейтін таңғажайып оқиға болды. 2012 жылы мамырдың 14 күні Улаанбаатар – Сеул – Улаанбаатар бағытындағы рейсте алғаш рет бортсерік болып қызмет еттім. Шынымды айтсам басында қатты қобалжыдым. Бірақ бәрі сәтті болды.

Қай бағыт сізге көбірек ұнайды? Неге?

Маған барлық рейстер ұнайды. Бірақ оның ішінде көптеген естеліктер қалдырғандықтан болар Берлин бағыты бойынша ұшу көбірек ұнайды. 

Студент кезімде шетел асып, дамыған елдерге баруды ойламаған кез еді. Мүлдем басқа әлем мен басқа мәдениетті көрдім.

Сонымен қатар, шоппинг жасауға ыңғайлы. 🙂

Гүлденген кейбір айларда 100 сағатын әуеде өткізгенін айтады. Бұл шамамен 10-16 рейс.

Бір ұшақта қанша бортсеріктері жұмыстайды? Неше жасқа дейін стюардесса болып жұмыс істеуге болады?

Компаниямызда Boeing-737, Boeing-767 деген екі лайнерде барлығы 14 бортсерік қызмет көрсетеді. Жас шектеуі жоқ. Қаласа 55 жасқа дейін ұшуға болады.

Kомпания туралы мәліметті www.miat.com сайтынан алуға болады.

Жолаушылардың ең жиі қоятын сұрақтары?

Көптеген сұрақтар қояды. Қанша жылдамдықпен ұшып барады? Құлақ неге бітеледі, не істеймін? Қонатын таяды ма?

Жолаушылардан естігін ең жақсы сөзіңіз?

Ұшақтан түсетін кезде жолаушылардың жүзіне күлкі үйіріліп, жылы тілектерін жолдайды.

Алғашқы рейсімде бір жолаушы «Сіз жаңа бортсерік боларсыз. Жұмысыңызға жақсы баға бердім. Ісіңіз ілгері болсын.» -деп кішкентай қағазға жазып қолыма ұстатты. Бұл қағазды әлі күнге сақтап келемін. Әрине, жаңа бортсерік үшін үлкен ылтипат болды деп ойлаймын.

Бортсеріктер қанша шетел тілін білу керек?

Жұмысқа қабылданған кезде ағылшын тілін белгілі деңгейде білуді талап етеді. Өзім ағылшын, орыс тілінде еркін сөйлеумен қатар тағы бір тілді үйреніп жатырмын.

Жұмысыңыздың ерекшелігі неде? Оң және кері әсерлері?

Ұшқыштың міндеті ұшақты бір елден екінші елге аман-есен жеткізіп, қондыру болса, бортсеріктердің міндеті жолаушылардың қауіпсіздігі.

Бортсеріктердің жұмысын оңай деп айта алмаймын. Мықты әріптестерімнің ортасында болғандықтан барлық қиындықтары бірге еңсереміз. Кері әсерлерінен жақсы әсерлері мол деуге болады.

Бортсерік – ол апатты жағдайда эвакуация жасайтын құтқарушы, тілсіз жауды ауыздықтайтын өрт сөндіруші, адамдармен тіл табыса алатын психолог, қажет болса, денсаулығы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігер ретінде елестетуге болады. 

Сізді жұмыстан тыс уақытта қайдан табуға болады?

Жұмыс көп, бос уақыт аз болады. Жұмыстан тыс уақытта көптеген шаруаларға үлгеруді ойлаймын. Отбасы, достарымның қасында боламын.

Кімнен, неден күш қуат аласыз?

Отбасымнан, достарымнан және әріптестерімнен аламын.

Түсіңізге ұшақ кіре ма?

Алғаш ұша бастаған кезімде түсіме жиі кіретін. 🙂

Өзіңізді қаншалықты дамытасыз? Стюардесса болғысы келетін жастарға қандай кеңес бересіз?

Мүмкіндігімше заман ағымына сай өмір сүруді қалаймын. Алға қойған мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету керек деп ойлаймын. Еңбектенсе бағынбайтын белес болмайды дегенге сенемін. Бортсеріктеріне қойылатын басты талаптардың бірі – денсаулық. Сондықтан басынан спортпен шұғылданып, денсаулыққа аса мән беру керек деп кеңес беремін.

Оқырмандарға айтар тілегіңіз?

Дүниежүзі бойынша қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатырмыз. «Денсаулық – зор байлық» – дейді дана халқымыз. Барлығыңызға тек зор денсаулық тілеймін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Дәуренгүл Ғалымбекқызы – Шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызмет атқару жайында

Published

on

22 сәуір, Kaznews. Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?

Дәуренгүл Ғалымбекқызы, туған жылы 1982, туған жері – Моңғолия Хэнтий аймағы. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін Заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

«Мариса Киндер» компаниясының директоры. @daurengul

Өзі және отбасы туралы

Менің руым Жантекей-Базарқұл (Елеш сәуегейдің тұқымы) Ғалымбекқызы Дәуренгүл боламын. Нағашы жұртым Молқы(Қошақ). Ата-анам Бұлғынның тумалары. Жұбайым Мұхит Ромұлы. Мамандығы Заңгер, Моңғолияның Конституциялық сот (Конституцияның үстінен қарауды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган), Басқару академиясында қызмет атқарады.

Мамандық таңдау жөнінде

Ата-анам ауылшаруашылығы саласында бизнес жасайтын. Ата-анамның нұсқауы бойынша Ауылшаруашылық университетіне түстім. Сонымен қатар Моңғолия Ұлттық университетінен Заңгер мамандығын оқып әке аманатын орындап ойдағыдай тәмамдадым.

Әкеміз менi бірінші курске келген жылы дүниеден өтіп, отбасымыздың жағдайына ауыртпашылық түсті. 0-15 жасар алты баланы тәрбиелеп бағу міндет анамызға жүктелді. Мен үйдің үлкені болғандықтан жақсы оқуым керек екенін түсініп, бірнеше шетелдік оқу гранттарына сынақ тапсырдым.

Шетелге оқу гранттары жөнінде

1998 жылы Венгрия мен Жапония тарапынан жариялаған екі грантқа сынақ тапсырдым. Жеңіп алдым. Бірақ ай сайынғы шығындар 100 пайыз грант есебінен төленбейтін болған соң одан бас тарттым.

2000 жылы Ауыл шаруашылық университетіміз Германия Федератив Республикасының Бавария елімен ауыл шаруашылық жөнінде ынтымақтастық жасаcып, алғашқы жылы 20 студентке неміс тілі үйретілетін болды. Әр факультеттен оқу үлгерімі жақсы бес бала таңдалып алынған кезде бағым жанып солардың қатарында болдым. Бакалавр алған студенттер шетелге магистрге түсуге болады деген соң диплом жазып, оны қорғап 2001 жылы, 3 жыл жарым мерзімде Ауыл шаруашылық университетті бітірдім.

19 жасқа жетер жетпестен Германияның жоғарғы оқу орынына оқуды бастадым.

Германияда оқыған кездегі виза, баспана, ай сайынғы шығындар туралы

Бәрі грант есебінен төленді. Бавария Үкiметi 100 пайыз грантын 10 ай бердi. Сонан DAAD халықаралық ұйымының стипендиясын 12 ай бойы алдым. Стипендия алу үшін біраз сынақ тапсырдым. Және оқу бітірген соң 6 ай бойы айлық алып университетке келесі келген Моңғолия студенттеріне Ассистент мұғалім болып қызмет атқардым.

«Алма піс аузыма түс» демей үнемі іздену үстінде, кәсіби тұрғыда жетілу жолында еңбектендім деп айтуға болады.

40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. 

Неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы

Сағат ұстауды, күнделік шаруаны пландауды және жауапкершілікті үйрендім. 40 сағаттық шаруаны бір күнде үлгеретін шеберлікті қалыптастырдым. Олар әр шаруасын секундге бөліп жоспарлайды. Ғажап. 🙂 Өміріме көптеген пайдасын әкелді деуге болады.

Жұмысқа орналасуы жайында

Елге оралған соң тек тіл білудің пайдасы мамандығымнан кем түспейтіндей менің еңсемді көтерді. Артқы есікпен, тамыр таныспен жұмысқа тұратын кезде маған жұмыс орын өзі табылып тұрды.

Алғаш Ауылшаруашылық университеттен жұмыс орын берді. Бірақ айлығы аз. Бес бауырымның оқуына көмектесуім керек. Сондықтан үкіметтік емес айлығы жоғары ұйымдарға анкета толтырып бергенімде JICA Халықаралық ұйымы жұмысқа қабылдады. Мұнда фермер құру және малдың өнімін арттыру мақсатындағы екі жобада жұмыстадым.

Кейін UNDP, UNFPA, USAID, The Asia Foundation, MSF сияқты халықаралық ұйымдарда гуманитарлық (жастарды дамыту, жендер, лидершип), медицина (туберкулез), білім (civil education, ecological education), заң (коррупция), экономика (банк) саласында қызмет атқардым.

Қазіргі қызметі

2004 жылдан бері Ауылшаруашылық университетінің студенттеріне неміс тілін үйретуді бастадық. Бұл жұмыстың мақсаты өзімнің магистр бітірген Вайнштефан Университетіне студенттерді магистр оқуына жіберу. Жыл сайын 20 студентті дайындаймыз. Олардан 5-і магистр, 15-і практика істеуге барады.

Қазір пандемияға байланысты қызметіміз онлайн режимде жүрілуде. Балалардың біліміне үлес қосу үшін 2019 жылдан еуропа стандарты бойынша «Мариса» деп аталатын оқу орталығын, неміс тілін үйрететін «Шатц Шпрахцентрум» орталығын жұмыстатып келеміз.

Партнерім бар. Ол Ph.D Б.Нямгэрэл ханым. Ынтымақтастығымыз 17 жылға жалғасып келеді.

Адамға білім беру дегенің ерекше ақ жолды жұмыс деп ойлаймын.

Жастарға берер кеңесі

Бұл сәтте Абай атамыз «Адам болам десеңіз, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз…» -деп айтып кетті.

Ал, шәкірттерім арасында бірде-бір қазақ студенті жоқ. Оларға айтарым бойды бекер босқа салмаңдар дегім келеді. Уақытты құр өткізбей ізденісте болса, өмірге деген планды кеңінен жасаса мүмкіндіктер толып жатыр.

Жастар шетелде оқуға көп қаражат кетеді деп ойлайтын шығар. Бірақ Германияда оқу ақылы емес мысалы. Ағылшын тілінен өзге неміс тілінде үйренсе деген тілегім бар.

Визамен еуропаның 37 еліне баруға болса, неміс тілімен жоқ дегенде 9 елде сөйлеуге болады.

Қазақылықты сақтаған

Ата-анам ресейде білім алған. Қазағы аз өлкеде туып өссек те үйде тек ғана қазақша сөйлеуімізді талап ететін. Өзге тілде сөйлесек штраф алатынбыз. Анамыз үнемі қазақша кітап оқып, жазу үйрететін. Қазақтың ұлы сөзі “Еңкейгенге еңкей, Атаңның қара құлы емес. Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес.” – дегенді тек ғана кішпейілдік сыйластық емес “өзіңді өзің бағалай біл” деген мағынада түсінемін.

Казньюс ақпарат агенттігі

Continue Reading

Жаңа есім

Сағым Бейбітшілікқызы – «Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

Published

on

17 наурыз, KAZNEWS. Моңғолия қазақ эстрадасының танымал әншісі, Моңғолия Мәдениетінің озат қызметкері, Баян-Өлгий аймағы әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы Сағым Бейбітшілікқызының Казньюс ақпарат агенттігіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. Сұхбаттан танымал әншінің өмірі, іскерлігі, алдағы шығармашылық жоспарлары туралы білетін боласыздар.

Сағым Бейбітшілікқызы Моңғолияның Өнер университетін ән-музыка пәні оқытушысы мамандығы бойынша тәмамдаған. Магистр. Алғашқы еңбек жолын Улаанбаатар қаласындағы Моңғолияның ұлттық қоғамдық радио, телевизиясының қазақ тілінде хабар тарату бөлімінде бастаған. Қобда университетінің аймағымыздағы филиалында хор, музыка бағытында дәрістер беріп, студенттерге теориялық және практикалық сабақтар үйретіп, алғашқы шәкірттерін өнер жолына тәрбиелеген.

Мекенжайы: Монғолия, Баян-Өлгий аймағы
Қызметі: Аймақ әкімі іс басқармасының мәдениет істерін жауаптанған маманы
Әлеуметтік парақшаcы: Sagimko Byebit (FB)

САҒЫМ ӘНШІ БОЛУДЫ БАЛА КЕЗДЕН АРМАНДАДЫҢЫЗ БА?

Баян-Өлгий аймағының іргелі сұмындарының бірі Бұлғын өлкесінде 1989 жылы дүние есігін ашыппын. Бұл өлкеде елімізге және әлем қазақтарына танымал ақын, жазушылар, палуандар, қоғам қайраткерлерімен қатар әнші, күйші өнер саңлақтары дүниеге келген. Туған жерімнің табиғаты аса көркем, Алтай тауларының оңтүстік сілемінде орналасқан, Моңғолия қазақтары ертеден мекендеген құт өлкелерінің бірі. Ақын, жазушы Кәкей Жаңжұңұлы, Зұқай Шәріпақынұлы, Абай Мауқараұлы, Сәтей Нұртазаұлы, ақын әрі сазгер Ясира Заханқызы тәрізді көптеген дарынды тұлғалардың мекенінде дүниеге келгеніме мақтанамын.

Бала кезімнен-ақ бұла Бұлғынның табиғатына етене жақын болып, аяулы атам Шыңғышбайұлы Шікә, әжем Бегімханқызы Сайландардың тәрбиесінде өсіп, халық өнерімен жан-жақты танысып, қазақ мәдениетінің керемет туындыларын көзбен көріп, көкейме тоқып өстім. Әкем Бейбітшілік, аяулы анам Майралар менің өнерге бейімділігімді ертеден аңғарып, әнші болу арманымды қанаттандырып, бар мүмкіндіктерін жасады. Домбыра, гитара, портепиано тәрізді музыка аспаптарын алып беріп, көптеген әншілердің күйтабақтары мен үнтаспаларын сыйлап, осы жолды таңдауыма бағдаршы болды.

Роза Рымбаева, Жанар Айжанова, Ұлықпан Жолдасов, Алтынай Жорабаевалардың туындыларын тыңдап өстім.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫҢЫЗДА ҚАНДАЙ ЖАҢАЛЫҚТАР БАР?

Шығармашылығымдағы басты жаңалық – қазақтың халық әуендерін технология жетістіктеріне сәйкестіріп, әлемге танытудағы қадамдарым деп ойлаймын. Сондай-ақ эстрадалық заманауи туындыларды тыңдарман қауымның сұранысына сәйкес әзірлеудеміз.

Жеке шығармашылық бағытта университет табалдырығын аттаған 1-курстан бастап, бірнеше жобаларда жұмыстап, өзімнің жеке концерттер легін ұйымдастырдым. Сонымен қатар Моңғолиядағы Казақстан Республикасы елшілігі жанындағы Мәдениет орталығының “Бәйтерек” ансамблінде әнші және прима қобызшы болдым. Сол кезден ақ жаңа туындыларымды шығара бастадым.

«БАЙ-ӨЛКЕ АЛТЫН БЕСІГІМ» ӘНІ КӨПКЕ ТАНЫМАЛ БОЛДЫ. БЕЙНЕБАЯН ТУРАЛЫ АЙТЫП БЕРСЕҢІЗ?

-Бұл ән осы өлкеде екі ғасырға жуық мекен еткен Моңғолия қазақтарының туған жеріне деген сүйіспеншілігінен туған ән деп ойлаймын. Әннің сөзін жазған танымал ақын Қуатхан Шәріпұлы, әуенін жазған белгілі сазгер, әнші Ұшқын Жамалбек, бейнебаянды түсіруге көмектескен асыл жарым Есенкелді және «Ағайын» фотостудиясы ұжымына шын жүректен алғысымды білдіремін.

Бейнебаян түсірген кезде аймағымыздың әр өңірінде болып, олардың мәдени салт дәстүрі және тұрмыс тіршіліктерімен танысып, табиғат аясындағы көркем жерлерін аралап, ең қолайлы сәттерді пайдалана отырып, оның сапалы шығуына ерекше назар аудардық. Соның нәтижесінде көпке танымал туынды болды деп ойлаймын.

ӘН ҚОРЖЫНЫҢЫЗДА ҚАНША ӘН БАР? ҚАНДАЙ САЗГЕРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙСЫЗ?

Менің шығармашылық қорымда қазір 300-ге жуық туынды болса да, жартысы әлі тыңдарман қауымға жете берген жоқ. Соның ішінде аймағымыздың Құрманхан Мұхамәдиұлы атындағы Музыка және драма театрының қазақ халық ұлт аспаптары оркестрінің сүймелдеуінде өзім сүйіп орындайтын «ГауҺартас», «Екі жирен», «Ақау керім», «Бұлбұл» қатарлы халық әндері бар. Сондай-ақ ағылшын, орыс, моңгол, түрік тілдерінде эстрадалық жанрдағы әндерді орындағанды ұнатамын.

Жеке репертуарымда осы өңір қазақтарының төл туындысы 45-ке жуық әндерімен қатар Ясира Заханқызы, Ұшқын Жамалбек, Бержан Файзолла, Жанболат Сәтейұлы және тағы басқа да сазгерлердің шығармалары бар.

СІЗДІҢ ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің өмірлік ұстанымым -“адам болып келдім өмірге, адам болып кеткім келеді”

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Қазір еліміздің Мәдениет министрлігінен өнер саласындағы ұстанымдар мен аймақ Әкімі бағдарламасы төңірегінде атқарылатын мәдени әлеуметтік шараларда жүзеге асыру, мәдени орталықтардың жұмысын заманауи талапқа сай жаңғырту, жас өнер майталмандарын тәрбиелеу мен мұражай, кітапхана қызметін әлемдік стандарт талабына сай дамыту бағытында жұмыстар атқарудамын. Сонымен бірге атажұрттағы өнер туындыларын туған өлкемізде насихаттаумен қатар өнер қайраткерлерімен бірлесіп жұмыстауды қолға алмақпын.

ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ЖОСПАРЛАЙСЫЗ?

Елімізде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы заман талабына сай электрондық үлгідегі жоспарлау стандартына көшкендіктен жыл, мезгіл, айлармен жоспарлап, берілген тапсырма мен ақпаратты дәл уақытында орындау мен жеткізу болып табылады. Осы талап деңгейінде жұмысымды әр күнге сай жоспарлап, оның орындалуын үнемі қадағалап қортындылап отырамын. Соның нәтижесінде өнер саласында көптеген жұмыстар нәтижелі болды.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН ЖҰМЫС ҚҰРАЛЫҢЫЗ, ҚОЛДАНБАЛЫ БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Менің ең қолданатын жұмыс құралым компьютер мен бірнеше музыкалық аспаптар.

СІЗШЕ УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Жұмысты дұрыс жоспарлау.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Атқарылатын істерді өзімнің жеке белгілеуіме жазып, ресми іс шараларды арнайы талап бойынша іс қағаздық үлгіде жүргіземін.

ҚЫЗМЕТІҢІЗДІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Менің жұмысымның негізгі ерекшелігі – мәдени, әлеуметтік іс шараларды маман тарапынан ұйымдастыру, қадағалау, іс нәтижесін қортындылау, жұмыс әдістемесімен қамтамасыз ету мен осы саланың тұрақты даму саясатын дұрыс жолға қою болып табылады. Оң әсері – адамдармен тікелей қарым-қатынаста, етене бірге жұмыстау, тұрақты ақпарат алмасу. Ал кері әсеріне келер болсақ, қат-қабат мәдени іс шаралар бірге өткізілген кезде уақыттың тым тапшылығы, яғни жүктеменің көптігі болмақ.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ?

Адамдармен тіл табысудағы этикалық нормаларды сақтай білумен қатар ұйымдастырушылық қабілетім деп ойлаймын.

Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Әрине, оқимын. Моңғолия жазушылары Д.Нацагдорж, Ч. Лодойдамба, Б. Ренчин, Ц. Дамдинсүрэн туындыларымен қатар қазақ халқының әйгілі ақын жазушылары Абай Құнанбайұлы, М.Мұқағали, Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағали, Сәкен Жүніс, Мұхтар Мағауин, Фариза Онғарсындардың шығармаларын сүйіп оқимын. Қазір Эрнест Хэмингуейдің әңгімелерімен қатар Олжас Сүлейменовтың мақаласын оқудамын.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Ақ көңіл, ашық жарқын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Классикалық әуендерді көп тыңдаймын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Отбасы, ыстық ұямнан.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Ата-анамнан, отбасымнан және өнерден күш-қуат аламын.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Менің өмірден алған ең жақсы ғибратым Абай атам сөзімен айтқанда: “Әнді сүйсең менше сүй!”. Өнер тілімен айтқанда: “Ән көңілдің ажары. Өз пайымдауым бойынша “Өнерсіз өмір – өмір емес” деген прагматикалық тұжырым. Осылардың қай-қайсысы да менің болмысымды анықтайды деп ойлаймын.

ЖАС ӘНШІЛЕРГЕ ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әрине, “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” деп Абай атамыз айтқандай қазіргі заманда ән де, әнші де көбейген шақ. Бірақ менің ең негізгі қағидам – жалғандықтан аулақ болу. Фонограмма арқылы жалған ән айтқаннан айтпай адал жүрген баяғыда артық. Бұл туралы арнайы заң қабылданғанын құптаймын.

Халық өнерін өзінің қаз қалпында, боямасыз, әсірелеусіз жалғастыруға тиіс. Жас әншілер соған ат салысса, өнер әлеміндегі жадағайлықтан бас тартып, халықтық болмысты сақтай білсе, сонымен бірге өнер этикасын меңгерсе деген жүрекжарды кеңесімді айтқым келеді.

Еліміздің ұланғайыр даласындай өнері де әр алуан болуымен қатар жас өнерлі қауымнан ізденісті, білімділікті талап етеді. Тек «әнші боламын» демей, білімді де сауатты, ізгілікті, ұлтжанды, парасатты, ұлт өнерін қастерлеуші әншілер болуын кеңес етемін.

«Жақсылықпен кел, әз-Наурыз!»

АЛДЫМЫЗДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ «НАУРЫЗ» МЕЙРАМЫ КЕЛЕ ЖАТЫР. ЕЛГЕ АЙТАР ТІЛЕГІҢІЗ…

Наурыз халқымыздың ұлттық төл мерекесі. “Самарханның көк тасы еріген күн” дейтін бұл мереке қазақ халқына жақсылық, тыныштық, береке, бірлік әкелсін деп тілеймін. Мынау әлемді жайлаған індет жойылып, халқымыз бейбіт те тыныш, жарқын да жақсы өмір сүруіне зор тілектестік білдіремін. Ұлыс оң, ақ мол болып, пәле қала жерге еніп, Алтайдан Атырауға дейінгі сахара даламыз жақсылыққа толып, халқымыздың өнер ордалары өзінің қалыпты қызметтерін атқарып, рухани жаңғырудағы ұлы мақсаттарына жете бергей!

Continue Reading

Басты назарда