Connect with us

Іскер азамат

Даян – Улаан-Уул бекетті маусымның 2 күні ашылады

Published

on

Даян (Моңғолия) – Улаан-Уул бекетті (ҚХР) маусымның 2 күні ашылады. Бұл туралы Баян-Өлгий аймағындағы Азаматтық және Көші қон қызметінің басшысы Дээдхүүгийн Мягмаржав мәлім етті.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 25 қыркүйекке дейін Даян – Улаан-Уул бекеті ашық болады.
Жұмыс тәртібі Дүйсенбі – Жексенбі күндері 09:00-19:00 сағатта.
Ескертулер
– Екі елдің Үкімет аралық келісімі бойынша тек екі ел азаматтары ғана қатынайтын өткелек болып табылады.
– Даян бекеті арқылы үшінші елдің азаматы өте алмайды.

Іскер азамат

Қайнар Қайсанайұлы: Cпорттық шаралар аймақтың 80 жылдығына арналады

Published

on

Баян-Өлгий аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлымен өткізген сұхбатты ұсынамыз.

Мекен жайы: Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы

Қызметі: Баян-Өлгий аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасының бастығы

Әлеуметтік желі: FB (Хайнар Хайсанай)

2019 жылы ДШСБ-нан қаншалықты бәсеке-сайыстар ұйымдастырылды?
2019 жылы атқарылатын шаралардың барлығы жыл басында жоспарланған. Сол бойынша жалпы спорт түрлерінен ересектер арасында 17, жастар және жасөспірімдер арасында 21, жоспардан тыс 20-дай, барлығы 60-тай бәсеке ұйымдастырылды. Оның ішінде бастылары – Жасөспірімдер арасындағы батыс зоналық волейбол бәсекесі, Аймақтардағы яғни жергілікті жердегі жоғарғы оқу орындары студенттері арасындағы мәдени-спорттық «Универсиада» ойындары, Моңғолдың ұлттық күресінен жасөспірімдер арасындағы мемлекеттік ашық біріншілік, Батыс зоналық клубтар арасындағы жасөспірімдердің таэквондо бәсекесі қатарлы қомақты іс-шаралардың аймағымызда сәтті өткендігін айтуға болады. Бұл шараларды ұйымдастыруымызға Аймақ Әкімінің Іс Басқармасы, таэквондоның «Арман» клубы, Қобда университетіне қарасты Баян-Өлгий аймағындағы Мұғалімдер мектебі, ұлттық күрестің «Тастүлек» клубы қатарлы ұйымдармен бірігіп ұйымдастырдық. Сондай-ақ, аймағымызда спорттың барлық түрлерін дамытуға ұжымдары, балалар мен жастар, халық көпшіліктің спортпен шұғылдануына да толық мүмкіндіктер жасалып, оған көпшіліктіктің қатысу деңгейі де жоғарылап отырғандығы қуантады.

Жалпы қанша түрлі спорт секциялары бар?

Мұнда моңғолдың ұлттық күресі, баскетбол, волейбол, бокс, зілтемір, таэквондо, карате, дзю-до, үстел теннисі, шағын футбол, дене шымырландыру бағытындағы фитнес қатарлы 13 түрлі секция тұрақты жұмыстайды. Ұйым-мекеме, компания, шаруашылық бірліктерімен біз жыл басында арнайы келісімдер жасап, әр аптада қандай мекеме қандай спорт түрінен залды қанша уақытпен пайдаланатыны туралы уақыттық кесте жасап, жыл бойынша жұмыстаймыз. Біздегі «А» және «В» залдары ұйым-мекемелер үшін кешкі 17.00-19.00 сағат, 19.00-21.00 сағаттарда ашық. Ал оқушылар үшін сабақтан бос уақыттарына сәйкес тәңертеңгілік және түстен кейін деген бөліспен секция жұмыстайды. Жоғарыда айтқанымдай ұйымдардың спортпен шұғылдану белсенділігі артып, саны көбейіп келеді. Мысалы, аймақ әкімінің Іс Басқармасы, Барлау ұйымы, Мамандық бақылау басқармасы, Біріккен аурухана, Салық басқармасы, Полиция басқармасы, ХААН, Голомт банклері мен т.б мекемелерді атауға болады.

Аймағымыз спортшыларының өткен жылғы жетістіктеріне тоқталсаңыз?

Өткен жылы спортшыларымыз үшін айтарлықтай табыс-жетістіктер жылы болды. Спортшыларымыз тек қана әлемдік, халықаралық, құрлықтық, мемлекеттік, зоналық бәсеке сайыстардан 19 алтын, 33 күміс, 39 қола, барлығы 91 медальді аймағымызға әкелді. Бұл аз табыс емес. Енді кейбір спорт түрлері бойынша спортшыларымыздың қол жеткізген табыстарына жеке тоқталып өтсем: каратэ спорты түрінен «Тарлан» клубының бапкері С.Серікбол бастаған спортшылар 22-24-ақпан күндері Улаанбаатар қаласында өткен Шинкиокушенкай каратэнің мемлекеттік біріншілігіне табысты қатысып, ересектер арасында қыздардан Т.Нұржанар (55 кг) күміс медаль, ұлдардан С.Серікбол (-65 кг) қола медаль, ал 16-17 жастағы жасөспірімдерден Б.Серікжан қола медаль иегері болды. Сэлэнгэ аймағында ұйымдастырылған Еліміз Президентінің кубогі үшінгі шағын футболдан аймақтар арасындағы мемлекеттік біріншлікте О.Ертай баптаған командамыз жеңімпаз атанды. Ал, Хэнтий аймағының орталығы Чингис қаласында өткен ауыр атлетикадан (зілтемір көтеру) жасөспірімдер арасындағы мемлекеттік біріншілікке М.Талғат бапкер бастаған спортшыларымыз қатысып, Е.Әсемхан (50 кг) қола медаль иеленсе, М.Талғат, Т.Бейбітхандар жетекшілік еткен штангистеріміз Өвөрхангай аймағында өткен Жастар арасындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде күш сынасып, Т.Ибрайым (67 кг) біріккен ұпаймен 200 кг зілтемірді бағындырып, осы біріншіліктен 3-реткі алтын медалын еншілеп, зілтемірден спорт шеберіне “кандидат” нормасын орындады және осы бәсекенің «Ең таңдаулы спортшысы» мәртебесіне ие болды. Ал Е.Тілек біріншіліктің күміс жүлдегері атанды.

Осы орайда, биыл Спорт сарайының ауыр атлетикадан жаттығу бөлмесіне өз қаражатымен жаңалап жөндеу жасап берген «Досстрой» компаниясының директоры, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, аймақтық Ауыр атлетика федерациясының төрағасы Б.Нұрланға ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.

Волейболдан М.Дінмұхамет баптаған волейболшы жастарымыз 25-28-наурызда Говь-Алтай аймағында өткен жастар арасындағы батыс зоналық біріншілік сыналту бәсекесінде 3-орынға ие болып Қобда аймағында ұйымдастырылған мемлекеттік біріншілікте еліміздің ең үздік 8 командасының қатарынан көрінді. Аймағымызда балалардың ҮІ спардакиадасы аясында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы батыс зоналық бәсекеде жас волейболшыларымыз 2-орынға қол жеткізіп, Улаанбаатар қаласында болған ақтық сынға қатысып, 6-орынға ие болып, ең үздік командалар қатарынан орын алды. Завхан аймағында 4-6 сәуір күндері ұйымдастырылған дзю-до күресінен жасөспірімдер арасында батыс зоналық біріншілік сынату бәсекесіне бапкеріміз Д.Мұрат, Цэнгэл сұмынының спорт мұғалімі М.Ташкент, Тұлба сұмынының спорт мұғалімі Қ.Уәзиралар жетекшілік еткен жасөспірім спортшылармыз барлығы 6 алтын, 8 күміс, 6 қола медаль еншілеп, командалық есеппен 3-орын иеленсе, Қобда аймағында өткен дзю-до-дан мемлекеттік біріншлікте Қ.Данияр (38 кг), Е.Қобланды (50 кг) қатарлы жасөспірім спортшылармыз күміс медальға қол жеткізді. Моңғолияға еңбек сіңірген спортшы Р.Даваадалай атында жүрілген осы мемлекеттік біріншілікке еліміздің 21 аймағы, астананың 9 ауданынан 800-ден астам споршы қатысқан болатын.
Самбо күресінен жастар арасындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде 90 кг салмақта Улаанбаатарда жаттығу жасайтын аймағымыз тумасы Болашақұлы Жандос жеңімпаз атанып, алтын медаль еншілесе, осы азаматымыз 19-22-сәуір күндері Қазақстанның Алматы қаласында ұйымдастырылған «Азия кубогы-2019» халықаралық жастар бәсекесінен қола медаль ұтып алды. Ал, таэквондадан бапкер Ш.Ерұланның шәкірттері Улаанбаатар қаласында өткен жастар арасындағы мемлекеттік біріншілікке табысты қатысып, А.Әсемхан, Б.Ақмаралдар өз салмақтарында күміс жүлдегер, Балалар спортының ҮІ спартакиадасында С.Нұрбек (48 кг), А.Әсемхан (55 кг)-дар қола жүлдегер атанса, Б.Абылайхан Алматы қаласында болған халықаралық марафон жүгірісіне сәтті қатысып оралды.
Аймағымызда біршама ілгері дамыған спорт түрі болып саналатын бокс спортының жеткен табыстары да қуантарлықтай. Біздің бапкер А.Бейбіт бастаған бұлғары қолғап шеберлеріміз биылғы жылы да олжалы болды десек артық емес. Мұнда, А.Жандос (64 кг) Улаанбаатар қаласында өткен жастар арасындағы мемлекеттік біріншілікте күміс медальға ие болса, жуықта астанамызда ұйымдастырылған бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қола медалға ие болып, Баян-Өлгий аймағы тарихындағы боксшылар арасынан туып шыққан тұңғыш реткі Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Сондай-ақ, Қазақ елінің Павлодар қаласында өткен халықаралық турнирде Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Т.Ерболат (91 кг) күміс медаль, спорт шебері Қ.Бекнұр қола медальға ие болса, ҚХР-сының Чендү қаласында өткен полицейлер және өрт сөндірушілер арасындағы әлемдік спорт ойындарында Қ.Бекнұр каратэ спорт түрінен алтын медаль, бокс спорт түрінен күміс медальға ие болып, аймағымыз спорты тарихының тағы бір жаңа парағын ашты.

Бокстан Орхон аймағының Эрдэнэт қаласында өткен ересектер арасындағы мемлекеттік біріншілікте қарсылас шақ кетірмеген Т.Ерболатымыз өз салмағында 6-шы рет жеңімпаз атанып, 6-шы алтын медалін мойнына тақса, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері А.Нұрлан бұл жолы қола медальды қанағат тұтты.

Осы орайда, биылғы жылы спорт саласында болған бірер ерекше жетістік туралы да айта кетсем, Қ.Берболат конькимен сырғанаудан аға буын мастерлер арасындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде топ жарып, жеңімпаз атанып, алтын медаль алса, 2020 жылдың қаңтар айында Австрияның Инсбург қаласында өтетін конькимен сырғанаудан ардагерлер олимпиадасына қатысатын жолдама алып, қатысуға аттанды. Сонымен қатар, О.Баяндалай есімді азаматымыз күнделікті өзіміз қажеттеніп жүрген велосипедпен еліміздің барлық аймағын жалғыз өзі аралап, 2 ай 10 күнде 6300 километр жолды жүріп өтті. Бұл нәтижелер аймағымыз спорты тарихына алтын әріппен жазылары даусыз.

Біраз жасөспірім спортшыларымыз Балалар спортының ҮІ спартакиадасында жақсы нәтиже көрсеткен екен. Осы сайыс туралы айта кетсеңіз?

Бұл спартакиада бұрын еліміз көлемінде аймақ, астаналық, зоналық және мемлекеттік деген 3 сатымен 4 жылда бір рет өткізіліп келген болса, Үкімет орнының 2018 жылғы 318 санды қаулысымен 2 жылда бір рет жүріліп тұратын шешім шыққан. Яғни 2021 жылы бұл спартакиада жалғасын табады деген сөз. Ал, 2019 жылғы ҮІ спартакиаданың ақтық сайысына 4500-дей спортшы қатысып, Улаанбаатар қаласында бақ сынасты. Бұл ауқымды шараға еліміз көлемінде 400-дей орта мектептен 40 мыңдай спортшы балалар қамтылған. Спартакиадада негізгі спорт түрінен 19, таңдап алынатын спорт түрінен 5, паралимп түрінен 4, диплимп түрінен 3, жеке олимпінің 3 түрі, барлығы 34 спорт түрінен жүрілген балалар спорт ойындары Улаанбаатар қаласының 22 жерінде бір жолда 2 апта бойы жүріліп өз мәресіне жетті. Осы ақтық бәсекеге аймағымыздан 9 бапкер, 90-дай спортшы балалар волейбол, шағын футбол, зілтемір, үстел теннисі, дзю-до күресі, бокс, таеквондо, шахмат, дойбы қатарлы спорттың 9 түрі бойынша қатысты.

Бұл спорттық іс шараға аймақ әкімшілігі тарапынан 8.365.000 төгрөгтің қаражатын шешіп берді.

Спартакиадада таэквондошыларымыз С.Нұрбек, А.Әсемхандар қола медальға, боксшыларымыз Р.Оралман күміс, Б.Құбылайхан қола медальға ие болды. Ал футболшыларымыз үздік 8 команданың қатарынан көрінсе, волейболшы ұлдарымыз үздік 6, теннисші қыздарымыз үздік 16-ның сапында өнер көрсетті. 30-дай команда қатысқан шахмат бәсекесінде Б.Айсәуле, дойбыдан Б.Еркегүлдер 5-орын иеленді.
Сондай-ақ “Арнайы олимпиаданың” Батыс зоналық фестивалі 2019 жылдың 16-19 қыркүйегінде Қобдада өтті. Батыс 5 аймақтық 120 спортшысы қатысқан сайысқа аймағымыздан Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналар одағының аймақтық бөлімше бастығы Т.Ерлан, бапкері спорт мастері Ж.Жұлдыздар бастаған 18 спортшы стол теннисі, жеңіл атлетика, волейбол, бочче сияқты түр-түрінен 7 алтын, 7 күміс, 3 қола медаль алды. Ал, топтық біріккен қорытындымен 1-орын иеленіп алтын кубокты аймағымызға алып келді.

Ұлттық және бұқаралық спорт бағытында қандай шаруалар атқарылды?

Бізде бұқаралық спорт және ұлттық спортты жауаптанған маман болып Ә.Ром жұмыстайды. Оның бастауында ұлттық спорт түрлері 2019 жылы Алматы қаласында өткен жастар арасындағы Азия біріншлігіне КӨКПАР, ТЕНГЕ ІЛУ, АУДАРЫСПАҚ, ЖАМБЫ АТУ қатарлы спорт түрінен 6 бапкер, 28 спортшы қатысып, көкпаршылармыз 2-орын иеленсе, теңге ілуден C.Жеңісбек қола, аударыспақтан 80 кг салмақта Өмірбек қола, 70 кг салмақта Айтқабыл күміс, +80 кг салмақта С.Жеңісбек алтын медалға ие болып Азия чемпионы атанды. Д.Ербол бапкерлік ететін тоғызқұмалақшыларымыз Халықаралық жарыстан командалық есеппен 2-орын иеленіп, 6 медальмен оралса, Үкімет тойындағы Бурят садақ ату бәсекесінде Аймақтық Садақшылар федерациясының төрағасы, іскер азаматымыз Б.Энхболдның ұйымдастыруымен қатысқан садақшыларымыз арасынан Алтантулга топ жарып алтыннан алқа тағып, Моңғолияның «Хошой мэргэн» яғни “екі мәрте саңлақ” мерген атағына ие болды. Моңғолдың ұлттық күресі де қарқынды дамып келе жатқаны өздеріңізге аян. Бұл тұрғыда Аймақтық Ұлттық күрес федерациясының төрағасы, аймақ әкімінің орынбасары Ш.Қабыл, аймақтық арыстан, «Өлгийн хүчтэн дэвжээ» бозкілем төрағасы Ғ.Айдос, жасөспірім палуандарды жаттықтыратын «Тастүлек» клубының төрағасы, аймақтық лашын С.Бақыт, «Толағай» клубының төрағасы, аймақтық лашын М.Жанарбек, тағы басқа ұлттық спорт жанашырлары қомақты үлес қосып келеді. «Тастүлек» клубының кішкентай палуаны Б.Иманғали биылғы жылы балалар атындағы мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекесінде және тағы да басқа әлденеше сайыста ағалағанына куә болып отырмыз. Жалпы палуандарымыз мемлекеттік және аймақтық, зоналық бәсекелерде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Сондай-ақ, «Қазақ күрес» спорты да Моңғолияда өріс жайып келеді. Бұған елімізге әйгілі палуан, Моңғолия және Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы, Моңғолия Қазақ күрес қауымдастығының төрағасы О.Бақыт ағамыздың қосқан үлесі зор екенін айта кетейін. Биылғы жылы Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы Х.Цагаанбаатар қатарлы азаматтардың ұйымдастыруымен Улаанбаатарда қазақ күресінен алғаш рет мемлекеттік және Азия біріншіліктері өтті, еліміздің командасы Қазақ күресінің Азиялық, халықаралық, әлемдік сайыстарына тұрақты қатысып, алдыңғы орындардан көрінуде. Мұның өзі біздің іс-қызметімізге тікелей қатысты болмаса да ұлттық спортымыздың дамысының бір көрінісі ретінде ауызға алмай кетуге болмайтын дүние. Тағы бір айта кетер жай, Н.Мұстафа палуанымызға қатысты. Ол биылғы жылы әр алуан күрестерде жақсы нәтижелер көрсетті, Үкімет тойындағы палуан күресінде 5-кезеңде мемлекеттік арыстан Оюунболддан жығылған болатын. Бірақ, кейіннен Оюунболдның допинг керектенгені анықталып, ол мәселе туралы Үкіметтік мереке комиссиясы оның күресу құқын шектеу, үкіметтік той күресінде одан жығылған палуандардың күрес кезеңін ілгерілету туралы шешімін Елбасына жолдаған болатын. Егер бұл шешімді Елбасы қабылдаған жағдайда Н.Мұстафаға «Мемлекеттік лашын» атағы берілуі әбден ықтимал. Бұқаралық спортты дамыту тұрғысында да арнайы жоспарлар жасалып, жүзеге асып келеді. Мұнда, жыл сайын Тұлба көлінде өткізілетін бүкілхалықтық «Күміс қыс», Қобда өзенінің мұз айдынындағы спорттық ойындар, көктем мен күзде ұйымдастырылатын жалпыжұрттық марафондар қатарлы көптеген шаралар аймақ әкімінің Іс басқармасы, аймақтық Денсаулық орны қатарлы ұйымдармен бірлесіп жүріліп келеді.

Сіз өткен жылдың көктемде Моңғол елінің ресми өкілдерінің құрамында Қазақстанда болып қайтыпсыз. Сол сапарыңыз жайлы, нендей шараларға қатысқаныңыз туралы әңгімелесеңіз?

Иә, 2019 жылдың наурыз айында Білім, Ғылым, Мәдениет, Спорт министрлігінің Денешынықтыру агенттігінің бастығы Ц.Шаравжамц бастаған өкілдердің құрамында ресми іссапармен Астана /Нұр-Сұлтан/ қаласында болып қайтқанмын. Осы сапарда Ц.Шаравжамц бастаған өкілдер Қазақстан елінің Мәдениет, Спорт министрлігінің Дене шынықтыру, Спорт комитетінің басшысы Серік Сапиевтің қабылдауында болып, екі басшы екі еларалық спортты дамыту, тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойды. Сол сапар кезінде Серік Сапиев мырзаға, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының Спорт басқармаларымен бұрын тек спорттық федерациялар деңгейінде жүріліп келген екіжақты қарым-қатынасымызды сол облыстар мен Баян-Өлгий аймақтық Дене шынықтыру, спорт басқармасы арасындағы ресми ынтымақтастық деңгейіне көтеріп, тығыз байланыста жұмыстау туралы өтініш білдіргенімде ол кісі жылы қабылдаған еді.

Алла бұйыртса, 2020 жылдан бастап біраз ынтымақты, игілікті шаруалар атқарылатын болар деген үміттемін.

Жуықта Увс аймағында болып қайтыпсыз және Білім, Ғылым, Мәдениет, Спорт министрі Е.Баатарбилэг мырза аймағымызда болып, осы саланың жұмысымен де танысты. Бұл кездесулер кезінде нендей мәселелер төңірегінде ой-пікір білдірдіңіз?

Увс аймағы Әкімінің бастамасымен Улаангомда «Увс нуур» атты бокс клубы ашылды. Соған Увс аймақтық Денешынықтыру, спорт басқармасының бастығы Б.Ганболдның арнайы шақырумен барып клубтың ашылу салтанатына қатыстым. Бұл шараға Моңғолдың Ұлттық Олимпиада Комитетінің бас хатшысы, олимпиада чемпионы, Моңғолияның Еңбек Ері, еңбек сіңірген спортшы Э.Бадар-Ууган, Увс аймағының әкімі Д.Батсайхан қатарлы адамдар қатысты. Осы шара кезінде дзю-до күресі жоғары деңгейде дамыған Увс аймағының Дене шынықтыру, спорт басқармасы мен бокс спорты дамыған Баян-Өлгий аймағының Денешынықтыру, спорт басқармасының басшылары өзара келісім жасасып, дзю-до және бокс спортын дамыту турасында ынтымақтаса жұмыстау жөнінде уағдаласты. Ал, Е.Баатарбилэг министр аймағымызда болып, қызметімізбен танысқан орайда аймағымыздағы осы салаға қатысты көкейтесті мәселелерді таныстырып, өтініш білдірген едік. Атап айтсам, Спорт кешеніне күрделі жөндеу жасау, Ескі залдың жылу жүйесін жаңалау, Спорттық бәсеке сайыстарды ойдағыдай ұйымдастырып жүргізуге қажетті қаржы жетіспеушілігін реттеу, Спортшыларға даяшылық көрсететін шағын автобусты болдыру, мекемені осы заман талабына сай компьютер, үстел, орындық, спорттық құрал-жабдықтармен қанымдау мәселелері қойылды. Оның кейбірін министр сол кездесу барысында шешіп берумен қатар аймақтық Дене шынықтыру, спорт басқармасына бір жаңа «Фургон» машина беретін болды. Сондай-ақ, Министрліктің Дене шынықтыру, спортты қолдау қорынан 2020 жылы аймағымызда ұйымдастырылатын ауқымды бәсеке-сайыстарға қажетті қаржыны шешіп беруге уәде етті.

2019 жылдың соңында Аймақтық АӨҚ-ның кезекті мәжілісінен спорт саласына байланысты қандай шешімдер қабылданды?

2019 жылғы 3-4-желтоқсанда шақырылған аймақтық АӨҚ-ның кезекті Х мәжілісінен дене шынықтыру, спортқа қатысты екі түрлі мәселе шешімін тапты деуге болады. Мұнда, 2016 жылы АӨҚ-ынан бекітілген ереже бойынша аймағымыздың спортшы, бапкерлеріне бәсеке сайыстарда шығарған табыстарына сай ынталандыру сыйлығы берілуге тиіс. Осы ереже бойынша 2017, 2018 жылдары Халықаралық, құрлықтық және мемлекеттік біріншілік сыналту бәсекелерінде табыс шығарған бапкер, спортшыларды сыйлауға арналып 12,9 млн сом бекітілді. Сонымен қатар, 2019 жылы жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшылардың ынталандыру сыйлығына арнап, жаңа жыл шыға аймақтық кірістің асқан бөлігінен 8,5 млн сом шешіп беретін болды. Екіншіде, Үкімет орнының 2019 жылғы 21-тамыздағы 335 санды қаулысымен «Ден ешынықтыру, спортты дамыту туралы ұлттық бағдарлама» қабылданған болатын. Осы бағдарламаны жергілікті жерде жүзеге асыру жолдары тұжырымдалған құжат «2020-2023 жылдары дене шынықтыру, спортты дамыту туралы кіші бағдарлама» мақұлданды. Кіші бағдарламаның бюжеттік жалпы қаржысы 203 млн төгрөг. Бұл қаржыландыруды Білім, Ғылым, Мәдениет, Спорт министрлігі мен аймақ әкімінің Іс басқармасы және басқа да мүмкіндіктерден шешіп беріп, бағдарламаның жүзеге асуын қамтамасыз етіп отырмақ.

Алдағы 2020 жылы қандай спорттық іс шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отырсыздар?

Биыл аймағымыз орнауының 80 жылдық мерей тойы белгіленеді. Біз негізгі жұмысымызды осы датаға үйлестіре жоспарлап отырмыз.

Оның ең ауқымдылары, аймағымызды насихаттауға зор ықпалы бар шаралар туралы қысқаша айтсам, той қарсаңында таэквондодан Батыс зоналық бәсеке, Аймағыиыздың барлық сұмын, бақтарын қамтыған азаматтар арасында спорттың 8 түрінен жүрілетін кіші олимпиада, волейболдан жастар арасындағы ел біріншілігін сыналту бәсекесі, бокстен жас өспірімдер арасында халықаралық турнир, және қазақтың ұлттық спорттық ойыны аударыспақтан жастар арасындағы Азия біріншілігі, Теңге ілуден халықаралық турнир ұйымдастыру жоспарланған. Бұл шаралардың ең бір ерекшелігі – бәрі дерлік аймағымызда алғаш рет ұйымдастырылатындығы. Сонымен қатар барлық спорт түрінен жүрілетін дәстүрлі бәсеке-сайыстар, мемлекеттік, халықаралық, құрлықтық жарыстарға қатысатын спортшыларымызды әзірлеп сыналту, ұлттық және бұқаралық спортты дамыту турасындағы жұмыстар рет-ретімен жүйелі түрде жүрілетін болады.

Тағы бір айтар сіздің бастамаңызбен жыл аяғында алғаш рет спорт саласының саңлақтарын анықтады. Осы жайына тоқтала кетсеңіз?

Аймақтық спорт саласының үздіктерін сыналтатын “Алтан бамбар 2019” шарасын алғаш рет сәтті ұйымдастырдық. Оның мақсаты Спорт саласының саңлақтарын көпшілікке насихаттау, ары қарай оларды бұл саладағы белсенділігін арттыру, көпшілікті спортқа баулу шарасына арналмақ. Үздіктер мынадай салада анықталды. Таңдаулы жасөспірім спортшы, таңдаулы жас спортшы, таңдаулы спортшы, таңдаулы бапкер, таңдаулы команда, таңдаулы ардагер спортшы, таңдаулы спорт мұғалімі, таңдаулы ұлттық спортшы, таңдаулы қазақ ұлттық спортшысы, ерекше нәтиже көрсеткен спортшы, спорт журналисі, спорт одағы, спорт клубы, спортты қолдаушы ұйым, спортты насихаттаушы ақпараттық агенттік қатарлылары анықталып, марапатталды. Бұл үздіктерді сыналту жыл сайын дәстүрге айналатын болады.

Сұхбатымыздың соңғы түйінін өзіңізге қалдырайын.

Жалпы денешынықтыру, спортты дамыту мәселесі тек біздің басқарманың, ондағы санаулы бапкер, қызметкерлердің араласуымен шешілетін шаруа емес. Бұған спорттық бейресми одақ, федерация, клуб, оларды басқарушы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік-әкімшіліктік, жеке шаруашылықтық ұйымдардың, жалпы халық көпшіліктің қатысуы, қолдау демеуі арқасында дамуда. Кейбір спорт түрлерінен жүрілетін үлкенді-кішілі бәсекелерді солар жауаптанып жүргізіп, демеушілік жасап отыратындығы бізді қуантады, оларға айтар алғысымыз шексіз.

Біздің аймағымызда бүгінгі мәліметпен 30-ға тарта спорттық бейресми одақ, федерациялар қызмет жүргізеді. Сондықтан, осы ұйымдарды басқарушы азаматтардың аты-жөнін түгендеп, жеке-жеке алғыс айтуға бұл сұхбатымда мүмкіндік аз болғандықтан барлығынан кешірім сұрай отырып, спортқа деген жанашырлықтары үшін бәріне де ризашылығымды, ақжарма алғысымды білдіремін! Соның ішінде өзім басқарып отырған Спорт, дене шынықтыру басқармасының барлық жұмысшы, қызметкерлері мен бапкер мен жаттықтырушыларға рахмет айта келе жаңа жылда дендерінен саулық, жұмыстарынан табыс тілеймін.

2020 жыл барлығымызға жақсылықтар мен спорттық жоғарғы табыстар жылы болғай!

Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз ілгері болсын.

Рахмет!

Рысбек Зұрғанбайұлы

Continue Reading

Іскер азамат

Мүпти Қабылұлы 20 жылда 54 құрылыс нысанын тұрғызған

Published

on

Баян-Өлгий аймағындағы ең алғаш құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясын алған «Көшелік» компаниясының иесі – Қабылұлы Мүпти 20 жылда 54 құрылыс нысанын тұрғызып, компаниясын аймағымыздағы көшбасшы құрылыс компаниясына айналдырды.
Қабылұлы Мүпти – Құрылыс техникумынан еңбек, норматив есепшісі, Құрылыс технологиялық колледжін құрылыс инженері, Моңғолия мелекеттік университетінен қаржыгер, Эрдэм-Оюу университетінен бизнес басқару магистрі, Басқару академиясынан мемлекеттік әкімшілік басқару мамандықтарын тәмамдады.

Қабылұлы Мүптидің еңбек жолы, жасампаз істері және жұмыс тәсілімен таныс болыңыздар!

Мекенжайы: Моңғолия, Баян-Өлгий
Қызметі: “Көшелік” компаниясының директоры
Әлеуметтік парақшалары: Мүпти Хабыл (Facebook)

ЕҢБЕК ЖОЛЫҢЫЗ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

1984 жылы Улаанбаатардағы Өндіріс құрылыс трестінде 6 ай жұмыстаған соң отбасылық жағдайға байланысты Өлгийдегі құрылыс трестінде еңбек жолымды жалғастырдым. Әскер қатарына шақырылып, 1985-1988 жыл аралығында шекаралық 0165-әскери бөлімде азаматтық борышымды өтедім. Әскери міндетімді өтеген жылдары бөлімшенің жастар ұясының хатшысы және үгітші-насихатшы ісін жауаптанып, қоғамдық істерге араласуға мүмкіндіктер алдым. 1988-1990 жылы қайтадан Құрылыс трестінде экономист, 1990-1996 жылға дейін «Шұға» компаниясында есепші болдым. 1996 жылдан «Көшелік» компаниясын құрып бүгінге дейін іс қызметін жүргізіп келемін.
Ол кезде аймақтағы құрылыс жұмыстары толығымен тоқтап қалған еді. Еңбекақымызды сауда істеп, Ұланбатырдан тері тондар әкеліп, Ресейдің Қос-Ағаш ауданына апарып сатып, тауып жүрдік.

Алғаш бизнесімді дамыту үшін банктен жылдық өсімі 96 пайыздық несие алдым.

СОЛ КЕЗДЕ НЕСИЕНІҢ ЖЫЛДЫҚ ӨСІМІ ҚАНША ЕДІ?

Ол кезде банктерден несие алу өте қиын және табылмайтын. Банк несиесінің пайыздық өсімі айына 8, жылына 96 пайыз болатын. Ал жеке адамдар айы 15 , жылы 180 пайыздық қарыз беретін. Жинақ ақша өсімі жылына 100 пайыз. Қолма қол ақша өте тапшы еді. Біз ең төменгі, жылдық өсімі 96 пайыздық несие алу арқылы жұмысымызды жүргіздік. Ұйым мекемелердің көбісі таратылып, кейбір азаматтар еңбек шарты бойынша Қазақстанға қоныс аударды, қалғаны жеке кәсіппен айналысып кетті.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТОҚЫРАУ КЕЗЕҢІНДЕ БИЗНЕС ЖОСПАРДЫ ҚАЛАЙ ҚҰРДЫҢЫЗДАР? АУҚЫМДЫ ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРДЫҢЫЗДАР?

Тоқсаныншы жылдары базарда саудагерлерге арналған қойма да, сатушыларда көлік те жоқ болатын. Төрт доңғалақты баланың арбасымен үйлерінен жүк тасымалдайтын. Оны таңымен сүйреп келіп, кешке сүйреп қайтатын. Досым Ержанат екеуміз ақылдасып, шағын бизнес жоспарымызды құрдық. Құрылысқа пайдаланылып, жарамсыз болып қалған лист темірден істелген бетон батпақ илейтін қалыпшаларды түзеп, 6 шаршы метрлік темір бутка жасадық. Оны саудагерлерге «жүктеріңді сақтап көріңдер» деп өз бағасымен бердік. Сөйтіп жарнамалау арқылы бір жылда 150 бутка істеп саттық. Қарыздың өсімін көтере алмай, салатын уақыт болып, ақша табылмай қалғанда «Қоқыс төбеден» темір жинап, Қытайға темір шығаратын бизнесмендерге өткізіп жүрдік. Сонымен қарызымызды өтеп, алғашқы жинақ қорын құрдық. 1998 жылдан құрылыс жөндеу және жаңа құрылыс салу ісіне кірістік. Сол жылы Ақкөл қалашығы 320 балалық мектебін 680 мың төгрөгпен, орын жайсыз қалған аймақтық Кітапхананы театрдың подвалына кіргізу жөндеу жұмысын 90 мың төгрөгпен істедік. Сол кезде құрылыс жұмыстарына бөлінетін қаржы осындай ғана болатын.
Өлгий қаласының қазіргі 6 бақ аумағындағы 5-ші аға мектеп құрылысының қабырғасы жарылып, құлап тұрғандықтан актіленген болатын. Сол құрылыстың сурет жобасын қайтадан жасап, кеңесші инженерлердің жобалауымен жөндеп іске асырдық. Жалғастырып 560 балалық оқу корпусын спорт залымен қосып салдық. Қазіргі өзіміз айтып үйренгеніміздей «аржақтағы» 3 бақтың халқының игілігіне жарап отыр. Сол аумаққа 150 балалық балабақша құрылысын, халыққа қызмет көрсететін алғашқы моншаны салдық. Аймақ әкімшілігі ғимаратының жанындағы аяқталмай қалған екінші онжылдық мектебінің аяқжағындағы құрылысты еңбекқор азаматтармен бірлесіп, жаңадан жоба жасау арқылы жөндеп, Әлеуметтік қамсыздандыру мен Салық басқармасының кеңсесі болдырып, халық игілігіне жараттық.
Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Жапонияның «Өвсний үндэс» жобаларының қаржыландыруымен 1998-2010 жылға дейін аймағымыздағы 12 сұмындағы және аймақ орталығындағы 5 мектепті жөндеуден өткіздік.
Оқу корпусы, спорт залы қамтылған 920 балалық бір мектепті орта есеппен 80-90 млн төгрөг аралығындағы қаражатпен жөндедік. Мұнда, құрылыстың ішкі, сыртқы жөндеу жұмыстары, барлық есік терезесі, едені, төбесі, шатыры, сантехника және электр желісі, кабинеттердің барлығын 100 пайыз өзгертіп жаңарту арқылы балалардың білім алу ортасын стандартқа сай болғызып жасадық. Ал, қазір бір мектептің тек шатырын жөндеуге ғана 80-90 млн төгрөг жетпей жүр ғой. Қарапайым есеппен қаншама еңбек жұмсалғандығын өздеріңіз саралап көрерсіздер. 20 жылға дейін барлығы 54 құрылыс нысанын тұрғыздық. Оны халық біледі.

20 жылда 54 құрылыс нысанын тұрғыздық.

СІЗДІҢ ЖҰМЫС ТӘСІЛІҢІЗ ҚАНДАЙ? ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Топпен жұмыстауды ұнатамын. Ақылдасып, кеңесіп, ұжымдық шешім қабылдағанды жөн санаймын. Алғаш бизнес бастаған сәтте 16 сағат жұмыстап, 8 сағат демалдым. Қазір ұйықтап демалуға 8 сағат, бизнес жоспарларды іске асыруға 8 сағат, білім-тәжірибе жинақтауға, әр түрлі кітаптар оқуға 2 сағат, қоғамдық өмірге 6 сағаттай жұмсап жүрмін. Бос уақыт аз деуге болады.

УАҚЫТТЫ ҚАЛАЙ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУҒА БОЛАДЫ?

Мен үшін ең тиімді тәсіл – жеке қалып, ой түю. Сол кезде көп нәрсені саралай аласыз. Ал көптің арасында ойыңды жинақтағаннан гөрі бос сөзбен уақытың рәсуа етесің. Көбінесе кешкі уақытты көп пайдаланамын. Былтырдан бері кітапханаға барып жүрмін. Аймақтық кітапхана алқасының кеңесін басқарамын. Өз күшімен бизнесін дамытқан азаматтармен әңгімелесуді ұнатамын.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП, ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Алдыңғы толқын ағалар сияқты жұмыс кестесін белгілеуге түртіп қоямын.

ЖАҢАЛЫҒЫҢЫЗ НЕ?

Жері аумағы аз Жапония, Корея елдері тәжірибелерін пайдаланып, Полиция басқармасы аяқ жағына 120 шаршы метр жерге 6 қабат «Көшелік тоуер» ғимаратын өз қаржыммен салдым. Біздің аймақ орталығында құрылыс салатын жер азайып бара жатқандықтан оны тиімді пайдалануды іс жүзінде көрсеткім келді. Бұл сол кездегі бір жаңалық болды.

Кәсіподақтар федерациясының сан жылғы ескі құрылысының орнына заманауи көп қабатты пәтер үй және даяшылық орны құрылысын тұрғыздым. Мұндағы себеп жеке шаруашылық адамдардың қаржысымен қаланы көркейтуге үлес қосуды мақсат еттік.

ОСЫ ОТЫЗҒА ЖУЫҚ ЖЫЛ ЕҢБЕК НӘТИЖЕСІНДЕ КОМПАНИЯҢЫЗ ҚАНШАЛЫҚТЫ КЕМЕЛДЕНДІ?

Қазір ел ауызында «өз ісін нөлден бастаған бірнеше миллиардер бар» деп айтады. Соның ішінде атымыз аталып жүр. Әңгіме байлық пен қаржыда емес, халыққа қызмет ету, жұмысты болдыру. «Бір елдің сұлтаны болғанша – өз еліңнің ұлтаны бол» деген қазақтың асыл сөзін еш естен шығарған емеспін.

Жұмыс қызған сәтте «Көшелікте» 300 –дей адам еңбек етеді.

ҚАНША АДАМДЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП ОТЫРСЫЗ?

Негізінен компания орнағаннан бері 200-ден төмен емес адамды жыл сайын жұмыспен қамтамасыз етіп келемін. 50-ден төмен емес адамның әлеуметтік мәселесін үздіксіз шешіп отырамын. Жұмыс қызған сәтте “Көшелікте” 300-дей адам еңбек етеді.

БИЗНЕС ЖАСАУДЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ БАР МА?

Құрылыс салу да, бизнес істеу де оңай емес. Қолайлы салық жүйесі қалыптаспаған. Банкның несиесінің өсімі жоғары, мерзімі қысқа. Бизнесін жаңадан бастағандарға үкімет тарапынан қолдау жоқ. Белді бекем буып, тынымсыз еңбек ету керек.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ? ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ? 

Барлық нәрсе бірқалыпты болмайды. Қанша күш жұмсасаң, соншалықты денсаулығыңды жеп қоятын жағдай бар. Дәрігердің қателігі бір кісіге зардап шектірсе, құрылыс салған адам бір қателігі мың адамға қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да аса жауапкершілікті болуды талап етеді.

Мәселен біз бизнес бастаған кезде «Сенде бір күрек те жоқ, менде үлкен техникалық және материалдық база бар. Дәулетім де жетерлік. Мықты болсаң, бәсекелесіп көр»,- деп кеудемсоқтық көрсеткендер де болды. Сондай жағдайлар маған керісінше қамшы болды. Жұмысымыз басталған кезден бастап, тоқтаған кезіміз жоқ. 2012 жылдан бастап, өз қаржымызбен жылына 20-30 отбасылық тұрғын үй салудамыз. Сол арқылы жұмысшыларды жалақыландырып, әлеуметтік жағдайын шешіп отырмыз. Мемлекеттік тапсырыс болмаған кезде жеке секторда пәтерүй және өзгедей нысандар тұрғызамыз.

ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА СІЗДІ ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Екі-ақ жерде боламын. Үйде не кеңсемде.

ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕР ТЫҢДАУҒА ҚҰШТАРСЫЗ?

Терме, күйлерді жақсы тыңдаймын. Жалпы әндерінің сөздері астарлы, терең мағыналы болса тыңдағым келеді.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Барак Обаманың жұбайы Мишель Обаманың «Менің тарихым» естелік кітабын оқып жүрмін. Әлемге үстемдігін жүргізіп отырған мемлекет басшысы әйелінің естелігі арқылы өркениетті елдің құпиясына үңіліп, қызықты да тартымды мәліметтер алып жүрмін. Ондағы оқиға желісін жұбайыма, әңгімелескен адамдарға айтып беремін. Сонымен қатар Абайдың қара сөздері, қазақтың тарихи шежірелері, «Алмас қылыш», «Моңғолдың құпия шежіресі», ел бастаған адамдардың тарихи естеліктері, бизнес, заң, экономика салаларына қатысты кітаптарды көп оқимын және олар үнемі үстелімде тұрады.

МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Мені көбісі тұйық деп ойлайды. Бірақ әңгімелескен адам ашық екенімді түсінеді. Тұйықтықтыңда белгілі себептері бар. Бүгінге дейін адамдар «менен неге тұйықсың» деп сұрап көрген жоқ. Бірақ адамдар жақын араласу арқылы бірін бірі түсінеді .

Көп сөйлегенді емес – көп іс атқаруды ұнатамын. 

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Негізгі күш қуатты туған жердің топырағы, оның табиғатынан, ақылы дария халқымнан аламын. Сонымен қатар жақсы жанашыр ағайын туысым, отбасымның қолдауы маған күш қуат сыйлайды. Қазіргі кездегі замандастарымыздың достық қасиеті, олардың бір-біріне деген адалдығы, ниетінің бірлігінің алшақтығын байқай отырып, бір замандағы біздің аталарымыздың, әкелеріміздің замандастарының достық қасиеті, олардың бір-біріне деген адалдығы, тілектестігі, ниетінің бірлігінің ерекше қасиеттерінен ғибрат аламын.

ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРУДАСЫЗ?

Әлемдік өркениетті елдерде, Қытайда және Германияда «Ең жаман қытай адамы», «Ең жақсы герман азаматы» деген сияқты кітаптар болады екен. Сол арқылы озық елдер қатарына жетуге шабыттандырады. Мен “Ең жақсы қазақ адамы қалай болу керек” деген бағытта кітап жазуды қолға алдым. Бұл кітап арқылы жастарға бизнес жасаудың қыр-сырың түсіндіріп, тапқан пайданың қанша пайызынан жинақ қор құруға, қаншасын кәсіпке жұмсауға болатынын айтқым келеді.

ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА АУҚАТТЫ АДАМДАРДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖЕТІСПЕЙТІН СИЯҚТЫ. СІЗДІҢ ОЙЫҢЫЗ ҚАЛАЙ?

Көптеген елдерде үлкен бизнесмендер пайданың он пайызын жинақтап, он пайызын қайырымдылық шараларына жұмсау әдеті қалыптасқан. Ол шариғатта да бар.

Менің ұстанымым – жылдық таза пайданың 10 пайызын сол бағытта жұмсау.

Нағашы атам Сахария үлкен молда болған адам еді. 2013 жылы банк кепілдігіне қойылған «Хасан» мешіті ғимаратын сатып алып, жамағат игілігіне жараттым. Әкеміз ерте қайтыс болып, анамыз көп қиыншылық көрді. Мешіт арқылы жоқ – жітікке көмектесіп отырамын. Халық бар жерде әр түрлі тіршілік бар. Ондай адамдардың көңілін қайтарып көргем жоқ. Бергенін жария ету шарт емес. Бәрі де Алла ризалығы үшін.

ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Әр адамның жүрегінде, жан дүниесінде бір арманы болады. Жастарға айтарым өткеннен ғибрат алып, жаңа өмірге үздіксіз ұмтылыс жасау, армандай білу, қиялдай білу, уақытты ұтымды пайдаланып, күш қуатты жастық шағын дұрыс пайдалану керек.
«Құс ұяда өмір сүреді. Адамның ұясы – отбасы.» Сондықтан жастар, туған ұясына қайырылып, ел жұртына еңбек етсе, өз өлкесінің өркеніне үлес қосса деп ойлаймын.

 

Photo: Erqanat Z.

Continue Reading

Іскер азамат

Калифорния мемлекеттік унивеситетінің профессоры, доктор ТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

Published

on

МЕН ЖҰМЫСТЫ ҚАЛАЙ ІСТЕЙМІНТАНАЙҰЛЫ ЕРТАЙ

Kaznews.mn ақпараттық порталының кезекті қонағы доктор, профессор Танайұлы Ертай.

Ол, 2009-2010 жылы Орегон штатындағы Портленд мемлекеттік университетін бакалавр, 2010-2012 жылы магистр дәрежесімен бітірген. Охио штатындағы Кент мемлекеттік университетінен докторантурада оқып, PhD дәрежесін 2016 жылы қорғаған.

2017 жылдан бері Фресно қаласындағы Калифорния мемлекеттік унивеситетінде академик профессор болып жұмыс істейді.

Мекенжайы: АҚШ Калифорния штаты, Фресно қаласы

Қызметі:  Калифорния мемлекеттік университетінің Операциялық талдау, математикалық үлгілеу профессоры

Қолданатын ұялы телефоны: OnePlus
Пайдаланатын компьютері:  MacBook Pro, Surface Book

Әлеуметтік парақшалары: Twitter @ertaytanay

АҚШ-ҚА ҚАЛАЙ БАРДЫҢЫЗ?

2003-2005 жылдары Ұланбатыр қаласында Моңғолия ұлттық университетінде қаржы маманы бойынша оқып, Үндістан үкіметінің гранты бойынша 2005 жылы жазда Пуне қаласына аттандым. 2005-2008 жылғы оқу жылдарында Үндістанның Пуне университетінен білім алып, оны қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Сонымен елге оралып, 2009 жылы ақпан айына дейін Ұланбатыр қаласындағы Капитал банкте Financial Risk analyst мамандығы бойынша қызмет атқардым. Бұл менің алғашқы жұмыс орным болды.

2009 жылы АҚШ-қа магистрантураға аттандым.  Бір қызығы сол,  магистрантура оқуын тура бастай алмадым. Өйткені менің Үндістанда бітірген бакалавр деңгейдегі дипломым 3 жылдық болып саналады екен. Ал магистрлік шарты бойынша 4 жылдық жоғары оқу орнын бітірген болуым керек. Сондықтан АҚШ –та тағы бакалавриатта оқи бастадым. Бірақ Пуне және Моңғолия ұлттық университетінде алған сабақ кредиттерді көрсетіп, құжаттар өткіздім. Мұнда бір жыл білім алып, 2009-2010 жылы әлеуметтік ғылымдары (social science) мамандығы бойынша бакалавр бітірдім. Содан кейін магистрді 2010-2012 жылдары экономика саласы бойынша тәмамдап, ары қарай PhD доктор дәрежесін алу үшін 2012-2016 аралығында білімім мен біліктілігімді шыңдадым. Жалпы алғанда,  PhD доктор дәрежесін алғанға дейін 13 жыл жоғары білім жолында тер төктім десем болады.

СІЗДІҢ МАМАНДЫҒЫҢЫЗДЫҢ ЕРКЕШЕЛІГІ ҚАНДАЙ?

«Білім инемен құдық қазғандай» дегендей мамандығым білім жолы болғандықтан көп уақытым студеттерге оқитын дәрістерге дайындалу мен зерттеу жұмыстарын жүргізумен өтеді. Қазіргі бүкіл дүние тез өзгеретін жаһандану заманында бизнес пен өркениет әлемінде не болып жатқанын жіті бақылап, біліп отыру керек. Соған орай білім саласында ашылған жаңалықтар мен әдістемелік тәсілдер, жұмыста қолданылатын жаңа компьютерлік бағдарламаларды қарастырып, оқулық кітап және материалдарды өзгертіп отыруымыз қажет. Одан тыс соңғы академиялық мақалаларды оқып, білім жүйесінде не болып, қалай өзгеріп жатқанын бақылап, зерттеу жұмыстарын да соған қарай сәйкестіріп жұмыстау керек. АҚШ көп салалардағыдай академиялық білім беру саласында да алда келе жатқан елдердің бірі. Сондықтан осы елге дүниежүзінен білімді адамдар көп келіп, көптеген ғылыми жиналыс, конференциялар өткізіп отырады. Мен де жылына 2-3 рет осындай конференцияларға барып қатысып тұрамын.

ҚАРАПАЙЫМ ОҚЫРМАНДАРҒА ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ТАЛДАУ, МАТЕМАТИКАЛЫҚ ҮЛГІЛЕУ ПРОФЕССОРЫ ДЕГЕН ДӘРЕЖЕҢІЗДІ ТҮСІНДІРІП БЕРСЕҢІЗ? ОНЫҢ БИЗНЕСТІ ЖҮРГІЗУДЕ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Негізгі тақырыбым – қандай бір өнімнің дизайн және өндіріс процессінен бастап тұтынушыға дейінгі жолындағы барлық үдеріс және өндіріс кезеңдеріндегі шығысты азайтып, тиімділікті (efficiency) көбейту.  Яғни, қысқаша айтсақ, тұтынушыға өнімді ең арзан, бірақ сапалы түрде жеткізіп,  қамтамасыз ету жолдарын іздестіру. Сол нәтижеге жету үшін математикалық және дата аналитикалық моделдерді шығарып, оны қолдану болып саналады.

Қазіргі еркін нарықтық экономикада әлемдік бәсекелестікке түсетін компанияларлар үшін оның маңызы өте зор.

Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ОРТАША ТӘУЛІКТІК ЖҰМЫС КҮНІҢІЗ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?

Көп уақытымды  университетте өткіземін. Дәріс оқу, сабақ үйрету, студенттермен бірге зерттеу жұмысын жүргізу деген сияқты. Оның сыртында университетте әртүрлі жұмыстар атқаратын комиссиялар болады. Мен магистрантура / MBA / оқытуларын қадағалайтын комиссия мүшесі болғандықтан біраз уақытымды соған жұмсаймын.

ЕҢ КӨП ҚОЛДАНАТЫН БАҒДАРЛАМАЛАРЫҢЫЗ ҚАНДАЙ?

Қазір GitHub-ты көп қолданамын. Сонымен қатар мамандығым бойынша бір салада жұмыс атқаратын, бірақ басқа жоғары оқу орындарында  дәріс беретін адамдармен  Slack арқылы әлеуметтік желідегі топтар сияқты байланыс жасаймын.

ЖҰМЫС КЕҢСЕҢІЗДІ СУРЕТТЕП БЕРСЕҢІЗ?

УАҚЫТ ҮНЕМДЕУДІҢ ҰТЫМДЫ ТӘСІЛІ НЕ?

Мен келер аптада істейтін жұмыстарды алдымен ойланып, тізімін жасап алған дұрыс деп ойлаймын. Ертеңгі күні сол тізім арқылы жасалған  жоспар бойынша жұмыс атқарсаңыз, еңбегіңіз өнімді болмақ. Егер жоспарыңыз сәтті жүзеге асса, жұмысыңызды аяқтаған соң ләззатқа бөленесіз.

АТҚАРЫЛАТЫН ІСТЕР ТІЗІМІН ҚАЙДА БЕЛГІЛЕП,  ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗЕСІЗ?

Онлайн күнтізбе мен қабырғаға жапсырып қоятын қағаздарды қолданамын.

ЖҰМЫСЫҢЫЗДЫҢ ОҢ ЖӘНЕ КЕРІ ӘСЕРЛЕРІ?

Университет келешек мамандық жетілдіретін орта болғандықтан оның маңызы зор. Студенттерге дәріс беру әдістемесін жетілдіру үшін көп тер төгу қажет. Соңғы кезде жаңалық болып еніп жатқан бизнестік амал-тәсілдерді үнемі қадағалап, сол арқылы зерттеу тәсілдері мен оқу мазмұнын үнемі өзгертіп отырған жөн. Сондықтан да бұрыңғы оқу жүйесіне қарағанда қазіргі кездің жоғары оқу орындары динамикалық серпінді өзгеріс жасап келеді. Соған ілесу үшін үнемі өзгерісте болу жағымен ерекшелікте деп ойлаймын.

Оқу, білім арқылы адам өзін-өзі үнемі дамытып отыратындықтан жұмысымның кері әсері жоқ. Бірақ жасаған жұмыс, істеген әрекеттеріңнің жемісін ұзақ уақыттан кейін сезінесің. Мысалы бір академиялық мақала жазғанға 1-2 жыл уақыт алады. Оны академиялық журналдарға жіберген соң олар тексеріп көру үшін 1 жылдан астам уақыт кетеді. Яғни бір мақала ең аз дегенде 2 жылда баспаға әрен шығады.

СІЗ НЕНІ ІСТЕУГЕ ШЕБЕРСІЗ? ҚАЗІР ҚАНДАЙ ЖҰМЫСҚА НАЗАР АУДАРЫП ЖАТЫРСЫЗ?

Ештеңе. Бірақ білмеген және үйренгім келген нәрсені жүйелі түрде тез арада үйреніп, атқаруға ебім бар.

Қазіргі жағдайда ложистика /тасымал/ және тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету саласына зерттеу жұмыстарын жүргізудемін. Дәлірек айтқанда, тұтынушы кері қайтарған тауарларды ең қысқа мерзімде аз шығынмен қалай реттеу жөнінде математикалық модельдер жасап жатырмын.

КІТАП КӨП ОҚИСЫЗ БА? ДӘЛ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КІТАП НЕМЕСЕ МАҚАЛА ОҚУДАСЫЗ?

Мамандығыма қатысты кітаптар мен мақаларды көп қараймын. Соңғы уақытта жақында ғана экономика саласында Нобель сыйлығына ие болған үш ғалымның еңбектерін оқып жүрмін.

СІЗДІҢ МІНЕЗІҢІЗ ТҰЙЫҚ ПА ӘЛДЕ АШЫҚ ПА?

Көбінесе ашықпын деп ойлаймын.

СІЗ ҚАНША УАҚЫТ ҰЙЫҚТАЙСЫЗ?

Шамамен 7 сағат ұйықтауға тырысамын.

ЖҰМЫС КЕЗІНДЕ МУЗЫКА ТЫҢДАЙСЫЗ БА? ҚАНДАЙ ӘУЕНДЕРГЕ ӘУЕССІЗ?

Көп музыка тыңдамаймын. Бірақ әредік жұмыс барысында баяу классикалық әуендерді тыңдауды ұнатамын.

СІЗДІ ЖҰМЫСТАН ТЫС УАҚЫТТА ҚАЙДАН ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Жұмыстан тыс уақытта таза ауада жүргенді жақсы көремін. Сондықтан дәл осы жерде боламын деп айта алмаймын.

КІМНЕН, НЕДЕН КҮШ ҚУАТ АЛАСЫЗ?

Мен үшін ең бастысы және маңыздысы  – анамның тілек, дұғалары. Ата-ананың баласына жасаған бата, дұғалары қабыл болады дегендей қиын сәттерден жақсылықпен оңай өткен жағдайларды олардың демеулері деп түсінемін.

ӨМІРДЕН АЛҒАН ЕҢ ЖАҚСЫ ҒИБРАТЫҢЫЗ…

Құдайға шүкір, тосын оқиғалар болған жоқ. Алайда қолыңда бардың қадірін білген жөн.

ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ҮШІН НЕГЕ МӘН БЕРУ КЕРЕК? ЖАСТАРҒА ҚАНДАЙ КЕҢЕС БЕРЕСІЗ?

Кейде кежегеңіз тартып тұрса да, үнемі талаптану керек. Негізі көп жетістікке жеткен білімді адамдар мен кәсіпкерлердің барлығының сәтті сәттерінен гөрі сәтсіздіктері көп болған. Көпшілігіміз сияқты бірнеше құлаған соң түсіп бере салмаған. Қайта тәуекел етіп, талаптана берген. Сол үшін қарап жатпай, әркез әрекетте болу қажет.

КЕЛЕСІ ҚОНАҚҚА КІМДІ ҰСЫНЫП, ЖҰМЫС ІСТЕУ ТӘСІЛІМЕН ТАНЫСҚЫҢЫЗ КЕЛЕДІ?

Rio Tinto компаниясында менеджер болып жұмыстайтын Жеңісұлы Бауыржанды ұсыныс етемін.

Continue Reading
Advertisement

Сөзге тиек

Әлемде4 weeks ago

Айман Бекболатқызы «Owlypia-2019» халықаралық сайысында үздік атанды

KAZNEWS – Баян-Өлгий аймағының оқушысы Айман Бекболатқызы 7 желтоқсанда өткен «Owlypia-2019» халықаралық сайысының онлайн нәтижесінде үздік үштіктен көрініп, 2020 жылы...

Әлемде1 month ago

Импичмент деген не?

Massaget.kz Дональд Трамп – конгресс өкілдерінің Палатасы импичмент жариялаған АҚШ тарихындағы үшінші президенті. Оның қызметінде қалу-қалмауын келесі жылдың қаңтар айында...

Әлемде1 month ago

Моңғолияда тұратын қазақ бизнесмен Алматы қаласында «All Math Y» деп аталатын оқыту орталығын ашты

KAZNEWS – Моңғолияда тұратын қазақ бизнесмені Turan World компаниясының директоры Ерболат Әшікұлы Қазақстан Республикасының Алматы қаласына өзінің  компаниясының филиалын ашып,...

Әлемде1 month ago

Жазушы қоғам сұранысына бас иетін болса, әдебиет құлдырайды – Дәулеткерей Кәпұлы

Қазақпарат ХАА – Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Одақ Алматы қаласында орналасқаны көпке мәлім. Қаламгерлер ұйымы...

Әлемде1 month ago

Шетелдіктерге арналған «Ашық есік күні» өтті

Жақында әлемнің үздік жоғары оқу орындарының қатарында келе жатқан, әлемдік өркениетке өзіндік үлес қосып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда танымал болған...

Әлемде2 months ago

Шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығы құрылады

KAZNEWS – «Отандастар. Болашаққа бағдар» халықаралық дөңгелек үстел аясында шетелдегі қазақтілді БАҚ өкілдері бас қосты. Басқосу барысында «ҚазАқпарат» халықаралық агенттігінің...

Әлемде2 months ago

Иранда тағы бір мұнай кеніші табылды

Иранда 53 миллиард баррель мұнай жатқан үлкен кеніш табылды. Ол Бостан және Омидия аймақтарының ортасындағы 2400 шаршы шақырым аумақты алып...

Моңғолияда3 months ago

Асқар Мамин Моңғолия премьері Ухнаагийн Хүрэлсүхке АХҚО мүмкіндіктерін таныстырды

Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин елімізге жұмыс сапарымен келген Моңғолия премьері Ухнаагийн Хүрэлсүхпен бірге «Астана» халықаралық орталығы жұмысымен (АХҚО) танысты.  Кездесу...

Басты назарда